Мақала
«Қыз Жібек» фильмі махаббат дастаны ма әлде ұлттың құрылуы, бостандыққа ұмтылысы ма?
Бөлім: Кино
Датасы: 31.01.2023
Авторы: Oner Portal
Мақала
«Қыз Жібек» фильмі махаббат дастаны ма әлде ұлттың құрылуы, бостандыққа ұмтылысы ма?
«Қыз Жібек» фильмі 2022 жылдың 6-желтоқсанында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 31.01.2023
Авторы: Oner Portal
«Қыз Жібек» фильмі махаббат дастаны ма әлде ұлттың құрылуы, бостандыққа ұмтылысы ма?
Қыз Жібек

«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы аясында талқыланған фильмдерге шолу жасамас бұрын нені ескерген жөн? Бұл жоба аясында қазақ киноқорының ондығына кіретін фильмдерді насихаттау, қазақ кинематографиясының шедеврлерін ұлықтау ғана емес, бүгінде адам құндылығын негіз ететін ғылыми теориялар, қоғам қажеттілігі мен сыни реализм тұрғысынан қарап, бағамдауға тырысу. Әлбетте үздік ондыққа енген фильмдердің көпшілігі кеңестік идеология өнерден де басым тұрғанда, цензура қыспағы күшейгенде түсірілген. Бұл тұрғыда уақыт, автор және қоғам тұрғысынан қараған жөн.

«Қыз Жібек» фильмі 1970 жылы экранға шықты. Бұл әрине, Сталиндік тоталитар режим босаңсыған кезең. Дегенмен «ұлы империялық идеялар» отарланған ел санасына дендеп еніп, советтік мәдени үстемдік орнай бастаған кезең. 1970 жылы Қазақстандағы халық саны 13 008 736 адам болса, этникалық қазақтар саны небәрі 4 234 166, яғни 32% ғана құрады. Саяси қуған-сүргін, аштық, соғыс салдары айтылмай, Советтік Одақтың, түптеп келгенде Ресейдің қазақ даласына «Ильич шамымен» қоса, білім, өнер, мәдениет келді дегенді жиі айтады. Осы кезде «ұлттық киноның» атқарған рөлі, көтерген жүгі ауыр еді. Біріншіден еңсесі түскен халықтың рухын көтерген, тарихы терең дәстүрін қайта жалғастырмаққа тырысқан еді. Ғабит Мүсірепов бір сөзінде «Қыз Жібек» кинокартинасы бұл ұлттың қалыптасу белгісі, бостандыққа ұмытылысы» деген еді.

– Ол кезде Қазақстан формалды түрде кеңестік одақ құрамындағы ел болғанымен, іс жүзінде отар ел болдық. Бұрын Ресей империясы болса, кейін кеңестік одақ деп аталды. Бірақ ешқашан ол өзінің империялық саясатынан бас тартқан емес. Тіпті «Қазақфильм» түсіретін әр фильм бюджеті, мазмұны, құрамы толығымен Мәскеуде мақұлданып, бекітіліп отырды. Осы орайда «Қыз Жібек» фильмінің ұлттық өнерімізді, тарихымызда бар сән-салтанатымен паш ететіндей ауқымда түсірілуіне ықпал еткен Камал Смайылов еңбегін атап өткен жөн. «Қазақфильм» басшылығында болғанда бұл фильм екі сериялы болуға тиіс екенін, Мәскеуге фильмде экстремистік, сепаратистік идеялардың жоқ екенін, қарапайым халық өмірі туралы фильм екеніне сендіріп, қаражат бөлдіріп, махаббат эпосының өте ауқымды ұлттық фильмге айналуына ықпал еткен адам.

Орталық, яғни Мәскеу жергілікті халықтың санасына «біз сіздерге қалалар салдық, зауыттар салдық, өркениет әкеліп, көздеріңізді аштық» деген нарративті сіңіріп жатқан кезеңде бұл фильмнің пайда болуы ұлттық сананың оянуы және пісіп жетілуі іспетті еді, – дейді кинотанушы Баубек Нөгербек.

Фильм сюжеті фольклордан, халық ауыз әдебиетінен алынған. Сол кезде әлі де нағыз көшпелі өмір салтын, революцияға дейін қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салтын көрген ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерінің көзі тірі еді. Байқасаңыз фильмде тарихи жәдігерлер, руна таңбаларына ұқсас жазулар бар тарихи ескерткіштер, ежелгі дәуірдегі мүсін өнерінің белгісіндей қалған балбалтастар, шеберлер қолынан шыққан күміс әшекейлер, шашбау, эстетикалық көркем орындалған костюм, атрибуттар көп. Фильмнің түсірілуі туралы бір деректерде түсірілім үшін қазіргі күні кездеспейтін 8-10 қанатты киіз үйлер арнайы жасалғаны, «Қырық көш» үшін ауылдардан 60 түйе жиналғаны, фильм суретшісі Гүлфайрус Ысмайлова бастаған таңдаулы шеберлер қыздардың камзолдары мен көйлектеріне, жүздеген моншақты бір-бірлеп қадағаны туралы айтылады. Режиссерлік сценарий бойынша Жібектің 10 түрлі костюмі болу керек деп бекітілген екен.

