Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (V.II)
V. Қазақ ұлттық кино өнеріндегі жаңа ағымдар 5.2. Әдеби шығармалардың кино өнеріндегі орны
Бөлім: Кино
Датасы: 15.12.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (V.II)
V. Қазақ ұлттық кино өнеріндегі жаңа ағымдар 5.2. Әдеби шығармалардың кино өнеріндегі орны
Бөлім: Кино
Датасы: 15.12.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (V.II)

Сексенінші жылдар тұсында әдеби шығармадан экрандау мәселесі төңірегінде «Қазақфильмнің» сценарий бөлімінде көп ұсыныстар мен талдаулар болады. Жаңа заман тақырыбындағы әдебиеттен экрандау мәселесі екінші планға ығыстырылып, ең дұрыс жол - тарихи тақырыптағы классикалық әдеби материалдармен жұмыс істеу деп табылып, осы төңіректе ұлттық кино өндірісінде жаңа жоспарлар жолға қойылады. Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың, Әбдіжәміл Нүрпейісовтың, Шерхан Мұртазаның, Ілияс Есенберлиннің, Әнуар Әлімжановтың әдеби шығармалары бойынша фильмдер түсіріледі.

Әдеби шығармадан экрандаудың үздік мысалдарын осы кезең аралығында кинорежиссурада біраз сәтті туындыларды экранға әкелген режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың шығармашылығынан байқауға болады.

Әзірбайжан Мамбетов

Театр және кино режиссері, КСРО Халық әртісі (1974), Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1967), КСРО Кинематографистер Одағының мүшесі (1979), профессор.

1932 жылы 2 қыркүйекте Волгоград облысының Палласовск ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Алматы театр және көркемсурет училищесін бітіреді. Луначарский атындағы Мемлекеттік театр институтын бітіргеннен кейін, 1957 жылдан бастап М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына режиссерлық қызметке қабылданады. 1964 жылы «Мосфильм» киностудиясында кинорежиссура мамандығы бойынша бір жылдық тәжірибе жинақтау курсынан өтеді. Ұзақ жылдар бойы Қазақ ССР Мемлекеттік кино өндірісі бірлестігі төрағасының орынбасары қызметінде болады. 1977-1980 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясының директоры. 1979 жылдан Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтының профессоры. 2000-жылы Әзірбайжан Мәмбетовке мәдениет және өнер саласындағы орасан зор еңбегі үшін «Халық қаһарманы» деген дәрежелі атақ беріледі.

Кинодағы шығармашылығы «Ән қанатында» (1966) көркемсуретті фильмінен басталған режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың қазақ киносына қосқан орасан зор үлесі оның тарихи тақырыптағы әдеби шығармаларды экрандаудағы жетістіктері арқылы бағаланады.

Осы орайда, әсіресе, қазақ киносының алтын қорына енген режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың «Қан мен тер» (1978, сценарий авторы-А.Михалков-Кончаловский, операторы-А.Ашрапов,суретшісі-И.Қарсақбаев, музыкасын жазған-Ғ.Жұбанова) фильмін ерекше айтуға болады.

Киноэпопея мәнерінде түсірілген «Қан мен тер» фильмінің мазмұнына арқау болған оқиға Арал теңізі жағалауында балықшылар ауылында революция дүмпуімен келген жаңалықтар және осының нәтижесінде шиеленіскен тап аралық тартыс төңірегінде өрбітіледі. Арал өңірінде болып жатқан тарихи оқиғалар негізгі кейіпкерлік тартыс астарын тереңдетуге қосалқы элемент ретінде ұтымды пайдаланылады. Үш басты кейіпкер өмірінен алынған тағдыр суреттері фильмдегі басты-басты сюжеттік тармақтарды құрайды. Олардың әрқайсысының өзіндік характерлік ерекшеліктері бар, алайда, кейіпкер мінезіндегі сол ерекшелікті айқын сипаттау әдістері олардың бір-бірімен қарым-қатынасы арқылы берілуі әлдеқайда нәтижелі болып отыр. Кедей жігіт Еламан, үстем тап өкілі Тәңірберген және сол екеуінің арасында ару қыз Ақбала, міне, осы үш тағдырдың тоғысуы- фильмдегі негізгі драматургиялық шешім ретінде алынған. Басты рольдерді сомдаған актерлардың (Еламан-Ә.Молдабеков, Тәңірберген-Т.Жаманқұлов, Ақбала-Г.Шойбекова) ойынындағы табиғилық кейіпкерлік толғаныс дәрежесін аса үстемелеп көрсетеді.

