Заманауи дигиталды графика өнерінің ерекше көрмесі ашылады

2019 жылдың 1 ақпан күні сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде заманауи дигиталды графика өнерінің ерекше көрмесі ашылады.
Заманауи дигиталды графика өнерінің ерекше көрмесі ашылады
Алена Веселова "Асан-әлі Әшімов"

Авторлары – есімдері қазақстандық журналистикада қалыптасқан, танымал Алена Веселова және Надежда Беседина көркемдік төл туындыларын музей кеңістігінде алғаш рет ұсынатын болады. Бұл – олардың шығармашылықтарының кең ауқымды көрмесі, ол екі бөлімнен тұрады: «Векторлар» - Алена Веселованың көрмесі, «Дара есім» - Надежда Бесединаның көрмесі. Екі автор да бейнешілдікке мәтіндер арқылы келді, сондықтан әдебилік – олардың графикасының ортақ ерекшелігі. Екеуі де бір техникада (цифрлы технологиялар) жұмыс істей отырып, түбегейлі қарама-қайшы бейнелер жасайды.

Надежда Беседина "Таңғы ас"

Надежда Беседина мамандығы бойынша сәулетші. 90-жылдардың соңында ол өзін суретші-аниматор ретінде сынап көреді. М. Воробьевтің жетекшілігімен аниматорлар тобының құрамында «Алдар-Көсе» және «Здравствуй, детка!» мультхикаяларының жасалуына атсалысты. Топ көптеген анимациялық жарнамалық роликтер мен музыкалық бейнебаяндарды жарыққа шығарды. «Хабар» телеарнасында оның мерекелік безендірулеріне қатысып, әр түрлі бағдарламалардың анимациялық бастамасын орындайды. 2003 жылы экранға шыққан В. Қадырбаевтың «Легенды степей» отандық мультхикаясының аниматорларының құрамында болды. БАҚ-та –  «Газета KZ», «Точка KZ», «АЛАУ Казахстан», Forbes Kazakhstan сияқты қазақстандық басылымдарда суретші болып қызмет атқарды.

Алена Веселова өнермен жиырма жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Оның өнер әлеміне кәсіби жолы ертеректе басталған. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтын үздік аяқтап, біршама уақыт ҚазКСР геология министрлігінің Қазақстан тәжірибелік-әдістемелік экспедициясында,  кейін ҚР ҰҒА ғарыштық зерттеулер институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқарады.

Алена Веселова "Марат Бисенгалиев"

Алена Веселова бала кезден жанына жақын болған дизайн мен өнер әлеміне шын жүректен еніп кетті. Табиғатынан оптимист Алена өз графикалық парақтарын өмірге, әлемге, адамдарға деген ыстық ықыласпен, махаббатпен толтырады. Оның композицияларында біздің сүйікті қаламыз Алматының, Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің таныс көріністері, көшелері көрермен көз алдында қалыпты күйінде емес, арман секілді, әдеби метафора, жұмбақ графикалық белгі, шифрланған нышан сияқты кездеседі.

Компьютерлік графика – бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінде кеңінен танымал, бірақ жоғары өнер ретінде толық танылмаған құбылыс, өзекті өнердің бірқатар маңызды қасиеттеріне ие: әмбебаптық, айқындылық, ықшамдылық, кекесінділік.

Бұл қос көрме жасы, мінез-құлқы, темпераменті мен көзқарастары әр түрлі көрермендерді бей-жай қалдырмайды. Көрме біздің заманауи әлем қандай? деп толғанған әрбір жан үшін қызықты болмақ.

Алена Веселова "Поход"

Көрме жетекшісі  – Анжелика Акилбекова