Ақтөбе қаласында "Балауса" театр фестивалі өтіп жатыр

2017 жылдың 20-21 сәуір күндері Ақтөбе қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан драма театрлары арасындағы II Республикалық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі өтіп жатыр.
Ақтөбе қаласында "Балауса" театр фестивалі өтіп жатыр

Ұйымдастырушысы: Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры.

Фестиваль құрылтайшысы: облыс әкімдігі және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.

Фестивальдің мақсаты: қоғамдағы бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне көңіл аудару, қазіргі заманның эстетикалық талабына сай шығармалардың жаңа формаларын таба білу. Театр өнері мен еліміздің ұлттық мәдениетін өркендету.

2016 жылы Республикалық жастар және студенттік театрлар арасында «Балауса» фестивалі алғаш рет өткізілсе, ағымдағы 2017 жылы екінші рет Қазақстан драма театрлары арасында өтетін экспериментальды қойылымдар фестиваліне айналып отыр.

Өнерпаздардың өнерлерін бағалауға, қазылар алқасының төрағалығына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, драматург Асхат Маемиров арнайы шақырылып отыр.

Фестиваль жеңімпаздары «Ең үздік эпизодтық ролі», «Ең үздік ер адам ролі», «Ең үздік әйел адам ролі», «Ең үздік қойылым», «Ең үздік режиссер» номинацияларымен марапатталады.                                                                              

Фестивальдің ашылу салтанаты 20 сәуір күні, сағ. 09.00-де театр ғимараты алаңында өтеді. Салтанатты жабылуы  драма театр залында 21 сәуір күні сағ. 19.30-де өтеді. Қойылымдар Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының үлкен және кіші залддарында өтеді.

Фестивальге қатысушы театрлар мен қойылымдар тізімі:

  1. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Е.Аманшаев «Ол» (Алматы қаласы);
  2. Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры,  В.Коняев «Тор» (Көкшетау қаласы);
  3. Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры, Л.Разумовская «Қымбатты Елена Сеергеевна» (Өскемен);
  4. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры, С.Беккет «Play» (Қарағанды);
  5. Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» (Тараз);
  6. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, Р.Отарбаев «Қасірет» (Петропавл);
  7. «Алақай» қуыршақ театры, Н.В.Гоголь «Шинель» (Ақтөбе);
  8. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасы Б.Абдуразак «Әйел сыры» (Ақтөбе);
  9. «Лестница» шығармашылық лабораториясы, Г.Остердің «Вредные советы» өлеңінің желісімен «Вредные советы для Взрослых» спектаклі (Ақтөбе).