Мақала
Эмир Байғазиннің «Өзен» Фильмі: Модернити мен Дәстүр Қайшылығы
Бөлім: Кино
Датасы: 16.06.2024
Авторы: Oner Portal
Мақала
Эмир Байғазиннің «Өзен» Фильмі: Модернити мен Дәстүр Қайшылығы
Бөлім: Кино
Датасы: 16.06.2024
Авторы: Oner Portal
Эмир Байғазиннің «Өзен» Фильмі: Модернити мен Дәстүр Қайшылығы
Эмир Байғазиннің "Өзен" фильмінен кадр. 2018

Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі біздің кім екенімізді және қоғамды тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін маңызды туынды. Фильмде ауылдық жерде өсіп келе жатқан жасөспірім Асқаттың өмірі арқылы қазақ қоғамының әлеуметтік және мәдени ерекшеліктері көрініс табады. Фильм отбасы, жетілу және өмірдің қиындықтарымен күресу секілді өзекті тақырыптарды қозғап, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді және қазіргі заманғы қазақ қоғамының мәселелерін бейнелейді. Байғазиннің визуалдық шеберлігі мен табиғат көріністеріне баса назар аударуы көрерменге қазақ халқының рухани әлемі мен мәдениетін тереңірек түсінуге жол ашады.

Oner Portal “Біз кімбіз” жобасы аясында кинотанушы Еңлік Егеубаева модераторлығымен антрополог Индира Әлібаева мен саясаттанушы Әлібек Нұрғайып талқылау өткізген болатын.

Кейіпкерлерді кеңістікке орналастырғанда, олардың ішкі мінезін, ішкі қиыншылықтарын, ішкі қарама-қайшылықтарын білдіру үшін операторлық жұмыс маңызды рөл атқарады. Осы ретте автордың кеңістікпен ойнауы өте қызық. Режиссер Эмир Байғазиннің алдыңғы екі фильмінде, яғни бірінші «Асланның сабақтары», екінші «Жаралы періште» фильмінде басты кейіпкер өте қатыгез, зұлым және қоғамдық өмірдің куәгері болатын. Ал «Өзен» фильмінде автор Асқатты және оның бауырларын бір зұлымдықтан қорғағысы келетіндей, әкесі арқылы автор расымен балаларды белгілі бір сыртқы күштерден, сыртқы қауіптерден қорғауға тырысқандай дейді Еңлік Егеубаева. Әлде бұл қорғау шектеуге жақын ба? Осындай ойлар қандай да бір саяси параллельдерді ойға түсіре ме деген сұрақпен талқылауды бастады.

Қоғамды зерттеп жүрген, қоғамдағы процестерді бақылап жүрген маман ретінде Индира фильмді әр көрген сайын түрлі әсер алып, жаңа дүниелерді байқайтынын айтты. “Бірінші көргенде бұл фильмді посткеңестік, постсоциалистік елдегі өзгерістер туралы деп ойладым, бір отбасының мысалында. Әкесінің мінезін байқасақ, өзінің қорасының ішінде бір режим бар, ол соның бәрін құрастырып жатыр. Балалары жұмыс істеу керек, жұмыс істемесе жазалайды, демалуға мүмкіндік бермейді. Балаларда өз дауысы жоқ сияқты: тапсырма берілді, балалар орындауы керек. Жігіттің келуі, яғни Қанаттың, капиталистік өзгерістердің кіріп келе жатқаны, сандық құрылғылардың пайда болуы сияқты көрінді. Оның айтқандары балаларда түсініспеушілік сезімін оятты, көптеген психологиялық күйзелістер туғызды. Бірақ алғашқы көргенде бұл фильм маған трансформациядан өтіп жатқан қоғам туралы, олардың ішкі қақтығыстары туралы болып көрінді. Зерттеулер де көп осы бойынша жүргізіліп жатыр. Социалистік режимнен кейін көптеген адамдарда «біз енді қалай өмір сүреміз, шешімді кім қабылдайды» деген ой болды, сол нәрсені көрдім. Бір жағынан бұл фильм балалық шақ туралы болып көрінді. Социалистік қатал режимде өмір сүріп келе жатқан балалар және олардың өмірі. Балалық шақ туралы жазылған антропологиялық еңбектер де бар. Мысалы, Бақыткүл Төлебаева деген антрополог бар, ол Қырғызстандағы балалық шақ туралы жазады. Ол айтады: Қырғызстанда ата-аналар балаларын өсіргенде ең бастысы үлкенді тыңдау керек деп үйретеді, алайда денсаулық пен қаржылық сауаттылық туралы айтылмайды. Белгілі бір күтетін нәрселері бар, тәрбие және жұмыс қатар жүруі тиіс. Мына жерде де мен соны байқадым: балалар жұмыс істесе, үлкенді тыңдаса ертең олар жаман болмайды деген”.

Саясаттанушы Әлібек Нұрғайып триллогияның үшінші бөлімінде режиссер Асланды белгілі бір жаман нәрселерден, жаман ойлардан қорғағысы келіп, әдейі осындай операторлық жұмысты таңдады деген пікірін айтты. «Асланның сабақтарында» Аслан Болатты өлтіреді. «Жаралы періште» фильмінде төрт кейіпкер бар, олардың барлығы өліммен байланысты. Біреуі тіпті балалар үйінен келген балаларды тірідей бөлмеге қамап, өртеп жібереді. Біреуі қызына түсік жасатқызады, біреуі сүйікті тауығын бауыздап жібереді. Осылайша, Эмир Байғазин күнәнің не екенін, күнәнің қайдан пайда болатыны туралы бір философиялық өзіндік манифест жасағысы келген болар деп ойлаймын. Бұл екі фильмнің жалғасы ретінде, фильмде әкесі айтады ғой: «Мен балаларды жалғаннан сақтағым келеді, сырттан сақтағым келеді» деп. Бәлкім, Байғазиннің айтқысы келгені: күнә қайдан шығады? Бұл қоғамнан келе ме? Әлде адам туа сала күнәһар болуға бейім бе?

Әлібек Нұрғайып фильм мен қоғам және медиа арасындағы байланысын сабақтай отырып былай дейді:

Жақында жаңалықтарда кішкентай 4-5 жасар балалар бір-бірін теуіп, ұрып жатқан видеолар тараған болатын. "Шыбындар әміршісі" деген кітап бар, сол кітапта балалардың қатыгездігі туралы айтылады. Бірақ тағы да сол сұрақ: бұл қатыгездік қайдан пайда болады: қоғамнан ба әлде балалар періште болып тумай ма деген. Бұл фильмде, менің ойымша, Эмир Байғазин осы сұрақты негізге ала отырып, баланың бейкүнә кейпін жоғалтуын көрсеткісі келген сияқты. Алдыңғы фильмдердің жалғасы ретінде. "Шыбындар әміршісіне" келетін болсақ, жалпы фильмде шыбын - өте үлкен символ. Ақ жамылғыда балалар оранып жатқанда әрқайсысының үстіне шыбындар келіп қонады, шыбындардың дауысы шығады. Ал шыбын Інжілден келген. Автор ібілісті шыбындар әміршісі деген болатын. Енді бұл бір мысал ғана. Сондықтан Эмир Байғазин бұл фильмде бір отбасыны қоғамнан оқшаулап, әкесіне осындай қатал рөл берді. Байғазиннің өзінің жауабы бар шығар бұл күнә қайдан пайда болатыны жайлы. Бірақ ол көрерменге ой сыйлағысы келген болар. Байқасаңыз, әкесі қатал, бірақ Аслан ондай қатал емес: ол інілерін өзенге апарып, жылылықпен, махаббатпен жаулап алғысы келген. Егер де бұл отбасы оқшауланған емес қоғамда тұратын болса, Аслан сондай мейірімді бала болар ма еді? Аслан қандай бала болар еді?

