Мақала
QaraFest: Жігіттер, өзіміз боп кризистен шықпаймыз ба?!
Әуел бастан айтып қояйын, Petter Sommer мен Jo Vemund Svendsen-нің 2018 жылғы «Өзіміздің Жігіттер» (For vi er gutta) деп аталатын деректі туындысы – өте мейірімді фильм
Бөлім: Кино
Датасы: 25.09.2021
Авторы: Молдияр Ергебеков
Мақала
QaraFest: Жігіттер, өзіміз боп кризистен шықпаймыз ба?!
Әуел бастан айтып қояйын, Petter Sommer мен Jo Vemund Svendsen-нің 2018 жылғы «Өзіміздің Жігіттер» (For vi er gutta) деп аталатын деректі туындысы – өте мейірімді фильм
Бөлім: Кино
Датасы: 25.09.2021
Авторы: Молдияр Ергебеков
QaraFest: Жігіттер, өзіміз боп кризистен шықпаймыз ба?!

Фильмнің тақырыбы, аптасына бір рет, сейсенбі күні бас қосып, сыра ішіп, танымал рок әндерін хор форматында айтып көңіл көтеретін еркектер хорының күнделікті өміріне фокусталса да, негізгі көрсетілген нәрсе «еркектік кризисінен» құтылудың жолын тапқан еркек өмір.

Еркектік кризис дегеніміз не? Феминизмнің кеңінен жайылуының нәтижесінде патриархал еркектік (маскулиндік) практикалары сынға ұшырап, зерттеулер авторитар, гегемониялық еркектіктің адам баласына да, табиғатқа да қаншалықты зиян екенін көрсетіп берді. Бұл жағдай гегемониялық еркектіктен басқа еркектіктің бар екенін білмеген патриархал қоғамға соққы болды. Енді не істейміз? Шығар жол бар ма? Фильмде бұл сұраққа жауап беріледі.

Патриархал еркектік иллюзиясы және аласапыран

Адам баласының бұл дүниеге келудегі ең алғашқы сәті барынша трагедия болуы әбден мүмкін. Өйткені ес кіргенде біздерді елең еткізер дыбыс, жарық, я болмаса жылу, жаңа туған бала үшін травмалық ерекшелікке ие. Бұл жағдай аштықтың не екенін білмей, аш болуға ұқсайды. Өмірге келіп осынау трагедияға толы сәтті бастан өткеріп жатқаныңда саған қараған екі көзді көресің. Сол сәттен бастап бұл травмалық жағдай да жазыла бастайды. Шыққан дауыстың бояуы мен иіс және жаңағы саған қараған екі көз бірлесіп «ана» бейнесін қалыптастырады. Әр адам алғашқы махаббатын бөлшектермен өзі құрастырады. Психологиялық даму тұрғысынан қарар болсақ жәннат – ананың дәл өзі. Осылайша нәресте «жәннаттан қуылғаннан» кейін тіпті күн сәулесі де травмалық ерекшелікке ие болатын бұл дүнияда жаңа бір «жәннатқа» тап болады.

Алайда нәрестенің трагедиясы осы жерде біте салмайды. Ол жайлап өсе бастайды. Алдымен басын ұстай алатын жағдайға жетеді, артынша қолдарын қолдана бастайды, оның артынша отыру мен жүруді үйренеді. Сүтке толы бөтелкесін өзі ұстап іше алуы нәресте мен айналасындағыларды қуаныш пен ләззатқа кенелтеді. Алайда мұның бір құны бар: бұдан былай анасы оған бұрынғысындай көп қарамайды. Анасының жанында емес, басқа төсекте жата бастайды, тіпті басқа бөлмеде жата бастайды. Тіпті анасы жұмыс істей бастайды, үйде немесе сыртта. Осылайша бала санасында құрастырған жәннаттан айрылып қалады. Жаныңа жақын қылықтар жасайды бала. Анасы оған қайта қарауы тиіс. Мысалы тырқылдап күледі. Оның бұлайша күлуі анасына қатты ұнады. Олай болса бұдан да қатты күлуі керек. Міне дәл осы сәтте адамда «өзгенің құштарлығының объектісіне айналуға» құштар болу хәлі бастау алады. Бұл үдерісте бұрынғы жәннаттағы кезеңіне кейде-кейде жақындаған болса да, ешқашан бұрынғыдай толық әрі мінсіз сезіне алмайды бала. Ал өмірінің барлық қалған сәті осынау мінсіз кезеңге қайтадан қауышуға деген үмітін қорғаумен өтеді: Емтиханын жақсы тапсырса; Мектебін жақсы бітірсе, басқа еш нәрсе керек болмас еді; Бір көлік сатып алса, аяғын жерден көтерсе; және тағысын тағылар.

