Көрмеде автордың 50-ден астам жұмысы қойылады. Әрбір жаңа экспозиция оның шығармашылығын бағалаушыларға және авторлық қуыршақтар, көркем полотнолар мен сәндік панно сияқты жаңа туындыларды сыйлайды. Ол Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің кескіндеме бөлімін бітірді. Гүлфарида Жаниярова – Қазақстан суретшілерінің арасында бірінші Халықаралық қуыршақ авторлары бірлестігінің мүшесі. Мәскеудегі Халықаралық қуыршақ көрмелеріне бірнеше мәрте қатысты. Оның «Қазақстан қуыршақтары» авторлық жобасы жоғары орындау шеберлігі үшін дипломмен және грамотамен аталып өтті.
Суретшінің көрмеге қойылған жаңа туындылары – бояуының қанықтығымен және түстік палитрасының полихромдығымен ерекше кескіндемелік картиналар, натюрморттар, портреттер, тұрмыстық композициялар, сәндік паннолар, әрі сонымен қатар тұтас авторлық қуыршақтар галереясы. Оның жаны сүйетін жанрлары – өмірдің қуанышы мен өршіл көңіл күйін беретін пейзаж бен натюрморт. Гулфарида өзінің бір сұхбатында: "Қуыршақты адам денесінің анатомиясын, өткен дәуірдегі костюм тарихын зерттей отырып, аса зор ыждағаттылықпен сауатты түрде жасау керек» дейді. Ол бала кезінде сурет салуды және кәсіби тігінші анасының жанында отырып, қуыршақтарына арнап киім тігуге құрақ маталарды таңдауды жақсы көретін.
Қуыршақ жасау суретшінің шығармашылығында ерекше орын алады. Дәл қазір оның коллекциясындағы қуыршақтардың саны 200-ден асып жығылады. Бұлар – қазақтың ұлттық киіміндегі үлкен интерьерлік қуыршақтар, қазақ халқы ертегілерінің кейіпкерлері, бүркіт ұстаған аңшы, мифтердің қаһармандары, сән-салтанатты киім киген арулар, клоундар, әлемдегі түрлі халықтардың қуыршақ өкілдері, сонымен қатар тарихи тұлғаларға жасалған портрет-қуыршақтар.
Г. Жаниярованың өзінің авторлық қуыршақтарын көп ретте эскизінен бастап үлгісін жасауға дейін, материалдарды іріктеп, киімді тіккенге дейін барлық процесті өз қолымен атқарып, бір ғана данасын жасайды. Қуыршақтарын көп жанрға бөлуге болады. Мысалы, интерьер қуыршақтары – «Моңғол аруы», «Бүркітші», «Қуыршақ испан қызы», «Гейша» және т.б., портрет-қуыршақтар – «Конфуций», «Махмұд Қашқари», фантастикалық қуыршағы – «Шахмат королевасы», «Вишенка» және т.б.
Г. Жаниярованың шығармашылық туындыларының ерекше қасиеті – киімдерінің асыл маталардан тігіліп, нағыз аң терісімен, зерлі жіппен, жартылай асыл тастармен, жылтырақ тастармен әрленуінде. Гүлфарида Конфуций қуыршақ портретіне ерекше көңіл бөле отырып: «Мен бұл ұлы тұлғаны өте құрметтеймін. Сіз Конфуцийдің «Егер сен біреуді жек көрсең – демек, оның сені жеңгені» деген сөзін ескеріңіз. Ол сондай-ақ, Шыңғысханның, Иван Грозный мен I-ші Петрдың да бейнелерін жасады.
Г. Жаниярова Қазақстан эстрадасының жұлдыздарына да арнап көптеген киім үлгілерін жасады. Ол отандық театр актерларына және басқа да мәдени маңызы бар жобаларға театр костюмдерін жасады.
Қуыршақтар адамдар өмірінде көп жерлерде қолданылады. Бұрын оларды театрландырылған ойындарда жиі қойылатын діни әдет-ғұрыптарда пайдаланды. Қуыршақтар балалардың ойыншығы сияқты біртіндеп театр қойылымдарында қолданыла бастады. Олар қоғамдағы кемістіктерді әжуалап, сатиралық рольдерді орындады (портрет-қуыршақтар). Қазіргі кезде қуыршақтарды коллекциялау кеңінен танымал болып саналады.
Бүкіл әлемде жыл сайын қуыршақтар әлеміне арнап жүздеген ірі қуыршақ көрмесі өтеді. Бұл – сұранысқа ие болып, қазіргі қоғам өмірінде қажеттілігі одан әрі ұлғайып келе жатқан өнердің ерекше түрі.
Гүлфарида Жаниярованың шығармашылығы Қазақстан қуыршақ өнерінің дамуына өзінің үлкен үлесін қосты.
Көрме жетекшісі - Жұмабекова Гүлайым