Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдігімен белсенді ынтымақтастықта ортақ жобаларды іске асырып келеді.
Қазақ және Иран елдері арасында ежелден-ақ мәдени байланыс орнаған және бүгінде одан әрмен өрбуде. Дәстүрлердің тұтастығы мен достықтың белгісі іспеттес «Наурыз мейрамы» ортақ жобалардың бірі ретінде өткізіліп келеді.
Омар Хайям, Саади мен Хафиз сынды біртуар ақындардың Отаны – Иранның тумасы Фирдоусидің туындысы, парсы әдебиетінің жауһарларының бірі – «Шахнаме» поэмасының көркем безендірілген сюжеттері осы көрмеден орын алатын болады.
Көрме экспозициясынан көрнекті орын алатын көркемөнер туындылары, сәндік және тұрмыстық бұйымдар Иран өнері мен қолөнерін келушілерге паш етеді. Оның ішінде Иран дәстүрлі өнерінің ерекше үлгілерінің бірі – «хатам» (парсыша خاتمکاری , khatam-kari немесе (парсыша خاتمبندی, khatam-bandi) техникасында, яғни ежелгі парсы техникасымен ағашты ойып, әшекейлеу арқылы жасалған бұйымдарды атап айтуға болады. Бірнеше мыңдаған жыл бұрын Иранда «минакари» (парсыша میناکاری, Mina-kari немесе парсыша میناسازی, Mina-sazi) деп аталатын техника бойынша түрлі-түсті эмаль жалату арқылы дайындалатын металл бұйымдарды дайындау дәстүрі қалыптасқан болатын. Орталығы Исфахан қаласы саналатын бұл дәстүр бойынша жасалған бұйымдар хатам және парсы кілемдерімен бірге Иранның ұлттық мақтанышы болып есептеледі. Иран шеберлері бұл техниканы қазіргі кезге дейін өз қалпында сақтап келген.
Иран өнерінің таңдаулы түрлеріне каллиграфия да жатады, ол Құранның мәтінін, хадистерді, хаттарды, поэтикалық шығармаларды безендіруге пайдаланылған. Иран шеберлері безендірген түрлі бұйымдардағы Құран аяттары осы көрменің көркін келтіретін болады.
Көрме экспозициясына Иран мәдениеті және дәстүрлерімен таныстыратын 100-ден аса сәндік-қолданбалы өнер үлгілері қойылады: көне бұйымдар, өнер туындылары, миниатюралы мүсін, кескіндеме, қыш және металдан жасалған бұйымдар (құтылар, сауыттар, подностар, табақтар және т.б.).
Көрме экспозициясы үшін арнайы таңдалып алынған ирандық қолөнер шеберлерінің көркем бұйымдарының озық үлгілері Алматының әккі жұртшылығын тәнті етері сөзсіз.
Көрменің ашылу салтанатына Иран Ислам Республикасының Бас консулы Хамид Реза Аршади мырза, Иран Ислам Республикасының Мәдени Өкілдігінің директоры Сейед Джавад Джалали қатысады.
Сондай-ақ, аталған шара аясында парсы каллиграфиясы бойынша шеберлік сабағы және ирандық музыкалық топтың қатысуымен концерт өткізіледі.
Көрме 2018 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады.