Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры фестивальдік сапарлардан жүлделі оралды

С. Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры Семей қаласында 20-25 қыркүйек аралығында өткен Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық фестивалінде және Қырғызстан өткен «ART-ORDO» фестивалінде жүлделі орындар иеленді.
Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры фестивальдік сапарлардан жүлделі оралды

Назгүл Сағындық

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма

театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

 

Қыркүйектің 19-ы күні Болат Мамытбековтың «Ноғайбай» тарихи драмалық қойылымының премьерасымен  С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ХХІ маусымы ашылды. Спектакльдің қоюшы режиссері Фархат Молдағали, суретшісі Алма Сырбаева. Әділ және парасатты шешімімен қазақ халқының ауыз бірлігін сақтаған Ноғайбай би туралы қойылған спектакльге біз, кейінерік тоқталамыз.

Театрдың жаңа маусымы ашылған бетте, С. Мұқанов атындағы              қазақ-сазды драма театры Семей қаласында 20-25 қыркүйек аралығында өткен Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық фестиваліне, Б.Жақыптың «Жан дауысы» soundrama жанрындағы спектаклін ұсынды. Аталмыш додаға еліміздің 12 театр ұжымы қатысқан. Әділқазы алқасының мүшелері Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан театрлар ассоциасының президенті Асанәлі Әшімов, Құрмет және парасат ордендерінің иегері, театр және кино актерисасы Меруерт Өтекешева, театр сыншысы, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, жазушы, ақын Тыныштықбек Абдикакимов акрабаттық, пластикалық шеберлік пен тіл тазалығы жайлы жақсы пікір білдіріп, «Жан дауысы» спектаклі үшін «Үздік режиссура» номинациясымен Фархат Молдағалиды марапаттады. Осымен үшінші мәрте «Үздік режиссура» аталымына ие болған Фархат Молдағали өз көрермендеріне әлі талай тылсым, ерекше қойылымдарын ұсынатынына кәміл сенеміз.

Содай-ақ, театр ұжымы бұл жеңіспен тоқталмай, Қырғызстан Республикасы, Ош қаласында өткен Қырғызстан Республикасының Халық әртісі, Токтогул атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамал Сейдакматованың 80 жылдық мерейтойына арналған «ART-ORDO» VII Халықаралық театрлар арасындағы фестиваліне М.Әуезовтың «Қарагөз» soundrama жанрындағы спектаклін ұсынды. Айта кетейік, аталмыш фестивальге былтырғы жылы  қырғыз драматургі, жазушы, театр және кинорежиссері   Жаныш Кұлмамбетов шақырған болатын. Жалпы фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінен 15 театр ұжымы өнер көрсеткен. Ең ұзақ халықтың қошеметіне ие болған, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымына мерейтой иесі Жамал Сейдакматова өзінің ақ батасын беріп, «Жаңа көзқараспен жаңа бағыт үндесіп көрерменге ұсынылған мазмұны терең спектакль» - деп пікір білдірген Жалыш Құлмамбетов бастаған әділқазы алқасының шешімімен, «Қарагөз» спектаклі үшін  ІІ – орын иеленсе, Қарагөз рөлін сомдаған театрдың жас дарынды актрисасы Мадина Өсербаева «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын қанжығасына байлады. Бұдан бұрын, Мадина Өсербаева Астананың 20-жылдығына және көрнекті мемлекет қайраткері Т.Жүргеновтың 120-жылдығына арналған VII Халықаралық театр фестивалінде «Үміт» номинациясымен және «Алтын сақа-2019» сыйлығының «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен марапатталған. Театр сахнасында өзінің сара жолын қалыптастырып келе жатқан жас таланттылардың қанаты биікке самғай берсін, демекпіз.

Осымен, С.Мұқанов театры  Ертістің бойындағы Семей халқы мен қырғыз елінің ыстық ықыласына бөленіп, фестивальдік сапарлардан нәтижиелі оралды.