«Әбіш әлемі» I Республикалық театр фестивалі мәресіне жетті

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп, төрт күнге созылған «Әбіш әлемі» I Республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті.
«Әбіш әлемі» I Республикалық театр фестивалі мәресіне жетті

Киелі Маңғыстау өңіріндегі театр мерекесіне айналған бұл жиын, мәдениетіміздің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген театр ұжымдарының басын қосқан, олардың пікір алмасып, ой бөлісіп, бір-бірімен шығармашылық байланыс орнатуға жағдай жасаған іс-шара болды. Әбіш Кекілбаев қаламынан туындаған әдеби, тарихи шығармаларды сахналап, жазушының көркем, құнарлы, бай тілін, әрбір шығармасындағы философиялық тұжырымын көрерменге сахна құдіреті арқылы жеткізуге тырысқан шығармашылық өкілдері бір мақсатта бірігіп, бір арнаға тоғысты.

Алғаш рет өнер әлеміне жол тартқан бұл фестивальде бес театр бақ сынап, қазылар алқасы белгілеген номинацияларға, ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған марапаттар пен қаржылай сыйақыларға ие болды.

Қонақ ретінде сахна төріне шыққан Ноғай мемлекеттік драма театры және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрлары ерекше ықыласқа ие болып, сый-сыяпатқа кенелсе, бәйгеге түскен бес театр номинацияларды төмендегіше бөлісті. «Әбіш шығармаларын сахналаудағы актерлік ізденістері үшін» С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры («Махаббат мұнарасы»), «Заманмен үндес спектакль» Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры («Адам болып өтейін»), «Үздік Әбіш Кекілбаев аудармасы» М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры («Лир патша»), «Тарихи тақырыпты сахналағаны үшін» Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры («Ханша –дария хикаясы») және «Ең үздік қойылым» бас жүлде Н.Жантөрин атындағы  музыкалық драма театры («Шыңырау»).

 

 

Ал, қазылар алқасының мүшесі, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов «Шыңырау» спектакліндегі (реж.Быйаман Уола Сэргэ Обокуун) Еңсеп ролі үшін актер Айбек Иманқұловқа өз атынан сый-құрметін тапсырды.

Болашақта екі жылда бір өтеді деп жоспарланған дәстүрлі «Әбіш әлемі» театр фестивалі әрі қарай мерекелік кешке ұласып, салтанатты түрде жабылды.