Мақала / #студентСөзі
«БАУЫРЫНА САЛУ» ФИЛЬМІНДЕГІ БАЛА ҚИЯЛЫНДАҒЫ БАҚЫТ БОЛМЫСЫ
Асхат Кучинчирековтың толықметрлі дебюттік «Бауырына салу» фильмінің алғашқы көрсетілімі Испаниядағы 71-ші Сан-Себастьян Халықаралық кинофестивалінің «Жаңа режиссерлер» байқау бағдарламасында өтті.
Бөлім: Кино
Датасы: 09.02.2024
Авторы: Әзиза Қуандық
Мақала
«БАУЫРЫНА САЛУ» ФИЛЬМІНДЕГІ БАЛА ҚИЯЛЫНДАҒЫ БАҚЫТ БОЛМЫСЫ
Асхат Кучинчирековтың толықметрлі дебюттік «Бауырына салу» фильмінің алғашқы көрсетілімі Испаниядағы 71-ші Сан-Себастьян Халықаралық кинофестивалінің «Жаңа режиссерлер» байқау бағдарламасында өтті.
Бөлім: Кино
Датасы: 09.02.2024
Авторы: Әзиза Қуандық
«БАУЫРЫНА САЛУ» ФИЛЬМІНДЕГІ БАЛА ҚИЯЛЫНДАҒЫ БАҚЫТ БОЛМЫСЫ

«Бауырына салу» фильмі қазақтың байырғы дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесіндегі баланың өмірін баяндайды. Бұл дәстүрдің бала психологиясына әсер ету сипатын режиссер жеке тәжірибесінің нәтижесі аясында көрсете білген. Заман торабына қатар іліккен дәстүр қарсаңында 12 жасарлық Ерсұлтан қадірлі әжесінің бауырында өсуде. Бірақ сүйіспеншілік пен қорғанышқа мұқтаж болған бүлдіршінге туған ата-ананың құшағындағыдай жылулықты кім бере алсын?

Ана мен әке қарамағынан жырақта ата-әжелерінің қолында өсу жолы көптеген балалардың маңдайына жазылған. Дүниеге келген күндерінен-ақ өшпес із қалдыратын шешім олардың таңдауға мұршасы болмаған сәттерінде қабылданып қояды. Жағдайға тереңірек үңілместен қарасақ, бала өмірлік тәжірибесі жетерліктей адамдардан тәрбие көріп ер жетеді. Ал егер «бауырына салу» дәстүріне таңдалғандардың шынайы ойларына зер қойсақ, жылдар бойы реніштің жинала беретінін байқаймыз. Бұл ренішті орынсыз деуге де болмайды.

Ерсұлтан тұрмыста әжесіне көмек қолын созып, іштей толық отбасымен бірге бір шаңырақ астында тұруды қалыпты жағдай ретінде емес, арман ретінде қабылдайды. Дегенмен, арманы мақсатқа айналып, қолы жеткен жұмыстарға ақша жинау үшін кірісіп кетеді. Өз үйіне қайтып бару әжесін тастап кету дегенді білдірсе де, Ерсұлтанның бойынан оған деген құрметі мен бауырмашылдығы көрінеді. Әжесінің зейнетақысын қимай, адал еңбекпен қаржы табуы осыған бірден-бір дәлел.

Онымен қатар, өскен ауылында қызықты бірге көрген досы да, араларына еш сөзсіз қабылдай беретін көршілері де бар. Екі бала арасындағы достық бейнесі артық іссіз шынайылылыққа толы. Үлкендерден жасырын әрекет ету, қоршаған ортаға деген аса қызығушылық білдіру мен ақыр аяғында ұрыс естіп жүру аталғанды жеткізіп тұрған элементтер. Десек те, Ерсұлтан мен досы екеуі екі бөлек кейіпкерлер. Олар ата-ана баланың мінез-құлқын қалыптастыруда үлкен
күшке ие екендігінің бейнесі. Айырмашылықтарын өзен жағасында отырғанда орын алған диалогынан байқауға болады. Басты кейіпкер өз жоспарымен бөлісіп, оны қалай іске асыртпақшы болғанын айтқанында серігі: «Мен сенің орныңда болсам, әжемнің зейнетақысын пайдалана беруші едім» - деп жауап қайырып, өзінің отбасынан бөлек қалада актерлік өнермен айналысқысы келетіні туралы мәлімдейді. Ал Ерсұлтан үшін әрқашан да бірінші орында отбасы тұрған. Түн сайын көзін алмайтын бір тал отбасылық портрет оның сол идеалдандырылған идеясының символы болғандай. Содан болашаққа деген перспективасын шектеулермен тарылта, өз-өзін қақпанға түсіреді. Күтері бір-біріне арқа сүйер тірек болатын, дастарқан басында бірге тамақтанатын, бақытқа толы ошақ...

Кенеттен туған оқыс жағдай басты кейіпкердің туғандарымен қауышуын тездетеді. Енді қасында інісі, анасы мен әкесі де бар. Бірақ, бала үміті ақталмай, осы сәттен бастап фильмде түңіреңкілік басым болады. Үйдің табалдырығын аттағаннан кейін керісінше әжесінің қасындағы өмірі жете алмас арманына айналады. Отбасының тұрмыстық өмірі мүлдем бөлек болғандығынан сыйыса алмай, ол тап бір бейтарап куәгер атанғандай. Тұрғын мен оқу орнын ауыстыру үрдісі де басты кейіпкерге оңайға соқпағаннан ашушаңдылық бой көтереді. Кейінгі жасаған әрекеттері оның өзінің кім екендігін, қай жерге тиесілі екендігін аңғара алмай жүргенін көрсетеді. Аса қадір тұтқан портретін өз қолымен жыртып тастауы болса, еш сөзсіз үміт мен нәтиженің тұтастай қарама-қайшылыққа толы болып шыққанының дәлелі.

Фильмнің деректілікке жақындығынан да көрермен кейіпкердің санасына кіріп шыққандай қалыпта қалуы мүмкін. Назарға алынған тақырып ауыртпашылықты меңзегенімен, экранда бәрі түсінікті болатындай жеткізілген. Бұрынғы өмірінен тыс әлемде жалғыз қалған сынды болып, қора ішіндегі төрт түлік малдардың жанында ғана өзін жақсы сезінген басты кейіпкердің жан айқайы оған ғана емес, авторға да тиесілі екендігі анық.

Ойды қорыта келе, «Бауырына салу» кинобейнесі отбасыдағы бірегейлік пен береке тұлғалық қалыптасу үрдісінде қаншалықты маңызды екенін қарапайым кейіптің көзге татымдылығымен-ақ түсіндіре білген дер едім.