Мақала
Қазақстандағы кинофестивальдер қозғалысының негізгі мәселелері
Кинофестиваль – бұл кинематографияның дамуы мен насихатталу жолындағы ең маңызды шаралардың бірі. Кинофестиваль алаңында кино өнерінің жаңа көркемдік мүмкіндіктері мен жетістіктері айқындалып, кино әлемінің өкілдері мен көрермен арасында өзара байланыс қалыптасады. Бұл мақалада біз кинофестивальдердің кинематография мен жалпы шығармашылық салаларға әсерін қарастырамыз.
Бөлім: Кино
Датасы: 06.06.2024
Авторы: Ержан Жұмабеков
Мақала
Қазақстандағы кинофестивальдер қозғалысының негізгі мәселелері
Кинофестиваль – бұл кинематографияның дамуы мен насихатталу жолындағы ең маңызды шаралардың бірі. Кинофестиваль алаңында кино өнерінің жаңа көркемдік мүмкіндіктері мен жетістіктері айқындалып, кино әлемінің өкілдері мен көрермен арасында өзара байланыс қалыптасады. Бұл мақалада біз кинофестивальдердің кинематография мен жалпы шығармашылық салаларға әсерін қарастырамыз.
Бөлім: Кино
Датасы: 06.06.2024
Авторы: Ержан Жұмабеков
Қазақстандағы кинофестивальдер қозғалысының негізгі мәселелері

Кинофестивальдер өзіне тән  сипаттамаларына ие болу үшін көп уақыт қажет болды. Алғашқы кинофестивальдер тәуелсіз іс-шаралар емес, әлемдік көрмелер аясында ұйымдастырылды. Мәселен, олар 1925 және 1926 жылдардағы Париждегі халықаралық көрме бағдарламаларының құрамында болды.  1932 жылы бірінші Венециядағы халықаралық «Мостра» кинофестиваліде атақты Венециялық биенналемен тығыз байланыста болды. Халықаралық көрме аясында кинофестивальдер өткізу дәстүрі соғыстан кейінгі кезеңде де жалғасын тапты. Әсіресе, кино саласында екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан туындаған дағдарыстан шығу мүмкіндігі ретінде кинофестивальдердің маңызы арта түсті.

Дегенмен, кинофестивальдердің саны артуымен, кинофестивальдерді өткізу ережелері және оның дәрежесін анықтайтын критерийлерді енгізу қажеттілігі туды.  Басты сарапшы – кинопродюсерлер қауымдастығының халықаралық федерациясы (FIAPF, International Federation of Film Producers Associations, 1933) болды.  Аталмыш қауымдастықтан аккредитация алу үшін кинофестиваль бірнеше критерийлерге сай болу керек: халықаралық болу; жыл сайын тұрақты өткізілу; жергілікті киноиндустрияның қолдауы болуы; қатысушы фильмдердің алғашқы көрсетілімі және бір елден бір ғана кинофестиваль аккредитациядан өте алады. Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі — FIAPF регламентіне сәйкес жұмыс істейтін, әлемдік кинофестивальдар каталогына енген қазақстандық кинофестиваль болып табылады. 2012 жылы Ұлыбританияда шығарылған «International Film Guide» атты ақпараттық жинақ «Еуразия» кинофестивалін әлемдегі 35 озық кинофестивальдің тізіміне енгізді.

Отандық кинофестивальдердің тарихы, олардың қалай пайда болғаны және мәселелері әдебиеттер мен ғылыми зерттеулер санаулы. Кинотанушы Гүлнәр Әбікеева  «Дневник путешествий» [1] және «Профессия: продюсер» [2]  кітабында халықаралық кинофестивальдерге шолу жасай отырып, Қазақстан мен Орта Азия киносына қызығушылық танытатын 30-ға жуық халықаралық кинофестивальге тоқталады.

