2017 жылы 5 қыркүйек күні Ә.Қастеев атындағы ҚР мемлекттік өнер музейінде сән әлемінде кеңінен танылып жүрген қазақстандық дизайнер, суретші Балнұр Асанованың "2720К Алтыншы сезім" атты жеке көрмесі ашылады.
Балнұр Асанова − дизайнер, "Сымбат" сән Академиясының арт-директоры, "Алматы" университетінің халықаралық ынтымақ және шығармашылығы бойынша проректоры. "Дизайн" номинациясында Халықаралық Еуразиялық сыйлықтың алтын лауреаты, халықаралық сән көрмелерінің лауреаты, жоғары сән ұлттық костюмінің халықаралық сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы (Мәскеу қаласы), Мәскеу қаласында өткізілетін сән Апталығының (Ресей), Дубай қаласында (БАЭ), Вашингтонда DCFashionweek, Қазақстандағы сән Апталығының (Алматы) тұрақты қатысушысы.
Балнұр Асанова − іскер, өз ісінің шебері, жауапкершілігі мол, білікті маман. "Мен ашық, жарқын түстерді ұнатамын, әлемді тек қана ашық бояулар арқылы сезінемін. Әсіресе, ұлттық бояу – жаныма жақын. Жан дүниемде тыныштық орнағанда ғана суреттер саламын" – дейді. Мысалы "Астана", "Дастархан", "Киіз үй", "Бәйтерек", "Хан Шатыр", "Домбыра ұстаған қыз" атты гобелендерге көңіл-күй тудырып, сонымен бірге, мағынасына ықпал ететін ерекше түстік үйлесім тән. Суретші адамдармен өзінің сұлулыққа деген құштарлығын бөліскісі келеді. Оның тоқыма композицияларының ерекше образды әлемінде өткен мен бүгін, бақыт, махаббат, сұлулық туралы поэтикалық және философиялық ойлары біртұтас ою-өрнектік астарлы мәнге ие болған. Балнұрдың картиналарында түстердің үйлесімділігін және түрлі-түсті реңктердің үйлесімді байланысы, бояудың ашықтығы, көрерменнің көңіл-күйін көтеріп, адам бойына қуат береді. Оның сәндік – кескіндемелі мәнерде орындалған туындылары ерекше сазды. Суретші өз еңбектерінде ғасырлар бойы қалыптасқан түстер мен белгілердің күрделі символикасына да үлкен мән береді. Оның кескіндеме және гобелендерінде дәстүрлі өнердің жаңа мүмкіндіктері көрсетіледі, сонымен қатар, сөзбен жеткізе алмайтын ерекше тартымдылығын сақтап қалады. Суретші табиғат сарындарына жиі жүгінеді және гобелен өнерінің сәндік-өрнектік дәстүрінің мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз көзқарасын білдіреді. Түстер мен реңктердің үйлесімін ашық қылып, ерекше образдарды құрайды.
Барлық шығармашылық ізденісінде суретшінің жеке тұлғасы мен таланты, зердесі мен ішкі түйсігі үлкен орын алады. Дәл осы қасиеттері оның жұмыстарын ешкімге ұқсамайтындай заманға сай етеді.
Балнұр Асанова шығармашылығымен бірге ғылыми қызметті қатар алып келеді. Ол көшпенді өркенниеттің феномені саналатын көркем киіз және қазақ мәдениетінің, декор-өрнек бейнелемесі мен оның заманауи дизайнерлік тәжірибеде қолданылуын, көне және ортағасырлық кезеңде қазақ ұлттық киімінің тарихи және этнографиялық дамуының ғылыми зерттеулерімен айналысады.
Көрменің кураторы - Гүлайым Жұмабекова, Қазақстан қолөнер орталығының жетекшісі.