Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.8)
III.Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970) 3.8. Ғылыми-көпшілік киносындағы философиялық толғаныс және табиғат  көрінісі
Бөлім: Кино
Датасы: 14.04.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.8)
III.Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970) 3.8. Ғылыми-көпшілік киносындағы философиялық толғаныс және табиғат  көрінісі
Бөлім: Кино
Датасы: 14.04.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (III.8)

 Назира МҰҚЫШЕВА

Өнертану кандидаты, ҚазҰӨУ доценті, кинотанушы


3.8. Ғылыми-көпшілік киносындағы философиялық толғаныс және табиғат  көрінісі

1970-жылдары Қазақстан ғылыми-көпшілік киносының кәсіби деңгейі аса жоғарылайды. Алдыңғы он жылдықтардағы фильмдердің тақырыбы мен мазмұны жағынан өте маңызды болғанымен, көпшілігіне тән ортақ кемшілік - кино тілінің жұтаңдығы, көріністердің иллюстративті  түрде көрсетілуі, сөздің басым болуы еді.

1970-жылдарда түсірілген көркемдік деңгейі  жоғары ең озық фильмдер бұл кемшіліктерден алшақ болуға тырысты. Алдыңғы жылдардағы қалыптасқан дәстүр бойынша бұл шығармалардың басты тақырыбы - ауыл шаруашылығы, ғылымның әрқилы саласы, өнер, әдебиет, тарих, медицина болды. Алайда, авторлар фильміне арқау болған тақырып тереңіне үңіле отырып, оны жеткізудің кинематографиялық формасын іздестіру жолында шығармашылық жетістіктерге жетеді.

“Қазақфильм” киностудиясында біз әңгімелегелі отырған кезеңде Қазақстан деректі және ғылыми-көпшілік киносының тарихына елеулі шығармашылық сәттілік пен өзгерістер ала келген фильмдер өте көп түсіріледі.

1975-ші жылы режиссер М.Смағұловтың екі бірдей - “Лазер сәулесі және тірі клетка”(“Луч лазера и живая клетка”, сц.авт.С.Воробьева, опер.М.Васильев) және “Мәңгіліктің қайнар көзі” (“Истоки вечности”,сц.авт.А.Ботбаев, опер.Ф.Аранышев) фильмдері экранға шығады.  Екі фильмнің тақырыбы әртүрлі. Бірақ, екеуін тақырыпты шешудегі қолданған тәсілдері  байланыстырады. Алғашқысының негізгі тақырыбы – ауыл шаруашылығында лазер сәулесінің қолданылуы. Режиссер ғалымдардың  лабораториясына терең үңілу арқылы  тақырыптың   шешімін табады. Фильмнің басты концепциясы - күн сәулесінен бастап, тірі организмдегі ұсақ клеткаларға дейін, бірімен-бірі тығыз байланысты екендігі. Күн сәулесінің ғаламат күшін көрсету үшін суретші-мультпликаторлардың  еңбегі пайдаланылады. Оның заңды жалғасы ретінде күн сәулесі бейнеленген балалар суреттеріне ауысады.  Нәтижесінде, күн – жер бетіндегі тіршілік атаулының ұлы дирижері ретінде қабылданады. Режиссер ойымен бірге оператордың жұмысы, дыбыстық қатар бір-бірімен үйлесім табады және сол арқылы фильм жәй ақпарат түрінен философиялық толғаныстар деңгейіне көтеріледі.

Тақырыпты философиялық толғаныстар деңгейі тұрғысынан ашу мүмкіндігі “Мәңгіліктің қайнар көзі” фильмінде де режиссердың назарын аудартады. Шығарма Қаратаудың қойнауындағы тастарда ежелгі дүние суретшілерінің қалдырып кеткен сурет-петроглифтар туралы әңгімелейді. Монтаж ырғағы, панорамалардың динамизмі статикалық суреттерге “жан бітіреді” . Кадр сыртынан айтылатын сөз өте аз. М.Смағұлов түсірген екі шығарманың басты жетістігі - тек тақырыбының ғана емес, сонымен қоса, көркемдік бейнелеу мәнерінің қызықты әрі маңызды болуында.

