Адам боп келдім өмірге, Адам боп кету – арманым. - Абай
Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма тетарының репертуары тағы бір тың туындымен толықты. Режиссер Фархат Молдағалиев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы - драматург Рахымжан Отрабаевтың «Нашақор туралы новелла» шығармасының желісі бойынша «Қасірет» атты психологиялық драмасын сахналады.
Айта кету керек, режиссер сахналық безендіруге әуестік танытпайды. Өз көрерменін логикалық ойлауға, қиялын ұштауға шақырады. Спектакль барысында образды түрде үйдегі өмір, нашақорлар мекені көрсетіледі. Фархат Молдағалиев уақыттың әр кезеңінде өтетін сахна кеңістігін құбылтып қолданған. Қойылым үстінде Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйінің орындалуы кейіпкердің өткенге өкінішін одан бетер әсірелеп, көріп отырған халықтың жүрегін тебірентпей қоймайды. Ал спектакльде хормен орындалып, үзінді келтірілген Абайдың әйгілі «Сегіз аяғының» өзі тұнып тұрған - философия. Оны көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық бірден аңғарады. Бір сөзбен, күй мен шығарма өзара үйлесім тапқан.
Қоюшы - суретші Эльвира Бейсенбаева спектакльдің негізгі өзегін табу мақсатында, абстракциялық бағытқа жүгініпті. Сахна шымылдығы ашылысымен-ақ, көрермен көзіне түнерген сурет түседі. Бұл туындыны әркім өз қиял-көкжиегіне қарай сан түрлі ғып тұжырымдары анық. Дегенмен, ымырт кешті, енді ғана басталған түн уағын еске салатын картина қайсыбір сұмдықтың боларынан хабар беріп тұрғандай әсер қалдырды. Қоюшы - суретшінің тағы бір қолтаңбасы - қойылымның соңғы нүктесінде мешіт сұлбасының шығуы. Ол - фәни өмірдің шолақ екендігін айғақтайды. Жерге төселген матада бейнеленген адам табанының іздері тақырыптың ашыла түсуіне сеп болды. Расында, өмірдегі негізгі мақсат - ұрпақ өсіріп, артыңнан ізқалдыру. Екінші жағынан, бей-берекет жатқан алуан түрлі із - әр пенденің жүріп өткен жолы. Біреу түзу жолды таңдаса, екіншісі бұралаң тағдырға тап болады. Тура осылай болашағы енді қалыптасып келе жатқан өрен абайсызда нашақорлар тобына қосылып, оның бар арманын есірткі күл-талқан етті. Мәпелеген әке-шешенің жалғыз тұяғы жоғары оқу орнында білім ала жүріп, күндердің бір күнінде үйіне болашақ келіндерін де таныстырып үлгерген. Өкінішке қарай, ата-ананың бұл қуанышы ұзаққа бармады. Өзінің бұрынғы жарқын өмірінде соншалық ақкөңіл, аңғал мінезді жігіт бір-ақ сәтте әлгі қасіреттің құрбанына айналып шыға келді. Жалқытайдың рөлін кескіндеген театрдың жас актері Айбол Қасым өз кейіпкерінің психологиялық хал-күйін жасау жолында ізденген бет алысы көңіл қуантарлық. Ол бұрынғы Жалқытай мен кейінгі (есірткіге тәуелді) Жалқытайдың мінез құбылыстарын, айырмашылықтарын барынша игеруге тырысқан. Айбол Қасым жасаған нашаға тәуелді Жақытай көңілдесі Камиланың алдына келгенде көнбіс, тым әлжуаз. Дәл осы аңқау болмыс басты сахналық әріптесі Камиламен өтетін (Дария Әбілмәжінова) қақтығысы мен екеуара байланысын орнатудағы қарым-қатынастары кезінде ұтымды шықты. Яғни, сахнада біз көріп отырған бірбеткей Камила нашаға тәуелді боп қалған Жалқытайды оп-оңай тұзағына түсіріп алады.
Камиланы ойнаған актриса Дария Әбілмәжінованың ішкі темпоритмі зор, актерлік амплуасы кең. Оның пьесадағы өз бейнесінің негізгі мақсатын дөп басқаны аңғарылып тұр. Дария Камилаға басы артық мінез дарытпай, боямасыз күйде сахналауы шындықпен астасты, сонысымен көрерменін сендірді. Әке - шешесін ойнаған Аида Супатаева мен Дулат Тәшкен құрған мизансцена күңгірт тартқан қойылымның өн бойына бірер уақытқа алаңдаулы ата-ананың сәтін көрсетіп, сахнаға жылулық сыйлады. Әсіресе Жалқытайдың сүйген қызын ата-анасымен таныстыруға үйге әкелген сәті, үстел басындағы алаңсыз әңгіме табиғи тартымды шықты. Қалған оқиға тақырыпқа сай, тым сұрғылт бояуға толы күйде өтеді. Сахналық костюмдердің барлығы күрең қоңыр. Яғни, қойылымның аты айтып тұрғандай айнала толы қасірет.
Статистикаға жүгінсек, Қазақстанда ресми түрде 54,8 мың нашақор тіркелген екен. Олардың дені буыны бекіп, үлкен өмірге енді қадам басып келе жатқан жастар. Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» драмасы бұған дейін еліміздің 11 театрының сахнасында қойылғаны мәлім. Қоғамымыздағы күрмеуі қиын мәселені өзек еткен шығармаға деген сұраныс сейілмейді. Әр режиссер шығарманы көрермен санасына жеткізудің жолын іздейді. Түптеп келгенде, барлығының мақсаты бір. Ол – дені сау болашақ. Міне, осындай тың туындымен солтүстікқазақстандықтардың жүрегіне сәуле, көкірегіне зейін сыйлаған спектакль театр репертуарын толықтырып отыр. Актерлік құрам мен режиссердің тыңғылықты еңбегі, жалпы ұжымның ізденісі зор. Бір сөзбен, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ театры өзінің шығармашылық потенцалының жоғары екендігін тағы бір дәлелдеді.