Қазақ халқының домбырашылық өнері сан ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға жалғасып келе жатқан баға жетпес рухани байлығымыз болып табылады. Еліміздің байтақ даласында домбырашылық өнер кең қанат жайып, мейлінше өркендеген. Осыған орай күйшілік өнерде өңірлік, орындаушылық ерекшеліктерге байланысты бірнеше домбырашылық мектептер қалыптасқан. Еліміздің шығыс өңірінде күйшілік дәстүрдің тамыры тереңнен бастау алып және де аймақтық жағынан кең ауқымды болып келеді. Республикамыздың шығыс өлкесі, Семей өңірі, Алтай тауынан Сарыарқа даласына дейінгі аймақ, Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Монғолияның Баян – Өлгей аймақтарына дейінгі аралықты қамтиды. Осы орындаушылық дәстүрдің бір тармағы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң аймағы, Іле өңірінде қалыптасқан домбырашылық мектеп. Қоңқай, Әуелбек, Мазақ, Тілеміс, Атыхан, Тергеусіз, Әшім, Камал сияқты күйші композиторлар осы орындаушылық мектептің көрнекті өкілдері болып саналады. Осынау байтақ орындаушылық дәстүрдің қалыптасуына мұрындық болған күйші, өз дәуірінің дәулескер домбырашыларының бірі – Қоңқай Шоқырақұлы. Қазақтың XIX ғасырда өмір сүрген әйгілі күйшісі, Іле өңірінің күйшілік мектебінің қалыптасуына ықпал еткен біртуар дарынды өнер иесі. Қоңқай Шоқырақұлы 1838 жылы қазіргі Тарбағатайдың Шағантоғай ауданында дүниеге келіп, 1914 жылы Іле аймағының Күнес ауданына қарасты Аққолқа деген жерінде қайтыс болған. Ата жолымен қуғанда Найманның Қызай елі болып келеді. Ел арасындағы әңгімеге қарағанда Қоңқай дәулескер күйші, жамбасы жерге тимеген балуан, құралайды көзге атқан мерген, бапкер, атбегі, құсбегілігімен қатар көзі ашық діни сауатты кісі болған екен. Заманында күйшілігімен қатар «Қоңқай молда» атанған аса діндар адам болыпты. Қоңқайдың оң-солын танып біліп, толысқан шағында Қызайлар Тарбағатайдан Ілеге қоныс аударған. Бұл кезең Қоңқай шығармашылығында «Көш келді» немесе «Қазақ ауғанда» деген күйі арқылы белгілі болып отыр. Қызайдың Бегімбет атасы Іленің Күнес деген жеріне қоныс тебеді. Осынау ұлы көшті, жаңа қонысты сипаттайтын Қоңқайдың әйгілі күйлерінің бірі «Көш келді» – деп аталады. Қоңқай өзімен бірге Іле өңіріне күйшілік өнердің үлкен мектебін де ала келген сыңайлы. Ол осынау ғажайып күйшілік мектепті қалыптастырып қана қоймай, артына көптеген шәкірттер ертіп, ізбасар-мұрагерлерін тәрбиелеп кеткендідігі байқалады. Іле өңіріндегі күйшілік мектептің ірі өкілдерінің бірі атақты күйші Әшім Дүңшіұлы Қоңқайдың алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алған, белді шәкірттерінің бірі болып саналады. Бұл жөнінде Әшімнің мұрагер шәкірттерінің бірі Камал Мақайұлының айтуына қарағанда Әшімнің әкесі Дүңші аздап домбыра шерте білетін, асқан өрімші, ағаштан түйін түйген шебер адам болыпты. Жастайынан зерек, қағілез болып өскен Әшім 13-14 жасқа келгенде әкесінің ұсталық өнерін меңгеріп домбыра жасауға ден қоя бастайды. Күй тартудың алғашқы әліппесін әкесінен үйренген Әшім кейін ауыл өнерпаздарынан біраз күйлерді меңгеріп шертетін болады. Дүңші баласының домбыраға деген ерекше құштарлығын байқаған соң, сол кездегі аты шыққан күйшілердің бірі Қоңқайдың үйіне ертіп барып шәкірттікке береді. Талантты жас Қоңқайды ұстаз тұтып, одан тағылым алады. Осылайша күйшілік өнердің үлкен мектебінен өткен Әшім ұстазы Қоңқайдың «Қоңыр», «Арман-ай» деген күйлерін нақышына келтіре орындап, шебер күйші болып қалыптасады. Демек, Қоңқай Әшімнің күйші болып қалыптасуына айрықша ықпал еткен тұлға екендігі анық.
