Көрме кураторлары:
Самал Мамытова
Еркежан Омарова
Экспозицияға 2019 жылы мерейжасқа келген А. Риттих, Л. Брюммер – 130, В. Эйферт, В. Теляковский, Р. Великанова, Е.Карасулова – 125, А. Бортников, М. Лизогуб, З. Назыров – 110, Н. Нұрмұхаммедов – 95, Г. Ысмайылова, А. Мотузко, А. Исаев – 90, А. Лаптев, Е. Умысков, А. Гордеев – 85 суретшілердің туындылары қойылды. Олардың есімдері өз елімізде де, шет елдерде де мәлім. Қылқалам шеберлерінің шығармашылық жолдары Қазақстан көркемсурет мектебінің қалыптасу кезеңі болған ХХ ғасырмен тұспа-тұс келді. Олардың әрқайсысының өнер тарихында қалдырған жарқын іздері ұлттық игілігіміздің мұрасына айналды.
130 жас
БРЮММЕР ЛЕОНИД ВЛАДИМИРОВИЧ. 1889 – 1971
Леонид Брюммер 40-жылдары Украинадан Қазақстанға жер аударылып келді. Киев көркемсурет училищесін үздік бітіріп, кәсіби білім алды (1910-1915). Қазақстанда тұрып, өзінің жасампаз туындыларын жазды, Павлодар мен Жамбылда шәкірттерін тәрбиеледі.
Л.В. Брюммердің шығармашылығын басты-басты үш кезеңге бөліп қарауға болады: олар – Украина кезеңі – 1917 жылдан 1940-1941 жылдарға дейін (Ялта, Қырым, Полтава, Кабардин-Балкар Республикасы, Орел қ.); Қазақстан кезеңі – Павлодар – 1941 жылдан 1954-1955 жылдарға дейін; Қазақстан кезеңі – Жамбыл – 1954 жылдан 1971 жылға дейін. Оның шығармашылығының негізгі әрі анағұрлым жемісті жылдары Украинада өтті, ол кеңестік украин кескіндемесінің бастауында тұрды, алайда Қазақстан үшін де елдің шет аймақтарында қазақ кәсіби кескіндеме мектептерінің қалыптасуында оның шығармашылығының маңызы зор.
Брюммер ‒ революцияға дейінгі «көрме өтілі» бар бейнелеу өнерінің шебері. «Асқабақтар» (1946), «Бір түп раушан гүлі» (1956) жұмыстарында адамның көңіл-күйі өткір сезіледі. Оның картиналарында қарапайым сюжеттің өзі таңғажайып құбылысқа айналып кетеді.
125 жас
ВЕЛИКАНОВА РЕГИНА ВАСИЛЬЕВНА. 1894 – 1972
Суретшінің шығармашылық жолы өзі 1895 жылдан 1942 жылға дейін тұрған Ленинградта басталды. Великанова Өнерді қолдау қоғамының мектебінде алғашқы көркемсуреттік білім алды, одан кейін Петербургтегі Көркемсурет академиясында оқып, тәмамдады, онда К.С. Петров-Водкиннің шеберханасында еңбектенді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Великанова құрсауда қалған Ленинградтың үлесіне тиген қиыншылықтың бәрін басынан өткерді. 1942 жылдың аяғында суретшіні ол арадан алып шығып, өзіне таныс емес алыстағы Алматыға жөнелтті. Қазақстанда ол баспаларда, жұмыс істейді, қазақ, орыс және шет ел жазушыларының кітаптарын иллюстрациялайды. Алайда Р.В. Великанованың сүйікті жанры пейзаж болғандықтан, Алматыны дәріптеуден жалықпады. Суретші «Күзгі жарқылдар» (1969), «Бақтар демалуда» (1967), «Алғашқы қар» (1971) және т.б. қала пейзажының топтамасын жазды. Табиғаттың алуан құбылысы мен орасан байлығы суретшіні өзіне тартпай қоймады.