1970-ші жылдарда Қазақстан ғылыми-көпшілік киносының дамуына М.Олькина, Л.Мухамедгалиева, В.Белялов, Э.Дильмухамедова сияқты талантты режиссерлар үлкен үлесін қосады. Республикада сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемі олардың шығармашылығының негізгі арқауына айналады. Әсіресе, титрларында Л.Мухамедгалиева мен В.Беляловтардың  есімдері қатар жүрген ғылыми-көпшілік фильмдер жиі кездеседі. Л.Мухамедгалиева - әрі режиссер, әрі сценариін жазушы, ал, В.Белялов - режиссерлығымен қоса, әрі оператор.  Бұл шығармашылық одақтың нәтижесі ретінде Қазақстан деректі кино өнерінің дамуына ерекше шығармашылық бағыт ала келген, кәсіби деңгейі жоғары фильмдер дүниеге келді.

Ең алғашқы фильмдерінің бірі - “Идет по кругам молодость моя”. Басты кейіпкері – ақын, әрі альпинист Сарым Күдергеннің тұлғасы арқылы табиғат пен поэзияның үйлесімділігін жеткізеді. Кейіпкерінің соңынан тау соқпақтарымен ілесе жүріп, оның рухани әлеміне үңілу арқылы авторлар адам бойындағы бүкіл жақсы қасиет табиғатқа деген іңкәрліктен туады деп түйіндейді. Кейінгі түсірілген фильмдердің барлығы осы тақырыпты жалғастырады. Яғни, табиғат әлемінің сұлулығын көздің қарашығындай сақтауға шақыру шығармалардың орталық лейтмотивіне айналады. “Жоңғар кездесулері”(“Джунгарские встречи”,1973ж), “Қазақстанның таулары мен шөл далаларында”, “Іле өзені: жыл мезгілдері”(“Низовья Или: времена года”,1975ж), “Нужны ли дали голубые”(1977ж), “Ақсу-Жабағалы”(1976ж), “Бүркіттер”(1976ж), “Ғажайып орман”(“Зачарованный лес, 1977ж), “Жоңғар тритоны”(“Джунгарский тритон”,1978), “Қарақұрттар”, “Орақтұмсықтыларға арналған үй” (“Дом для серпоклювов”, 1981ж), “Үстірт муфлоны” (“Устюртский муфлон”, 1981ж) т.б. фильмдері Қазақстанның түкпір-түкпіріне саяхат жасайды және шексіз құпия мен сұлулыққа тұнып тұрған қоршаған әлемнің жаңа беттерін ашады.

Табиғат туралы ғылыми-көпшілік фильмдер аз түсірілген жоқ. Оларға деген қызығушылық әлі күнге дейін толастар емес. Алайда, бұл фильмдердің басым көпшілігінде табиғаттың қыруар сыры мен құпиясы туралы үстіртін хабардар етуді мақсат қою жаттанды штампқа айналып кетті.  Л.Мухамедгалиева мен В.Беляловтардың фильмдері  бұл штампқа бой ұрындырмады.  Олардың шығармаларында нәзік иірімдерін қозғап, терең ой туғызатын көркем бейне туындайды. Мысалы, “Бүркіттер”-негізіне бүркіттер ұясының тыныс-тіршілігі арқау болған фильм-бақылау. Анасының күндіз-түні бағып-қағуының арқасында күн өткен сайын күш жинап келе жатқан балапан бүркіт - шығарманың басты кейіпкері.  Ол біртіндеп жас бүркітке айналады. Енді оған ұшып үйрену керек. Әлсіз қанаттарын қағып-қағып, аспанға көтерілуге талпынады. Тағы да сәтсіздік... Тағы да тәуекелге басады. Міне, ақыр-соңы аспанда қалықтап ұшып жүр... Соңғы кадрлар терең философиялық мазмұнға толады, яғни, өмірдің мәні   - тек күресте.