Қоңқай ертедегі халық аңыздарын жетік білген шежіре адам болғанға ұқсайды. Оның «Қамбардың майда қоңыры», «Сарықұстың зары», «Қарғаның қарқылдағы», «Ой, жаным», «Ерғали», «Жұмахан», (тармақты күйлер) «Абылайдың жау жорығы» (Шаңды жорық), «Шегедектің бозойнағы», «Ақбозат» күйлерінің біразы ертедегі аңыз, әңгімелерге құрылған. Осындай күйлердің бірі «Қамбардың майда қоңыры» деп аталады. Қоңқайдың «Қамбардың майда қоңыры» күйінің аңызы домбыра аспабының шығу тарихынан сыр тартады. Жылқының пірі атанған Қамбар ата алғаш домбыра аспабын жасап, онда алғаш күй шығарып тартқан адам деген аңыз қазақ пен қатар түркі халықтарының біразында кезедеседі. Осы аңызды Қоңқай күйшінің білгені анық. Қоңқайдың «Қамбардың майда қоңыры» күйінің аңызында осы жағдай егжей-тегжейлі баяндалған. Осы бір күйді орындап, әрі аңыз-әңгімесін айтып жеткізуші Күнес ауданы Талды ауылы Шегірбұлақ қыстағының тұрғыны домбырашы Шыңғысхан Тұтқабекұлы: «Жылқы пірі Қамбардың жорға-жүрісі бірдей қоңыр аты болыпты. Ол осы атына мініп, қайыру бермей жабайы болып кеткен жылқыларды өрістен айдап келіп ауылдың атпал азаматтарына құлындарды шыңғыртып байлатып, асау биелерді ұстатып саудырып, тұңғыш рет қымыз ашытыпты. Қамбар ата қымыз іше отырып, мүсіні мен жүрісіне, желісі мен шабысына жылқы малы тең келмейтін қоңыр атына арнап күй шығарыпты. Ең алғаш домбыра жасап күй шерткен де осы Қамбар ата екен. Қазақ баласы атам заманнан бері Қамбар атаға сиынып келген, әр жылы бие байлаған кезде, бие байлаған үй биебауға ел-жұртын шақырып, көк майсаға алаша, текеметтерін жайып, тәтті-дәмді тағамдарын дастарханға толтырып, ауыл ақсақалдарынан бата сұрағанда, ауыл ақсақалдары:
Жылқы атасы Қамбар, Құдай өзің оңғар. Бата басы байтал, Бәлекеттен қайтар. Үйір-үйір жылқы болсын, Желі-желі құлын болсын, Құлын-тайың жорға-жүйрік, тұлпар болсын
– деп бата жасайтын» – дейді.