125 жас
ТЕЛЯКОВСКИЙ ВСЕВОЛОД ВЛАДИМИРОВИЧ. 1894 –1963
ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері
Теляковский Всеволод Владимирович – театр суретшісі, 1894 жылы Ленинградта дүниеге келді. Теляковский К. Коровин мен А. Я. Головиннің жетекшілігімен кескіндемемен шұғылданды. Париждегі Рансон Көркемсурет академиясында тамаша білім алды. Морис Ден мен Феликс Валлотоннан қондырғылы кескіндемеден дәріс алды. Бірақ Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті де, оқуын аяқтай алмады.
1935 жылдан Қазақстанда тұрды. Теляковский 20 жылдан астам уақыт бойы республиканың түрлі театрларында көптеген спекткальді безендірді. Абай атындағы опера және балет театрындағы (1936-1944) «Қарғаның мәткесі», «Ақшақар», «Әзәзіл», «Евгений Онегин» орыс операларына, «Аққу көлі» балетіне, батыс классикасының ішіндегі «Сайқымазақтар», «Кармен», «Фауст», «Севиль шаштаразы» операларына жасаған декорациялары суретшінің үздіктерінің қатарына жатады. Қазақтың бірқатар ұлттық спектакльдерін де безендірді, атап айтқанда, М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» опералары, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек» спекткальдері.
Театрлық қойылымдардан басқа, Теляковский шығармашылығының соңғы жылдары «Айман – Шолпан» (1957), «Қамбар батыр» (1958) сынды қазақ эпостарына арналған декоративтік паннолар жазды.
110 жас
БОРТНИКОВ АЛЕКСЕЙ ИЛЬИЧ. 1909-1980
ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері
Алексей Ильич Бортников – есімдері республикамыздағы бейнелеу өнерінің қалыптасуымен тығыз байланысты Қазақстанда еңбек еткен алғашқы суретшілердің бірі. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде тапжылмастан ұзақ жылдар бойы сабақ берді, Қазақстан Суретшілер одағының құрылуына мұрындық болған суретшілердің бірі.
Бортников 1909 жылы 25 ақпанда Қызылорда облысы Қармақшы ауылында (№ 2 бекініс) желілік механик – пошта қызметкерінің отбасында дүниеге келді. Баланың бойында өнерге деген қызығушылық мүлдем бала кезден басталды, оны осы өнерге қарай икемдеген оның суретші ағасы болатын. 1920 жылы өзі оқыған көркемсурет студиясында суретші Н.Г. Хлудовпен кездескен сәттен бастап бала суретшінің сурет салуға деген ықыласы арта түсті. Ол Одесса көркемсурет инситутында оқып, кәсіби көркемдік білім алып шықты.
Экспозицияға «Көркемсурет училищесінің оқушысы Ж. Шәрденовтің портреті» (1948), «Тау пейзажы» (1976) атты портрет және пейзаж жанрындағы картиналары қойылды. Шәрденовтің портреті 40-жылдардағы ең көрнекті жұмыс болып саналады. Дәл осы кезеңде ол өз жұмысының тақырыбын кеңейте түседі. Бортниковтың кескіндемелерінің кейіпкерлері әрдайым алға ұмтылып, өзінің алға қойған мақсатынан қайтпайтын қарапайым да адал жандар. Суретшінің екінші қызықты тақырыбы ‒ пейзаж.
90 жас
МОТУЗКО АНАТОЛИЙ КАРПОВИЧ. 1929 – 2000
Анатолий Мотузко Алматыда 1957 жылдан бастап тұрды. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін үздік аяқтаған соң, Минск театр-көркемсурет институтына оқуға түседі.