Фильмде авторлар тарапынан айтылатын сөз жоқтың қасы. Метафоралар, шегініс жасау сияқты тәсілдер кездеспейді. Олардың орнына шынайы дыбыстар мен музыка қолданылады. Бақылау тәсілінің нақтылығы мен шынайылығы шығарманың мазмұнын байыта түседі. Әрбір кадрдың композициясы, қимыл-қозғалыстың ішкі ырғағы, көрініс пен дыбыстың драматургиясы сияқты компоненттердің байсалдылығы фильмнің көркемдік мазмұнын тереңдетеді. “Бүркіттер” фильмінің жалғасы ретінде 1979-шы жылы “Бүркітші” түсіріледі. Фильмде Шығыста ертеден келе жатқан бүркіт алудың қыр-сыры көрініс табады.

“Қазақстанның таулары мен шөл даласында”, “Нужны ли дали голубые”, “Низовья Или: времена года” фильмдері Қазақстан деректі экранының маңызды құбылысына айналды. Ол шығармалар бейнелеу мәнерінің биік мәдениетімен, тың материалдың молдығымен, тақырыпты ашудағы өзіндік ерекшелігімен назар аудартады. Алайда, бұл авторлар үшін материал жинақтау, кәсіби деңгейді көтеру кезеңі ғана болды. Олар әрбір фильм сайын тақырып барысына тереңірек барлай бастайды. Мысалы, “Ақсу-Жабағалы” фильмі көріністерінің жоғарғы эстетикалық мәдениетімен аса ерекшеленеді. “Зачарованный лес ” – рептилии құсының өмірі туралы баяндалатын киноәңгіме. Шөл дала тұрғындарының мінез-құлқы мен тұрмыс-тіршілігін “жіті” бақылау  - беймәлім әлем құпиясы туралы айтылған сиқырлы ертегіге айналады. “Қарақұрттар” – улы өрмекшілердің өмірі туралы түсірілген фильм. Мұнда ғылыми бақылау мен нәзік бейнелеу мәнері үйлесім табады. Сондай-ақ, “Дом для серпоклюва” фильмінде Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін құстардың бірі – орақтұмсықтар туралы баяндалады. Бұл фильмдердің әрбір кадры құпия мен сұлулыққа тұнған табиғат туралы әңгімелейтін шыншыл кинокітаптың кезекті беті сияқты. Әрбір кадр – композициясының толыққандылығымен, түрлі-түсті бояулар гаммасымен көз тартады.

Көгілдір аспанда еркін қалықтаған бүркіт, өрнегін өрген өрмекші, ұрпағының жалғасы үшін жанұшыра мазасызданған ұзын аяқты орақтұмсық құстар, т.б. Л.Мукамедгалиева мен В.Белялов фильмдерінде көркем бейнелерге айналады. Олар көрермен жүрегіне тереңдей еніп, нәзік сезім иірімдерін қозғайды. Адамзат өмірін қоршаған таулар мен өзендерге, көгілдір аспан мен жарық күнге деген мейірімге толы нәзік сезімді тудырады.

Л.Мухамедгалиева мен В.Беляловтардың фильмдері әлем экранын жаулап алып, сирек кездесетін құстар мен жан-жануарлар әлемі туралы “Қызыл кітаптың” көпсериялы кинонұсқасына айналды. Алматыда өткен “Қоршаған ортаны қорғаудағы киноның ролі” атты Халықаралық симпозиумда белгілі ғалымдар Л.Мухамедгалиева мен В.Беляловтардың фильмдерінде ғылымға әлі күнге дейін беймәлім болып келген тұстардың көп кездесетіндігі туралы мәлімдейді. Москвада өткен орнитологтардың Халықаралық конгресінде “Бүркіттер” фильмі ғалымдардың өтініші бойынша екі рет көрсетіледі. Тоқсан күн бойы түсірілген жиырма минуттық “Бүркіттер” фильміндегідей әлі күнге дейін бүркіттер ұясының өмірі егжей-тегжейлі көрсетілген киношығарма түсірілген жоқ.

