М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, өнертану докторы, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Еңбек ардагері» медалінің иегері Сара Әділгерейқызы Күзембайдың 2020 жылдың 16-наурызында 83 жасқа қараған шағында өмірден өткенін хабарлайды.
Сара Әділкерейқызы дәстүрлі және қазіргі заман музыкасының әртүрлі аспектілерін, ұлттық өнер жолының тарихи-теориялық қалыптасуын, композиторлық шығармашылықтың көркемдік-стильдік бағыттарын, Шығыс және Батыс Еуропа мәдениетіндегі фольклорлық жаңашылдық белгілердің тоғысуы сияқты күрделі проблемаларды, сонымен қатар, музыкалық театрдың қалыптасуы және дамуын, орындаушылық өнердің асқан шеберлерінің шығармашылығын терең зерттеді. Жарты ғасырлық ғылым жолында 500-ден астам ғылыми және музыкалық сыни еңбектер жазды, 15-ке жуық монография, ғылыми кітаптар мен зерттеулер жариялады.
Сара Әділгерейқызы Күзембайдың есімі республика көлемінде ғана емес, елімізден тыс жақын және алыс шетелдерге танымал. 2004 жылы «Әлемнің көрнекті әйелдері» атағына ие болып, ғалымның есімі АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында орналасқан дүниежүзілік өмірбаяндық институтының кітабына енген болатын.
Oner.kz порталы Сара Әбділкерейқызының туған-туыстарына, барша қазақ жұртына көңіл білдіреді.