Актриса Айша Абдуллина 100 жаста

5-наурыз күні М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында "Айша Абдуллина 100 жаста" атты мерейтойлық кеш өтеді.
Актриса Айша Абдуллина 100 жаста

"1 наурыз – Алғыс  айту  күні, 8 наурыз –  Халықаралық  әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен 5 наурызда Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» белгісі, «Парасат» ордендерінің иегері, 100 жастағы Айша Абдуллинаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Айша Абдуллина 100 жаста» атты мерейтойлық кеш өтеді", деп хабарлайды М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз  қызметі бөлімі.

 

Өтетін орны: М.Әуезов атындағы  Қазақ Мемлекеттік  академиялық  драма  театры (Үлкен зал)

Өту уақыты: 5 наурыз, 2017 жыл.

Басталуы: 18.30.

 

Театр өнерінің дамуы мен болашағын өркендету, театр қайраткерлеріне қолдау таныту идеясы негізінде 2016 жылы құрылған Қазақстан театрлары ассоциациясы (ҚТА) жалпы театрларға ортақ анықталған негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатын ұстанады.
Қазақстан  театрлары  ассоциациясының  алғашқы жобаларының бірі – 1 наурыз – Алғыс айту күні мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында  көрнекті сахнагер, Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» белгісі, «Парасат» орденінің иегері, 100 жастағы Айша Абдуллинаның өмірі мен шығармашылығына арналған  мерейтойлық  кеш ұйымдастыру болып отыр.

А.Абдуллина өнер жолын 1933 жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында бастаған. 1947 жылдан  бастап  алпыс бес жылға жуық өмірін Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан драма театрының сахнасында  өткерді. «Қыз Жібекте» Қыз Жібек, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Баян, «Қобыландыда» Құртқа, «Ер Тарғында» Ақжүніс, «Асауға-тұсауда» Катарина, «Отеллода» Дездемона, «Ромео-Джульеттада» леди Капулетти, «Екі мырзаға бір қызметшіде» Беатриче т.б. көркем рольдерімен көрермен көзайымына айналды. 200-ден аса сүбелі бейне жасаған актриса 14 рет Кеңес Одағы медальдарымен марапатталды,  1958 жылы Қазақ КСР халық артисі құрметті атағын алды.

А.Абдулина, театр өнерімен қатар  қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесіне және екі мәрте Шымкент қалалық кеңесіне депутаттыққа сайланып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың екі мәрте «Алғыс хатымен» марапатталып, 1996 жылы  Президент стипендиясының  иегері атанды.

Театр өнеріне өлшеусіз еңбегі сіңген, ел мәдениеті үшін адал қызмет еткен 100 жастағы Айша анамыздың өнегелі өнері мен парасатты өмір жолы өскелең ұрпаққа  үлгі-өнеге  екені ақиқат.