Бұл фильмді көрген сайын әртүрлі ойлар туындайды, ойыма социализм, коммунизм келеді. Қарасаңыздар, киім киісі бірдей, одан кейін еңбек бөлінісі бар: сен кірпіш құясың, сен суарасың. Бұл социализмнің белгілері, одан бөлек иерархия бар: олар әкесімен ешқашан тікелей сөйлеспейді, ортада Аслан бар. Осы жағынан алып қарайтын болсақ, саяси фильм деуге де болады. Әсіресе қаладан келетін Қанаттың капитализмнің белгілерін алып келетінін қарайтын болсақ, бұл тіпті анық болады. Капитализм мен коммунизмнің соқтығысы, екеуі қосылғанда не пайда болады, не болады деген сияқты ой бар. Себебі Қанат келгеннен кейін бұлар бір-біріне зат сатып, ақша ұстай бастады. Режиссер осыны айтқысы келді ме, жоқ па, білмейміз, бірақ фильм желісінен соны байқай аламыз. Бұл жерде режиссер коммунизм мен капитализмнің белгілерін екі жаққа қойды.

Менің назар аударғаным, фильмде өте көп Інжілге сілтеме бар. Басында шыбынды айтып өттік. Одан кейін кірпіштің құйылуы да Інжілдің үлкен нарративтерінің бірі. Себебі израильдіктер Египет Фараонының құлдығында болған кезде, оларға күндіз-түні кірпіш құйдырып, кептіріп, күнде құятын кірпіш санын арттырып жазалаған болатын. Ол да бар фильмде. Кірпіш құю - жазалау. Одан бөлек нан бар, нан да Інжілдің үлкен нарративі. Байғазиннің сұхбатын оқыдым, сол кезде ол өзі де мойындайды. Бұл фильмді шығаруға оған ең үлкен шабыт берген - шіркеудегі сурет. Қызыл-жасыл терезелер бар ғой шіркеулерде кездесетін, соны үлкен шабыт ретінде алған, бұл бір. Екіншіден, неміс суретшісі Франц Марктің экспрессионизм суреттері, одан кейін Бетховеннің "До мажор" симфониясы деп айтады. Яғни, бұлай қарап тұрсаң, бұл басқа бағыт сияқты. Қаншалықты біз бұны деколониал фильм деп айта аламыз, себебі бұл кісінің сілтемелерінің көбісі, шабыт алғанының барлығы - батыс ілімі.

Бұл жерде отбасыны белгілі бір қоғам ретінде қарастыратын болсақ, балалардың жауапкершіліктері өте көп, бірақ құқықтары жоқ. Қандай құқықтары бар? Анасы айтады басында, біз бұларға үйреткен ойынды ойнап жүр қазір, бірақ өздерінің ойындарын шығарып алды деп айтады. Бұл енді сол патерналистік, автолитарлық қоғамдардың белгісі. Кірпіш құюды егіздер рутина қылып алған. Ең соңында там тұрғызып, ішіне үшеуі кіріп, енді біз осы жерде тұрамыз деді. Інжілде осындай ұқсастық бар: "Сендер Құдайларыңды ойламау үшін, осы кірпішті құйыңдар" дейді. Ең соңында егіздер осы кірпішпен бірге, сол кірпіштің өзіне айналып бара жатқандай.

Еңлік Егеубаева балалар образынан соң ауылға қонақ болып келген Қанатқа ойысты. Фильмдегі мистикалық, ерекше кейіпкер. Ол ауылға келіп, суға дәрет сындырып, түрлі жаман қылықтарын көрсетеді. Бірақ осыған дейін екі егіз Ерлан мен Тұрлан әкесін өлтіруге қатты құмар болды. Олар бірде әкесіне у береді және кірпіш жасап жүргенде көр сияқты қазып, қарап тұрады. "Мен оны жек көремін" деп ашық ойын айтады айтады. Сонымен Қанат кімнің образында келіп тұр? Бұл бәлкім өркениеттің символы ма? Жоқ әлде бұл адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың текетіресі ме? Балалар мен Қанат арасындағы қатынас қандай деген модератор сұрағына талқы эксперттері өте қызық тұжырымдар жасады.

