Якоб және Вильгельм Гриммдер – романтизм дәуірінде пайда болып, оның гүлденген шағында өмір сүрген, германистиканың негізін салушылар. Өз халқын жақсы білуге деген құлшынысы, ауыз әдебиетіне, халықтық тіл мен мәдениетке ықыластарының оянуы – соның көріністерінің бірі. Ағайынды Гриммдер Германиядағы ұлттық біртектестік пен тілдің дамуына зор үлес қосты. «Халық поэзиясы» мен «халықтық тілдің» маңыздылығына баса мән бере отырып, олар көптеген халықтардың ұлттық рухының өркендеуіне мүмкіндік туғызды.
Ағайынды Гриммдердің шығармашылығы неміс және Еуропа мәдениетіне едәуір ықпал етті. Көрмеге қойылған «Қызыл телпек», «Күлбикеш» және «Ұйқыдағы ару» сияқты әлемге әйгілі жекелеген ертегілерге жасаған иллюстрациялар – осының айқын мысалы. Тіл мен композицияның ерекшеліктерін сақтай отырып, ағайынды Гриммдер неміс ауыз әдебиеті ертегілерінің ерекшеліктерін жеткізіп, оларға көркем әдебиетке тән сипат берді. Желілік оқиғалардың қарапайымдығы мен айқындығы және мазмұнның тереңдігі – Гриммдердің ертегілерінің айрықша қасиеттері. Олардың «Бремен музыканттары» әр заманда елдерді аралап, саяхаттарын жалғастырып келеді.
Осы көрме Кассель қаласындағы «Ағайынды Гриммдер қоғамы» ҚҰ басқарушы директоры, доктор Бернхард Лауэр мырзаның басшылығымен ұйымдастырылды. Көрменің ашылуы аясында Германия Федерациялық Республикасының Елшісі Рольф Мафаэль, Бас консул Йорн Розенберг, «Ағайынды Гриммдер қоғамы» ҚҰ басқарушы директоры, доктор Бернхард Лауэр мырза және Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры, профессор Гүлмира Шалабаева БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізеді.
Баспасөз қызметінің жетекшісі – Клара Исабаева