Жәкен Дәненов: Не түсірсе де, режиссердің дүниетанымына байланысты

Көптеген анимациялық фильмдердің режиссері, сценарийсті, қоюшы-суретшісі Жәкен Дәненовпен Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері мен ұстанған бағыттары туралы сұхбат.
Жәкен Дәненов: Не түсірсе де, режиссердің дүниетанымына байланысты
Жәкен Дәненов

Сұхбатымызды дәстүрлі сұрақпен бастағым келіп отыр. Анимация өнеріне қалай келдіңіз?

Мен кішкентай кезімнен суретші боламын деп армандағанмын. Сосын, 14 жасымда Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркем-сурет ущилещесіне түсіп, 17 жасымда бітірдім. Соңғы курсымда оқып жүргенде, 1967-жылы Әмен Қайдаров фильміне суретшілер іздеп келді. Суреттерімді ұнатты ма, жолығып, мені анимация саласына үгіттеді. Сол жылы  Бүкілресейлік Мемлекеттік Кинематография Институтына анимация бөліміне барып түстім. 1970 жылы жазғы каникулдарда  қоюшы-суретші ретінде Әмен Қайдаровпен «Қожа-Насыр құрлысшы» фильмін түсірдік.  Кейін, 1974 жылы оқуды бітіріп, Қазақфильм киностудиясына келдім. Сол кезден бастап осында жұмыс атқарудамын.

Тәуелсіздігімізге 26 жыл толды. Осы кезеңдегі Қазақ мультипликациясы көбінесе қандай басты қағидаларға негізделді және қандай бағытта дамыды? 

Бұрындары кино Мәскеу қаласындағы Госкиноға бағынса,  Қазақстан тәуелсіздігін алған жылыдары киностудия жабылды да, осы себептен, кино өнерінде үзіліс болып, тұралап қалды. Қаржы жоқ боп, аниматорлар тарап кеткендіктен арасында бір-бір шағын фильмнен шығып жүрген. Сосын, 2009- жылы анимация саласын қайта жаңғыртамыз деп мені жұмысқа шақырды. Жұмыс орындарымызға орналасып, толықметрлі «Ер Төстік» фильмі мен қатар қысқаметрлі фильмдерді де түсіріп жүрдік. Жылына бес-алты фильмнен түсірдік. Қазіргі таңда 45  қысқаметрлі фильмдей бар және үш толықметрлі фильмдер: «Ер Төстік», «Күлтегін», «Мұзбалақ».

Қазіргі қазақ мультипликациясында қандай жаңалықтар бар?

Қазіргі таңда екі толықметрлі фильм түсіріліп аяқталды. 3D технологиясымен Адай Абельдиновтың «Күлтегін» туындысы мен Тұрдыбек Майдан мен  Тілек Төлеуғазының  2D технологиясымен  «Мұзбалақ» фильмі.

Жас ұрпақтың ой-өрісінің қалыптасуына, қөзқарасы мен дүниетанымына, мемлекеттік идеалогия мен ұлттық ұстанымдарды жеткізіп отыруда мультипликация өнерінің рөлі әрқашан жоғары екені белгілі. Ал казіргі уақытта, қазақ мультипликациясында қандай мәселелер бар? Сізді не толғандырып жүр?

Біріншіден, біздің өндірісіміз әлсіз. Фильмдер аз шығады, режиссерлер де аз. Олар көбейгенде туындылар көбейеді, тақырыптардың ауқымы  да көбейетіні сөзсіз. Екіншіден, ең бастысы жеке анимация киностудиясы ашылуы қажет. Біз бір жылда бір сағаттық фильм шығарамыз. Ал жұмыс тоқтамай конвеер сияқты тұрақты түсірілуі керек. Осы себептен дамымай жатырмыз. Мысалға, Ресей жылына 200 сағаттық фильм шығарса, Қытайда  3000 сағаттай мультипликациялық фильмдер түсіріледі. Соның өзінде Ресей өзінің фильмдер санына риза болмай отыр. Үшіншіден, анимациялық сценаристер мәселесі өткір, жетіспейді.  Көбінесе, режиссерлер сценариді өздері жазады. Өйткені, ондай мамандық жоқ. Анимациялық сценаристердің балалар психологиясына сай фильмдер түсіру үшін білімі терең, ерекше көзқарас пен дүниетаным иесі болуы шарт.

Жеке анимация киностудиясы ашылуы қажет дедіңіз. Осыған қандай шаралар жасалып жатыр?

Үкіметке керекті құжаттар дайындалып, жіберілген. Бірақ, қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Десек те, кино заңын жылдар бойы қарастырып келеді.

Мысалы, «Өрмекші адам», «Бэтмен» сияқты кейіпкерлерге балалар еліктейтіні белгілі. Не себептен, әлі күнге дейін қазақ мультипликациясында ондай кейіпкер пайда болған жоқ?

Бізде керемет эпостарымыз, ертегілеріміз, батырларымыз бар. Жоғарыда айтып өткендей, өндіріс көбейгенде туындылар көбейеді, тақырыптардың ауқымы да көбейіп, кейіпкерлер де көбейетіндігі сөзсіз. Не түсірсе де режиссерлердің біліміне, ойына, мақсаттары мен дүниетанымына байланысты. Мысалға, менің студенттерімнің кейбіреулері Хорор түсірем десе, кейбіреулері «Алисаны» түсіргісі келеді. Ал, Адай Абельдинов, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы сияқты режиссерлер ұлттық мультипликация өнерін көтереді деген  сенімім мол.

Жас режиссерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

Анимация өнері-ерекше өнер. Жас режиссерлердің қолы – суретшінің қолы, ойы-жазушының, философтың ойы болуы керек, ол үшін терең біліммен қатар тәжірбие қажет.

«Қазақтың мультипликациялық фильмдерінің атасы Әмен Қайдар өз туындыларында ұлттық рух пен болмысты көрсету арқылы жас өркендерге орасан зор тәрбие береді...» деген сөзде үлкен салмақты күш бар сияқты...

Келісемін...

Алдағы түсірілетін фильмдеріңізде қандай тақырыпты қозғағыңыз келеді? Бұрын көрмеген қандай жаңа кейіпкерлерді көре аламыз?

Әрине ойлар көп.  Мысалы, «Қорқыт», «Қозы көрпеш-Баян сұлу» сияқты тақырыптарға түсіргім келеді. Ерлан Төлеутаймен «Абай» деген туындыға сценарий жазғанбыз.

Әңгімеңізге көп рахмет!