Әлібек Нұрғайып:

–  Әр түрлі интерпретация беруге болады. Мынау дұрыс, мынау дұрыс емес деуге келмейтін сияқты. Әу баста ол гироскутермен келеді. Менің ойыма келгені тағы да Інжіл. Адам мен Хауа ана жұмақта болған кезде, оларға жылан кейіпінде Ібіліс келеді. Бұны алғашқы күнә деп айтады христиандар, олар Құдайдың бұйрығын тыңдамай, сол жыланның айтуы бойынша алманы жейді. Ал бұл фильмде гироскутермен келгені жылан сияқты болып көрінді. Мұны әр түрлі болжауға болады: ол өркениет болуы мүмкін немесе модернити болуы мүмкін, қала мен ауыл болуы мүмкін.

"Асланның сабақтары" деген киноны көрген болсаңыздар, ол жерде оның досы қаладан келіп, қасына отырады. Асланның жанына ешкім отырмайды. Досының түрі де бөлек, телефон ұстайды және ең бастысы Асланға "қалада адамдар сондай бақытты, жүр кеттік" дейді. Бұл фильмде де солай болуы мүмкін. Бірақ менің ойымша, бұл жердегі телевизорларын жөндеп бергеннен кейін, оның артынша болған жаңалықтар, кезекте тұру, мұның барлығын өркениет пен модернитиді байланыстырып, соны меңзеген болуы керек деп түсіндім.

Жалпы фильмді үшке бөлуге болады, бірінші бөлімде Қанат жоқ, тек қана өзен бар. Өзен сол жерде тылсым, киелі дүние ретінде бейнеленген. Одан кейін Қанат пайда болады. Балалардағы өзеннің рөлін, өзеннің маңыздылығын планшет басады. Балаларда мүлде өзенге баруға құштарлық жоқ. Аслан өзі жалғыз барады. Бәлкім сол жерде бір тілегін жасырады, бәлкім жасырмайды, оны бізге режиссер айтпайды. Үшінші бөлімінде Қанат жоқ және соның салдары. Бұл жерде Қанаттың соңында тірі қалуы да бәлкім сол Байғазиннің балаларға деген мейірімі болар.

Индира Әлібаева болса, Қанатты жаңа мәдениетке ұқсатады. Жаңа өмір сүру жолы, альтернатива сияқты. Ол ақпарат. Ол жаңа білім де болуы мүмкін. Таныс емес, таңсық, сол үшін қызық. Балалар оның жанынан шықпайды. Сонымен балалардың бір тынышы бұзылды. Бір жағынан өзіне қызығып тұр, екінші жағынан олар бір қоршауда, ақпаратты және кеңістік қоршауда өмір сүрді ғой. Ал ол балаларды ойландыра бастады. Бір қарасаң өзге планеталық сияқты келді. Бас киімі антенна сияқты. Бір жағынан қала-ауыл деп қарасақ, өзі де мұңды мәселеден қашып келген адам сияқты. Бірақ маған бір қызығы, неге Қанат келіп, балаларды өзінің артынан ерітіп алды? Ол былай қарағанда азғырушылық па? Балалар - көпшілік. Неге Қанат олардың істеп жатқанына қызығып, оларды ертіп кетті? Бұл маған қызық көрінді. Егер Қанат қаладан, ата-анасынан қашып келген болса, неге ол жаңа нәрсені үйренуге тырыспады? Келді де, бәріне үйретіп кетті. Бір жағынан балаларда көңіл толмау болды ғой. Шаршап жүргенде, соған еріп кетті ме деген ой туындады. Кімдік жағынан қарайтын болсақ, кімдікті іздеу. Сенің өзіңдегі барға көңілің толмаса, ізденісте жүрген болсаң, жаңа нәрсе саған қызық болып тұрады. Егер оларда еркіндік болғанда, ата-анасымен байланыс болғанда, мүмкін олар оған ермеуші еді, дейді Индира Әлібаева.