Мотузко 1951 жылы шығармашылыққа жол тартты. Сол жылғы Қазақстан суретшілерінің республикалық көрмесі алғыр да дарынды жас суретшілердің шоғырын анықтады. Осы жас саңлақтардың ішінде Мотузко да болды. Суретші Қазақстан өнерінде өмірді әсерді әрі көрікті етіп суреттейтін желілік-тақырыптық туындылардың пайда болуына үлкен үлес қосты.
Көрме туындылары «Киіз үй есігінің алдында» (1960), «Жүгері қырманының басында» (1962), «Қартакөл ұжымшарындағы көктемгі мереке» (1964), «Түс» (1984) картиналарынан бастап, автордың әрдайым өз жұмыстарында тарихи оқиғалардағыдай, қазіргі заманның да, замандастарының да ішкі болмысының ырық бермес мұқтаждығын терең әрі толықтай талдауды көздегенін айтады. Суретшінің жіті көзқарасы оның шығармашылық қолтаңбасының ерекшелігі болған түстің контрастығы мен көркемдік тілдің ықшамдығын баса көрсететін ірі планның іргесін қалайды.
Натурадан жазылған «Қартакөл ұжымшарындағы көктемгі мереке» кескіндемесі ХХ ғасырдың 60-жылдарында ауылда тұратын адамдардың рухын, тұрмысы мен көңіл-күйін сипаттайды. Көп фигуралы композицияның хас шебері топ адамды композициялық және кескіндемелік тұтастыққа біріктіре отырып, картиналардың планын мұқият жасайды. Ұжымшар мүшелерінің жалпы мерекелік көңіл-күйін суретші сәттілікпен тапқан колористік шішіммен береді.
85 жас
УМЫСКОВ ЕВГЕНИЙ АЛЕКСАНДРОВИЧ. 1934-1991
1934 жылы Қиыр Шығыстағы Шимановская станциясында Умысков дүниеге келді. Ол 1942 жылы Алматыға келіп, осында орта мектепті бітірді. Он жеті жасынан Алматы электр-техникалық зауытында балташы, одан кейін токарь, геологиялық партияның жұмысшысы болып жұмыс істеді. 1957 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін аяқтаған соң Умысков В.И. Суриков атындағы көркемсурет институтына оқуға кетеді, бірақ Алматыға қайтуына тура келді. Суретші-безендіруші болып жұмыс істей жүріп, кешкі мектепте сызудан сабақ берді. Содан кейін көркемсурет қорының шеберханасына ауысты. Е.А. Умысков 1966 жылы КСРО Суретшілер одағына мүше болып қабылданды.
Экспозициядан суретшінің 1967 жылы жазылған «Суретші Крючковтың портреті» және «Отбасы» атты екі туындысы орын алды. Алғашқы портретте суретші Крючковтің образы ішкі динамикасымен ерекше тартымды. Портреттегі адамның бойынан табылатын күдіктер мен ізденістер ахуалы қырлы фигуралар пластикасында, қоршаған кеңістіктің тұрақсыз күйі мен трактовкасында берілген. «Отбасы» картинасы жарқын дүние сезімі мен лиризмге толы. Мұнда ерлік пен нәзіктік, күш пен әсер бірігіп, тұтасып кеткендей.
80 жас
ХИТАХУНОВ МАРИС ҚАСЫМҰЛЫ. 1939 –1994
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері
Тамаша ұйғыр суретшісі Марис Хитахуновтың шығармашылығы Қазақстан бейнелеу өнерінде лайықты орын алады. Оның картиналарындағы адам жанын терең сүйіспеншілікпен баурап алатын образдар кімнің де болса ықылас сезімін оятпай қоймайды.
