Триптихте қолданылған жаңа «Екі жақты тері» технологиясының әдісін, шығармашылық тың инновацияны Қазақстанда алғаш рет қолданып, оны дамытып жүрген, терінің түкті жағының түктерін қыру және ою арқылы композиция жасау, майлы бояумен және аралас техникада кескіндеме салудың тұңғыш авторы – Құттыбек Жақып.
Көркем өнерде табиғи материалдардың қолдану, олардың табиғи фактурасын пайдалана отырып көркем шығарма дайындау бүгінгі заманауи тренд. Тері панноларындағы пішіндердің конструкциясы, түстік шешімдер, фон мен фигура қатынастары, бейнелеу үдерісіндегі безендіру элементтерінің тартымдылығы, көріністердің өрнектермен сипатталуы – суретшінің қолданбалы-сәндік бейнелеу стилінің шеңберіне кіретін басым бағыттары.
Құттыбек Жақыптың шығармашылығын зерттеп жүрген өнертанушылар өнердің бұл жаңа түрін шартты түрде «көркем ойылған тері» деген терминді ендіріп отыр.
Автордың шеберханасында кезекті шығармашылығын орындау кезін бақылай отырып, терінің түктерінің ұзындығын биік, аласа және тықыр етіп ойнақы форма беріп қырқу арқылы көлемді көркем туындыны біртіндеп айқындала бастағанына куә боласыз. Жұмыс барысы кезеңіндегі оның мольберт алдындағы жіті көзқарасы, санасында туындаған дүниені қолындағы қайшы мен кисть арқылы іске асыру кезіндегі көңіліндегі толқуды байқамау мүмкін емес. Терінің кей тұстарын қырып тастап, ол жерге сиқырлы палитрасын пайдалана отырып, терімен-түкті, терімен-бояуды шебер үйлестіру арқылы керемет композицияны шығарғанда таң қалмай қоймайсыз. Осылай туындаған көркем дүние өнерсүйер қауымның қызығушылығын оятып, тамсандырады. Оның шығармашылығындағы тек өзіне тән тылсым дүниесі кез келген көрерменді баурап алады. Біз мұндай көріністерді автордың жеке көрмелерінде қойылған шығармашылығы мен көрермен «бетпе-бет» кездескенде айқын аңғарып жүрміз.
Автордың шығармашылық жұмыстарында монохромды түстер гаммасы өз үйлесін тауып ерекше көрік береді. Ол терінің түгінің табиғи түсі мен фактурасын ұтымды пайдалану арқылы туындының құндылығын арттыра түседі. Автор кейбір туындыларында қойдың немесе ірі қара малдың терісін тұтастай пайдаланса, кей туындыларында басқа да материалдарды қолданып, композициясына ерекше көрік береді.
Жақып Құттыбектің «Түркі қағанаты» сериясы – ұлтымыздың көне тарихынан сыр шертеді. Шығармада сонау түркілер дәуірі кезеңінен бізге мұра болып жеткен отбасы құндылықтарын, діни табыну рәсімдерін, батырлардың шайқас алаңындағы қаһарман ерлігін образды түрде бейнелейді.
Триптихтағы композицияның «Отбасы» атты шығармасы ірі қара малдың терісінің түкті жағына бейнеленген үш бөліктен құралған күрделі композициядан тұрады. Аталған композицияда түркі әлемінің тарихи ескерткіштерін бедерлейді. Сонымен қатар Ұлы түркілер заманының мәдениетінің озық болғанын нақтылай түсетін балбал тастар ертеден-ақ ғұрыптық, діни-нанымдық қызметтерді атқарғанын хабардар етеді. Суретші ежелгі қола, темір дәуірінде жартас бетіне салынған петроглифтерді сөйлете отырып өз композициясына ерекше көрік береді. Орталық бөліктегі шеңбер ішіндегі композицияда отағасы, отанасы және ұрпағы бейнеленген. Шеткі композицияларында бүтін бір әулеттен тараған ұрпақтың өсіп-өнуі арқылы өмірдің, дәуірдің жалғасын табуы суреттелген. Композицияда қазақ халқы үшін киелі саналатын көкбөрінің, бүркіттің бейнесі, ат тізгіндеген шабандоздар бейнеленген. Көк Бөрі – Түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Көкбөрі – Көк Тәңірінің нұры, жеңімпаздық символы, ерліктің тұлғасы болып есептеледі. Ата кәсібін ұрпағына мұра етіп қалдырған берекелі отбасының тарихы бір туындының мазмұнымен ұштасып жатыр.
