Қайырлы күн, Ғаламат, Нұрәлі! Өздеріңізбен сұхбаттасу орайы түскеніне өте қуаныштымын. Ең алдымен екі бірдей өнерпаз, композитор, музыкант дүниеге келген отбасы жайлы білгім келіп отыр?!
Ғаламат: Сәлеметсіз бе! Біз де сұхбат орайы түскеніне өте қуаныштымыз. Балаларына дұрыс тәрбие бергісі келетін қарапайым отбасында дүниеге келдік. Әкем ауыл шаруашылығымен айналысады. Отбасымызда алты ағайындымыз. Алматы қаласында туып-өстік. Өнерде бізден бөлек үлкен ағамыз, күйші, композитор Нұрсәт Бейсеқожа да бар. Ата-анамыздың өнерден ауылы алыс болғанымен, олар біздің талантымызды, талабымызды өте жоғары бағалайды, түсінеді.
Нұрәлі: Сәйкесінше, олар біздің музыкамен айналысуымызға барынша мүмкіндіктер жаратып беруде. Әрқашан бізідің жаңа туындыларымызды ынтығып күтетін де, алғашқы болып, қаншама шұғыл шаруалары күтіп тұрса да, бәрін тастай сала бізідің өнерімізге көңіл бөлетін де ата-анамыз.
Қанша жастарыңыздан бастап музыкамен айналысасыздар? Жалпы таланттарыңызды алғаш байқап, қолдау білдіріп, жөн сілтеген кім? Қазірде қай оқу орындарында білім аласыздар? Музыкадан тәрбиелеп жатқан ұстаздарыңыз кім?
Ғаламат: Мен 3-4 жасымнан бастап-ақ күйші Нұрсәт ағамның домбырада ойнағанына қатты қызығатынмын. Өзімнің де ылғи тастамай алып жүретін ойыншық домбырам болатын. Сол домбырамен ағамыз күй тартып жатқанда жанына келіп, білмесем де оған қосылып домбырамды дыңғырлатып отырады екенмін. Кейіннен бастауыш сыныптарда домбыра үйірмесіне барып жүрдім. Ғаламтордан да түрлі сабақтарды қарап, күй ойнауды үйренуге талпындым. Алғаш рет домбыраға салып, өнері жаныма жақын күйші Нұрғиса Тілендиев атамыздың «Әлқисса» күйін орындадым. Әрімен қарай, күй мен домбыраға қызығушылығым артып, өзімнің де құлағыма домбыраның үнімен әуендер келе бастады. Алғашқы туындым атаммен ауылға барар жолда туды. Ауылға барғаннан соң сол әуенді домбыраға салып, атама ғана орындап бердім. Атам батасын беріп, алғашқы күйімнің атын тәуелсіздікке арнап «Жеңіс» деп қойып берді. Одан кейін Нұрсәт ағамның алдында отырып «Наурыз» деген күй шығардым. Содан Нұрсәт ағам да менің қабілетімді байқай бастады. Солай композиторлық қабілетім бірте-бірте ұштала бастады.
Нұрәлі: Мен музыкамен төрт жасымнан бастап айналысамын. Бұл ата-анамның айтуы бойынша ерекше жайт болған. Үйімізде ағамыз Нұрсәт Бейсеқожаның фортепианосы болатын. Мен сол аспапқа қатты қызығып жүретінмін. Содан бір күні үнемі естіп жүріп, құлаққа сіңген әнұранымызды өз бетіммен ойнай бастадым. Бұл менің фортепианодағы алғашқы ойыным болды. Ал, өзімнің ең алғашқы шығармам «Анашымды» бес жасымда жаздым.
Ғаламат: Нұрәлінің алғашқы фортепианодағы ойыны біздің отбасымыз үшін шынында да таңқаларлық сәт болды. Себебі жайбырақат кештердің бірінде үйіміздегі фортепианодан әнұранымыздың әуені естілді. Ал, үйде ол аспапта ойнай алатын жалғыз адам – Нұрсәт ағамыз жоқ болатын. Барлығымыз жүгіріп барып қарасақ, кішкентай Нұрәлі фортепианода керемет ойнап отыр. Кейіннен Нұрәлі үйде теледидардағы түрлі әуендерді, анам көріп отыратын телехикаялардың музыкаларын фортепианоға салып, тартып бізді таңқалдырып, әрі қуанта бастады. Содан Нұрәлімен қоса мені де ата-анамыз сол жылы музыкамен кәсіби түрде айналысу үшін Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектебіне оқуға берді. Нұрәлі бірінші сыныпқа, ал өзге мектептен бесінші сыныпты бітіріп келген мен сол жылы алтыншы сынып болмағандықтан қайта бесінші сыныпқа бардым.
