«Асыл мұра» фотоконкурсының жеңімпаздары анықталды

ҚР Тұңғыш Президенті Қоры ұйымдастырған «Асыл мұра» фотоконкурсының қорытындысы шығарылды.
«Асыл мұра» фотоконкурсының жеңімпаздары анықталды

Конкурс Қазақстанның жаңа көркем бейнелерін қалыптастыруды, патриотизмді нығайтуға ықпал етуді, халқымыздың дәстүрлерін насихаттауды көздейді.

Конкурс түрлі кәсіп иелерінің арасында қызығушылық туғызып, оған 18-35 жас аралығындағы журналистер, жұмысшы мамандар, мемлекеттік қызметшілер, студенттер, кәсіби және кәсіби емес фотографтар қатысты.

Фотожұмыстардың көбісі Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды, Тараз, Көкшетау, Павлодар, Маңғыстау, Орал, Шымкент, Арқалық, Қызылорда, Ақтау сияқты қалаларынан, сондай-ақ Ақмола облысынан келіп түсті.

Фотоконкурс жеңімпаздарына марапаттау барысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: ««Асыл мұра» конкурсын өткізу барысында шығармашыл жастардың тарапынан үлкен қызығушылықты көрдік. Әділ қазылар алқасының қарауына 180-нен аса жұмыс келіп түсті. Тапсырылған фотожұмыстар халқымыздың ұлттық құндылықтары мен мұраттары, салт-дәстүрі, Астананың сұлулығын айқын бейнелейді. Сонымен қатар конкурсқа қатысушылар өз жұмыстарында қазақстандықтардың күнделікті өмірін шығармашылықпен көрсете білген»,- деп атап өтті.

Конкурстың жеңімпаздары болып:

Ерлан Омаров – «Астананың 20 жылдығы» номинациясы;

Алексей Попцов, Сайфуллин Фарид - «Күнделікті өмірдегі оқиға»;

Бақыт Сәтбек  - «Тұлғалар»;

Максим Стадниченко - «Қазақстан халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлері» номинациясы бойынша таңдалды.

Жеңімпаздар «Асыл мұра» конкурсының лауреаттары деп танылып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Қор жастарға арналған басқа да көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында жас ақындар мен жазушылардың «Алтын тобылғы» конкурсы, журналистер конкурсы, жас ғалымдардың үздік Кеңесі сияқты конкурстар бар. Бұл конкурстардың нәтижелері ағымдағы жылдың желтоқсан айында шығарылады.

Сонымен қатар, Қор шығармашылық жобаларды қолдау үшін грант конкурсын, ғылым мен өнер саласындағы сыйақы конкурсын және тағы да басқа іс-шараларды өткізеді.