Жиенбай Орынбаевтың шығармашылығы көп жанрлы болғанымен жанына жақыны ол – ауыл көрінісінің лирикалық пейзажы мен табиғаттың шексіз сұлулығы.
Суретші көрген табиғат көрінісінен алғашқы бір сәттік мезет әсерін жеткізуге ұмтылады. Табиғатта құбылған ашық түсті бояу үндестігін ол алдымен көріп, содан соң қабылдап барып бояу түстері арқылы жүзеге асырады. Ол бір өлкенің тамсанарлық табиғат сұлулығын жылдың әр мезгілінде жалықпай бейнелеуге дайын. Кез келген керемет сәттерін шебер жеткізеді.
Суретші бояу массасын теңестіруге, композицияның барлық элементтерін ырғақты ұйымдастыруға, әлемнің мәнерлілігін бұзбай, формалардың өзіндік әуенін жасауға тырысады. Жиенбай Орынбаевтың автопортретінде ашық бет әлпеті мен ойлы көздері суретшінің рухани ішкі дүниесін көрермен мен бөліскендей. Ал, «Ауылдағы күз» шығармасында жоғары қарай өрлеген қаздардың қимыл-қозғалыс формаларының дәл бейнеленуі байқалады.
Сонымен қатар, «Балалық шақ туралы естелік», «Құрбылар» атты туындыларында ақ кимешектегі ұршық иіріп отырған әжелердің бейнелері сонау балалық шақтың естелігі мен туған жерге деген сағыныштық сезімі сезілгендей.
Суретші табиғат жағдайының нюанстарын, сырғып бара жатқан сезімтал бір сәттік сұлулықты нәзіктікпен қабылдап, лириктің көзімен көреді.
Жиенбай Орынбаев 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келді. Ташкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдады. Көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы. Ж. Орынбаев өзінің шығармашылық қызметін оқытушылықпен ұштастырып, қазіргі кезде Ә. Қастеев атындағы көркемөнер және дизайн мектебінде ұзтаздық қызметін атқарады.
Көрме 2019 жылдың 2 мамырына дейін өтеді.
Көрме жетекшісі – Әбілдаева Лаура