Нұрәлі: Өнерімізді алғаш бағалаушылар, жөн сілтеп жүрген ата-анамыз бен ағаларымыз Нұрсәт және Нұрлан Бейсеқожаевтар. Және олармен қоса, бізді музыкаға тәрбиелеп, білім беріп жатқан ұстаздарымыз – Жұбанов мектебінің мұғалімдері.
Өз аспаптарыңызды қалай таңдап алдыңыздар? Сізге домбыраны, ал сізге, фортепиано мен скрипканы таңдауға не немесе кім ықпал жасады? Әлде бұл тек бейімдеріңізге ғана байланысты ма? Және басқа қандай аспаптарда ойнай аласыздар?
Ғаламат: Мысалы маған әуендер домбыраның үнімен, ал Нұрәліге фортепианоның үнімен келеді. Бұл біздің талантымыз бен бейімімізге әбден байланысты болуы керек.
Нұрәлі: Мен Жұбанов мектебіне келгенде фортепиано классына түскім келген. Бірақ мені “саусақтарың әлі тым қысқа, дегенмен, есту қабілетің өте жоғары” деп скрипка классына берді. Әйтсе де, өзім фортепианоға қатты қызыққандықтан онымен айналысуды тоқтатпадым. Қазір де өзіме жақын композиторлар классына ауыстым.
Ғаламат: Басқа ойнай алатын аспаптарға келсек, өзім тек домбыраны жақсы шертемін. Ал мектепте барлық класстарға фортепиано сабағы өтілетін болғандықтан, онымен де аз-маз ойнай аламын. Нұрәлі болса фортепиано, скрипкамен қоса, кішкентай кезінде өзі солақай бола тұра, менің оңқай домбырамды шертіп жүретін. Алғаш «Адай» күйін үйренбей, өзі бірден домбыраға салып тарта алған. Бұл оның шынында да есту қабілетінің өте жоғары болғандығынан.
Осындай талант иелері қандай байқаулардың қатысушылары болды? Қоржындарыңызда қандай жүлделер бар?
Ғаламат: Біздің негізгі бағытымыз – композиторлық. Ал, елімізде композиторларға арналған байқаулар жоқтың қасы. Күйші-домбырашы болғандықтан, Республикалық «Абай оқулары», «Махамбет оқулары» сынды байқауларға қатысып, жеңімпаз атанғанмын.
Нұрәлі: Мен алғаш рет бірінші сыныпта оқып жүріп Астана қаласында өткен (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) жас пианистер байқауына қатысып, жүлдегер атандым. Сол байқауда Қазақстанның Халық әртісі, скрипкашы Айман Қожабекқызы Мұсақожаева маған сәттілік тілеп, болашағыма үлкен сенімін білдірді. Кейін, Чайковский атындағы музыкалық коледжінде өткен Республикалық музыканттар байқауында да жеңіске ие болдым. Ол жерде ҚР композиторлар Одағының төрағасы, композитор Балнұр Балғабекқызы Қыдырбек маған «Қазақстанның ең жас композиторы» деген айдар тақты.
Ал, бүгінде екеуіңіз бірдей бақ сынап жатқан «Таланттар шоуы» байқауының барысы қалай жалғасуда? Жалпы осы шоу жайлы және оған қалай тап болғандарыңыз жайлы айтып берсеңіздер. Бір отбасынан шыққан екі таланттың бір байқауда тоғысуы қызық әрі тартысты секілді...