Кинотанушы Еңлік Егеубаева фильмнің визуализациясына назар аударып, символикасына тоқталды: “Кейіпкерлердің киімі бірыңғай қоңыр түсті. Қоңыр түс - топырақ. Топырақ - жер. Сондай символдармен келеді. Осы тұрғыда ойлап қарағанда, фильмде Қанаттың планшетіне ауыстырғысы келетін заттар өте көп. "Мен саған асығымды берем, шымшығымды берем, итімді берем, қамшымды берем" дейді. Төртеуі де бізге өте жақын, қазақи қауымға жақын нәрсе. Осы тұрғыда егер фильм Інжілден өте көп сілтемелер ала отырып, ол біздің кім екенімізді, біздің айдентиімізді айқындай алатын фильм бе?”

Антрополог Индира Әлібаева бұл сұраққа ғаламдық тұрғыда қарайтынын айтты: “Бұл фильм маған бір бүкіл адамзат сияқты және жеке адамға қатысты фильм сияқты көрінді. Екінші жағынан, қазақтық дейтін дала, кейбір элементтер. Бірақ бұл көбіне посткеңестік елдер туралы сияқты. Іс-әрекетіне байланысты, қарым-қатынасқа баға берген кезде, балаларда үймен қарым-қатынас бар, әкемен қарым-қатынас бар, өзенмен қарым-қатынас бар. Әрқайсы не істеу керегін біледі. Егер бір қазақтық дегенді белгілі бір киіз үй, жайлау сондаймен байланыстыратын болсақ, тура келмей қалатын сияқты, ал екінші жағынан қазақтар әртүрлі жерде тұрады ғой. Бірақ басты көрген нәрсе - transition кезең, бір өтпелі кезеңде тұрған қоғам сияқты көрінді”.

Егер фильмді субъект ретінде қарайтын болсақ, яғни Байғазиннің кім екенін білмей, фильмнің сыртындағы ақпаратты есепке алмаса, бұл бір сондай өзгерісте тұрған сәттің бір бейнесі деген оймен Әлібек Нұрғайып та келіседі. Себебі Қанат өзгеріс алып келді. Режиссер қанша дегенмен біздің қоғамның мүшесі ғой, сондықтан оның фильмдерінде біздің қоғамдағы идеялар мен біздің қоғамда болып жатқан ойлар, өзгерістер көрініс табады. Патерналисттік қоғам, иерархия, автократия тұрғысынан мүмкін Байғазин Қазақстанды көрсетуді қаламаған шығар. Ол Қазақстанның азаматы, осында туып-өскеннен кейін, бәлкім бейсаналы түрде сол көрінген шығар, –  дейді Әлібек Нұрғайып. –  Отбасыдағы қарым-қатынастар, әйел адамның рөлі шетте қалып қойған, тіпті алдыңғы фильмдер де осындай. Біздегі жасөспірімдер арасындағы қылмыс, балалардың бір жауыздығы, соның барлығы адамға әсер етеді. Қанша жерден бөлек, әлемдік кино жасағысы келсе де. Бұл фильмнің ерекшелігі режиссердің талпынысынан болуы керек деп ойлаймын. Конкурсқа арналған, әлемдік кино жасағысы келгендіктен, көп ақпарат Қазақстанға қатысты деп айта алмаймын. Бұл отбасы кез келген елде болуы мүмкін сияқты. Бұл жердегі режиссер экзистенциялық, философиялық сұрақтарды көтергісі келгендіктен, ол өзін Қазақстанның шекарасына байлап қойғысы келмегендіктен, фильмде де сол көрініс табуы мүмкін.

