"Кимпхо" халықаралық жастар кинофестивалі - Кореяның Кимпхо қаласында өтетін "балалар" және "жастар" кинофестивалі. Бастапқы, орта мектеп, жоғары мектеп, университет секілді бірнеше бағдарламалық секциядан тұратын фестиваль көркемсуретті, деректі, анимациялық фильмдерді қабылдайды. Сондай-ақ, бұл секциядан бөлек жас бойынша шектеуі жоқ бағдарламалық емес бөлім мен арнайы бөлім бар. Бағдарламалық емес бөлім барлық жанрдағы балалар мен жасөспірімдер туралы, балалар мен жасөспірімдерге пайдалы болатын видеороликтерді қабылдайды. Арнайы бөлім «Әлем», «Ауыл қауымдастығы», «Санқилылық», «Қоршаған орта экологиясы», «Жаңа медиа», «Gimpo Regional» сынды тақырыптардағы роликтерді қабылдайды.
«Әке, ән айтып берейік пе?» фильмі А.Бауыржанқызының алғашқы қысқаметражды фильмі. Осыған дейін Алматыда өткен ІХ «Бастау» Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінде қазылар алқасы тарапынан ерекше атап өтілді. XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалі аясында өткен «Жаңа дәуір киносы» байқауының «The role which won the kindness of the juries» номинациясында фильмде басты рөлді сомдаған актриса Медина Келисова жеңіске жетті.⠀
Фильм Гаухар Адайдың «Әкемнің тәтті бауырсақтары» әңгімесінің желісімен түсірілген. Бұл фильм Есенбек Мнейханның операторлық дипломдық жұмысы болып табылады. Сондай-ақ, фильмде ҚазҰӨУ студенттері мен түлектері болып табылатын Әдемі Манабаева, Қазбек Есмұрзаев, Ердәулет Жақыпов, Айдос Сүлеймен, Алмасхан Қосаев жұмыс істеді.
Айдана Бауыржанқызы Қазақ ұлттық өнер университетін «Кинотану» мамандығы бойынша тәмамдаған (2014-2018). Ондаған мақалалар мен сұхбаттардың авторы, сондай-ақ, осыған дейін жүлделі орындарға ие болған бірнеше көркемсуретті фильмдерінің сценарий авторы.