«Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры» Қоғамдық қорының 20 жылдығына арналған атаулы көрме – Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі мен Қоғамдық қордың «Рухани жаңғыру» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және Ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы бірлескен шара.
Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі – тарихы 1935 жылдан бастау алатын, Қазақстан Республикасындағы аса маңызды көркем коллекция. Құрылып, халыққа қызмет етіп келе жатқалы бері музейде жасалған энциклопедиялық жинақтама көрерменді түрлі елдер мен тарихи кезеңдерді қамтитын әлемдік өнер тарихымен таныстырады. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қызметі ұлттың мәдени кодын сақтайтын әлеуметтік-мәдени жады институты ретіндегі басты миссиясын жүзеге асыруға бағытталған. Музей коллекцияны жинақтап, есебін жүргізу, сақтау, ғылыми-зерттеу жұмысы, реставрация, әлемдік өнер туындыларын қалың көрермендер аудиториясына насихаттау сияқты көптеген қызмет түрлерін қамтиды.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» ҚҚ 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылып, Қазақстанның білім беру кеңістігінде көшбасшы болып келеді. Осы қордың қамқорлығымен бүгінде Астана, Алматы және Атырау қалаларындағы «Мирас» балалар бақшасы, Астана және Алматы қалаларындағы «Мирас» халықаралық мектептері, Алматы Халықаралық мектебі, «Арыстан» мамандандырылған мектебі, Халықаралық бизнес университеті, Ақпараттық технологиялар университеті ойдағыдай жұмысын жүргізіп келеді. Қор бөлімшелеріндегі білім беру процесі студенттердің әлеуметтік мүмкіндіктері мен жеке қадір-қасиетін дамыту үшін қолайлы жағдайлар тудыруға, өзіндік және сындарлы ой-пікірін қалыптастыруға, өзінің ойын еркін айтуға, қоршаған орта үшін жауапкерішілкке бағытталған.
«Бейбітшілік пен қайырымдылық симфониясы» конкурсында Қор бөлімшелері студенттері мен Алматы қаласы №1 Балалар үйі тәрбиеленушілерінің 400-ден астам кескіндеме, графика, фотография өнері, коллаж, мозаика, шыныға өрнек салу, квиллинг, пластилин кескіндемесі, батик, сәндік элементтер қосылған аралас техника сияқты түрлі көркемдік және қолданбалы техникада орындалған көркемдік жұмыстары қойылған.
Конкурстық жұмыстарға баға беруге Ә. Қастеев ат. ҚР Мемлекеттік өнер музейінің өнертанушылары, «Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы» ММ, Астана қаласындағы ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі қатысты. Төрешілер алқасы 3-тен 18 жас аралығындағы қатысушылардың 150 көркем жұмыстарын іріктеп алды.
Жас суретшілердің өздері айтқандай, шығармашылық жұмыстар олардың бейбітшілікті, келісім мен бірлікті, қайырымдылық пен олардың әсемдікке ұмтылысын кескіндейді.