Мақала / #студентСөзі
Аридаш Оспанбаеваның режиссурадағы алғашқы қадамы
Бөлім: Театр
Датасы: 23.01.2018
Авторы: Карима Аxан
Мақала
Аридаш Оспанбаеваның режиссурадағы алғашқы қадамы
Бөлім: Театр
Датасы: 23.01.2018
Авторы: Карима Аxан
Аридаш Оспанбаеваның режиссурадағы алғашқы қадамы

Күз болса ұзын
қонышты етігін сарт басып академия қабырғасында жүретін сұңғақ бойлы сұлу қыз
кімнің болсын назарында. Ұстаздардан бастап студенттерге дейін басын изеп, оң
қолын жүрек тұсына қойып сәлем беріп жүретін. Өн бойынан асып тұрған талант пен
көп адамдар қажет етпейтін қарапайымдылық тізесінен төмен түсетін пальтолы
қыздан қатты аңғарылатын. Кез-келген адаммен тіл табысатын қасиеті мен өн-бойын
тік ұстап жүруі тек – Аридаш Оспанбаеваға тән еді. Басқан қадамы нақ. Өмірлік ұстанымының
нақтылығын айқындайтындай. Адамның мінез-құлқын бір қарап зерттей алатын, өз
көзқарасын кідірмей, түсінікті жеткізе білетін, жеке пікірі, өзгелердің де
ойын тыңдай алатын Аридаш, режиссер болуға туылғандай...

Аридаш Оспанбаева

Ол 1995 жылдың
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өмірге келді. Анасының түрлі
ертегілеріне қанып өскен ерке қыз, «өнерге ес білгелі ғашықпын, театрды бала
кезімнен армандадым» дейді. Оқушы кезінде Б.Соқпақбаевтың «Қожасындай» болған
екен. «Сабақтан да, бұзықтықтан да алдыма жан салмадым» деседі, сұхбатында.
Концерттік шараларды ұйымдастыру оқушы Аридашсыз өтпейтіні анық еді.

Арман қуып Алматыға
келген шығыс өңірінің қызы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына
«Театр өнері» факультетінің «Драма режиссері» мамандығы бойынша Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әубәкір Рахимовтың шеберханасына 2013
жылдың күзінде қабылданды. Содан бері сабақты үздік оқып, «Президенттік стипендияны»
екі дүркін жеңіп алды. Өз факультетінде студенттік басқарманың төрайымы болып
келеді. Академияға қарасты «J'ART» студенттік театр лабораториясын құрды. Онда
көптеген актерлік тренингтер мен шығармалардан үзінділер қойылып келеді. Бұл өз
кезегінде ізденуші актер жастардың шеберлігіне қосар үлесі жоғары бастама
санатында.  Жан-жақты Аридаш «Арлан»
көркемөнер театрында модель болған. Сонымен қатар, «Арлан» модельдерімен 2014
жылы «Астана күніне» арналған галлографиялық спектакль қойған. 2017 жылы Алматы
қалалық «Балалар күніне» арналған мерекелік шараның қоюшы режиссері жәнеде Қапшағай
қаласының 47 жылдығына арналған концертін ұйымдастырып, қалалық әкімшіліктен
алғыс алып қайтты. Осы сынды студенттік шаралардан мемлекеттік мейрамдарға
дейін ұйымдастыру ол үшін қалыпты жұмыс.

Студенттік
жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтсақ:
республикалық пәндік олимпиядадан жапон драматургі С.Хасимотоның «Под стук
трамвайных колес» шығармасы бойынша «До-Дес-Ка-Ден» спектаклін қойып І орын
иеленді. 2016 жылы Мәскеу қаласында өткен «ІХ Халықаралық өзіндік режиссерлік
жұмыс» фестивалінде В.Н. Гогольдің «Записки сумашедшего» пьесасын сахналап «За
не стандартный решение классики» номинациясы бойынша «Гран-При» жүлдесін жеңіп
алды. Театр өнеріне аса кірпияздықпен қарайтын Мәскеу қаласының өнер
жанашырларын өз дарынымен мойындатып, академия мақтанышына айналып отыр. Оқу
жылының 4 курсын қорытындылайтын жұмысы ретінде «Самоубийца» спектаклін «J'ART» студенттік театр лабораториясында
өткізді. Бұл спектакльдерінің ерекшелігі жастардың жанына жақын көріністермен шешім
табуында. Режиссердің заманауи ойы мен қызғылықты түсінігі қызыға көруге
тұрарлық дүниелерді өмірге алып келіп жатыр. Аридаш – абсурд жанрында ой
қозғағанды ұнатады. Бұл бағыттың өзіндік ерекшелігі мен қалыпсыз логикасы
бүгінгі таңда өзекті екені мәлім. Елімізде абсурд – қыр-сыры толық ашылмаған,
әлі талай зерттеулер мен эксперименттерді қажет ететін бағыттың бірі болса, оны
өз кезегінде пайдалана білу заманауи өнерге еркін самғаумен тең.

