Мақала
«Слово пацана» сериалындағы жасырын пропаганда
2023 жылдың 21 желтоқсанында Wink және START онлайн платформаларында «Слово пацана» сериялының соңғы сегізінші сериясы шықты. Туынды БАҚ беттерінде де, әлеуметтік желілерде де үлкен резонанс тудырды. Жора Крыжовников есімімен танымал сериал режиссері бұған дейін «Горько!» және «Звоните ДиКаприо» туындыларымен көрерменге таныс.
Бөлім: Кино
Датасы: 22.01.2024
Авторы: Еңлік Егеубаева
Мақала
«Слово пацана» сериалындағы жасырын пропаганда
2023 жылдың 21 желтоқсанында Wink және START онлайн платформаларында «Слово пацана» сериялының соңғы сегізінші сериясы шықты. Туынды БАҚ беттерінде де, әлеуметтік желілерде де үлкен резонанс тудырды. Жора Крыжовников есімімен танымал сериал режиссері бұған дейін «Горько!» және «Звоните ДиКаприо» туындыларымен көрерменге таныс.
Бөлім: Кино
Датасы: 22.01.2024
Авторы: Еңлік Егеубаева
«Слово пацана» сериалындағы жасырын пропаганда

1980-1990 жылдардағы жасөспірімдердің қылмыстық топтары туралы көпсериялы фильм «Слово пацана. Криминальный Татарстан 1970-2010» кітабына негізделген. Автор Роберт Гараев өз кітабында қалалық көше бандаларының тарихын, соның ішінде өзінің естеліктерін баяндайды.

Әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланған маркетиң стратегиясы туындыны тек Ресейде ғана емес, ТМД елдерінде де танымал етуде шешуші рөл атқарды. Сериалдың техникалық құрылымы, актерлік шеберлік және қарапайым оқиғалардан бастап уайым мен үрейге толы финалға дейін жазылған көркем туынды көрермендердің назарын ұстап, шиеленісті, тұрақсыз атмосфераны құруға, кейіпкерлердің эмоциясын ашуға, оқиға желісіне темп қосатын jump cut монтаждау техникасы мен үнемі қозғалыстағы камераны қолдану арқылы көрерменді оқиғаның белсенді қатысушысына айналдырды.

Музыка да сериалдың атмосферасын құруда маңызды рөл атқарды. «Ласковый май» тобының «Седая ночь» әні жастық шағы КСРО-мен байланысты көрермендер үшін ностальгиялық элемент болса, Aigel тобының «Пыяла» әні үрей мен қатыгездіктің лейтмотивіне айналды. Ал Баста мен Мираж тобының тректері кейіпкерлердің тарихы мен эмоцияларының әртүрлі аспектілерін көрсетеді. Бұл әуендер көрермендердің орта буынында да, жаңа буынында да танымалдылыққа ие болып, қайта жаңғыруға мүмкіндік алды.

Әрине, осындай ностальгиялық әндер, барлығының санасындағы таныс 90-жылдар және өз деңгейінде түсірілген сериалдың танымалдылығына зор әсер етті. Аға буын жиі аңсайтын қиын (әрі «жақсы») кезең көп күттірмей көрермендеріне қайта оралды. Коммунизм, тәртіп, теңдік, адами құндылықты аңсайтын ұрпаққа сериал ностальгиялық қазына болып, өткеніне оралуға мүмкіндік берген де шығар. Бірақ, көптеген сыншылардың оң бағасын алған сериалдың ішіне жасырылған кейбір мәселелерге тоқтала кетейік. 

Әйел бейнесін елемеу және оны әлсіз жаратылыс ретінде санау мәселесі посткеңестік елдерде өзекті болып қала береді. Бұл туындыда да теңсіздік пен кемсітушілікке әкеп соқтыратын «дұрыс» әйел бейнесі әлсіз, қорғансыз объект ретінде көрсетіледі. Әжесімен, я тек анасымен бірге тұратын балалардың «қорғансыздығын» пайдаланып, авторлар көрерменнің жанды жеріне басып, манипуляциялайды. Мысалы, қатты соққыдан қаза болған Ералаштың ауыр қозғалатын, жасы келген жалғыз әжесі ғана бар. Немесе бас кейіпкер Андрейдің отбасында анасы мен қарындасы ғана бар, әрі кедей. Сериалда Ирина есімді әйел милиция қызметкері ең жағымды, мейірбан, эмпатиясы жоғары кейіпкер. Алайда, Иринаның жұмыс орнында қызметкер ретінде сөзі өтімсіз, ал, тіпті, Андрей үшін ол сексуал объект. Осылайша, авторлар әйел бейнесін тек әлсіздік пен тәуелділік нысаны ретінде ұсына отырып, қолданыстағы гендерлік стереотиптерді қолдайды, әрі ушықтырады. Әйелдер туралы мұндай түсінік олардың қоғамдағы рөлін төмендетіп, әйелдердің жеке қасиеттері мен қабілеттеріне қарамастан дәрменсіз және тұлға ретінде өзіндік құндылығы жоқ деген сенімдерді қайта ұсынады.

Сериалда буллиңке тап болған балалардың тағдыры және олардың ішкі азаптары көлеңкеде қалады. Бұл кейіпкерлерге экран уақыты бөлінбегендіктен, көрермендерге балалардың ауыр тәжірибесі мен травмаға әкеп соғатын оқиғаларының салдарын бағалауға мүмкіндік бермейді. Оның орнына, басты кейіпкерлердің тағдырына аса назар аударылады және қылмыстық топтың «моральдық» стандарттары мен негіздемелеріне түсіністікпен қарауға шақырады. Авторлар бұл кейіпкерлердің теріс әрекеттеріне не түрткі болғанын, мотивтерін нақтылауға тырысады. Алайда, мұндай стратегия кейіпкерлердің күрделі болмысына байланысты қылмыстық мінез-құлықты ақтауға әкелуі мүмкін. 

Сериал көбіне адами құндылықтар мен түсініктерге назар аударып, белгілі бір сенімді ұстанатын, әлсіздерді қорғайтын және зұлымдыққа қарсы тұратын жігіттердің бейнесін жасайтындай көрінеді. Алайда, бұл гуманистік әдемі перденің артында лас және қатыгез ойын жатыр. Бұл әлемде сіздің қаншалықты жақсы немесе жаман екеніңіз, жасыңыз маңызды емес – бәрі осы үлкен механизмнің бір бөлігіне айналады. Сюжетте мұндай топтардың пайда болуына не түрткі болғанын, оның себептеріне назар аударылмайды. Урбанизация, экономикалық құлдырау және коммунизмді капитализммен алмастыру, «жоғалған» адамдардың жол бастайтын көшбасшы іздеуі осы топтардың қалыптасуына негіз болды деген ойлар жанама түрде де айтылмайды.

Тағы да ескеретін мәселе, қылмыстық топтағы «жігіттердің» өз түсінігі, ұстанымдары бар. Өздеріне қатысты мәселеге келгенде – әділдік, теңдік және бәрі рұқсат деген түсінік алға шығады. Әлсіздерге (сериалда оларды «чушпан» деп атайды) қарым-қатынасы өшпенділік, адам қатарына қоспау, әлімжеттік көрсетуден құралған. Жігіттер мен әлсіздер арасындағы қатынаста билік және құлдық ұғымы бар. Әлсіздер кез келген қорлыққа төзеді, олар үнемі үрейде өмір сүреді (мысалы, басты кейіпкер Андрей мектепке бару үшін тығылып, айналасына қайта-қайта жалтақтап баратын). Өздеріне келгенде белгілі бір түсініктердің болуы, ал әлсіздерге келгенде кез келген ереже жарамды деген ұстаным жанама болса да мемлекет және халық түсінігіне келеді. Авторитар билік соғыс басталғалы халықтың жаппай митиңгке шығуына да, петиция түрінде қарсылықтардың ешқайсысына да құлақ аспады. Бұл сериал контекстінде жігіттер мен әлсіздердің қарым-қатынас ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы әділет пен жауапкершілік турасындағы мәселелер бар екенін көрсетеді.