«Бұл қазақтың «әлем бізді танысын» синдромы емес, осы фильм арқылы метрополияға жауап болды. Біз 1917 жылы пайда болған мемлекет емеспіз, біздің тамырымыз одан да терең, бізде осыған дейін Қазақ хандығы, салт-дәстүріміз, бай фольклорымыз, ауыз әдебиетіміз, жазу-сызуымыз болған деген сөз еді. Бірақ ол кезде мұны тікелей айтуға мүмкіндік қайда, сондықтан мұны жасырын түрде, астарлап айтқан сияқты» дейді Баубек Нөгербек.

Фильмдегі саяси контекст тек атрибуттарда ғана емес, музыкалық шешімдерде байқалады дейді драматург Әннәс Бағдат:

– Фильм деген өнер тілімен жеткізілетін дүние. Мен фильмді қайта қарағанда музыкалық шешіміне назар аудардым. Фильм «Ақжайық» деген әнмен басталады. Зар заман әні. Осы ән тарихын қарап көрдім. Әнді орындаушы Башқұртстан қазағы Жақсылық Зәкіров. Ол кісінің әке-аталары 30 жылдары Орал жақтан қуғындалып кеткен екен. Әннің түпнұсқасы «Туған ел» деп аталады, туған жерін сағынған башқұрт қазақтарының әні. Бірде композитор Нұрғиса Тлендиев осы әнді кездейсоқ тыңдап, фильмге алу үшін әнге арнайы сөз жазғызған екен. Фильмде ән зар заман деп басталады. Ресей империясына қатысты қазақ әдебиетінде “Зар заман” деген кезең бар. Яғни, мәтіннің бәрі сол жаққа сілтеп тұрған сияқты. Әрі әннің шығу тарихына қарасаңыз да, қуғын-сүргін. Екінші бір пайдаланған музыкалық шешім бар. Екінші серия басталғанда Жібек пен Төлеген отаудан шыққанда «Жау жапты! Жау шапты! Қалмақ шапты» дейді. Бірақ музыка тілі ретінде Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін береді. Ал Кісен ашқан күйінің тарихы Құрманғазы Ресей империясына қарсы қуғындалып түрмеде отырғанда шығарған күйі.

Бұл орта ғасырдағы қазақ тарихы, тұрмыс-салты, ұлттың қалыптасуы дегенімен, астарында Ресейдің отарлау саясатына, тіпті, кеңес үкіметінің саясатына қарсылық жатуы мүмкін.

Мұндай батыл ой цензурадан қалай өтті деген сұраққа кинотанушы Баубек Нөгербек мынадай болжам айтады:

«Кеңес заманында зерттеушілер ұлттық музыкаға жоғарыдан қарайтын. Яғни, классикалық музыка бар, ал, ұлттық этникалық музыка одан бір саты төмен тұрады. Оған тіпті аса зер салмайды, сондықтан айқайлап тұрған элементтер болмаса қудаламайтын. Меніңше сондықтан да цензурадан аман өтіп кетті деп ойлаймын».

«Қыз Жібек» фильмін тек уақыт контексінде ғана емес, тарихи қоғам, авторлар тұрғысынан қарастыратын болсақ, оған қоятын сын да баршылық. Халықаралық қатынастар саласындағы PhD докторы Ғалым Жүсіпбек қазіргі қоғамда архаиканың сакрализациялануын да отарлау саясатының салдары санайды.

– Қазақ қоғамында архаикалық түсінктерге иммунитетіміз төмен. Себебі алаш зиялылары архаикалық түсініктермен күрескен еді, бірақ ол күрес аяқталмай қалды. Кеңес одағында модернизация күштеп жүргізілді, «кіші ағайын ұлттарға» қатысты нәсілшілдік болды. Сондықтан қазақ қоғамында табиғи түрде реакция туды. Архаика бола ма жоқ па, өзінікі болса жақсы болып көрінді. Сондықтан кеңестер одағы ыдырағанда иммунитеті төмен қоғам түрлі архикалық түсінікті жаңғыртып жіберді.

Ғалым Жүсіпбектің пайымдауынша фильмге авторлар тұрғысынан да сыни қарау керек. Мәселен, егер осы фильм сценарийін алаш зиялылары жазса қандай дүние туатын еді?