Қазақстандағы кинофестивальдердің пайда болуы мен даму жолы туралы алғаш жазған кинонотанушылардың бірі – Бауыржан Нөгербек болды. «На экране «Казахфильм» [3]  кітабында мемлекет қамқорлығымен және демеушілер қаржысымен өткен кинофестивальдер, «Еуразия-98» бірінші халықаралық кинофестивалі, «Шәкен Жұлдыздары» бірінші республикалық кинофестивалі туралы баяндайды. Ол сондай-ақ әрбір кинофестивальдің бет-бейнесі оның конкурстық бағдарламасы екенін жазады.

Бауыржан Нөгербек өз мақалаларында «Шәкен Жұлдыздары» кинофестивалі фильмдердің авторларына, көрермендерге, қазақ кинематографиясына не береді?» деген сұрақты қояды. Бұл сұрақ «Шәкен Жұлдыздары» кинофестиваліне қатысты екені анық, бірақ менің ойымша, ол барлық қазақстандық кинофестивальдерге қатысты және бүгінге дейін өзекті болып қала береді. Бұл сұраққа қосымша тағы бір қызықты ой: «Шәкен Жұлдыздары: алғашқы немесе соңғы дубль» мақаласында айтылады. Мұнда автор алғашқы қадамдарын жасап жатқан кинофестивальдердің тұрақтылыққа жету мәселесі туралы айтады.

Ол сондай-ақ «Шәкен Жұлдыздары» кинофестивалі қазақ киносының кәсіби жетістіктерінің көрсетілімі және ұлттық кинематографияның проблемаларына қоғамның назарын аудару, қазақ «фестивальдық» фильмдері мен «кәсіби емес» көрермен арасындағы кедергіні жою әрекеті ретінде ойластырылғанын жазады. Фестивальдің стратегиялық мақсаты – көрермендерді қазақ киносына тарту. Менің ойымша, бұл мақсат әрбір кинофестивальде болуы керек. Өйткені қазірдің өзінде бұл мәселе ең маңыздылардың бірі болып табылады.

Мен үшін Бауыржан Нөгербектің «Это сладкое слово «Международный» или каким должен стать кинофестиваль «Звезды Шакена» мақаласындағы кинофестивальдердің халықаралық мәртебесі туралы ойлары қызықты болып көрінеді. Мысалы, бірінші «Шәкен Жұлдыздары» кинофестивалінде қазақ фильмдері Алматының көптеген кинотеатрларында көрсетілсе, екінші рет өткізілген кинофестивалінде  тек ғана «Silk way city» кинотеатрында көрсетілді. Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстандағы кинофестивальдер республикалық болып басталып, бір-екі жылдан кейін халықаралық сипатқа ие болады. Барлығы халықаралық деңгейге жетуге ұмтылады, бірақ бәрі бірдей табысқа жете бермейді. Қазіргі уақытта Қазақстандағы барлық фестивальдер халықаралық болып табылады. Бәлкім, халықаралықпен қатар ресубликалық кинофестивальдердің болуы қажет шығар. Осылайша, республикалық кинофестивальдерде ұлттық байқауға баса назар аударылып, оның бағдарламасы тек отандық фильмдерден тұрады. Көрсетілім уақыты мен кинотеатрлардағы орындар жеткілікті көлемде тек қазақ киносына арналады, ең бастысы, халықаралық байқау бағдарламасына жұмсалған қаражат республикалық фестиваль жеңімпаздарына жаңа туындылар үшін және режиссерлердің шығармашылық жолын жалғастыру үшін жүлде ретінде берілуі мүмкін.

Ендігі мәселе – қазақ фильмдердің танылуы. «Егер қазақ киносының кәсіби деңгейін анықтауға келетін болсақ, мұны қазақ фильмдері қатысатын алыс және жақын шетел кинофестивальдері сәтті атқаруда. Бізге халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасының фильмдеріміздің көркемдік ерекшеліктеріне қатысты шешімдерін қайталау ғана қалды» - дейді Бауыржан Нөгербек. Осылайша, авторлар фильмдер түсіргеннен кейін отандық емес, халықаралық байқауларды көздейді. Кей жағдайда бұл шетел кинофестивалінде қатысып жүрген фильмдердің бізге жетуі ұзаққа созылып, қазақстандық көрермен арасында өзектілігін, тартымдылығын, қызығушылығын жоғалтуына алып келеді. Тіпті шетелдік БАҚ-тан белгілі бір режиссер немесе фильм туралы білетін жағдайлар жиі кездеседі.