Сериалды көре салып, 2022 жылдың жазында шыққан қазақстандық-қырғызстандық «Черный двор» сериалымен параллель ойға келеді. «Черный двор» сериалында оқиға 2000 жылдары өтіп, онда қырғызстандық жас балалар «Бригада» сериалынан кейін қылмыстық өмірдің белсенді ойыншыларына айналады. Алайда, ол сериалда тек бір ғана қылмыс көрсетіліп, оның ауыр және қайғылы салдары көрсетіледі. Зәбір көрген адамдардың ойы елеусіз қалмай, қылмысты ашқан кезде олардың сөзі белгілі бір рөлге ие болады. Сериал қылмыстық топтың, қандай да бір «ойынның» аяғы не нәрсеге әкелетінін көрсетеді, әрі ол істен жиіркендіреді. Акира Куросаваның «Расемон» фильміндегідей оқиғаны вариациялап жеткізу, ерекше операторлық шешімдер, оның ішінде тұрақсыз эмоцияны көрсету үшін «Холанд бұрышы» секілді кинематографиялық тәсілдерді қолданады. Ұтымды кинотілінің түрлілігі болғанымен, агрессияның басым болуы, ластықтың көп болуы оның көркемдік дәрежесіне және көрермен қабылдауына кері әсерін де берді. Және бұл салыстыруда «Слово пацана» біркелкі темпоритммен, артық боғауыз сөздің жоғымен ерекшеленеді. «Слово пацана» сериалының техникалық, көркемдік дәрежесі нашар болған жағдайда, туынды бұндай танымалдылыққа ие болмайтыны анық. Осы себептен, көруге жағымды туынды артық іс-әрекеттен тыйылып, жіті қадағалауда болғандай әсер қалдырады. 

Расында, сериалдың қаржылай қолдаушысы Интернетті Дамыту Институты (Институт Развития Интернета – ИРИ) ұйымы. 2020 жылы белсенді түрде мемлекет қаржысын интернет-жобаларға құя бастаған ИРИ өз веб-сайтында былай деп жазады: «Біз цифрлық ортада мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған заңнамаға ұсыныстар мен түзетулер әзірлеуге қатысамыз, деректерді пайдалану этикасы кодексінің бастамашылары мен авторларының қатарына кіреміз. Біз сондай-ақ нарықты талдаумен айналысамыз, интернеттегі мазмұнды тұтыну тақырыбында зерттеулер мен әлеуметтік сұрақтар жүргіземіз».1 Мемлекет қаржысымен қаржылдандыратын ИРИ ұйымы Ресей Федерациясындағы интернетке қатысты барлық контентті бақылап отыратынын аңғардық. Бұл тұрғыда сериалдың Ресей және Украина соғысындағы ұстанымы түсінікті, ал басқыншылықты ақтау, әлімжеттік көрсетуді қалыпты жағдай деп қабылдау, әділет орнатушы бұзық жігіттердің «нормалары» мен әрекеттерін оң қабылдау және сол жылдарды аңсау – Кремльдің басқыншылық әрекеттерін дәріптеу болып саналмай ма деген сұрақ туындайды. 

«Слово пацана» сериалы жетістікке жетсе де, әйелдің, құрбандардың тағдырын және әлеуметтік-мәдени факторларды терең талдаудың болмауының кесірінен агрессор жүйені идеализациялайтын үгіт-насихат құралы болып отыр. Сериал теріс құндылықтарды, буллиң пен конфликттерге толы қатыгез өмір салтын көрермен, әсіресе, жасөспірім үшін қалыпты етеді. Әйелдер объективизациясы, «күшті» жігіттерді ұлықтау – стереотиптерді одан әрі күшейтетін пропаганда элементтері ретінде әрекет етеді.

 Әрине, бір қарағанда бұл ешкімге зияны жоқ туынды есебінде болуы мүмкін. Бірақ, «Слово пацана» – бұл жай ғана ойын-сауық туындысы емес, медианың арқасында қоғамдық пікір мен идеологиялық көзқарастарды қалыптастыратын құралға айналып отыр. Сондықтан, көрермен аудиовизуалды туындылардың техникалық, шығармашылық әдістеріне ғана емес, әлеуметтік-мәдени рөліне де мән беріп үйренуі керек.

Қолданылған материалдар:

 

  1. Институт Развития Интернета сайты. https://xn--h1aax.xn--p1ai/about/