Соңғы бес жылдықта қазақ мультипликация өнерінің қоржынына біршама салмақты анимациялық шығармалар келіп қосылды. Солардың бірі – жас режиссер-аниматор Мейіржан Сандыбайдың «Ит» атты қысқаметрлі мультфильмі. Аталмыш мультфильмнің қозғаған тақырыбының өзектілігі соншалықты, елімізде белең алған түрлі қорқынышты жағдайлардың көрінісін әшкерелеп, адами қасиеттен, адами санадан қаншалықты алыстап бара жатқанымызды қозғалмалы сурет арқылы көрсете отырып, ауыр сынға алады.
«Ит» мультфильмінің басты тақырыбы күннен күнге көбейіп келе жатқан тастанды балалардың хал-ахуалын көрсетуді мақсат етсе, негізгі идеясы адам кейпінде жүрген саналы жандардың рухани құндылығы төрт аяқты жануардікінен де төмен дәрежеге түсіп кеткенін байқатқысы келеді. Осы фильмде белең алған оқиға және сюжеттік шешімі репрессия құрбаны болған Алашордалықтарды еске түсіреді. Ал, сюжеті Ахмет Байтұрсынұлының 1911 жылы жарық көрген «Маса» және «Малшы мен маса» өлеңдерінде әңгімеленетін оқиғаға жеткізу жағынан ұқсастықтар байқалады. Мәселен, «Маса» мысал-өлеңінде құлақ түбіне ызыңдаған маса жайында «Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып, Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша» деп масаның аллегориялық кейіпкер екенінен хабардар етеді. Осы тұста, фильмдегі ит те аллегориялық кейіпкер, оның бар істей алатыны – үру. Айналасындағы саналы адамдарға үру арқылы ызғарлы құбырдың түбінде жатқан сәбиге қарай шақырады. Алайда, адамдар оның істегендерін дұшпандыққа санап, тас лақтырып, итеріп, ақырында жазым етеді. Дәл осындай шығармашылық қорытынды тағы да Ахмет Байтұрсынұлының «Малшы мен маса» мысал-өлеңінде көрініс тапқан:
Келеді қара жылан шағайын деп,
Қапысын ұйықтағанда табайын деп.
Малшыны сол уақытта маса шақты,
Оятып, бұл бәледен қағайын деп.
Ұйқысын Малшы оңды ашпай тұрып,
Өлтірді шағып тұрған Масаны ұрып.
Көтеріп жерден басын біраздан соң,
Қарады жан-жағына мойын бұрып.
Жыланды көрген шақта малшы өкінді
Достығын Сарымасаның сонда ұғып» - деген көркемдік шешімі, фильмнің де негізгі құралы болып табылады. Дегенмен де, режиссердің өзінен осы жайында сұрап көргенімізде, фильмді жасау барысында Алашордалықтар мен оның өлеңдері ойда болмағандығын айтады. Бұдан біз, фильмдегі өріс тапқан оқиға тікелей жоғарыда мысал ретінде келтірілген өлеңдерге жүгіп жасалған дегеннен аулақпыз. Алайда, жеткізу жағынан осыншалықты ұқсастық, фильмдегі атмосфераның бір ғасырды бағындырған ұлы қайраткерлерді еске түсіруі, әрине, көрерменді үлкен эмоцияналды сезімдерге әкеп соқтырады. Қорытындылай айтқанда, мультфильмнің көркемдік шешімі жоғары деңгейде орындалып шыққанын ерекше қуанышпен айта аламыз.
Соңғы жылдары жетім емес-ау, қажеті жоқ зат сияқты көрінген жерге лақтырылып жатқан тастанды балалар саны көбейіп барады. Режиссер осы мәселені қарапайым ит арқылы көрсетуі – ұтымды шыққан. Басты кейіпкер ретінде не себепті өзге жануарлар емес, дәл ит алынған деген сұрақ туындауы мүмкін, бұл жөнінде режиссердің өзі: «Негізгі әрекет етуші қаһарман ретінде иттің алыну себебі: көшенің бұрыш-бұрышында мекен ететін қаңғыбас иттер баршылық, оқиға қалалық жерде өтетіндіктен, фильмнің шынайырақ көрінуі үшін басты рөлге итті алған болатынбыз. Екіншіден, қазақта ең сұрқия қылық жасаған адамға «Ит екенсің» деген мәнер айтылады. Ал, қазіргі таңда адамдардың іс-әрекеттері «ит екенсің-ау» деген мәртебеге де жетпей қалды. Ит екеш иттің өз баласын тастап кетпейді», - деп өз пікірін білдірген болатын.
Сонымен қатар, фильмнің шарықтау шегіне аса назар аудару қажет. Негізгі оқиға ақ-қара көрініспен көрсетіледі. Бұндай әдіс фильмнің айтқысы келген проблемалық жағдайға толықтай енуге мүмкіндік жасайды. Ал, шарықтау шегі түрлі-түсті көрініспен бейнеленген. Болып жатқан оқиғаның қайдан бастау алғаны, иттің құбырда жылап жатқан сәбиге қарай ойыншық пен жылы мойын орағыш лақтырып, жаңбыр жауғанда баланы қолшатырмен қорғағаны шарықтау шегінде айқын бейнеленгендіктен, бастапқыда көрерменге түсініксіздеу көрінген иттің әрекеті әшкереленеді, яғни түсінікті болады. Сонысымен де өте әсерлі.
Аталмыш туынды ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде қысқа метрлі фильмдердің арасында «Бас жүлдені» иеленді. Отандық мультипликация өнерінің деңгейін көтеретін осындай тамаша фильмдердің жарыққа шығуы көңіл қуантады. Ал, бұндай туындылар лайықты бағаларын алып жатса, дарынды жас мультипликаторларымыздың шабыттана түсері анық.