Ғаламат: Біз Нұрәлі екеуміз бұрын осындай шетелдік «Таланттар шоуын» ғаламтордан көп қарайтынбыз. Өзіміз де сол байқауларға қатыссақ деп армандадық. Биыл Орталық Азия мемлекеттерінің таланттарына арналған «Таланттар шоуының» бізге де жеткенін естіп, қатысуға ниеттендік. Екі мың үміткердің арасынан санаулылардың бірі болып Нұрәлі екеуіміз де жобаға өттік. Бірінші турда екеуміз екі бөлек өнер көрсеттік.
Нұрәлі: Қазылар алқасы да біздің бауырлар екенімізді естіп қатты таң қалды. Ағам Ғаламат екеумізге келесі кезеңге жолдама берді.
Ғаламат: Қазірде жартылай финалға дайындық үстіндеміз. Біз байқаудың алғашқы кезеңінде сахнаға бөлек өнерпаздар ретінде өз шығармаларымызды танытушы композитор болып шықтық. Ал, қазылар алқасы әрімен қарай Нұрәлі екеумізді бірге дуэт болып өнер көрсетеді деп шешкенде қарсы бола қоймадық. Себебі, біз бұған дейін де үлкен концерттерде дуэт болып сәтті өнер көрсеткенбіз. Және қазақы аспап пен классикалық аспаптың үндерінің қосылуы – ерекше дуэт. «Таланттар шоуының» жартылай финалына 100 үміткер өтті. Ал, финалда 12 қатысушы бақ сынасады. Және жеңімпазды анықтау қазылар алқасына ғана емес, көрермен дауысына да тікелей байланысты болады.
Екеуіңіздің де композитор ретінде жеке шығармашылық кештеріңіз өтті. Қанша уақыт дайындалдыңыздар? Осы жастарыңызда кәсіби-шығармашылық кеш өткізу таланттан бөлек көп еңбек пен біліктілікті қажет етеді. Кеште орындалған туындыларды қалай іріктедіңіздер? Екі кешке де жеке-жеке тоқталып, кеңінен тарқатып айтып берсеңіздер.
Ғаламат: Бізге жетекші болған ірі тұлға, ұстазымыздай адам – әкеміз. Өзі кәсіби музыкант болмаса да, әкеміз концерттік бағдарламамыздың барысын, репертуарды, жалпы кеш жобасының барлығын ағаларымызбен жиналып, ақылдаса отырып шешті. Шығарлмашылық кештеріміздің баршасын отбасымыздың күшімен, әкеміздің қолдауымен өткізіп келеміз. Тек Нұрәлінің Алматыда өткен шығармашылық кеші Құрманғазы атындағы концерватория мен Жұбанов мектебінің бірлескен қолдауымен өтті. Ол концертке көрермен сұранысы өте мол болды. Зал толып, 500-ден астам адам жиналды.
Ал, менің жеке шығармашылық кешім «Ұлы дала толғауы» жайлы айтар болсам, оған үш ай дайындалдым. Қазақстанда бұған дейін болмаған формматта 50 күйді өз орындауымда, тоқтаусыз үш сағаттан астам уақыт бойы ойнап шықтым. Бұл 50 күйдің ішінде Құрманғазы бабамыздан бастап Нұрғиса Тілендиевке дейінгі композиторлардың, Нұрсәт ағамның шығармалары және өзімнің жиырмаға жуық күйлерім болды. Мақсатым қазақ күйлерінің ерекше бір топтамасынан үлгі көрсету және өз шығармаларымды да таныстыру болды. Үш ай бойы үздіксіз дайындалдым, қобалжыдым да, әрі уайымдадым. Жалпы үлкен еңбекпен келген дүние болды. 50 күйді тоқтаусыз орындап шығу бұл талант пен еңбектен бөлек физикалық ауыртпалықты да түсіреді. Дайындалып жүріп қажалып кеткен қолдарым уайымдауыма себепші болды. Бірақ концерт күні қобалжу мен саусақтарымның ауруы ғайыптан жоғалып, жақсы кеш өтті. Дегенмен рекорд қою ойымызда болып еді. Ол мақсатым әлі де бар.
