Бауыржан Нөгербек атындағы шәкіртақы табысталды

2019 жылдың 26 сәуірінде II "Ұшқын" студенттік ХКФ жабылу салтанатында кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек атындағы шәкіртақы Қазақ ұлттық өнер университеті, "Театр, кино және ТВ" факультетінің "Кинотану" мамандандыруы бойынша 2 курс студенті Жаркенова Жұлдызға табысталды.
Бауыржан Нөгербек атындағы шәкіртақы табысталды

Бұл шәкіртақы Б.Р.Нөгербек отбасы атынан жыл сайын үздік кинотанушы-студентке табысталады. Шәкіртақы 2018 жылы тағайындалған. Алғашқы шәкіртақы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Өнертану" факультетінің "Кинотану" мамандандыруы бойынша 3 курс студенті Есенгелді Айжанға профессор Б.Р.Нөгербектің туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған "Рухани жаңғыру контексіндегі заманауи кино өнері" Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында табысталған болатын. Бұл шәкіртақы бір жылы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, ал бір жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің "Кинотану" мамандандыруы студенттеріне табысталуының себебі Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек қос жоғарғы оқу орнында да "Кинотану" мамандандыруын ашып, шәкірт тәрбиелеген болатын. Шәкіртақының басты мақсаты кинотану мамандандыруын қолдау, кинотанушы-студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, бәсекелестікке ынталандыру.

Шәкіртақыны Б.Р. Нөгербектің қызы театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек табыстады.