Сүндет Байғожин: Мені биікке шығарған – еңбек

Қазақ өнерінде айшықты із қалдырып жүрген талантты әншілер көп. Солардың бірегейі құлаққа өте жағымды барқыт үнді баритон дауыстың иесі, казақ және шетелдік репертуардан көптеген партияларды биік деңгейде орындап жүрген классикалық әншіміз, «Астана Опера» театрының жетекші солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері және «Үздік сахнагер 2018» жүлдесінің «Үздік опера солисті» жеңімпазы Сүндет Байғожиннен сұхбат алудын орайлы сәті түсіп отыр.
Сүндет Байғожин: Мені биікке шығарған – еңбек
Сүндет Байғожин

сұхбаттасқан: Барқыт Еренғайып

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану мамандығы IV курс студенті


Сүндет мырза, кеше ғана «Үздік опера солисті» атандыңыз.  Жүлдеңіз құтты болсын!  Бұл  марапаттың сіз үшін қаншалықты маңызы бар?

Рақмет! Биыл мен үшін табысты жыл болып келе жатыр. Мемлекеттік марапат «Құрмет ордені кавалері» берілді. Енді міне, Ұлттық театр қауымдастығы ұйымдастырған «Үздік опера солисті» жүлдесіне де ие болдық. Мемлекетіміз қолдап, әріптестерім мойындап, осындай баға беріп жатқандықтан, бұл жүлденің  мен үшін өзіндік орны бар. Сонымен қатар, Асанәлі Әшімов сынды өнерде жолы үлкен, елге сыйлы ағаларымыздың қолынан мұндай сыйлық алу мен үшін бақыт. Осының барлығы елге адал қызмет етудің, талпыныс пен еңбектің жемісі деп білемін. Адам қаншалықты еңбектене білсе артынан «атақ-даңқ» деген өзі-ақ келеді екен. Үлкен өнерге аяқ басар алдында ұстазым мені осылай шыңдаған болатын. Барлығы өз орнымен келе жатыр деп ойлаймын. Осы жетістіктерге жеткен сайын әрі қарай ел сенімін ақтауға барынша тырысуым керек  деген үлкен жауапкершілік арта түседі.

 

Өнер жолына қалай келдіңіз? Өнердегі ұстазыңыз кім болды?

Негізінде бала күндерімде дауысым көбінесе патриоттық әндерге жақын болды. Кейін ертеңімді ойлай бастадым. “Менің патриоттық әндерім кімге керек” деген ой да болды. Әнші болу оңай емес. Дауысым тек патриоттық әндерге келді. Папса, эстрада дегендерді ұната қоймайтынмын. Уақыт өте келе үлкен өнерге деген жолым Астанадан басталды. 2001 жылы өнер университетіне оқуға түстім. Қанат Әбдіқадыров деген ұстазыммен кездестім. Өнерге деген біраз бағыт беріп, қолдаған, оның не екенін ұғындырып, үлкен сахнаға өзі жетелеген  де сол ұстазым болатын. Кейін Күләш Байсейтова атындағы опера және балет театрында жұмыс жасадым. Ұстазым жан тәнімен менің болашағыма, дауыс потенциалыма сенді. “Дауысыңның қабілеті жетерлік. Тек біраз еңбектену керек, сонда ғана ерекше үн шығады” дейтін. Опералық дауыс біртіндеп өз орнын табу үшін біршама уақытты  талап етеді. «Асықпаған арбамен қоянға алады» демекші, бұл жолда асығу керек емес екенін ұғындым.

Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында ең алғашқы рөліңізге тоқталсаңыз? Қобалжу болды ма?

Ең алғашқы рөлім Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы Қожағұлдың партиясы болатын. Әлі есімде сахнаға ең алғаш шыққанымда қобалжыдым. Бұрынғы Сүндет пен қазіргі Сүндеттің айырмашылығы әрталай.

Қай операда ең биік шыңға (пик) жеттім деп ойлайсыз?

Ж.Верди сынды композиторлардың күрделі операларына енді-енді қадам басып келе жатырмын. Күрделі операларды орындайтындай биік шыңға жеттім деп ойламаймын.

Сонда ең күрделі опера сіз үшін қай композитордікі?

Күрделі... Мен үшін ондай түсінік жоқ. Кез келген операны жақсылап уақыт бөліп дайындалып айтуға болады. Себебі, біз кино актерлері сияқты бір дубльді бірнеше рет түсірмейміз, бір-ақ рет шығып қана көрсете аламыз.