Ал, “Дом для серпоклюва” фильміндегі сирек кездесетін құстардың ұясын табу үшін бір айдан астам уақыт бойы тау-тасты аралай жүріп, отыз күн бойы авторлар орақтұмсық құстардың ұясына кинокамерамен бақылау жүргізеді. “Қарақұрт” фильмі ғылым әлемінде үлкен жаңалық болды. Алғашында зоологтар “Бұл мүмкін емес”, - деп үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Өйткені, барлық ғылыми еңбектерде Қазақстанда осы күнге дейін тек қара түсті қарақұрттар мекендеп келді деп жазды. Ал, “Қарақұрттар”  фильмі ақ түсті қарақұрттардың да өмір сүретіндігін дәлелдейді. Зерттеу барысында ғалымдар кинематографистердің өте сирек кездесетін қарақұрттың бір түрін тапқанын мойындайды.

Табиғат әлемінің адамзатқа деген мейірімі олардың барлық фильмдерінің негізгі лейтмотивіне және  әрбір фильмі эстетикалық ләззатқа бөлену қуанышына айналады. Л.Мұхамедгалиева мен В.Беляловтардың  шығармашылығы Қазақстан деректі кино өнеріндегі ғылыми-көпшілік көріністі (видовой) жанрының дамуына себепкер болды. Сонымен бірге, кәсіби мамандар мен көрерменнің көзайымына ие болады. Олардың әрбір фильмі - ұлттық деректі кинематографтың гүлденуіне қосылған зор үлес, құнды ғылыми материал және биік кәсіби шеберліктің айғағы.

Қазақстан ғылыми-көпшілік  киносының  дамуына  көркемдік деңгейі жоғары фильмдерімен үлес қосқан режиссерлардың бірі Эльза Дильмухамедова ең алғашқы “Бұл ғажайып никозан”(“Этот удивительный никозан”, 1976ж,сц.авт.С.Воробьева, опер.Г.Смирнов) фильмінде-ақ шығармашылық тынысының кеңдігін дәлелдейді. Фильмде Қазақстан ғалымдарының өсімдік өсірудегі тәжірибесі поэтикалық формада бейнеленеді. Режиссердың кейінгі жылдары түсірілген шығармаларына арқау болған негізгі тақырып - республика кеңістігінде сирек ұшырасатын жан-жануарларға арналады. “Барса-келмес аралында” (1978ж, сц.авт.Б.Крамаренко, опер.Г.Ройтман, Ю.Шавкун) фильмінде құландардың өмірі, “Ақ шағалалар аралы” (“Острова белых птиц”, 1979ж, сц.авт.Э.Дильмухамедова, Э.Ауэзов, Э.Гаврилов, реж.Э.Дильмухамедова, операторы-Г.Ройтман)

Табиғат әлемінің шексіз сыры мен сирек кездесетін жан-жануарлар, өсімдіктер туралы тақырыпты шығармашылығының негізіне айналдырған талантты режиссерлардың бірі - М.Олькина. “Бүркітші” (сц.авт.А.Слудский, опер.В.Осенников) фильмінен бастау алған  режиссер шығармашылығындағы әр жылдары түсірілген “Сайгактар”(1974ж, сц.авт.В.Мироглов, опер.Р.Чикаев, Е.Беспрозванных), “Біздің кішкентай кенгуру” (“Наши маленькие кенгуру”, 1979ж,сц.авт.В.Мазин, В.Мироглов, опер.Г.Гидт,В.Осенников,А.Мұсаев) тағы да көптеген шығармалары Л.Мухамедгалиева мен В.Белялов, Э.Дильмухамедовалардың  фильмдерімен тақырып тұрғысынан үндесіп қана қоймай, жануарлар мен өсімдіктер әлемін  зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған ғалымдардың еңбегін экранда кеңінен көрсетеді.

Л.Мұхамедгалиева мен В.Белялов, Э.Дильмухамедова мен М.Олькиналардың шығармашылығы Қазақстан ғылыми-көпшілік киносының көркемдік тұрғыдағы даму кезеңінің маңызды құбылысына айналды. Олар түсірген әрбір фильм деректі кинода қолданылатын көркемдік бейнелеу тәсілдері мен мүмкіндіктер аясының шексіз екендігін дәлелдеді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.