Мақала
Әбілхан Қастеев шығармашылығындағы ұлттық ою-өрнектер тағылымы
Әбілхан Қастеевтің шығармашылығында көпшілік қауымға аса таныла бермеген қыры осы ою-өрнектер саласы. Ұлтқа тән бояумен, ұлттық санадағы сұлулық пен талғамды өрнектің әр ирімдеріне байланыстырған шебер 300 ге жуық ою-өрнек түрлерін кейінгі ұрпаққа мұраға қалдырды
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 04.10.2017
Авторы: Бәтиза Әди
Мақала
Әбілхан Қастеев шығармашылығындағы ұлттық ою-өрнектер тағылымы
Әбілхан Қастеевтің шығармашылығында көпшілік қауымға аса таныла бермеген қыры осы ою-өрнектер саласы. Ұлтқа тән бояумен, ұлттық санадағы сұлулық пен талғамды өрнектің әр ирімдеріне байланыстырған шебер 300 ге жуық ою-өрнек түрлерін кейінгі ұрпаққа мұраға қалдырды
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 04.10.2017
Авторы: Бәтиза Әди
Әбілхан Қастеев шығармашылығындағы ұлттық ою-өрнектер тағылымы

Өз дәуірінің жыршысы атанған бір туар дарын иесі Әбілхан Қастеев есімі Қазақ бейнелеу өнерімен тығыз байланысқан бір тұтас ұғым. Жан дүниесі қарапайымдылыққа толы, сан қырлы суреткер болымысы қайталанбас құбылыс. Өнердің тылсым құпиясын жетік меңгерген шебер тақырыптық картиналар жазумен бірге тұрмыстық тарихи жанрларда, сонымен қатар портрет пейзажды қылқалам тілінде еркін суреттеп ел тарихының жылнамалық шежіресін жасауда өлшеусіз үлестер қосты. Әіресе халқымыздың қолөнер саласындағы тарих қойнауынан келе жатқан ұлттық өнер туындысы ою-өрнектерге де қосқан еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Ұлттық өнеріміздегі ою-өрнектер ұлы дала шежіресі. Халық даналығында оюмен ой айтқан елміз деп бекер айтпаса керек. Жанға ләззат сыйлайтын эстетикалық мәні зор бұл өнер түрі суретші шығармашылығында кеңінен көрініс тапқан құнды еңбектер. Дәстүрлік құндылықтарды берік ұстанған суреткер жастайынан анасы Халифаға көмектесіп оюдың түр-түрін оя білген. Аумалы-төкпелі заман талқысына түсіп, балалық шағын қиын күндер жетегінде өткізген ұлы тұлғаның еңбекқорлық қасиеті мен қайтпас қайсар мінезі оны өнердің биік шыңына жетеледі. Өнер әлеміне деген бала арманы сол жайлаудағы тасқа ағашқа ою-өрнектер салумен басталған еді. Әрбір сәт-сағатын қағыс қалдырмай қойын дәптеріне оюдың әр түрлі үлгілерін салу оның өмір жолындағы қалыптасқан өзіндік дағдысы болды.

Шығармашылығында көпшілік қауымға аса таныла бермеген қыры осы ою-өрнектер саласы. Ұлтқа тән бояумен, ұлттық санадағы сұлулық пен талғамды өрнектің әр ирімдеріне байланыстырған шебер 300 ге жуық ою-өрнек түрлерін кейінгі ұрпаққа мұраға қалдырды. Отбасылық жеке мұрағатта сақталған өрнектер топтамасын арнайы жинақ ретінде «Атамұра» баспасының тікелей қолдауымен 2015 жылы ақпан айында «Ә. Қастеев ою-өрнектер» атты кітабы көрермен назарына берілді. Кітапты жарыққа шығаруда суретшінің қыздары Гүлдәрия мен Гүлназия Қастеевалар әке қалдырған мұраны халық игілігіне ұсынуда үлкен еңбек етті.