Концертмейстермен өзіндік жұмыс жасап, үш-төрт айдай оны пісіріп, өз  деңгейіне жеткен кезде ғана шығарамыз. Операда мынау қиын, ал мынау оңай деп бөліп жаруға болмайды. Әрине, басты рөлдегілердің дауыс шыдамдылығы, оны актерлік шеберлікпен қосып орындау тағы с.с. қиындықтар өз алдына. Операда әр музыканың, оркестрдің үні шынайы орындалады. Сол себепті бұрынғы сахнаға шыққан сәттерім мен үшін ыстық. Ол менің өнерге деген, үлкен сахнаға деген кішкентай қадамдарым деп білемін. Әйтсе де нық, сенімді болдым деп айта алмаймын. Себебі, біраз нәрселер өз деңгейінде істелінбей жатады. Дауысың көңіліңнен шықпай жатады. Әрқалай жағдайлар болып жатады, тамағың ауырып қалады, денсаулыққа да байланысты болып жатады. Кедергінің түрі көп. Тіпті, кейде сахнамен қош айтысқым келген сәттер де болған. Солардың бәрін жеңе білу керек екен. Уақыт өте келе бұл өнерді алып жүру, алдыңғы қатарға шығу үлкен еңбекті талап ететінін түсіндім. Яғни, мені биікке шығарған – еңбек.

Үлкен сахнада жүргендіктен сын да айтылып жатады. Сынды қалай қабылдайсыз?

Егер, айтылып жатқан сын шынымен де орынды, кәсіби деңгейде болса, айтылған сөзде мән болса көтереміз. Жақында Италия еліне барғалы жатырмын, қызметтік сапарымды Римнен бастамақпын. Моцарттың «Дон Жуан» операсына дайындық жүргізіледі. Италия операның отаны болғандықтан, бұл өнер ол жақта әлдеқайда дамыған. Шыны керек, ол жақта кәсіби деңгейі жоғары сыншылар баршылық. Сол кезде қандай сын жазылатынын көреміз. Ал елімізде операға сын айта алатын, бұл саланы жақсы меңгерген опера сыншы бар деп айта алмаймын.

Операдағы жаныңызға ең жақын бейне?

Еліміздегі барлық баритондардың арманы Ахмет Жұбановтың «Абай» операсын орындау болатын. Ұлы ақын образын сомдау жаныма жақын. Мен оны әр сахнаға шыққан сайын өсіріп келемін. Тереңнен толғанып  дана Абайды өзімнің танымым мен түйсігім арқылы жасау үшін әлі де тоқтамай ізденуім керек деп ойлаймын. Салмақты партия болғандықтан, әр жолы әрқалай айтуға тырысамын. Әрдайым басқа көзқараспен қараймын. Тағы бір жаныма жақыны Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» Бекежан бейнесі. Бұл әншіні әр қырнан танытатын, мінезді рөлдердің бірі. Осыған қоса шет елдік опералар да бар. Бірақ, ұлттық операларымыздаң ішінен жаныма жақыны осылар.

Еліміздің Ұлттық опера өнерінің болашағына қалай қарайсыз?

Негізі өнерге қаржы да, көңіл де бөлініп жатыр. Елбасымыз «Астана Опера» театрын салғызды. Сол театрда жұмыс істеп келе жатқандықтан ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Алматыда да, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әріптестеріміз бар. Негізі мемлекет тарапынан қаншама көңіл бөлініп жатса да, барлығы жергілікті басшыларымызға байланысты деп ойлаймын. “Астана Опера” театрымыз жарқырап келе жатыр. Нәтиже бар. Оған дәлел, кеше ғана Бахтияр Адамжан, Мадина Басбаева деген балет мамандары “Сахнагерде” “Үздік балет бишісі” жүлдесін алды, оған дейін Родольф Нуреевтің концертінде еліміздің атынан шығып өнер көрсетіп келді. Бұл да үлкен жетістік. Жақында ғана Медет Чотабаев “Италия жұлдызы” кавалері құрметіне ие болды. Ол да шет елге елімізді танытып жүрген тенор дауысты әріптесім. Бірінен соң бірі келген жеңісіміз театрымыздың қызу жұмыс жасап жатқанының дәлелі деп білемін. Тек жақсы басшы ғана өнерді үлкен деңгейге жетелей алады. Ол кәсіби маман, ұйымдастырушы, әрі қазақ өнері деп шырылдаған жан болуы тиіс демекпін. Елбасымыздың «Руғани жаңғыру» бағытынан түсінгенім біздің елімізге жаңа есімдер керектігі. Тек өз елімізге  ғана емес, барлық әлемге Қазақстанды мойындататын жаңа тұлғалар керек. Себебі, мәдениет арқылы бізді кез келген ел таниды.