Марис Хитахунов балалық шағы соғыс жылдарымен тұстас келген суретшілер буынына жатады. Оның әкесі ауылдық кеңес хатшысы қызметін тастап, майданға аттанды. 1942 жылы оның майданда ерлікпен қаза тапқаны жайлы қаралы қағаз келеді. Мүмкін, осыдан болар, оның шығармашылығында соғыс тақырыбына арналған жұмыстары ерекше орын алады: «Кеңес әскерін шығарып салу», «Майданнан оралу», «Әкеме хат» атты жұмыстары – осының айғағы. Осылардың ішіндегі ең белгілісі – «Менің балалық шағымның аспаны». Адамзатқа тән өз «мені» басталатын балалық шақ тақырыбы
Марис Хитахунов кескіндемеден басқа әдеби қызметпен де айналысты, балаларға арналған кітаптар мен ұйғыр жазушыларының кітаптарына иллюстрация жасады. Ұйғыр тілінде оқытатын мектептерге арнап бейнелеу өнерінен бағдарлама құрастырды.
130 жас
РИТТИХ АЛЕКСАНДР АЛЕКСАНДРОВИЧ. 1889-1945
Александр Риттих Мәскеуде дүниеге келген. 1916 жылы Мюнхендегі Көркемсурет академиясын бітірген, Ф. Штук, Г. Цюгельден тәлім алған. Ол 1933 жылы Қазақстанға көп жылдық тәжірибесі бар, үлкен тәжірибелі суретші ретінде келеді. Ол сол кездері енді ғана құрылған Қазақстан Суретшілер Одағында жетекші рөлге ие болды. Дәл осында оның жан-жақты білімі мен дарындылығы ерекше байқалады. Барлық республикалық көрмелердің ең белсенді қатысушысы болды. Ол біздің қаламыздың саябақтары мен көшелерін безендіріп тұрған көптеген ғимараттардың авторы, бірлескен авторы. Бірнеше мектептің, темекі фабрикасының және басқа да архитектуралық жобалардың авторы.
А. Риттихтің «Алмалар», «Алмұрттар» натюрморттары және «Жамбылдың портреті» сияқты атақты туындылары біздің музей жинағының мақтанышы болып табылады. Бұл жұмыстарында суретші еуропалық кескіндеменің ең үздік дәстүрлерін жалғастырады, ондағы заттардың сипатын, кеңістіктік тереңдігін және жақсы ойластырылған композициялық шешімін дерлік қиялмен береді.
1936 жылы суретші қазақтың халық ақыны Жамбылдың көркем портретін жазады. Жамбылдың поэтикалық нақышы өмір бейнесінің психологиялық қанықтығы мен нақтылығымен, шынайылығы және әңгімелеудің эпикалық қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Суретші Жамбылдың қазақ халқының музыкалық аспабы – домбыра тартып отырған сәтін бейнелейді. Жүз жасқа жуық өмір сүрген ақын, өмірінің соңына дейін республиканың және тұтастай алғанда ел өміріндегі барлық оқиғаларға ашық үн қатты.
125 жас
ЭЙФЕРТ ВЛАДИМИР АЛЕКСАНДРОВИЧ. 1894 –1960
Владимир Эйферт 1941 жылы Мәскеуден Қазақстанға неміс ұлтының өкілі ретінде жер аударылды. Карлагта тұрып, асқан қиыншылықтарды басынан өткергенде Эйферттің өмірге деген сенімі мен жарқын болашаққа деген үмітін сақтап қалуға кескіндеме көмектесті, ол осы іспен айналысуды жалғастыра берді.
В.А. Эйферттің шығармашылығын үш кезеңге бөлуге болады: «Мәскеу» - 1926 жылдан 1941 жылдарға дейін (1936 жылдан 1939 жылға дейін А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің директоры), 1930-шы жылдардағы «Париж» және 1941 жылдан 1960 жылдарға дейінгі «Қазақстан». Көрме экспозициясында автордың импрессионистік жазу мәнерінде орындалған «Париждің шет аймағы», «Саяжайлар» және «Жағажайда» кескіндемелік туындылары ұсынылған. 1932 жылы жазылған «Жағажайда» композициясы Эйфертке тән «импрессионистік» стилін, көркемдік қасиеті мен орындалуы жағынан тұтастай мәнерлі туынды жасай алу қабілетін көрсетеді. Суретшінің барлық шығармалары автордың өмірге деген сүйіспеншілігін бейнелейді. Бай түс палитрасы мен еркін көркемдік жазу мәнері арқылы суретші табиғат пен адамның эмоциялық күйлерінің кең гаммасын беруге тырысады. Бәлкім, дәл осы табиғатқа деген сезімтал көзқарас, нәзік лиризм мен оның әуезді көрінісі Владимир Эйферттің шығармашылығының басты ерекшеліктері болып табылады.