Әрбір сәтін қалт жібермейтін қырағы суреткер жаңаша ою-өрнектердің әр түрін байыта отырып, көп нұсқасын өмірге әкелді. Оюлардағы қиында күрделі, қарапайым элементермен үлкенді-кішілі детальдардағы сызықтардың иірімдері көшпенділер өміріндегі дала сарыны іспетті. 1930 жылы салынған тұскиіз өрнегі классикалық стильде орындалған. Түстердің өзара үндестігі әрбір сызықтардың қоршаған ортамен байланысы космогониялық тәбиғат әуендерінің ғажайып елесін көз алдыңызға әкеледі. Тұскиіздің орта бөлігіндегі дөңгелек формамен орналасқан өрнектер шоғыры тепе-теңдікте математикалық нақтылығымен бейнеленген. Негізгі тұскиіз өрнектеріне тау жолдарын, бұлақ суларың, кош иісті гүл бәйшешек жапырақтарын бейнеленген өрнектер тобы жатса, ал суретші бұл тұскиіз ою-өрнегінде аса күрделі өрнектер құрлымын жасайды.

Сырмақ ою-өрнектер үлгісі геометриялық формаларды сақтай отырып, дөңгелек, төтрбұрыш, үшбұрыш көлмінен тұрады. Түстер өзара бір-бірімен қабысып түстік түзілім көңілге жылылық ұялатады. Ұлттық ою-өрнектерде «Қошқар мүйіз» өрнегінен бастау алған ою түрі дами келе неше алуан түрге еніп ара-жігі әр түрлі өрнектермен толыға түскен. Сызықтардың әрбір қозғалыс күйі ойнақы жеңіл әсер қалдырады. Суретшінің жан тебіренсі мен сезімге бай философиялық әлемінен туындаған өрнектер желісі көрген жанға ой салары анық.

1940 жылы оюланған сырмақ үлгісінде ұлттық оюларымыздағы балдақ, балта, толқын оюларына ұқсас өрнектер түрі симетриялық қайталамаларды жасай отырып, дәлдік сызықтарымен ерекшелейді. Сонымен қатар өсімдік тектес өрнектер үлгісіндегі сырмақ түрі нәзік сызықтар иірімдерінің өзіндік үлгісін қалыптастырған. Композициядағы қанық бояу түстері өрнектердің көркемдігіне үн қосқандай. Аспан денелерінің формасын құраған сырмақ үлгісі белгілі бір түсінік талғамынан туындаса керек. Себебі құс жолы ай мен күн белгілері бес жұлдыз, сегіз жұлдыз сияқты пішіндер халықтық таным-сенім түсінігінен хабар беріп отырған. Суреші табиғат заңдылықтарын көшпелі өмір салтымен ұстана отырып қолөнерміздегі сырмақтың әдемі үлгісін суреттейді.

Өрнектер құрлымы динамикалық қозғалыс күйін білдіреді. Түстік үйлесім қызыл, сары, көк түстерге негізделе шешілген. Ұлттық оюларға деген суретшінің ынта-ықыласы әрбір өрнектің нәзіктік пен әсемдікке толы күрделі кұрлымынан көруге болады. Оюлар түрленіп, байып, мазмұндалып, яғни стильденген өрнектерге айналып отырған. Олардың көркемдік мәні сюжет қалыптастырып, әр элемент ырғаққа бағынады. Ритм заңдылықтарын қатаң ұстана отырып, копозиция құрлымы өзіндік мазмұнымен толыға түседі. Яғни әрбір өрнектің символикалық мән-мағынасы бар сырлы құпияға енген. Мысалы халық шеберлерінің айтуынша күннің символы ретінде «дөңгелек», дүниенің төрт торабы ретінде «төрт құлақ» бейнеленеді. Ортасында күннің нұрын шашуы жұлдыз, ай белгілері өрнектерінің берілуі, сырт жағынан жапырақтармен өрнектелген «шұғыла ою», өмір сүрудің қайнар көзі деген белгілі бір таным түсінікке негізделген. Сондай-ақ, гүл оюларының өзінде халықтың дана ойы жатады. Гүл мен гүлтүйнегінің айқасып бірігіп салынуы бірлікті, елдің ынтымақты болуын меңзеген. Суретшіде әрбір ою-өрнегінде дала табиғатымен астасқан көшпелі тұрмыстың әуезді күйін құрайды. Халық дәстүріне деген сүйіспеншілік сызықтық ырғақтарынан туындаған көркем шығармалар. Туған жерге деген сүйспеншік пен сал-дәстүрге деген зор құрмет, жан дүниесіндегі өнерге деген кіршіксіз биік ұстанымы оның шығармашылық әлемінің айқын көрінісі болды.

