«Неге сіз комедия түсіретін режиссерлер драмалық фильм түсіргісі келмейді деп ойлайсыз?» деген сұрақ қойылды. Алғашында тосылып қалғаныңмен, жауап дайын. Комедия көбіне коммерциялық бағытта, яғни, шығынданған қаржыны шығарып алып, үстінен табыс көру мақсатында түсіріледі. Ал драмадан қомақты қаржы жинай алмайсың. Себебі, жұмыстан онсыз да шаршап келетін халық толғандыратын картиналарды көргісі жоқ. Оның бір дәлелі – «Канн» кинофестивалінен кейін аты дүркіреген «Айка» фильмінің тұсаукесері 2500 адамға арналған Алматы қаласындағы Республика Сарайында өтті. Қызыл кілемге жиналған қалың көпшілік, жүргізушінің «Барлықтарыңызды фильм көруге шақырамыз» деген сөзінен кейін тарқаса бастады. Тек нағыз кино сүйер қауым сарайға кірді. Неліктен? Жарнама жетіспеді десек қатты қателесеміз. Себебі, халық көреді, оқиды деген бұқараттық ақпарат құралдарында «Айка» фильмі және Самал Еслямова есімі сан мәрте жазылып, көрсетіліп жатты. Демек, халықта драмаға, әсіресе авторлық киноға деген аса қызығушылық жоқ. Осыдан кейін табыс көргісі келетін продюсерлер қайдан драма түсірсін. Тақырыпқа оралайық.
Сонымен, комедия «корольдері» драма жанрында шынымен-ақ фильм түсіргісі келмейді ме екен? «Иә» десек, жалған сөйлеген боламыз. «Сабина келін» фильмімен режиссер ретінде танылған Нұртас Адамбай өзінің «2=1» (екі комедия = бір драма) тәсілін ұстанып, драма жанрында түсірген «Лифт» фильмін халыққа ұсынды. Сонда режиссердің фильмографиясы мынандай нәтиже береді екен: «Сабина келін» (2014ж.), «Ауылдан қашу: «Махаббат» операциясы» (2015ж.) комедиялары = «Тараз» драмасы (2016ж.); «Сабина келін 2» (2016ж.), «Мен күйеу жігітпін» комедиялары (2018ж.) = «Лифт» драмасы (2018ж.) Бұл дегеніміз комедия түсіретін режиссерлардың драма түсіруге қауқары бар деген сөз. Түсіре алады дегенде жаңа сапада, жақсы актерлық ойынмен, өзіндік жаңашылдықпен түсірген жұмысты меңзеп отырмын.
«Лифт». Екі адамның жеделсатыда қамалып қалатынын фильмнің атауынан-ақ ұғып қойған шығарсыз? Солай істесеңіз – дәл таптыңыз. Тек олар бір немесе бірнеше сағатқа емес, ұзақ уақытқа қамалады. Зарыққан адамдар уақыт өткізу үшін бір-бірінің әңгімесін тыңдап, уақыт өлтіруге тырысады. Бірақ олар уақытпен бірге сенім, шынайылық, құрмет секілді айрықша маңызға ие қажеттіліктерді өлтіріп алады. Екі «жолаушының» жеделсатымен жоғарыдан төменге түсуін теңеу ретінде алуға болатындай. Екі адамның емес, адамзаттың төмен түсуі секілді. Лифтіде екі адамның әңгімесімен бір жарым сағат уақытымды өткіземін деп ойлаған көрермен жаңылысады. Кейіпкерлерге өткенін еске түсірту арқылы режиссер түрлі локацияларға, өткен ғасырға шолу жасайды.
Фильмнің жалғыз-ақ постері бар. Постерде жас жігіт пен ересек кісі бір-біріне қатыгез көзқараспен қарап тұрады. Бірі – бай баласы Тимур (Жандос Айбасов), екіншісі – күзетші Асқар (Иісбек Әбілмәжінов). Иісбек Әбілмәжінов – фильмдегі басты фигураның бейнесін сомдайды. Сомдағанда қандай! Қоғамдық көлікке немесе таксиге отырғанда жайдары, көңілі ашық, орысшаға шорқақ, ауылды еске түсіретін адамдар барлығыңызға кездескен шығар. Сол бейнені Иісбек ағаның орындауында экраннан көре аламыз. Соңында өзіне сабақ алатын Тимурдың рөлін сомдаушы Жандос Айбасовтың да шеберлігі осал емес. Эпизодтық кейіпкерлерді сомдаған Ә.Иманбаев, А.Шарғын секілді талантты актерлер ойнайтын ер адамдық актерлық құрам жақсы таңдалынған.
Фильмнің негізгі локациясы ретінде лифт алынды. Ұзындығы 3-4 метрдей болатын «түсірілім алаңында» жұмыс жасау оңай болмағаны белгілі. Ірі планмен ғана шектелмей, екі адамның іс-әрекетін әр түрлі ракурстан көрсету арқылы тамаша нәтижеге жеткен оператор Азамат Дулатов – әр жұмысы сайын шеберлігін шыңдап келеді. Осы ретте операторлық құрамды құттықтап қоюға әбден болады.
Грим, декорация көңіл толарлық. Ал костюмдегі байланыспай қалған кемшіл тұстарды көп көрермен байқамай да қалады. Әлбетте, келесіде бұндай қателікке жол берілмеуін қалаймыз.
«Лифт» фильмі – тәжірибе арқылы, еңбектеніп, іздену арқылы көрерменге қымсынбай ұсына алатын өнім жасауға болатынын көрсеткен туынды. Н.Адамбай бұл туындымен бір «қабатқа» жоғарылады. Желтоқсан айында шығатын режиссердің «Құдалар» комедиясы қалыптасып келе жатқан оң көзқарасты бұзбайды деген сенімдеміз.