Капитализм, адамды құштарлық объектісіне айналдыратын тауарлар өндірудің шебері. Ол бұл жағдайды одан әрі үдете береді, үдете береді.

Адам баласындағы осынау кемтар болу сезімі арқылы іске асатын сынақ ер балаларда біраз өзгеше дамиды. Ұлдар кемтарлықтың орнын толтыруға жарайтын ерекшелікті сезіне алады. Яғни, оған осындай сезімді қоғам береді. Бұл жағдай аналар мен әкелердің ұл туғаны үшін өзін ерекше сезінуімен басталады. Ұл баласы жаздың күндері көшеде және үйде жалаңаш жүре алатын болса, қыз баласы үшін мұндай мүмкіндік тіпті үйдің ішінде жоқ. Осылайша ұл, қыз баласына қарағанда өзінің жоғары екенін ойлай бастайды. Әпшу көрсету – жоғары болу мен ерекше болудың материалға айналған хәлі.

Ал қыз баласы? Әсіресе егер өзінен бұрын тек қана қыздар туып, бұл да бәлкім ұл болар деп «жасалынған» болса, дүниеге келуімен ата-анасын өкіндіріп, келесі баламыз ұл болсын деп ол «Ұлболсын» немесе осыған ұқсас аттарға лайық көріледі.

Осылайша қыз баласы сол баяғы алғашқы жәннаттық сәттер үшін қайғырып, кемтарлық сезімімен өмір сүруін жалғастырады. Жалғастыруға мәжбүрленеді. Ал ұл бала болса қайғыруды кейінге қалдырып, қайтадан толыққанды жәннатқа ие бола алатындығына байланысты үмітке ие болады. Өзгелерді қызғандыратын және құштарлық объектісіне айналдыратын автомобиль немесе ақша сынды заттарға деген құмарлығы осы мәселеден туындайды. Қаншауымыз қыздарымыз кішкене бала кезінде «кім боласың» деген сұраққа «президент боламын» деп үйреттік? Патриархал мәдениет бұған рұхсат етпейді.

Сіздерге тағы бір қайғылы хабарым бар: Осынау патриархал мәдениет бір жақтан еркектікті жоғары көтерсе, екінші жақтан оған қауіп төндіреді. Патриархал мәдениеттің еркектікті тәрбиелеудегі методы осы! Еркектікті жоғары көтереді, алайда кез келген сәтте еркектіктен айырылып қалатынын да үнемі меңзеп отырады. Алғашқы меңзеу еркектіктің материализациясы әпшу арқылы келеді. Ұл, еркектігін көрсетуі үшін әпшуінің ұшынан азғандай теріні алып тастатуға разы болуы тиіс. Өз ризашылығымен қимасының ұшын құрбандыққа шалу – ұлдың алғашқы «еркекше батырлығы». Артынша әскерге бармаса еркек саналмайды (әскерге бармаса да әскерлік пен еркектік арасында байланыс құрып отыратын талай еркекті көрдік). Ал жыныстық ориентация тұрғысынан «әрине» гетеросексуал болуы тиіс, басқаша еркек бола алмайды. Яғни, еркек дегеніміз кемтар нәрсе емес еді ғой. Олай болса оның жылауы да абсурд. Көмек күтуді білмегенінен емес, көмекті қажет етпегенінен терапия сынды далбаса нәрселерге де бармайды. Әйел барады психотерапияға. Еркек дегеніміз ешқашан нәзік болмайды, шарасыз қалмайды. Оның орнына өкпелеп агрессиясын көрсетеді. Яғни шарасыздығын емес құдіретін көрсетеді. Алайда еркектіктің бұл мінсіз (толық) хәлі – жәй ғана иллюзия.

Еркектік, осынау «толық адам болу» иллюзиясын жалғастыруға мәжбүр. Еркектіктің бұл түріне әлеуметтік ғылымдардағы литератүрде «гегемониялық еркектік» немесе «патриархал еркектік» деп ат берілген. Сонымен қатар күнделікті танымал тілде «токсик еркектік» деп те аталып жүр.

Осылайша патриархал еркектік тек әйелдердің емес, еркектердің де дұшпаны. Өйткені партиархал еркектік соғыс ашады. Мысалы Джонсон, өзінен кейін президент болған Кеннедиді Вьетнамға әскер жібермей, саяси дипломатиялық жолды таңдағаны үшін «қатын сияқты адам» деп сипаттаған болатын (1). Патриархал еркектік ұшақты құлатады. Ғылыми зерттеулерде ұшаққа суицид жасау үшін мінген адамдардың көбінесе еркек екендігі және олардың ажырасу немесе еркектігіне қауіп төндірген бір оқиғаға тап болғаны байқалған (2).