Өю-өрнектер суретшінің көркем туындыларында да өз шешімін тапқан. Айталық, «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Кенесары портреті», «Абай портреті», «Жамбыл портреті» т.б. шығармаларында оюуланған тұрмыстық бұйымдарымыз ұлттық нақышта айшылықталып, өрнектермен тұтасқан. Бұл біріншіден, суретшінің натураға адалдығын анық аңғартса, екіншіден, тұрмыстық мәдениетіміздің жоғарғы деңгейін дәделдей түседі.

«Киіз үйдің ішкі көрінісі» атты шығармасында көшпелі қазақ халқының өмір-тіршілігі толық қамтылады. Киіз үй іші киелі қолөнермен безендірілген. Тұскиіз, шымылдық, басқұр, аяққап, текемет т.б. сәндік бұйымдарды оюлармен өрнектей отырып, сырға толы бояу үндестігімен ерекшелейді. Басқұрдағы «қошқар мүйіз» өрнегі мен тұскиіздегі «гүлжапырақ» оюлары бірыңғай ритм құрап орналасқан. Яғни «гүлжапырақ» оюы бар тұскиіз туған жерін сағынғанда дала гүлін көз алдымызға елестететін өсімдік тектес өрнектер түрі.

Шебер мың құлпырған дала бояуын өсімдік тамырларынан жинап, туған жерінің әсем көрінісін сырмақ пен тұскиізге, кілем мен алашаға оюлап көңіл-күй пернелерін кестелей түскен.

1937 жылы жазылған халық ақыны Жамбыл жабаевтың драмалық портретіде композиця құрлымы өрнектермен бейнеленген. Оюланған сырмақ үстіндегі ақын образы шынайы суреттелген. Киіз үй ішіндегі әрбір ұлттық бұйымдарымызды үлкен ықыласпен, ұсталық шеберлікпен, зергерлік ісмерлікпен, шешендік айту тілімен кенеп бетінде баяндайды. Сырмақ бетіндегі «Сынық мүйіз оюы» мен «Сыңар мүйіз оюы» бір-бірімен қатар сырмақтың жиегіне өрнектелген.

Сонымен қатар, 1954 жылы кескінделген «Абай портреті» атты шығармада көркемдік шешімін ою-өрнектермен байланыстырады. Копозицияда артқы планды оюлармен өрнектейді. Суретшінің жоғарғы талғамымен, ақын жанын өрнектер философиясымен қабыстыра білуі шебер талабының биік көрсеткіші деп айта аламыз. Күн нұрының сәулесін шаша ырғақ құраған ою түрі «гүл жапырақ» өрнектерімен араласып символдық мәнге ұласқандай. Ойшыл әлемінің халқына жарық шашқан көркем келбетіне үн қосқан өрнектер сырлы қасиетке ие. Геометриялық әр түрлі формалардағы оюлар ақын болмысының тылсым құпиясын тереңдете түседі.

Этномәдениеттің бір бөлігі болған ою-өрнектер әлемінің ішкі иірімдеріне тікелей бойлап, жүйелі ырғақтар құраған суретші еңбектері кейінгі ұрпақ қазынасы. Сюжеттік мазмұны мен түрлері өз дәуірінің тынысынанан сыр шертетін өрнек үлгілері шебердің жан дүниесінің әуендері. Дәлдік, теңдік, парасаттылық, жылулық, тазалық, нәзіктік беретін философиялық құндылықтарға толы рухани мұра. Бүгінгі таңдағы осындай ұлттық мәдени нақыштарымыздың символикалық мәндерін ғылыми зертеулерді қажет ететіні сөзсіз. Ою-өрнектердің халық игілігіне жарар құнды материал болатынына сеніміміз кәміл.