– Егер де фильм сценарийін Ғабит Мүсірепов емес, алаш зиялыларының прогрессивті көзқарасты тұлғаларының бірі, мысалы Ахмет Байтұрсынов жазғанда қандай фильм шығар еді? Қыз Жібекті негізге ала отырып, кей дүниелерді өзгертер ме еді? Себебі бізде қазақ қоғамын қарайықшы (ұлт деп тұрғаным жоқ, себебі мен үшін ұлт түсінігі ХХІ ғасырда саяси бірлестікке жақын), этникалық мәдени топ ретінде қазақтарды алатын болсақ, қазақ қоғамы бітпей қалған үзіліп қалған модернизациялау құрбандары сияқты. Алаш зиялылары оны жүзеге асырғысы келгенімен, аяқтай алмады, ал бұл үдіріс табиғи жолмен жүруі керек. Мәселен 1917 жылы бірнші мұсылмандар сьезі болды. Бұл кезде большевиктер әлі келген жоқ, Ресей империясы құлаған, уақытша үкімет бар еді. Сонда бірінші мұсылмандар съезі өтті. Оған жәдидтер, ұлтшылдар, прогрессшіл азаматтар қатысты. Қазір ХХІ ғасырда айтудың өзі біртүрлі, бірақ сол кезде зиялы қауым гендерлік теңдікті алға тартты. Көп әйел алуды келешекте жоямыз деді. Неліктен сол кезеңде алаш зиялылары әйел мәселесін алға қойды? Себебі дәстүрлі патриархал қоғамда, қазақтар арасында әйел азаматшалардың құқықтары болмайтын, жеке мүлкі құқығы болмайтын. Ол үйдегі мүлікке ерімен бірге қоса иелік ететін, білім алуға мүмкіндігі бола бермейтін. Сонда 1917 жылы гендерлік теңдіктің өзектілігін айтты, полигамия, көп әйел алуды жоямыз дейді, қыз балалардың оқытылуына жағдай жасау керек, қалың малды жойған дұрыс дейді. Содан соң іле-шала тұңғыш әйел қади кісі болды. Енді елестетіңізші егер сол зиялылар Қыз Жібекті түсірсе не болатын еді?

Жалпы «Қыз Жібек» жырында Жібектің әкесі Сырлыбай қызының жар таңдау шешімін өз еркіне береді. Бұл әйел теңдігі белгісіне ұқсағанымен, Ғалым Жүсіпбек эклектикалық сюжет дәстүрлі патриархал қоғамдағы әйел теңсіздігінің басқа да проблемаларын көрсетеді дейді:

«Қыз Жібек оқиғасы орта ғасырда болды десек, сол кездегі құқы қандай болды? Дәстүрлі қазақ қоғамында үйлену мәселесінде әйел рөлі төмен. Әкесі не айтса соны істеуі керек еді. Фильмде, жырда Жібектің өз қалауын білдіруі өте қызық. Алайда Жібектің әмеңгерлікке разы болуы нені аңғартады? Бір жағынан тең құқықты жетелейтін түсінік бар. Алайда дәстүрлі қоғамда мүлік қалай мұрагерден мұрагерге ауысса, сол сияқты жесір әйел қай отбасы, қай руға келсе, сонда қалады. Жалпы тек әйел теңсіздігі ғана емес, дәстүршіл қоғамдағы адам құндылығы мәселесі де бар.

ХХІ ғасырдағы ұлт, адам түсінігіне келетін болсақ, фильмде не дәріптеледі? Төлеген неге қаза болды? Әрине, нақты пікір жоқ, бірақ әкесінің ақ батасын алмағаны да себептің бірі болуы мүмкін. Сондықтан контекст өте маңызды. Алдағы уақытта кеңестік, жаңа толқын режиссерлерінің, заманауи фильмдерді көргенде көрермен осы сын елегінен өткізіп отырса, қоғамға берері мен сол кезең контекстін айыра алар еді. Сонымен, «Қыз Жібек» фильмі махаббат дастаны ма, ұлттық рухтың көтерілуі, бостандыққа деген ұмтылысы ма деген сұраққа жауап көрермен санасында. Уақыт, қоғам, адам контекстін әр көрермен жеке пайымы, тәжірибесі мен санасына сүйеніп өтеді.

Марапаттар

Фильм 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Фильм режиссері Сұлтан-Ахмет Қожықов, сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған актерлер Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

1972 жылы Тбилиси қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Үздік көркемдік шешім» номинациясы бойынша жеңімпаз аттанды.

Эксперттер пікірі:

Кинотанушы Бауыржан Нөгербек: Кинодағы фольклорлық дәстүрлердің дамуы тұрғысынан алғанда, «Қыз-Жібек» фильмі халық шығармашылығының, этиканың, философияның фольклорлық дәстүрлерін фильм құрылымында түсіну мен рефракциялаудың жаңа деңгейін көрсетті.


Фильм туралы дерек

Атауы: Қыз Жібек
Шыққан жылы: 1970
Мемлекет: КСРО
Жанр: экранизация, тарихи
Компания: Қазақфильм
Премьера: 1970 жыл, Алматы
Ұзақтығы: 145 мин.
Режиссер: Сұлтан-Ахмет Қожықов
Сценарий: Ғабит Мүсірепов
Оператор: Асхат Ашрапов
Композитор: Нұрғиса Тілендиев
Суретші: Гүлфайруз Ысмаилова
Монтаж: Г.Багаутдинова
Фильм директоры: Зет Бошаев
Басты рөлдерде: Меруерт Өтекешева, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Кененбай Қожабеков, Гүлфайрус Ысмайылова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаев, Сәбира Майқанова.