Бауыржан Нөгербектің мақаласын қорытындылайтын болсақ, ол кинофестивальдерді қазақ киносын жергілікті көрерменге тарату құралы, яғни авторлық фильмдер мен халық арасындағы көпір ретінде қарастырады.

Кинотанушы, «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бағдарлама директоры Гүлнәр Әбікееваның пікіріне жүгінер болсақ, ол кинофестивальді бүкіл ұлттық кинематографияны насихаттау құралы ретінде қарастырады. «Өйткені дәл осы «Еуразия» кинофестивалі Қазақстанға шетелдік кино мамандарының келе бастауына ықпал етіп, бірлескен өндіріс (копродукция) форматындағы халықаралық ынтымақтастықтың тұрақты негізіне айналды. Осылайша, неміс продюсері Карл Баумгартнер Сергей Дворцевойдың «Қызғалдақ» фильмінде жұмыс істеді. «Оскар» сыйлығының иегері Фолькер Шлёндорф ирандық танымал режиссер Мохсен Махмальбафтың сценарийі бойынша Алматыда «Ұлжан» фильмін түсірді, «Анаға арналған жұмақ» тамаша фильмі де сол принциппен жасалған, т.б. «Еуразия» фестивалі қазақ киносын ілгерілетудің қуатты алаңына айналды. Бір-екі фильмді халықаралық кинофестивальдерге жіберу бір басқа, ал – кинофестивальдердің негізгі іріктеушілерін, жетекші кинобасылымдардың журналистерін Алматыға шақырып, әлеуетті серіктес ретінде продюсерлердің қызығушылығын тудыратын питчинг-сессиялар өткізу – бір басқа» [4]. Гүлнәр Әбикеева кинофестивальдерді ұлттық кино үшін маңыздылығы жағынан екінші деңгейлі шара деп атап көрсетті.

Жас кинематографистердің шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Жаңа көзқарас», «Дидар», «Шәкен Жұлдыздары» кинофестивальдері өз уақытында дарынды режиссерлерді айқындап, ұлттық кино бағытындағы жаңа есімдерді ашты. Алайда, осы уақытқа дейін жастар киносын қолдаудағы кинофестивальдер тұрақтылыққа жетпеді. Қысқаметрлі фильмдерге арналған фестивальдер арасында «Бастау» халықаралық студенттік фильмдер фестивалі жұмыс атқаруда. Дегенмен, бұл фестиваль өз форматы бойынша сандық шектеу жасап, еліміздегі өндірістік толқынды толығымен қорыта алмайды. Оның өзінде бір оқу орнынан санаулы фильмдерді ғана қабылдайды. Бұл жағдайды, 2015 жылы «Бастау» халықаралық студенттік фильмдер фестивалінен шет қалған фильмдердің «Три дня отверженных» атты көрсетілімі айшықтап берген секілді. Өз деңгейінде бағаланбай келе жатқан студенттік фильмдер осындай наразылығы арқасында кино мамандарының назарын өзіне аударып, жаңа қозғалыс алды. Қозғалыстың айқын көрсеткіші ДарханТөлегеновтың «Таң сәулесінің шапағаты» фильмінің фестивальдік жетістігі болды.