Нұрәлі: Ал, мен өз шығармашылық кешімді былтыр, 7-сынып оқып жүргенімде берген болатынмын. Әрине, мен де қобалжыдым. Бірақ сахнаға шыққанымда кеудемде ерекше бір жайлылық пен әдемі атмосфера орнады. Себебі жиналған көрермен өте жақсы ықыластарын танытты. Ол сахнада тұрған маған сезіліп тұрды. Бұл тек мен ғана емес, тыңдармандар да күткен кеш болды. Менің өнеріммен таныс көптеген адам әрдайым бізге жеке кеш өткізсеңіздер деген сұраныс білдіретін. Бұл концерттің өтуіне түрткі болған да осындай тыңдармандардың қызығушылығы еді. Кеште өзім жеке композитор болып, және ағам Ғаламатпен де бірге дуэттік өнер көрсеттік. Мектебіміздің бас дирижері Гүлмира Жумадиловна бастаған симфониялық оркестр де сахнаға шықты. Өзіміздің бауырымыз Халид Орынқұл мектептесіміз, досымыз Нұрсұлтан Сүнәдділләнің сөзіне жазылған менің әндерімді орындады. Және Нұрсұлтан тек менің емес, Ғаламат ағамның да әндеріне сөз жазады. Жеке солистер де өнер көрсетті. Бұл кешті өткізуде мектебіміз бен талантты достарымыздың ықылас-ниеті өте жақсы болды.
Ғаламат: Негізі біздің мектебімізде өте талантты балалар, инструменталистер көп. Кәсіби орындаушылар да жеткілікті. Бірақ, композиторлар аз болғандықтан ба, бізді мұғалімдеріміз ерекше даралап, көп көңіл бөледі.
Мектеп бітіргеннен кейін қандай жоғарғы оқу орындарын көздеп отырсыздар?
Ғаламат: Екеуміз де осы саланы, музыканы тастамаймыз. Әрімен қарай жалғастыра береміз. Әлемге қазақ музыкасын паш етсек деген арманымыз бар. Мен өзім Құрманғазы атындағы консерваторияға түсемін деп ойлаймын. Себебі, шетелдік жоғарғы оқу орындарында композиторлықты күй, домбырамен үйрететін мамандықтар жоқ. Дегенмен де, менің арманым болашақта домбырамен әлемдік сахналарды бағындыру.
Нұрәлі: Менің арманым шетелдік үлкен композиторлық оқу орындарында оқып, әлемдік биік сахналарға шығу. Себебі біз әлі де шетелдік концерттерде өнер көрсетпедік.
Қай уақыттарда шабыт келеді? Жалпы музаларыңыз бар ма? Және қандай тақырыптар өздеріңізге жақын? Мысалы, Нұрәлінің «Мектеп вальсі», «Вальс», «Жаңа жылдық вальс» атты туындыларымен қоса лирикаға жақын екенін, ал, Ғаламат, сіздің шығармаларыңыз патриоттық лепке толы екенін байқадым. Бұл аспаптарыңыздың ерекшелігімен қатар, талғамдарыңыздан да хабар бере ме?
Ғаламат: Мысалы мен домбырашы болсам да, өзіме бір ғана жанрлық, қазақы сарында ғана музыка жазуым керек деген сынды шектеулер қоймаймын. Құлағыма қандай әуен келсе де, оны домбырамен жарыққа шығарамын. Ал, Нұрәлі фортепианомен жазады. Егер де қазақ күйлерін жақсы білетін болсаңыздар, олармен салыстырғанда менің күйлерімде тек қазақи ғана емес, кішкене түркі аралас үндер естіледі. Себебі домбыраның мүмкіндігі өте кең. Бұл аспапты жетік меңгерген адам болса, оның қос шегіне кез-келген классиканы да, басқа музыканы да сыйдыра алады. Дәурені қашан келетінін білмеймін, бірақ мен домбыраның әлем музыкасын бағындыра алатын аспап екеніне сенемін.
Маған көбінесе шабыт түнде келеді. Себебі күнделікті сабақтар мен тапсырмалардан, үй жұмыстарынан босап, тыңғылықты, жайлы атмосфера орнағанда мен шығармашылықпен айналысқанды жақсы көремін. Және тағы да ең үлкен шабыт беруші дүние, ол біздің ата-анамыз бен бауырларымыздың біздің туындыларымызды тыңдауға деген жалықпайтын қызығушылықтары мен ықыластары.