Домбыраның пайда болу, шығу тарихы туралы қазақ халқында бірнеше аңыздар айтылады. Соның бірі, еліміздің Жетiсу өңiрiне тараған Қамбархан атты күйлердiң аңызы да осы сарында келеді. Қамбархан есiмiн домбыраның пайда болуымен байланыстырады. «Баяғыда елдiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Қамбархан деген бiр аңшы жiгiт болыпты. Қамбархан бiр күнi атып алған аңын сойып болып, iшегiн ағаш басына қарай лақтырып жiберсе, шұбатылған күйi бiр бұтақтан бiр бұтаққа iлiнiп қалыпты. Күндердiң күнiнде Қамбархан әлгi жерден өтiп бара жатса, құлағына ерекше бiр жағымды әуен, құйқылжыған үн, үзiлмейтiн сарын естiледi. Жан-жағына қараса, бiр бұтақтан бiр бұтаққа керiлiп қалған қос iшектi көредi. Жел соқса iшек ызыңдап қоя бередi екен. Қамбархан әлгi ағашты кесiп алып, шауып, жонып, домбыра жасапты да күй шертiптi. Қамбарханның бұл жаңалығы бүкiл қазаққа аңыз болып тарапты». Күй атасы – Қамбархан алғашқы (мифологиялық деректерде) домбыра аспабын жасаушы, күй шығарушы. Жалпы, Қамбар ата бейнесi бүкiл түрiк жұртына белгiлi, есiмi аңызға айналған тұлға. Қазақтың, қырғыздың күйшiлерi мен түрiкменнiң бахшысы өз күйлерi мен саздарын осы Қамбар ата рухына бағыштаған. Домбыра атауына қатысты тұңғыш пікір айтқан ғалым Қ.Жұбанов өзінің «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы» деген мақаласында: «Еуразия елдерінің бәріне де тегіс тараған, соның бәрінде де музыка иесі болып саналған бір тотемнің аты болуы керек» – дейді.
Қоңқай шығармашылығында үлкен орын алатын күйлердің шоғыры «Қоңыр» – деп аталады. Заманында «Қоңқайдың алпыс қоңыры» немесе «Қоңқайдың қоңыр күйлері», «Қоңқайдың қоңыры» деген тараулы күйлердің болғандығы туралы деректер кездеседі. Қазақ халқының дыбыс идеалы қоңыр үн болып саналады «Қоңыр» – деп жұмсақ, майда, мол, құлаққа жағымды, әуезді үнді айтады. Махмұт Қашқаридың «Түркі халықтарының сөздігі» еңбегінде «Қоңыр» – үн, әуез дегенді білдіреді делінген. Қазақтың күйшілік, әншілік өнерінде қоңыр деген атпен көптеген шығармалар кездеседі. Алтайдан – Атырауға дейінгі байтақ даланың барлық өлкелеріне кең тараған үрдіс деп айтуға болады.
Іле өңірінде Қоңқайдың жеткізуі бойынша сақталған «Қызылмойын Қуандықтың күйі», «Қуандықтың жоқтауы», «Абайдың ақтолқыны» сынды туындылар айрықша назар аудартады. Қызылмойын Қуандықтың күйінің Іле өңірінде сақталуына қарағанда Байжігіт күйшілік дәстүрінің осы өңірдің күйшілік мектебіне ықпалы болғандығын аңғаруға болады. Шығыс күйшілік, домбырашылық дәстүрінің, жалпы қазақ күй өнерінің шертпе күй саласының дамуына, көркейуіне мұрындық болған күйші – Байжігіт (шамамен 1705 жылы туған) өзіне дейінгі күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға. Белгілі