Жазушы Ә.Нүрпейісовтың романы желісімен түсірілген «Қан мен тер» фильмін экрандық шығарма заңдылықтары тұрғысынан жоғары бағалауға болады. Әдеби нұсқадағы кейіпкерлер сипаты экрандық вариантында біршама өзгерістерге ұшыраған. Соның мысалы ретінде бас кейіпкер Еламанның образын айтуға болады. Фильмдегі қызуқанды революционер Еламан характері жазушы сипаттауындағы Еламан мінезіндегі қарапайымдылықтан ада болған. Алайда, бұл шығарманың кемшілігі емес, керісінше, романдағы жанамалай ғана сипатталатын тарихи оқиғаны алдыңғы планға шығару арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас драмасын мейлінше тереңдетіп отыр.

Фильм киномамандарының жоғары бағасын алды. 1979 жылы Ашхабад қаласында (Түркмения) өткен XII – Бүкілодақтық кинофестивальда «Қан мен тер» фильмі тарихи-революциялық тақырыптағы ең үздік номинациясы бойынша бірінші жүлдені иеленеді.

Жазушы Әнуар Әлімжановтың тарихи романының желісімен 1982 жылы экранға Әзірбайжан Мәмбетовтың «Жаушы» фильмі шығады. Фильмге сценарийді жазған –драматург О.Осетинский, фильмнің операторы - Ә.Қастеев, музыкасын жазған Ғазиза Жұбанова.

Фильмде сипатталатын оқиға XVI- XVII – ғасырда өтеді. Бұл кезең Жоңғар хандығының құрылып, бірте-бірте үстемдік ала бастаған тұсы болатын. Ертіс, Жетісу өңіріндегі қазақ жерлерін басып алу қаупі арта түседі. Цинь империясының ығыстырылуынан жаңа жайылымдар мен сауда орталықтарына шығу жолдарын іздеген жоңғарлықтар қазақ қауымдастықтарының арасындағы пайда болған алауыздықты пайдалануға тырысады. Жергілікті қазақтар өз жайылымдарынан оңтүстік және батыс бағытқа қарай ығыстырыла бастайды. Экономикалық және саяси ауыр жағдайда пайда болған өзара талас-тартыстар қазақ хандығының әлсірей бастауына себеп болды. Жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылығы біртіндеп етек ала бастайды. Көптеген қазақтар Орта Азияға қашты, бірсыпырасы Ертіс бойына қоныс аударады. Малдары мен жайылымдарынан жаппай айрылуы Ұлы және Орта жүздегі шаруашылық күйзелісінің едәуір асқынып кетуіне әкеліп соқты. Осы айтылған қиыншылықтан шығудың бір ғана жолы – Ресеймен келісім-шартқа отыру. Қазақстанның Ресейге қосылуының мүмкіндіктері қарастырылады. 1731 жылдың қазан айында келісім-шартқа қол қойылады. Міне, осы оқиғалар «Жаушы» фильмінің негізін құрайды. Басты рольдерде: Ж.Құдайбергенов, Э.Исмаилова, А.Әшімов, Т.Жаманқұлов, К.Қожабеков т.б. «Жаушы» фильмі 1981 жылы Вильнюс қаласында(Литва) өткен XIV Халықаралық кинофестивальда халықтар арасындағы достастық тақырыбын ашқаны үшін дипломын иеленеді.

