«Қазақфильм» Азия-Тынық мұхит аймағындағы киноөндірушілер Федерациясына мүше атанды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ТМД елдері ішінен алғаш болып Азия-Тынық мұхит аймағындағы киноөндірушілер Федерациясының мүшесі атанды. Киностудияның Федерация құрамына кіретіні туралы шешім басқарма мүшелерінің Бейжіңде өткен «Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдердің кино саласындағы бірлескен ынтымақтастығы – 2018» атты 10-шы съездінде айтылды.
«Қазақфильм» Азия-Тынық мұхит аймағындағы киноөндірушілер Федерациясына мүше атанды

Азия-Тынық мұхит аймағы киноөндірушілер Федерациясын 1954 жылы Гонконгтың танымал кинематографисті, меценаты, медиамагнаты, Қытай киноөндірісінің бастауында тұрған Шау Ифу құрған.

Федерацияның негізгі бағыты – киноөндірісті дамытудағы ықпалдастық, Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдер киногерлері арасында достық қарым-қатынасты нығайту, сонымен қатар, Азиядағы тарихы тереңде жатқан кинофестивалді өткізу.

Кинематографиясы дамыған, әлем мойындаған Жапония, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Кореймен қатар, Федерация құрамына, киноөнері қарқынды түрде дамып келе жатқан Австралия, Жаңа Зеландия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Сингапур, Филиппин, Иран, Пәкістан және басқа елдер де енген. Барлығы 24 мемлекет.

Қазақстан кинематографистері үшін бұл жаңаша даму, киноөндірістегі жаңа технологияларды игеру және Федерация мүшелігіндегі елдермен бірлескен жобаларды іске асыру арқылы сол елдің кинорыногына ену.

Айта кетелік, халықаралық ынтымақтастық бағытында киностудия бірнеше жобаларды да қолға алған. 2017 жылы «Қазақфильм» үндістандық кинематографистермен бірлескен жобаны іске асырған болатын. «Қазақфильмнің» қатысуымен еліміздің көрікті жерлері көрініс тапқан режиссер Сачиндра Шарманың  «Love you family» атты туындысы алғаш рет тек қазақ тіліне тәржімаланып, «Туған үйім тірегім» атты атаумен отандық кинопрокатқа жіберілді.

Сондай-ақ, киностудияның өндірісінде Азия-Тынық мұхит елдері киноөндірушілері Федерациясының тағы бір мүше мемлекеті - Қытаймен жобасы бар. «Композитор» фильмі екінші дүниежүзі соғысында Алматыда өмір сүрген қытайлық композитор Си Син Хай мен қазақтың ұлы композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығы туралы баяндайтын көркем туынды.

Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің киноөндірушілер Федерациясына мүше болу «Қазақфильмге» бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндігін береді. Бүгінде бұл киностудияның басымдық беріп отырған бағыттарының бірі.