жазушы Мұхар Мағауиннің жазуы бойынша Байжігіттің Қуандық деген шәкірті болған. Ел ішінде оны Қызылмойын Қуандық дейді екен. Байжігіттің күйлерінің барлығын түгел тартып, өз жанынан да күй шығарған Қызылмойын Қуандықтан, заманында Кенжебай деген шәкірті болыпты және атақты Тәттімбет те күй үйреніпті. Арқа күйшілік дәстүрі деп аталатын ұланғайыр орындаушылық дәстүрдің қалыптасуына мұрындық болған күйші – Байжігіт. Осы арада Қызымойын Қуандықтың күйлері Қоңқайға қайдан келді деген сұрақ еріксіз туындайды. Бұл жөнінде жазушы Қасымхан Уатханұлы «Жарық жұлдыздар» эссесінде «Текебай бидің Қызылмойын Қуандықтың ауылына баруы, ХІХ ғасырдың басында Қызай елінің Тоқта-Барлық, Алакөл маңайын мекендеп жүрген кезіне тура келсе керек» – деген болжам айтады. Әшімнің айтуына қарағанда, Текебай Қызай елінің биі, әрі домбырашысы болған. Осы жолы Қуандықтықтың баласы қайтыс болып, «Қуандықтың жоқтауы» деген күй тартылса, тағы бір күй «Текебайдың көңіл айтуы» деп келеді. Демек, Текебай байырғы қазақ салты бойынша Қуандыққа баласының өліміне қатысты күймен көңіл айтқан болып шығады. Қоңқай Қызылмойын Қуандықтың күйлерін Текебайдан алып қалуы мүмкін? Күй зерттеуші Еркебай Қабылжанұлы «Қоңқай Шоқырақұлы – әйгілі күйші» атты мақаласында «Қоңқай Қызайдың бұлбұлы атанған Бердіке қатарлы өнерпаздардың әңгімесін тыңдап, күйлерін үйренеді, тағы басқа өнрпаздардан Мүсірбайдың, Текебайдың күйлерін де қызыға үйреніп, әкесі Шоқырақ өрік ағашынан жасап берген қалақ домбырасына ешкінің ішегінен иіріп ішек тағып, еліктеп күй шертіп, алғашқы қадамда күй шертудің қарапайым қағидаларын игеріп, бара-бара халық күйлерін шебер орындаушыға айналып, азамат болып, ат жалын тартқанда өз жанынан күй шығаратын шебер күйшіге айналады» – дейді. Яғни, Қоңқай жоғарыда аттары аталған күйшілерден Қуандықтың күйлерін меңгерген болуы керек. Тағы бір дерек, Қоңқайдың атақты шәкірттерінің бірі – Әшімнің айтуы бойынша: «Қоңқай 1880 жылдардың соңына қарай Іле қазақтарының билері Байеке, Сасандармен бірге Қазақстанның Көктұма съезіне қатысып тамылжытып күй шертіп, ат-шапан, сый-сияпатпен қайтқан. Осы сапарында Қоңқай өзінің «Елара» деген күйін шығарған екен» – дейді. Қалай болғанда Қоңқай Қызылмойын Қуандықтың күйлерін білгендігі анық. Мұны әлі де болса зерттеп, анықтау қажет.
Байжігіттің шығармашылығында циклды күйлер кең орын алады. Осындай күйлердің қатарында ерекше орын алатын «Ағаш ат» (5 күйден тұрады: 1. Жұмағұлдың әйелімен қоштасуы; 2. Жұмағұлдың ағасының зары; 3. Жұмағұлдың шешесінің жылағаны; 4. Қарындасы мен жеңгесінің қоштасуы; 5. Марш). Шағын оқиғаға құрылған топтама күйлер аңыз-әңгімесімен біртұтас болып келеді.
Қоңқайдың осы аңыз оқиғаға ұқсас көп тараулы күй орындағандығы белгілі болып отыр. Олар: «Шешенің зары», «Әкенің зары», «Қарындастың зары», «Әйелдің зары» деген тармақты күйлері дәлел бола алады. Қоңқай күйшінің көзін көріп, тәлімін алған шәкірттерінің бірі Имаш Асқарұлының айтуы бойынша күй аңызы былайша: «Ертеде біреудің Жұмахан атты жалғыз ұлы болыпты, ол садақпен құс атып жүріп, патша сарайының төбесіне қонған қарғаны атып тастайды. Мұны көрген патшаның шабармандары Жұмаханды ұстап, патшаға жамандап, зынданға тастатады. Жұмаханның әке-шешесі, қарындасы мен әйелі патшаға қанша айтып жалбарынса да, қатыгез патша Жұмаханды босатпайды. Осы аңызға Қоңқай Жұмаханның «Шешесінің зары», «Әкесінің зары», «Қарындасының зары», «Әйелінің зары» деген тараулы күй шығарып шерткен екен дейді». Бізге Байжігіттің күйлерін жеткізіуші белгілі күйші, жазушы Таласбек Әсемқұловтың айтуы бойынша бұл күйдің аңызы мынандай: «Баяғыда Жұмағұл деген бір шебер болыпты. Қолынан келмейтіні жоқ, ағаштан түйін түйіп, темірді қамырдай илейді екен. Сол Жұмағұл күндердің күнінде ағаштан ат жасапты. Ол жасаған аты кәдімгідей жылқы сияқты от оттап, су ішеді екен. Ол аттың кереметі құс сияқты ұшады екен. Жұмағұл түнделетіп ұшып талай жерді аралап таң ата қайтып келеді екен. Ел ішінде әңгіме жатама, бір күні даңқы ақ патшаға жетіпті. Ақ патша: «Ол ат менің ғана тақымыма лайық, шеберді атымен қосып осында алып келіңдер» – деп әскер шығарыпты. Сонымен, ел ішіне келіп, Жұмағұлдың үй ішін қамайды, әкесіне: «Балаң қайда?» – дейді. «Балам ағаш атқа мініп, ұшып кетті» – дейді әкесі. Осылайша көп әскер, әр шидің түбін күзетіп неше күн аңдиды. Ақыры, Жұмағұлдың азығы таусылып жерге түсіпті. Осы кезде күтіп тұрған көп кәпір бас салып ұстап алады. Енді ақ патшаның алдына апаратын болады. Сонда, Жұмағұл әскербасыға айтыпты: «Сен шын ер, шын сақи босаң маған үй ішіммен, ағайын туғанмен қоштасуға мұрсат бер» – дейді. Әскербасы рұхсат етеді. Сонда, Жұмағұл үй ішімен күй шертіп қоштасқан екен дейді. Әуелі, әйелі Жұмабикемен бақұлдасыпты. Жұмағұлды ақ патшаның алдына алып келеді. Ақ патша: «Атыңды маған бер, өзіңе пәленбай рубль берем, маған қызметші бол» – депті. Жұмағұл: «Саған қызметші бола алмаймын, өлтірсең осы жерде өлтір» – депті. Ер екен, басын тікесінен тік тұрып кестіріпті. Ақ патшаның темірден соққан сарайы бар екен. Жұмағұлды сол сарайға апарып тастапты. Ағаш ат иесін іздеп, ақыры патшаның сарайынан тауып, содан күнде терезеден ұшып кіріп Жұмағұлдың кеудесіне басын қойып сағынып тұрады екен. Мұны күзеттегі адамдар байқап, патшаға айтып барады. Патша: «Еденге желім төгіп қойыңдар, ағаш атты қайткенде ұстап мінейік» – дейді. Ағаш ат тағы да ұшып келіп, иесін иіскеп тұрғанда тасада жасырынған патшаның жасауылдары лап қойып ұстап алмақ болады. Сонда, ағаш ат тізгініне жармасқан жандайшаптарды бір-бір шайнап өлтіреді. Ары-бері жұлқынып еді табаны желімделіп қалған, қозғалтпады. Сонда, ағаш ат қанатын қағып жұлқынғанда темір сарай быт-шыт болыпты. Аспанға самғап ұшып кетеді. Сол ағаш ат аспанда, Жұмағұл қашан тіріледі деп, әлі ұшып жүр деседі». (Т.