Алматыда ІІ Халықаралық Almaty Animation Festival өтеді

26-28 шілде аралығында Алматыда ІІ Халықаралық Almaty animation festival өтеді.
Алматыда ІІ Халықаралық Almaty Animation Festival өтеді

Бұған дейін Baiqonyr халықаралық кинофестивалі аясында өткізілген бұл фестиваль қатысушылар санының артуына және көрермендердің кеңеюіне байланысты ұйымдастырушылар анимациялық фильмдерге бағытталған жеке фестиваль өткізуді ұйғарды.

Биыл фестивальге 52 елден 250-ден астам жоба келіп түсті, оның ішінен конкурс бағдарламасына 80 мультфильм іріктеуден өтті. Сондай-ақ бұл жолы фестивальде деректі фильмдер, экспериментал мультфильмдер және музыкаға арналған бейнеклиптер бойынша байқаулар өтеді.

Фестивальде Жапония, Германия, АҚШ, Нидерланды, Корея, Канада және басқа елдердің үздік анимациялық жобалары көрсетіледі. Қазақстаннан байқау бағдарламасына Ninety One бойзбенді туралы түсірілген анимациялық клип пен үш студенттік фильм өтті.

«Almaty Animation Festival-2024» байқау бағдарламасы түрлі номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды:

  • Үздік халықаралық анимациялық фильм
  • Студенттер арасындағы үздік анимациялық фильм
  • Орталық Азияның үздік анимациялық фильмі
  • Үздік экспериментал анимация
  • Музыкаға арналған үздік анимациялық видеоклип
  • Үздік анимациялық деректі фильм

Сонымен қатар қатысушыларға арналған “Ara Studios” және “Taskyn” студияларынан шеберлік сабақтар және басқа да қызық шығармашылық кездесулер, пікірталастар мен танымал режиссерлердің қызықты лекциялары өтеді.

Фестиваль жаңалықтарынан хабардар болу үшін brod.kz сайтына және Instagram парақшасында тіркеліңіз.

Фестиваль ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.