Патриархал еркектік нәтижеде бір иллюзия болғаны үшін соншалықты әлсіз әрі нәзік жанды. Мысалы жанкүйері болып артынан қуып жүрген спорт командасы жеңіліске ұшырай қалса (бұл әсіресе футболда) жанкүйер еркек немесе спортшы өзінің еркектігіне зарар келгендей сезінеді. Екі аяғының арасынан доп өтіп кетіп гол болатын болса, бітті, еркектік кетті деген сөз! Нәзік жандылық тереңге бой алдырғаны соншалықты патриархал еркектің көшеде немесе трассада жолын кесіп алдына шығар болсаң сені басып озуға тырысады (бұл ең жақсы жағдайда).

Еркектің толық екенін, әрі кемтар емес екенін алға тартатын иллюзия жыныстық мифтерді де қалыптастырады және эректил дисфункцияның (яғни пенистің эрекциясының болмай қалуы) ең маңызды себебі. Бұл иллюзияның соншалықты нәзіктігі, эрекцияның бір рет дұрыс болмай қалуы патриархал еркектікке ие ер адамдар үшін бұдан кейінгі жыныстық қатынастарында да із тастап, жыныстық перформанс анксиетиге (үрей, тревога) шалдығып эрекция проблемасының тууына себеп болуы мүмкін. Тіпті бұл жағдайдың «импотенция» деп аталуының өзі патриархал еркектік, билік және сексуалитеттің символикалық түрде бір-бірімен қандай байланыс құратындықтарын да жақсы көрсетеді.

Патриархал еркектік иллюзиясы еркекке өзгелер тарапынан еш қарсылыққа ұшырамайтынын сүйіншілейді. Алайда шынайы өмір олай емес. Сондықтан да патриархал еркектікке ие еркектер қарсылыққа ұшырағанда ашуланады. Оның бұл ашуы негізінде әрі еркектігінің экспрессиясы, әрі қарсылыққа ұшырамайтынын алға тартқан елестің жермен-жексен болуына берген балаша реакциясы. Аласапыранға жол ашатын балашалық.

Проблеманың тағы да қызық жері патриархал еркектік тек қана еркектерде өмір сүрмейді. Әйелдерде бұл патриархал құндылықтар болады. Әйелдер жыныстық шабуылға немесе зорлыққа ұшырағанда «ол қатын ол уақытта не істеп жүр екен сол жерде?» деп сұрақ қоятын, еркекше боқтай алатындығымен мақтанатын әйелдерді көрген боларсыздар. Немесе зорлықпен алып қашып келген қызды «көндіріп», зорлықшысына тапсыратын патриархал еркектікке ие әйелдерді?! Сондықтан да патриархал еркектік әрі еркек әрі әйел тарапынан іске асырылатын және әрі еркекке де әйелге де үлкен жүк болатын қоғамдық миф.

Десек те бұл миф жоғарыда да айтып өткеніміздей қазіргі таңда көптеп сынға ұшырады және адамдар өздерін бұл мифтерден еркін сезіну үшін, бұл иллюзиядан тәуелсіздіктерін алу үшін терең-терең ойға шомылуда; шығар есікті табуға тырысуда. Көруге ұсынып отырған фильміміз де сол шығар есікті бізге көрсетеді.

Гегемониялық еркектік құндылықтарын қабылдамай еркек болуға бола ма?

Фильм бізге «болады» дейді. Шығар есік гегемониялық еркектікке қарсы альтернатив еркектік түрлерін өндіру және соны іске асыруда жатыр. Сыпайы еркектік, мозаика еркектік, ынтымақшыл еркектік, эмпатияға сүйенетін еркектік, инклюзив еркектік және тағы басқа. Фильм бізге гегемониялық еркектіктен басқа көптеген еркектік түрлерінің бар екенін көрсетеді. Бұл қарапайым достық фильмі емес, гегемониялық еркектік кризисінен шығу үшін аса қажетті байсалды ізденіс жолы.


QaraFest фестивалі аясында бұл фильмді «Арман» кинотеатрынан 25.09 сағат 16:00 (ескерту: Ashyq қосымшасының “жасыл” статусымен ғана кіре аласыз)және 28.09 сағат 19:00-де көре аласыз. Сондай-ақ, 3 қазан күні аталмыш фильмнің онлайн нұсқасын qarafilmfest.kz алаңынан көруге болады