Нұрәлі: Ал, маған шабыт көңіл күйіме байланысты келеді. Кейде отбасымызбен табиғат аясына демалысқа шықсақ, күнделікті күндері әсер еткен ерекше жайттар болып жатса, мен үйге келе сала сол сезімдерімді фортепианоға саламын да, жаңа шығармамды дүниеге әкелемін. Егер көңіл-күйім болмаса, оны да музыкамен бөлісемін. Кейде ағам екеумізге де жайдан жай, себепсіз шабыт келетін кездер болады.
Нұрәлі, сіздің чемпионымыз Денис Тенге арнаған шығармаңды көпшілік біледі. Ел баласының қазасында жұрттың мұңын шерткен бұл туынды қалай туды?
Нұрәлі: Денис Теннің қазасы жайлы естігенде біздің отбасымызға ауыр тиді. Барлығымыздың ол үшін жанымыз ауырды. Сондай мұңды күйден мен музыка жаздым. Отбасыма сол шығарманы ойнап бергенде олар қатты қуанды. Ерекше әсер етті. Содан кейін барып, мен бұл шығармамды Денис Тенге арнағанымды айтқанымда олар маған ризашылығын білдіріп, халқымыз да туындыны тыңдауы керек деп, әкем шығармамды жаздыртып, әлеуметтік желілерге салдық. Бұл шығарма тез тарап кетті. Көптеген адам Денис Тенге арнау шығарғаным үшін алғыстарын жаудырды. Баталарын берді. Себебі, бұл әуен чемпионымыздың қазасынан кейінгі халықтың мұңын шерткендей болды десті. Кейіннен Алматыда Денис Теннің әуестікпен түсірген фотоларының көрмесі өтті. Сол көрмені Денис Тенге жазған арнауыммен ашу үшін мені шақырды. Денистің анасы, достары, жанкүйерлері маған рахмет айтып, баталарын берді.
Сабақтан бөлек күніне музыкаға қанша уақыттарыңызды арнайсыздар?
Ғаламат: Біз музыкадан бөлек уақытымызды да музыкаға арнаймыз. Сабақтан кешке үйімізге барғаннан кейін, кемінде үш сағат шығармашылықпен айналысамыз.
Нұрәлі: Ал, музыкадан бос кезімізде кейде футбол көреміз. Қарындастарымызбен ойнаймыз, Анамызға да көмектесеміз.
Қандай композиторлардың шығармаларын сүйіп тыңдайсыздар? Кумирлеріңіз кім? Кімдерден үлгі аласыздар?
Нұрәлі: Маған қазақ композиторларынан Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сынды музыканттар және әлем музыканттарынан Бетховен, Моцарт, әсіресе Шопен өте қатты ұнайды. Соларды көп тыңдаймын. Өйткені Шопенде де вальс пен романтикалық шығармалар көп. Мен де сол ырғақтарға әбден жақынмын.
Ғаламат: Мен күйші-композиторлардан бастасам; Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Қазанқап және Нұрғиса Тілендиев маған өте жақын. Композитор Нұрәлі Бейсеқожаны жақсы тыңдаймын, мойындаймын (күліп). Біздің де арманымыз осындай музыканттардың жолын жалғап, Қазақстанды әлемге танытып жатқан ағамыз Димаш Құдайберген, Данеля Тулешова, Ержан Максим сынды таланттардың қатарына қосылу.
Жігіттер, өз туындыларыңыздан жинақтық альбом шығару ойларыңда бар ма? Және ол іске қашан кіріспексіздер?
Ғаламат: Әрине, мені қоспағанда Нұрәлінің өзінде 3-4 альбомға жетерлік туындылары бар. Дегенмен, олардың бәрін өңдеп, ретке келтіріп, кәсіби түрде альбомға жазу үшін көп қаражат пен уақыт керек. Бұйыртса, алдағы уақытта әкеміз бен ағаларымыздың ойында да бұл дүние бар. Жеке альбомдарымыз да жарыққа шығады деген ниеттеміз.
Ашық әрі шынайы сұхбат бергендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Болашақта өз биіктеріңізді бағындырады деген үлкен сеніммен, сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!
Бірге: Сізге де көп рахмет!