Мақала / #студентСөзі
Кездейсоқтық құрған тор
Нұртас Адамбайдың "Тараз" фильміне көзқарас.
Бөлім: Кино
Датасы: 22.04.2017
Авторы: Жансая Зейнелғабетова
Мақала
Кездейсоқтық құрған тор
Нұртас Адамбайдың "Тараз" фильміне көзқарас.
Бөлім: Кино
Датасы: 22.04.2017
Авторы: Жансая Зейнелғабетова
Кездейсоқтық құрған тор

Кейде адам өмірінде орын алатын кездейсоқ жағдайлар оның бүкіл тағдырын шешуі мүмкін. Алдыда не күтіп тұрғанын білмей өмір сүру қателіктер жіберудің бәлкім басты себебі де шығар. Нұртас Адамбайдың 2016 жылы жарық көрген «Тараз» атты боевик, драма жанрындағы фильмі бір сәттік кездейсоқ қателік арқылы табысқан төрт кейіпкердің тағдырын бір арнаға тоғыстырды.

Фильм басында, көлік ішінде өз мұңдарымен оңаша ойға батып келе жатқан сол төрт кейіпкердің әрқайсысын режиссер жеке-жеке көрерменге таныстырды. Әкесінің айқайын естумен бірінші кезекте көрінген басты кейіпкердің бірі - Айдар (Нұртас Адамбай). Айдардың жағдайы осы көріністен-ақ бірден байқалады. Ата-анасының ұлы, бірақ, сүйікті емес, шетте қалып қойған ұлдары. Яғни, қарапайым әрі дөрекі сөзбен айтар болсақ, әке-шешесінің алдында әбден сүйкімі кеткен кейіпкер. Бұл жігіттің басты миссиясы да бізге көп ұзамай белгілі болады. Ол - үйлену. Өзі сүймесе де, еріксіз үйленуге міндетті. Екінші кейіпкер Ахметтің (Асан Мәжит) мәселесі - анасы, інісі және нашар тұрмыс. Қаражаттың жетіспеушілігінен анасының денсаулығы да күннен-күнге нашарлап барады. Бұл кейіпкердің де өмірінде еш жарық сәуле қалмаған, қара түнек. Төрт еркектің арасында жалғыз қалған, қылмыстың орын алуына байқаусызда түрткі болған үшінші қыз кейіпкер - Айжан (Гүлназ Жоланова). Қазақтың қарапайым, атасының тәрбиесін көріп өскен, ауылдық қыз. Қаланың «түнгі клуб» атты бір сәттік ләззат алатын жеріне өз қалауынсыз барып қалған сәтінде бәрі басталады. Осы орын алған оқиғада бірден із суытуды жөн санаған төртінші кейіпкер, бұлардың арасындағы ең жігерлісі, ақылдысы - Сапар (Еркебұлан Дайыров). Фильмде бұл кейіпкерлерді көрсету арқылы режиссер бүгінгі таңда орын алып жатқан басты мәселелерді  көтеріп отыр. Ажырасу, жұмыссыздық, нашар тұрмыс, ата-ананың баласына деген сенімсіздігі, адамдардың тек ақшасымен ғана қадірлі болуы.

Фильмдегі қылмыс осы мәселелердің бәрін біртіндеп бізге ашып береді. Көрерменге айнаны ұсынып, бейнесін көрсетуге барынша тырысқандай. Осы тұста, кейінгі шығып жатқан отандық фильмдерден көп талап етіліп жататын «ұлттық бейне» мәселесіне келетін болсақ, бұл кезекті картинада ол барынша ашылған. Қазақтың өзіне тән мінез-құлқы, мән беріп қарасақ, әрбір кейіпкердің бойында бар. Кенже ұлын үлкен ұлымен үнемі салыстырып отыратын ата-ана бейнесінен де, немересін қалаға жіберіп, алаңдап отыратын ата бейнесінен де, денсаулығы нашарласа да баласын ойлап жататын ана бейнесінен де, мұндағы әрбір кейіпкердің бейнесінен қазіргі өзіміздің қазаққа тән қасиет көрінеді. Және оны көрсеткен актерлердің де сомдаған рөлі осал болған жоқ. Әсіресе, кәсіби актерларды ысыра тұрып, Аxметтің інісін ойнаған жас балаға келсек, әсерлі етіп ойнап шыққанның бірі сол болды. Сырқаттанып жатқан анасына дәрілерді ұрлап, қойнына тығып алып келген сәтінде оның еңіреп жылағаны көрерменнің жүрегін елжіретпей қоймайды.

Режиссер Нұртас Адамбайдың бұған дейінгі фильмдері комедиялық жанрда болған болса, «Таразда» ол барынша салмақтылыққа ауысқан. Фильмге қойылған музыка, артқы көріністегі бұзылған үй қаңқалары, жаңбыр, күңгірттене түсіретін ағаш бұтақтары, осының бәрі әрбір көріністің атмосферасын жеткілікті дәрежеде ашқан. Қылмыс жасап, асxана ішімен қашқан төртеуінің артынан қоса дірілдеп жүгірген камераның қозғалысының өзі эффект береді. Түсірілімі, идеясы жағынан көпшілікке ұнаған бұл фильмнің дегенмен осал тұстары да жоқ емес. Соның бірі, басты кейіпкер деп отырған Сапарымыздың досының ақымақтығымен бір-ақ сәтте өліп қалуы. Бұны, бір қарағанда режиссердің барынша шынайы етіп көрсеткісі келгендігі деп түсінсек те болады. Өмірде әбден орын алуы мүмкін жағдай. Соның өзінде де, бәлкім өлтіріп қойған досының реакциясы басқаша болуы керек пе еді. Бұл кадрды мейлінше ұзақ ұстағанда, мүмкін, фильмнің қателігі сәттілігіне айналар ма еді. Тағы бір ойландырарлық жайт, «Таразда» мәселе өте көп, бірақ, шешімі жоқ. Басты кейіпкерлердің толықтай қырылуымен қатар, олар арқылы көрсетілген мәселенің біреуі де ең аяғында шешілген емес. Керісінше, бәрі одан сайын құрдымға кетті.

Осы уақытқа дейін көрермендеріне «Happy end» сыйлап келген Нұртас Адамбай бұл жолы нағыз ащы трагедияның қандай болатынын көрсеткендей. Не де болса, осындай дәрежедегі пессимизм режиссердің келесі туындыларынан жалғасын таппайды деген үміттеміз.

Сізге қызық болуы мүмкін: