Раушан Әуезбаеваның туғанына 80 жыл

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 12 желтоқсан сағ. 17:00-де көрнекті актриса Раушан Әуезбаеваның туғанына 80 жыл толуына арналған еске алу кеші өтеді.
Раушан Әуезбаеваның туғанына 80 жыл

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 12 желтоқсан сағ. 17:00-де көрнекті актриса Раушан Әуезбаеваның туғанына 80 жыл толуына арналған еске алу  кеші өтеді.

Әріптестер лебізі:

Раушан - нағыз Майра! Көп тұстарында өмірдегі Майрадан да тереңірек. Актриса солай көрсетуге міндетті. Раушанның әнінің өзі керемет қой! Кең даланың бозторғайын көз алдыңа әкеледі.

Серке Қожамқұлов

Ашық әрі көпшіл Раушан өнерде де таза болды, таза жүрді, кәсіби тұрғыдан да таза өсті, тек өзінің таза еңбегімен танылды. Оны аға буын біз де, өз қатары да осы тазалығы үшін жақсы көретін едік.

Хабиба Елебекова

Адамның дауысы оның ішкі жан дүниесінің лүпілі, толқыны деп жатады... Ол ән айтқанда сол ішкі сезімдерінің небір сиқырлы сырлары ақтарылатын. Біз ұйып тыңдайтынбыз, тебіреніп толқитынбыз.

Фарида Шәріпова

Шығарма кейіпкерін күйкі тірлігін сахнада әлеуметтік дәрежеге көтеріп, оны рухани ірі тұлғаға айналдыра білу – Раушанның қолынан ғана келер дүлей қуат. Ол бізге кісі бойынан табыла бермейтін қымбат қасиеттерімен де бағалы еді.

Асанәлі Әшімов

Көптеген қойылымда ешкімге ұқсамайтын ерекшелігімен сомдаған бейнелері,  дубляждары, бейнеті мол радио-теле қойылымдары... Раушан осының бәрінде өз еңбегінің арқасында алдыңғы қатардан көріне білген өнер қайраткері болды.

Сәбит Оразбаев

Ол «Еңлік-Кебектегі» Еңлікті ғажап ойнады! Әсіресе, тау-таспен қоштасқандағы үніндегі зар, жүрегіндегі қайғы-шері көрерменін толқытып тебірентіп жіберетін.

Нүкетай Мышбаева

Раушан өте кішіпейіл, ұстамды, мінезі жұмсақ еді. Сөйлесе қалсақ, ақылын айтып, ренжіп тұрсаң, көңіліңді көтеріп, күліп жүретін ерекше адам болатын. 

Торғын Тасыбекова

«Ана-Жер-Ана» спектаклі жанды музыкамен басталатын. Онда жеке  әйел дауысы – «соло». Оны оркестрмен Раушан апай орындап, ерекше дауысы спектакльге жақсы жол ашатын.

Шамшагүл Меңдиярова

Раушан актриса қандай ролімен шықсын мейлі, сахна кеңістігі ерекше бір сиқырлы нұрға толып кететін.

Әубәкір Рахимов

© https://www.auezov-theatre.kz/kk/press/news/view/425