«Отбасы» атты композициясының түстік шешімі жағынан монохромды етіп алынған. Автор бұл туындысында ашық қоңыр, ақ және қою қоңыр түсті бояулардың реңдерімен мейлінше графикаға жақын мәнерде орындап шыққан. Композицияның астығы бөлігінде, дөңгелек табанында аңыздарда түркілердің түпкі тегі саналатын қасқыр бейнесі орналасқан. Композициядағы қосалқы кейіпкерлер: екінші пландағы аспанға ақ жамылғыларын серпіп жатқан әйелдер, қарулы салт аттылар, аң аулау сәттері, тотемдік аңдар мен құстар туындының тақырыбын ашып, толықтыра түскен. Композициядағы теріден өрілген бұрымдар мен сәндік тігістер туындының құндылығын арттыра түскен. Ортаңғы бөліктегі композиция шешімі сауатты шешілуінің және бояу түстерінің алуандылығы арқасында тепе-теңдік сақталып, өте тартымды шыққан.
Триптихтың «Табыну» атты бөлігінде ақ бұқаға мінген киелі бейнедегі Құдай кейпіндегі күнбасты адам бейнесі композицияның ортасы болып табылады. Ол айналасын нұрға бөлеп, шуақ шашып тұр. Еліміздің аумағында табылған жартастарда бейнелеген таңбалардан «Күн тәріздегі» пішіндерге ұқсас бейнелерді жиі кездестіруге болады. Бұл жартастардағы таңбалар өте құнды мәдени мұралар санатында. Сондықтан, суретшінің туындыларындағы көне бейнелер мен таңбалар – жергілікті мәдениет пен Ұлы дала тарихынан күмбірлеп сыр шертіп тұрғандай әсерде боласыз. Автордың бұл туындысынан жартас бетіндегі таңбаларды терең зерделеу арқасында табыну процессін ұтымды пайдалана білгенін байқаймыз. Шеткі бөлікте Құдайға табынып, құлшылық етіп тұрған қос кейіпкер композицияны өз бейнелерімен толықтырып, тепе-теңдік заңдылығы дұрыс сақталып, екі жақтан тұйықтап тұрғандай. Төбеден ғажайып құбылыстың куәгері ретінде екі жақтан екі алып құстың ұшып жеткенін де байқауға болады. Оң жақтағы жоғарғы бөлікте рәсімдік іс-шараға қатысып тұрған әйелдің бейнесі орналасқан. Автор сомдаған кезеңдегі шамандық таным мен наным, Құдай кейпіндегі күнбасты адам бейнесіне табынушылық, айналасындағы элементтер тақырыпты ашуға өз ықпалын тигізген.
Түстік түзілімі бояуының қанықтығымен ерекшеленетін бұл композиция қарама-қайшы тондарымен дараланады. Бұл туынды ақ, қара, ашық қоңыр, күрең қызыл түске боялған тері бөліктерінен құралған ерекше композициясымен әсерлі. Композиция аралас техника стилінде орындалған. Артқы фонында көгілдір суық түске боялған теріні қолданып, шығарманы толықтыра түскен.
«Түркі қағанаты» сериясы адам баласына рух беретін – сұлулыққа тұнып тұрған тылсым дүние. Аталған шығарма сериясындағы «Алтын адам сарбаздары» туындысы Ұлы даланың төсінде өмір сүрген адамдардың өз атамекені үшін елге қауіп төндірген жауларымен жан берісіп, жан алысқан айқасын және қайнап жатқан тіршіліктен хабар береді. Қазақтың басынан өткен қилы замандардың, тарихтың қалың қатпарларында көміліп жатқан оқиғалардың, қазақтың өмірімен біте қайнасып келе жатқан тұрмыстық қатынастардың көріністері нанымды әрі образды бейнеленген.
Таза полотноға ойды түсіру оңай дүние емес екенін ескерсек, автор фактурасы мен формасы икемге келе бермейтін теріні көркем өңдеу арқылы туындысын сөйлете отырып, теріні ұтымды қолдану арқылы түстік қатынасты шебер шешіп, көркем туындыны қайталанбас шығармаға айналдыра білген. Теріні өңдеу технологиясын жетік меңгеруі тіптен бөлек әңгіме. Қ. Жақып осылайша теріден панно композициясын жасау арқылы өткен дәуірден сыр шертетін көркем дүниені туындатып, басты идеясын жүзеге асырған.
Елімізде мал терісіне деген сұраныстың жоғалып бара жатқан тұсында теріні көркемдеп өңдеп, заманауи бейнелеу туындысы деңгейіне көтеріп отырған сәндік қолданбалы өнер шебері Құттыбек Жақыптың еңбегін ерекше назарға алу қажет деп санаймыз. Келешекте теріні көркемдеп өңдеу қарқынды дамып, Құттыбек Жақыптың өнердегі ізбасарлары мыңдап көбеюуі мүмкін. Дегенмен, Құттыбек Жақып осы бағыттың, осы ғасырдағы көшін бастаушы, феномені, белгілі бір дәуір тынысын образ деңгейіне дейін көтере білген, кәсіби қабілет-қарымы кең суреткер ретінде қалады.
Бейсенбаев Садыбек,
педагогика ғылымдарының докторы, академик,
ҚР Суретшілер Одағының мүшесі