125 жас
КАРАСУЛОВА ЕЛЕНА ПЕТРОВНА. 1894 – 1980
Суретші Елена Карасулованың шығармашылық жолы қойылған міндеттерді іске асырудағы сирек тұтастығы мен дәйектілігімен ерекшеленеді. Ол Қазақстанның өнеріне нағыз натюрморт шебері ретінде енді. Бұл көркем жанр адамға жақындығымен баурайды, оның қоршаған ортасы, оның қолы тиген дүниелер туралы айтады. Ол табиғатпен, оның сыйларымен, жыл мезгілдерінің ауысуымен, жердің жомарттығы мен байлығы туралы түсінікпен байланысты. Натюрморттардың бейнелік қатарында суретшінің жеке қолтаңбасы, оның өмірге деген көзқарасы мен қазіргі заман ырғақтарын сезінуі аңғарылады.
Көрмеге суретшінің «Қылқаламдар бейнеленген натюрморт» (1964), «Құмған бейнеленген натюрморт» (1969), «Шығыс натюрморты» (1971), «Менің шеберханамда» (1976) натюрморттары қойылған. Оның натюрморттарының ішкі белсенділігі, олардың үйлесімділігі суық және жылы реңктердің шиеленіскен кереғарлығында, көлемділік пен жазықтылықты мұқият салыстыру кезінде пайда болады. Әрбір туынды үшін өз ырғағы, оның түстік шешімі табылған. Қылқалам натюрмортына табиғатты тікелей қабылдауға, заттардың бейнесінің материялылығына деген қызығушылық тән. Кескіндеме реңкті, пішіні жарық пен көлеңкенің кереғарлығымен қалыптасады, ритмикалық құрылымда бөліктердің және тұтастықтың классикалық біркелкілігіне ерекше көңіл бөлінген. «Шығыс натюрмортында» қара құмыраның ғажап сұлбасы қызғылт фонда ерекше көзге түседі, көгілдір түс бағалы асыл тасты еске түсіреді.
110 жас
ЛИЗОГУБ МАРИЯ СЕРГЕЕВНА. 1909-1998
КазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері
Мария Лизогуб 1909 жылы Украинада, Николаев қаласында дүниеге келген. 1940жылы Киев көркемсурет институтын бітірген, Ф. Кричевскиден, А. Шовкуненко, М. Шароновтантәлім алады.1939 жылдан көрмелерге қатысушы.1940 жылдан бастап КСРО СО мүшесі.
М.С. Лизогубтың шығармашылық өмірбаяны 1938 жылы Қазақстанға институттың студенті болып алғаш келген және өзінің суретшілік тағдырын осы елмен және қазақ халқымен мәңгілікке байланыстырған кезінен басталды. Лизогубтың шығармашылық қызметінің бұл ерте кезеңіне көптеген пейзаждық және портреттік этюдтер («Шапағатты қолдар» топтамасынан» «Шалкөде өңірінің шопаны», «Шиелілік күрішші», 1963), эскиздер мен жанрлық тақырыптар жатады. Сондай-ақ, зерек суретші әрі нәзік психолог Лизогуб портрет жанрына көп көңіл бөледі. Осы жанрдағы үздік туындыларының бірі – «Шораяқ рөліндегі КСРО халық әртісі Қ. Қуанышбаевтың портреті» (1960). Бұл автордың өз замандасы, шығармашылық еңбек адамы туралы әңгімесі.