Студент кезіндегі
жарық көрген шығармалар тізімін жоғарыда айта өттік. Режиссердің айтары: «Театрдан
өмірде қайталауға болмайтын, тек сахнаға тән көріністерді көрсеткім келеді» дейді.
Ал тақырыптарына көз жүгіртсек өз-өзіне қол жұмсау, өмірден бас кешу, ал соңғы
қойғаны тұрмысқа шықпаған қыздың мұңлы тағдыры т.с.с секілді өмірде болып
жатқанына өкінішпен қарайтын жағдайлар. Яғни, режиссердің түпкі идеясы
трагедияға толы шығармаларды өзіне тән интерпитациясымен театр сахнасына орнатып,
соңы қайғығы душар ететін мәселелердің сәл де болсын себебін ашып, анықтау
секілді. «Театр – рухани азық алатын мекен» деген стереотиппен келетін халыққа,
«Мынадан жеріп, қайталамаңдар!» деген үндеу тастағандай.

Режиссерлік
шеберліктің соңғы курсына қадам басқан А.Оспанбаева кәсіби тұрғыда спектакль
қойды. Ұлттық театр өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық
драма театрында 2017 жылдың 29 желтоқсан күні «Жүрегімнің иесі» психофизикалық
спектаклінің премьерасы өтті. Жас драматург Айдана Аламанның «Бір күндік ғұмыр»
пьесасы бойынша сахналанған шығарма тақырыбы қоғамдағы өзекті мәселенің бірі.
Оқиғаның мазмұнына келер болсақ тақырыптың өзінде берілгендей 38 жасар Дариға
есімді қыз жүрегінің иесін күтумен болады. Негізгі тартыс кейіпкердің өз
жан-дүниесімен күресуге құрылып,  ұзақ күтудің
қандай ауыр сезім екендігі, нәзік жанды Дариғаның ішкі хәл күйін баяндап, ешкім
көрмейтін, өзгеге айта алмайтын жүректің түбіндегі жеке трагедиясының көрінісін
жеткізеді. Оң босағада өткен өмірі бір күндей байқалмай кетіп жатқанын
көрсетеді. Шығарма тізбегінде қыз жасының үш кезеңін береді. Алғашында 38 жасын,
кейін 30 жас және соңында 23 жасты көрсетеді. Пьесаға тән ерекшеліктің бірі
уақытты кері айналдыру арқылы оқиғаны жеткізу.

Бір кем
дүние... Жұмысы мен материалдық жағдайы жарасып тұрғанымен өмірлік серігін таба
алар емес. Оның жолықпауына кім кінәлі? Ешкімді аямайтын, қатігез қоғам ба? Шексіз
махаббатына бөлеп, өзімшіл болуға тәрбиелегенін байқамаған ата-ана ма? Әлде талғамы
биік арудың өзінен бе бар мәселе? Пьесаның мазмұны, автордың тілі оқырманды
бірден баурап алатыны рас. Шығарманы оқи түссең, заманауи тіл мен ремаркалардан
қысқа метражды фильм көргендей әсерде қаласың. Оған символикалық астармен
берілген сәттері себеп. Бірақ, оны сахнаға шығарудың машақаты бөлек әңгіме. Осы
тұрғыда режиссердің көп ізденіп, шығарманы өзінің өн-бойынан өткізіп, қайта
тудырғанына пьесамен таныс көрермен куә. Мысалы, пьесадағы мына бір сәт: құмыра
толы хат 38 жасында аузы-мұрнынан шығып тұрады, үйді тазалап жүрген Дәриғаның құрбысы
Жансая абайсызда оны сындырып алады. Ал құмыра ішіндегі хаттардың барлығы Дәриғаның
өз қиялынан, асқақ арманынан туған жігітке арналған сыры еді. Құмыра сынған соң-ақ
үміттің үзілгендігі, арманының күлі көкке ұшқандығы түсінікті болды. Кейін,
Дәриға Жансаяға:

- Не істедің сен, Жансая?!