Нағыз опера әншісінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?

Жеңіс пен жетістік тек бір әншіге ғана байланысты емес. Біз сүйемелдеуші оркестрге, темп көрсететін дирижерге, үш-төрт ай дайындайтын концертмейстерге тәуелдіміз. Театр - ұжымдық жұмыс болғандықтан, тіл табыса білуіміз керек.

Жұмыс барысында режиссер, концертмейстер, дирижермен келіспеушілік бола ма?

Ол біз үшін кәсіби деңгейсіздік. Режиссердің қойған талабын жасау керексің. Оның қандай мақсат қойғаны театр басшылығының мәселесі.

Режиссерлердің заманауи көзқарастарына қалай қарайсыз?

Кейбірі орынды қолдана біледі, кейбіреулері ойына келгенін жасайды.  Егер режиссерлік тараптан  шынымен ақталып жатса қарсы емеспін.

Өз ойнаған рөлдеріңізді басқа әріптестеріңіз ойнап жатса қызғанасыз ба?

Қызғанбаймын. Дауысы жетіп, актерлік шеберлігін танытып жатса неге ойнамасқа. Керісінше қуана-қуана беремін.

Партнер ретінде жұмыс жасау оңай болды, тез түсінісіп кеттік деп кімді айта аласыз?

Көбіне сахнадағы тәжірибесі, кәсіби деңгейі мол солисттерді. Олар қаласаң да, қаламасаң да сенімді, жақсы партнер бола біледі. Қобалжымайды, сені демеп, жеңілдетіп тұрғандай күй силайды. Солардың бірі Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова сияқты т.б, әріптестерімді айта аламын.

Премьерада қобалжу бола ма?

Бастапқыда болатын. Қазір образға кіріп, оны жеткізуді ойлап тұрамын. Тамағың ауырып, вокалдық жағынан қиындықтар болып жатса әрине қобалжу болады.

Ең сүйікті опералық композиторыңыз кім?

Ахмет Жұбанов, Пуччини, Верди, Моцарт, Россини, Доницетти.

Болашақта шәкірт тәрбиелеймін деген ойыңыз бар ма?

Бүгінде мен үшін артист ретінде жұмыс барысы енді басталып жатыр. Сол себептен, шәкірт тәрбиелеу үшін қазақ сахнасында ғана емес, шетел сахнасынан да үлкен тәжірибе жинауым керек. Әр нәрсенің өз уақытымен болғаны жөн. Бұл салаға үлкен тәжірибе жинап алып  барғым келеді. Егер, тәжирибе болмаса опералық әнші болам деп жүрген шәкіртті сахнаға  қалай шығармақсың? Оған не үйретпексің? Ол өзіне  кәміл сеніп сахнаға дайын әнші болып шығуы керек. Ал, қазіргі таңда өкінішке орай көбісі опералық әнші мамандығын оқиды да хорда ән айтушы, немесе жеке әнші болып қалып қояды. Осының бәрі оның үлкен сахнаға шығуға дайын еместігін, өзіне деген сенімсіздігін білдіреді. Төрт-бес жылдай оқыған уақыты далаға кетеді. Ең алдымен осы шәкіртті тәрбиелейтін ұстазда үлкен жауапкершілік болуы тиіс. Оқытамын деп оқуға алды ма, міндетті түрде одан өз мамандығының майталманын тәрбиелеу керек.

Болашаққа қойған жоспарларыңыз қандай?

Шығармашылық жол. Екі жылға шетелге кетіп барамын. Әзірге, келісім шартқа 3 айға ғана келісіп қол койдым. Бәрі ойдағыдай болып жатса, әрі қарай жалғастырмақпын. Операның отанына барып, біраз тәжірибе жинап келгім келеді. Халқым да қолдап, өз батасын беріп жатыр.  Бастапқыда елден кетпей, жұмыс істеп жатқан театрымда қаламын деп интернеттік желіге жазған едім. Оқырмандарым маған “Сіз баруыңыз керек, бокстан Генадий Головкин, Эстрададан Димаш Құдайбергенов,  ал енді операдан сіз еліміздің сенімін ақтап, қазақ елінің атын шығаруыңыз керек” дегенде, қалай ғана отыра аласың. Елдің абыройын  көтеріп, мәдениетімізді, өнерімізді  әлемге таныту менің бар мақсатым.

Алда талай биік белестерден сүрінбей өтуіңізді тілейміз. Сұхбатыңызға рақмет!