Мария Лизогубтың шығармалары талғампаз бояуы мен сюжеттің шебер ойластырылуымен ерекшеленеді. Автордың көркемдік мәнерінің кеңдігі мен жалпыламалылығы оның үйлесімді айқындылыққа, бейнелердің шекті мәнеріне деген ұмтылысын көрсетеді. Суретшінің портреттері нәзік психологизмімен және бай көркемдік сипатымен ерекшеленеді.
110 жас
НАЗЫРОВ ЗАГРУТДИН САҒАДИҰЛЫ. 1909-1989
Назыров Загрутдин Өскеменде туған. 1936 жылы Омбы көркемсурет училищесін, ал 1936-1939 жылдары Мәскеудегі өнер қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында оқыған.
З. Назыровтың шығармашылығы әр алуан. Суретшінің пейзаждық сарындары әр түрлі көркемдік түсіндірулерді көрсетеді, онда басты білдіру тәсілі ретінде автордың эмоциясы мен көзқарастарының кең ауқымын беретін түсті айту қажет: Балқаш этюдтары, Іле Алатауы, Жезқазған мен туған өлкесі Семей даласы, Алматының төңірегі, Ыстықкөл және басқалары. Назыров шығармашылығының маңызды бөлігі болып табылатын пейзаждағы сияқты, жанрлық картинада және портретте ол орыс реалистік мектебінің адал ізбасары болып қалады – оның ұстаздары С. Герасимов, Б. Иогансон, А. Лентулов сияқты атақты шеберлер болды. Загрутдин Назыров өз шығармаларында шындықтың, заттар мәнінің сырттай танылуына адал. Әлемді қабылдаудың дәлдігі мен айқындылығы кенепте бірдей нақты, кейде тіпті егжей-тегжейлі анықталған пішіндерде бейнеленеді.
З.С. Назыров театр және кино суретшісі ретінде көп еңбек сіңірді. Қазақстандағы 10 драмалық қойылымды безендірді. «Райхан» (1939), «Сын бойца» (1942) фильмдерін безендірудегі жұмысы қызықты әрі нәтижелі болды. Сондай-ақ, суретшіге Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» фильмінде түсіру тобының мүшесі болу бақыты бұйырды.
95 жас
НҰРМҰХАММЕДОВ НАҒЫМБЕК ЖӘЛЕЛЕДДИНҰЛЫ. 1924-1986
Казақ КСР Халық суретшісі, Ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты.
Нұрмұхаммедовтың шығармашылығы жанрлық және тақырыптық алуандығымен ерекшеленеді. Оны өз дәуірінің нағыз шежірешісі деуге болады. Ол Қазақстан тарихының маңызды оқиғалары көрініс тапқан «М.В. Фрунзе Самарқанд қаласында халық жасақшыларының алдында сөз сөйлеп тұр» (1953) сияқты көптеген тарихи туындылар жазды. Өзі тікелей қатысушысы болған революция мен Ұлы Отан соғысы тақырыбы суретші үшін шығармашылығының маңызды құраушысы болды (эпикалық туындылары – «Дала күйіп тұр» 1962, «Қазақтың атты әскер полкы» 1971). Кеңінен қорыту, маңызды тақырыптар, өткен мен бүгінгі күн, күнделікті өмір мен ерлік істері жоғары мағынаға ие болып, оның өнерінде өріліп жатады.
«Қазақстан Магниткасында» туындылар топтамасы 1959 жылы Теміртау сапарының әсерінен туындаған еді. Н. Нұрмұхаммедовтың шығармашылығындағы жарқын кезеңдер –оның шет елдерге сапары. Ол Жапонияда немесе Бразилияда, Үндістанда немесе Америкада, Испанияда, Италияда, Англияда және қай жерде болсын барлық жерден нақты зерттеу, өткір әсерлер алып келетін, кейін олар елдің, адамдардың, табиғаттың бет-бейнесін жазып алған «Копакабанадағы кездесу», «Фудзияма тауы» сияқты тағы басқа да туындылар топтамасына айналды.