М.Симашконың «Емшан» әдеби шығармасы желісімен түсірілген «Сұлтан Бейбарыс» (1989, реж.Б.Мансуров) фильмі көрерменді қыпшақтардың көне тарихының қойнауына әкетеді. Бала күнінен алыс Египетке құлдыққа сатылып кеткен жас «қыпшақ», есейе келе айбарлы Сұлтан Бейбарысқа (Нұрмұхан Жантөрин) айналады. Ұзақ өмір жолдарында талай өткелден өткен ол бүгінде биліктің шыңына жетіп отыр. Алайда, ол өмір бойы өзінің туған елін, қазақтың кең даласын аңсаумен болады. Фильм соңында Сұлтан Бейбарыс туған жеріне қайтып оралады.

Басты рольді сомдағаны үшін Нұрмұхан Жантөрин Калинин қаласында (Россия) өткен Екінші Бүкілодақтық «Созвездие-90» кинофестивалінде бас жүлдені иеленеді.

Актер өзінің соңғы интервьюінде былай деп еске түсіреді: «Фестивальға қатысқанда біз мұншалықты сәттілікті күтпеген едік. Байқауға қатысуға ұсынылған 68 фильмнің 20 ғана іріктеліп алынды, оның ішінде біздің «Сұлтан Бейбарыс» та бар. Фестивальға келген 250 актер ішінен мен және Нонна Мордюкова екеуімізді актер мамандығына қосқан орасан зор еңбегі үшін деп бөліп-жарып, арнайы сыйлық тапсырылды. Бұл мен үшін орасан құрмет болды...» («Я - актер. Я - человек. Высшее достижение создателя», естеліктер жинағы, Алматы, «Атамұра», 1997).

Әдеби шығармадан экрандаудың үздік мысалы ретінде режиссер Болат Омаровтың «Ай астындағы үй» (1983) көркемсуретті фильмін атауға болады. Бұл фильм жазушы Смағұл Елубаевтың романы желісімен түсірілген. Сценарий авторы – Смағұл Елубаев, операторы- Әбілтай Қастеев, музыкасын жазған- Б.Қыдырбекова. Басты рольдерде: Д.Жолжақсынов, Г.Әлімбаева, С.Жұмаділов, Д.Акимов, Б.Римова

Ай астындағы үй. Айдаладағы ақ отау. Сыртынан қараған адамға жапан түзге қоныс теуіп, қалғыған тыныштық құшағындағы осы үйден ешқандай тіршілік белгісі байқалмайтын секілді. Бұл оқиғаның бергі сипаты ғана. Сырт тыныштығы үй ішіндегі «аласапыранды» баса алмайды. Қаладан көшіп келген жас семья мына жағдайға (отын-су тапшы, жарық жоқ) тіптен үйрене алмай жатыр.

Бас кейіпкер жас жігіт өзінің жанұясымен малшы болуға ниет жасаған еді. Бір кезде алыстап кеткен туған жеріне қандай сезім жетегінде қайта оралды екен, ол әлі көрермен үшін беймәлім. Сексенінші жылдарда, әсіресе, ауылдан қалаға жастардың ағылып жатқаны үйреншікті құбылысқа айналған тұста, қала жігітінің керісінше ауылға қарай мойын бұруы, әрине, тосын жағдай еді. Сондықтан да болар, фильмнің бас кейіпкері Дәуітке (Д.Жолжақсынов) аудандық зоотехниктің (С.Жұмаділов), шофер жігіт Әскербектің соншалықты ынтамен көмектескісі келетіндіктері күдік келтіреді. Шын мәнінде, оқиға өрбіген сайын, Дәуіт қандай ортаға тап болғанын сезе бастайды. Ауыл, аудан арасын жайлаған әділетсіздік, мансапқорлық пен шенеуніктердің жүгенсіздігінің қайнаған ортасында Дәуіт аласұрып қалады. Бас кейіпкерлердің тартыстық қарым-қатынастары арқылы оқиға тізбегі бірте-бірте жүйелендіріледі.

Бас кейіпкерінің жанының тазалығын қиыншылық ортада сақтай білгендігі - режиссердің осындай әлеуметтік дағдарыстар сипатында адамның жеке басындағы ерекшеліктерді дараландыруы болып отыр. Бұл «Ай астындағы үй» фильмінің бірден-бір жеңісі.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.