Мақала
Өткеннің қазіргі жаңғырығы...
Бүгінгі күні халқымыздың қолданбалы-сәндік және музыка өнері Қазақ елінің бірнеше дәстүрін сақтап қалды. Оны тыңдап, көзбен көріп, қолмен ұстауға да болады. Жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін арттыру мен халқымыздың салт-дәстүрін бойларына дарытумен бірге қайта жандандыру – болашағымыздың басты мақсаты болып табылады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 03.03.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Мақала
Өткеннің қазіргі жаңғырығы...
Бүгінгі күні халқымыздың қолданбалы-сәндік және музыка өнері Қазақ елінің бірнеше дәстүрін сақтап қалды. Оны тыңдап, көзбен көріп, қолмен ұстауға да болады. Жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін арттыру мен халқымыздың салт-дәстүрін бойларына дарытумен бірге қайта жандандыру – болашағымыздың басты мақсаты болып табылады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 03.03.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Өткеннің қазіргі жаңғырығы...

2017 жылдың 2 наурызында Қазақ Мемелекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде наурыз айында өткізілетін мерекелерге арналған «Ғасырлар қойнауынан» атты кезекті музыкалық вернисажы өтті. Кеште, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты этно-фольклорлық «Тұран» ансамблі ежелгі түркі және көне қазақ әуендерін орындады. Концерт қазақ халқының көне ғасырдан бері белгілі, төл-мәдениетінен сыр шертетін қолданбалы-сәндік өнері орналасқан залда өтті. Бұл кеш келген қонақтарға Орта Азия елдерінде атап өтілетін Наурыз мейрамы жайында және оның қолөнердегі басты символдарын баяндап беру мүмкіндігін тудырды. Музейдің сәндік-қолданбалы өнері орналасқан залында айқын ұсынылған экспонаттары және олардың ою-өрнектерінің мағынасы – текеметтегі күн және оның үздіксіз қозғалысының символына айналған аспан әлемі, шуақ, сәуле бейнесіндегі дөңгелек толқынды оюлар; сонымен қатар, бай гүл өрнектерімен кестеленіп тігілген түскиіздердегі әр түрлі элементте қайталанған өсімдік тәрізді бейнелер қазақ даласының көктемгі мезгілін, әсем табиғатының қайта тіріліп гүлденуін суреттейтіні жайында және т.б. бірнеше көне халық өнерінің қайталанбас туындыларының мағыналары ашылып, қысқаша талқыланды.

Жалпы, «Тұран» тобы құрылуының негізгі идеясы: көне архаикалық аспаптардың дыбыстарын қайта жаңғырту және жаңа әуен іздеу болып табылады. Ансамбльдің қатысушылары Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Серік Нұрмолдаев, Абзал Арықбаев және Ержігіт Әлиев – қылқобыз, жетіген, шінкілдек, шертер, данғыра, қоңырау, бұғышак, сазсырнай сынды басқа да көне аспаптарын жетік орындайды, ал Абзал Арықбаев ең ежелгі өнер түрі мақамды тамақпен орындау әдісін меңгерген.

Негізінен, әрбір музыкалық аспаптың өзіне тән дыбыс бояуы (тембрі), динамикалық ерекшелігі және белгілі бір диапазоны болады. Музыкалық аспаптардың дыбыс шығару сапасы оларды жасаудағы қолданылатын технологияларға, жасалынатын материалдардың түріне, дыбыс шығару тәсіліне де байланысты келеді.

Қазақтың музыкалық аспаптары (домбыра, қобыз, сыбызғы, даңғыра, шертер, жетіген, шаңқобыз, ортеке т.б.) ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан мәдени мұра деуге болады. Сонымен бірге, қонақтарымызға барлық аспаптардан бастау алатын, музей қойылымында тұрған домбыра мен қылқобыздың мәні ерекше атап өтілмек. Мысалы, домбыра - қазақ халқының кең тараған ұлттық музыкалық аспабы. Бұл аспаптың үні қоңыр, құлаққа жағымды, әрі жұмсақ болып келеді. Домбырада орындалатын күйлер қазақ елінің сайын даласын суреттеп, халқының ішкі жан дүниесінен сыр шертеді.

«Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-сәл кем бұра.
Нағыз қазақ, қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра»

- деп ақындарымыз жырлап өткендей, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алатын аспап - қоңыр үнді домбыра екені рас.

Ал, қылқобыз – қазақ халқының ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көнесі. 9-10 ғасырларда өмір сүрген Қорқыт ата дәуірінен бері бұл аспаптың сарыны үзілмей келеді. Қылқобыз – екі ішекті, ыспалы музыкалық аспап. Жалпы, ұлттық аспаптардың ішіндегі қобыз киелі, қасиетті болып саналады. Оның ішегі мен ысқышы жылқының қылынан жасалынады. Оның қылқобыз аталуының себебі де сондықтан болар.

Осындай мағыналы аспаптарда өнер көрсетіп жүрген ұжымның бірегейлігі мен даралығының айқындылығы ансамбльдің орындауындағы алғашқы дыбыстарынан-ақ байқалады. Концерт бағдарламасында қазақ елінің тарихынан үзінді ретінде «Ұлы Тұран – Мәгілік ел» атты шығармалары, орындаушылар арасында жарыс түрінде өтетін «Шабыт» және қазақ халқының ежелгі қуыршақ дәстүріндегі «Ортеке» шығармасы және т.б. күйлер жаңаша мәнерде орындалады. Олардың шығармаларындағы нысандар көне аспаптардың бейнесіне және вокалды шығармаларға жақын келеді. Ансамбльдің орындауындағы дыбыстардың үндесуі де ерекше, тіпті өзіне баурап алатын қасиеті де баршылық.

Қазақ шеберлерінің түрлі заттар мен әдіс-тәсілінде орындалатын сәндік қолданбалы өнері қазақтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін баяндап берсе, ұлтық аспаптардың орындалуындағы музыкасында өмірге деген философиялық көзқарасы, ішкі жан-дүниесі мен қазақи мәнердегі жүрек ырғағы жатыр деуге болады. Қазіргі таңда қазақ халқының құнды жәдігерлері мен ұлттық аспаптарды және сол аспаптарда орындалатын шығармаларды заманауи үлгіде қайта жаңғырту аса маңызды. Қазақ халқының көне заманнан бері белгілі қолөнері көшпенді елдің тұрмыс тіршілігі мен салт-дәстүрін, қандай материалды қолға алса да, қазақи мәнерде шебер орындауы ұлттық ерекшелігі мен мәнерін тауып берсе, қазақ күйлерінде көшпелі өмір мен халық өнері, кең - дала рухы мен ат шабысының екпіні сезілсе, биязы мұңға толы баяу әуендерінде кешкі ымырттағы жыраудың баяны, қазақ халқының бастан кешкен қиын кезеңдері мен жеке адам жанының күйзелісін сездіріп, жанға жылы, таныс әуендері адамды баурап алатын ерекшелігі де бар.

Өнер әлемінде бір-бірімен тығыз байланыста жүрген қазақтың сәндік-қолданбалы, музыка мен бейнелеу өнерінде қазіргі таңда ұлттық тұрғыдағы тақырыптар, тарихи кезеңдер, өткенге үңілу, бағалау, заманауи үлгіде қайта дем беру – мәдениетімізді сақтап қалуда үлкен септігін тигізері анық. Әрбір халық бірінші кезекте мәдениетімен танылады және сол арқылы сый мен құрметке ие бола алады. Сондықтан да, өнерге деген көзқарас жоғары деңгейде болу керек. Оның әр саласындағы атқарылып жатқан мәдени іс-шаралар, тарихи оқиғалар, маңызды мәліметтер шеттен тыс қалмауы керек.