Дегенмен, оның Қазақстан бейнелеу өнеріне қосқан үлесі тек кескіндемемен ғана шектелмейді. Ол өнертану кандидаты, қазақтардың халық шығармашылығы, заманауи өнер туралы мақалалар жазған, «Қазақ КСР графикасы», «Даңқ еңбекке», «Қазақстан өнері», «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі», «Казақстан суретшілері – Ұлы Отан соғысының қатысушылары» кітаптары шығарылған.
90 жас
ИСАЕВ АЛЕКСАНДР АФАНАСЬЕВИЧ. 1929-1987
Александр Исаев – қазақстандық танымал мүсінші. Оның шығармалары жоғары кәсіби орындалу шеберлігімен, іс-әрекеттің ерекше көңіл аударатын динамикасы және автор таңдаған тақырыптың өзектілігімен ерекшеленеді. А. Исаев Қазақстанда 1950-ші жылдардың аяғынан бері жұмыс істеді, ол мұнда Харьков көркемсурет институтын бітіргеннен кейін көшіп келген еді. Өз шығармаларында мүсінші әрқашан Еуропа мен Ресейдің классикалық пластикасының дәстүрлерін ұстанды, оларды социалистік реализм ережелерінің талаптарына бейімдеді.
Александр Исаевтың ұсынылып отырған «Сталевар» қола композициясы 1958 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігі аясында өткен қазақстандық бейнелеу өнері көрмесіне арналып жасалды. Туынды жұмысшының мәнерлі сұлбасымен және автормен іске асырылған еңбеккердің - адамның ерекше сұлулығы, пластикалық пішіннің кемеліне жеткізіліп жасалуымен ерекшеленеді. Мүсін көрінісі ХХ ғасырдың ортасындағы барлық кеңестік бейнелеу өнерінің қажетті сапасына айналған батырлық көтеріңкі сарынның өзгеше үлгісі болып табылады.
85 жас
ЛАПТЕВ АЛЕКСАНДР ИВАНОВИЧ. 1934-2011
Александр Лаптев Никольск-Уссурийскте туған.Отбасы Алматыға көшіп келгеннен кейін, А. Лаптев Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оның училищедегі алғашқы ұстаздары тамаша кескіндемешілер – халық суретшілері Абрам Черкасский мен Айша Ғалымбаева. Көркемсурет училищесінен кейін ол оқуын В.И. Суриков атындағы Мәскеу Мемлекеттік көкркемсурет институтының кескіндеме факультетінде жалғастырады. 1962 жылы суретші Алматыға қайта оралады, оның кейінгі тағдыры Қазақстанмен тығыз байланыста.
1960-шы жылдар жас суретшінің ізденісі мен қалыптасу кезеңі болды. Республика бойынша сапарлар, бесжылдықтың екпінді құрылысы, еліміздің жаңа бет-бейнесін құрайтын адамдармен танысу және тілдесу суретшіге маңызды мәселені шешуде өзіндік серпін берді. «Түрксіб құрылысы» (1960), «Балқаш салынуда» (1965), «Сықақшылар» (1967) атты тақырыптық кенептерінде кескіндемеші дәуір ырғағымен шиеленіскен еңбек ерлігін әсем тәсілдермен бейнелеуге тырысады. Мұндай мәнерлі факторлар сызықтардың серпімділігі, бөлшектердің ықшамдылығы, түс ұстамдылығы мен көмескілігі болды. Бұған қоса, барлық шығармаларда – және пейзаждарда (Соңғы қар. 1960), тақырыптық туындыда суретші шамадан тыс күнделікті жағдайлар құрсауына түспейді, композицияны құру кезінде жасандылықтан, шартты түстен бас тартады.