- Кеш...
Кешіріңізші... Мен... Мен... Мен әдейі емес!.. Байқамай...

- Сколько раз
повторяла?!  Жансая...

- Қаз... қазір бәрін
жинап...

Осындай қысқа қайырылған сөздің
астында, шекені қысқан ауыр сөздер, ашу-ыза жатыр. Бұл көрініс экранда оңай
жеткізілер еді. Оператор объективін туралап, монтаждық дәлдікпен шығарғанынан-ақ
негізгі ой әсерлі жетер еді. Сахнадағы машақат мүлдем бөлек. Әр қойылым сайын
бір құмыраны шағу, қып-қызыл шығын екені рас. Осы тұрғыда режиссер, хатты
сөренің жоғарғы тұсына қойғызып, Жансая
сүрініп кетіп хатты түгелімен шашып жібереді. А4 форматтағы парақтардың «хат»
екені де белгісіз. Тек бірден, шашыла кеткенде құдды бастық қыздың маңызды
құжаттарын умаждағандай әсер берді. Бұл сәтсіз шықты дегенге келмес, бірақ спектакльді
аяғына дейін қараған көрермен түсінері анық. Тек пьесадағы әсерлі сәт сахнада
өз маңызын жойып, режиссерге қиындық туғызып жатты. Пьесаның көлемі – 14 бет. Сценарийге
өте ұқсас. 1 жарым сағаттық қойылым шығару үшін жеткенімен, артистке мінезді
ашу, көрерменге жеткізуде жұтаңдыққа ұшырағаны байқалды. Өйткені ремарка көп,
диалог қысқа қайырылғандықтан қойылымның кейде қойыртпақтанып кеткеніне ой мен
сөздің қысқа қайырылуы да себеп болған. Пьеса ҚР Мәдениет және спорт
министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы – 2016» байқауында ІІІ жүлделі
орнынды иеленгені белгілі.

Спектакль
пластикалық шешімде қойылған. Бүгінгі тілмен сөйлесек «отты» шешімдері көп. Бұл
режиссердің негізгі идеясы еді. Пьесаның тілі жетпеген сәттерді қимыл арқылы
көркем жеткізді. Сөз еленбейтін заманда бұл ұтымды шешімнің санатында болып
қалмақ. Драматург, балетмейстер (Г.Мухамеджанова) және режиссер идеясының бір
нүктеде тоғысуы көз тоярлық дүниені өмірге алып келді. Спектакльде жұптық
көркем би (танго) ауыз ашып, көз жұматындай әсерлі шықты десек артық емес.
Академиялық театрдың көрермендері бір сәт шоуға ерік беріп, шапалақ ұрып жатты.
Бұл да бір жетістік. Осы тұста артистердің шеберлігін айтпасқа болмас. Дәриға
(С.Құлымбетова) толыққанды ашуға партнердің орны үлкен роль атқарды. Жансаяны
сомдаған актриса Д.Үсенова көрерменді бірде күлдірсе, енді бір уағында тыңдаған
құлаққа сөзді сүйектен өткізе жеткізе білді. Станиславскийше айтсақ,
«сендірді». Актерлердің физикалық мүмкіншіліктері жоғары екенін байқадық. Мұны
елес ретінде арьерсценада келтірілген «целлофанның»
артында сымбатты жігіттердің қимыл әрекеті дәлелдейді. Шығарманың түсін қанық
қылуда жарық пен фондағы бейнелердің және құлақта сақталып қалатын әуендердің
алар орны зор болды. Декорацияның да маңызы ерекше. Кіші залдың сахнасына
ықшамдап келтірілген реквизиттерде шығарманың басынан аяғына дейін түрлі қызмет
атқарды. Актерлік ойыннан бастап, жарық пен дыбыстың соңғы нүктесіне дейін режиссердің
жіті бақылауында болғанын дайындық барысында аңғардық.

«Алыстан алты
жасар бала келсе, алпыстағы кәрия сәлем береді» дейтін еді дана қазақ. Бас
театрдың жастарға ұсынар мүмкіншілігі мен берер көмегі көп-ақ. Бұл туындының
авторы да, режиссері де, жанры да буыны жас. «Жаңа» мен «жас» егіз ұғым. Жаңашылдықты
ту еткен театр ұыжымына және жас режиссер Аридаш Оспанбаеваға тек шығармашылық
табыстар тілейміз!