Әсемқұлов. «Талтүс» романы. Алматы, 2003ж. 175-179 беттер.) Қоңқайдың шәкірті Имаш Асқарұлының айтуында күйшінің аты Жұмахан болса, Таласбек Әсемқұловтың айтуы бойынша Жұмағұл болып келеді. Күй аңызының негізгі желісінде ортақ тұстар көп. Осындай көп тараулы күйлер Байжігіт шығармашылығында көптеп кездеседі. Байжігіттің жаугершілік заманда шығарған туындыларын жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин «Ақтабан», «Қайың сауған», «Нарын» (төрт бөлімнен тұрады), «Азат» (1, 2 түрі), «Арман») қилы кезең симфониясы, тайғақ кешулі жаугершілік заманның музыкалық шежіресі десе де болғандай» – дейді. Осы үрдістің Іле күйшілік дәстүрінде сақталып қалғандығын байқауға болады. Іле күйшілік дәстүрінде тармақты болып келетін топтама күйлер кең орын алады. Осындай күйлер Әшім шығармашылығында да көрініс тапқан. Әшім заманында кеңестен жеті бұтақ күй шығарып шерткен. Олар «Алмалы кеңес», «Қарыз қайтарғанда», «Салықшылар», «Үш бұлақ», «Кедей зары», «Мұңды қыз», «Ана зары» деп аталады. Қоңқайдың күй мұрасын негізінен оның шәкірті, майталман домбырашы Әшім Дүңшіұлы ұстап қалады. Бірақ, Әшімнің тартқан нұсқалары бүгінгі күні толық сақталып қалмаған. Әшімнің төл шәкірттеінің бірі майталман күйші Камал Мақайұлының орындауында жеткен бірлі-жарым күйлер ғана болып отыр. Ел арасында немесе мұрағаттардан келешекте Әшімнің орындауындағы Қоңқай күйлерінің үнтаспасы табылып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Күйші мұрасының сақталған жері қазіргі Қытай Халық Республикасының Іле өңірі болса, сол мұраны жеткізушілер Әшім, оның шәкірті Камал Мақайұлы, Шыңғысхан Тұтқабекұлы, Имаш Асқарұлы сынды күйші-домбырашылар. Іле өңірінде Қоңқай күйлерін орындайтын домбырашылар кейінгі жылдарға дейін көп болған. Өкінішке орай кезінде жазылып алынбағандықтан күйшінің мұрасы толықтай, әрі өз дәрежесінде жетті деп айту қиын. Оның күйлерін ел арасына таратып келген домбырашылардың бірі – Шыңғысхан Тұтқабекұлы. Ол Қоңқайдың күйлерін өз әкесі Тұтқабектен үйренген.
Бүгінде, Қоңқайдың Шоқырақұлының «Аққудың қанат қағуы», «Көктұйғын», «Жондырғы», «Сағындық», «Шаңырақ», «Бозторғай», «Арман-ай», «Көш келді», «Сарыкөз ат», «Елара», «Күй қайтару», «Балғасын-ай», «Боқаш» тағы басқа көптеген күйлері болғандығы белгілі болып отыр. Қоңқай Шоқырақұлының өмірі мен өнерін зерттеп, оның елдің игілігіне айналуы үшін елеулі еңбек етіп, көп үлес қосқан күйші Камал Мақайұлы, жазушылар Ақберді Изатбекұлы, Қасымхан Уатханұлы, Құрманәлі Жүнісақынов, Еркебай Қабылжанұлы сияқты өнер жанашырлары екендігін айта кету абзал. Қоңқай күйлері бір кездері ұмытылуға айналған болатын. Бұл да болса осы саланы зерттеуге ден қойған көзі қарақты жандардың еңбектерінің жемісі, насихаттау жұмыстарының оң нәтиже бергендігінің белгісі деп айтуға болады. Қоңқайдың күй мұрасы әлі де толық зерттеліп жинақталып болды деп айтуға болмайды. Ел арасынан, мұрағаттардан жинастыру жұмыстарын кешенді түрде жүргізу керек деп ойлаймын.