Студенттік фильмдерден бөлек, оқу орындарын тәмамдаған жас режиссерлердің туындылары және жеке студиялар арқылы түсірілген қысқаметрлі фильмдер назардан тыс қалып отырды. Бұл фильмдер тек шет елдік фестивальдерге ғана үміт артатындай күйге жетті. Бүгінгі таңда, осы бағытта жасалып жатқан талпыныстар бар. Мысал ретінде, Байқоңыр фильмдер фестивалін атап өтуге болады. Фестиваль президенті Ануар Кенжибаев: «Біз «Бродвей» кинопорталына арнап жас кинематографистерден сұхбат алғанда, олардың фильмдерін көрсете алатын, ары қарай қолдау көрсететін алаңы жоқ деген мәселеге үнемі жолыға бердік. Осылайша, 2016 жылы жастарға арналған кинофестиваль ұйымдастыру туралы шешім қабылдадық», - деп атап өтті.

Бұл фестиваль алғашқы екі жылда республикалық форматта өтті. Үшінші жылдан бастап халықаралық деңгейде жұмысын жалғастырды. Фестивальдің республикалық кинофестивальден халықаралық деңгейге ауысуы кезеңінде фестивальдің бағдарлама директоры ретінде мені халықаралық бағдарламаға баса назар аудару мәселесі алаңдатты. Сондықтан фестиваль директоры Ануар Кенжебаевпен бірге халықаралық байқаумен қатар ұлттық байқауды қатар алып жүру туралы шешім қабылданды. Қазақстанда өткізіліп жатқан халықаралық фестивальдердің бағдарламасында тек Байқоңыр фестивалінде «халықаралық» және «ұлттық» байқау бар.

Ұлттық байқау неге маңызды? Дәл осы байқауда біз фильмді жасауға атсалысқан барлық мамандардың жұмысын атап өте аламыз: монтаж, дыбыс, суретші жұмысы және т.б. Халықаралық байқау болса, әрине бұл номинацияларға мүмкіндік берілмес еді. Осы орайда біздің жас киногерлерге қолдау көрсету, жаңа есімдерді анықтау мақсатындағы жұмысымызды көріп, көптеген жас режиссерлер ұлттық байқауға қатысуға ұмтылатынын байқадық.

Мақалаға ақпаратты іздестіру кезінде кинофестивальдер туралы мәліметтер аз екені белгілі болды. Бәлкім, бұл біздің қоғамымыздың, сонымен бірге ғалымдардың фестивальдердің маңыздылығын әлі жете түсінбегендігінен шығар. Көпшілік көрермен фестивальдерді ойын-сауық іс-шарасы ретінде қабылдайды. Ал оны қысқаша сипаттайтын болсам, дәл осы жерде үздіктердің үздіктері анықталып, киногерлерге бәсекелестік орта жасалып, кімнің таланты және марапатқа лайық екенін анықталады. Дәл фестивальдерде режиссерлер көрермендерден кері байланыс алып, өз мамандығының қажеттілігін сезінеді. Фестиваль сонымен қатар авторлардың өзін көрсетіп және басқаларды көруге арналған тамаша алаң болып табылады.

Көптеген көрші елдерде фестивальдар белсенді түрде қайта қолға алынып жатыр. Осынша жыл өткеннен кейін Ташкент халықаралық кинофестивалі өз жұмысын қайта жалғастырса, биыл Қырғызстанда бұрыннан бар бірнеше халықаралық кинофестивалдің қатарына тағы бір Бішкек халықаралық кинофестивалінің қосылуы бекер емес шығар. Бұл факт бүгінде фестивальдердің бұрынғыдан да өзекті екенін көрсетеді және әрбір фестиваль тарих жасайтынын есте ұстауымыз керек.

 

 

Қолданылған материалдар:

  1. Абикеева Г. Дневник путешествий. – Алматы: Издательская компания «RUAN», 2012. – 200 стр
  2. Увальжанова А., Абикеева Г. Профессия: продюсер. – Алматы: Издательская компания RUAN, 2021. – 400 б.
  3. Ногербек Б. На экране «Казахфильм». Статьи, рецензии, эссе, интервью – Алматы: RUAN, 2007. – 520 б.
  4. Шимырбаева Г. Кинематограф: новая волна. 16 желтоқсан 2022 ж.   https://kazpravda.kz/n/kinematograf-novaya-volna/