Байғазинның алдыңғы фильмдері және осы фильмін қарастыратын болсақ, сілтемелер батыстық көзқарасқа, батыстық фестивальдер мен конкурстардағы рецензия жазатындардың түсінуі үшін жасалғандай көрінуі мүмкін. Бұл да бір әлемдік модернитиға бағыныштылықтың белгісі. Екі саундтрек қана бар, оның өзі шіркеудегі хор. Сондай сілтеме жасау шарты, я болмаса көріп отырған фильмнің сізге таныс болуы, болмаса батыстағы көрерменге таныс болуы байқалады. Біздің әлі де бейотарлыққа біраз жол жүруіміз керегін көрсетеді. Себебі көптеген фильмдер әлі де деколонизация процесінен өтуі керек сияқты. Бұл тек қазақтың мифологиясына сілтеме жасаңдар деген сөз емес. Бірақ сондай бір деколониалдық дискурс жетіспейтін сияқты өзіме. Байқасаңыздар, сөйлеген сөздері қазақша, алайда қазақ ауылындағы балалар психологиялық ауытқуы болмаса, бұлай сөйлемейді. Алдыңғы фильмдерінде де адамдардың сөйлеуі сәл тылсым, жат. Тек әкесінің сөйлеген мәнері ғана шынайы болып елестеді. Сол жағынан менің көңілім қалды. Бәлкім арт-кинода солай болуы керек шығар. Бірақ қарапайым көрермен ретінде, саясаттанушы ретінде осыны байқадым дер ойын түйіндеді Әлібек Нұрғайып.

Бұған кинотанушы Еңлік Егеубаева авторлық фильмдерде авторлар актер ойына жүгінбейтінін айтты. Режиссер не ойласа, соны айтып бергенді қалайды. Яғни, ол жерде эмоция керек емес, артық іс-қимыл керек емес, айтқым келген нәрсені жеткізсең болды деген сияқты көзқарас бар. Ары қарай талқыны жүргізе отырып модератор айдентикаға байланысты бір ойын айтады Фильмде кейіпкерлер көбінде далаға шыққан кезде, садақ атуға барған кезде немесе бір өзенге түсіп жатқан кезде оператор, яғни режиссердің өзі оны жалпы фонда көрсетеді. Яғни, оларға ірі план бермейді. Табиғатпен бір тұтастық сияқты көрінеді. Күнге қыздырғанда да, олар киімін шешім қыздырынбайды, кейіпкер мен жер арасында тұтастық бар сияқты. Бұл бізге ең бірінші тәңіршілдік мотивтерін еске түсіреді және фильмнің финалында балалар билеп жатады, билеген кезде де камера тек кейіпкер мен аспанды көрсетеді. Қақатың көк тәңір ұғымы мен фильмдегі тәңіршілдік мотивтерінің сабақтастығы туралы талқыға қатысқан эксперттер ойы әртүрлі болды. Әлібектің ойынша күннің шағылысуы, барлығы, балалардың жүзіп бара жатқаны шіркеудегі терезелерде салынатын суреттер, геометриялар, шағылысуларға ұқсайды. Осы тұрғыда Байғазиннің суреткер ретінде ерекшелігін атап өткен жөн. Себебі ол бір ақпаратты айтса да, жалпы интерпретацияға ашық. Себебі "Жаралы періште" деген екінші фильмі де еуропалық суретші "Жаралы періште" деген  картинаға негізделген фильм. Ал ол картинаның ерекшелігі, ол жерде суретші бұл картинаның мағынасын көрерменге қалдырады. Картинаның танымалдығы да сонда, себебі бұл интерпретацияға өте ашық картина. Байғазинның да ерекшелігі осында. Яғни біз қала мен ауыл дедік, дәстүрлі қоғам мен модернити және тағы басқа десек те, бұл фильм тәңіршілдікке де қатысты болуы мүмкін, себебі сиырдың бас сүйегі сияқты элементтер кездеседі.

Әңгіме фильмнің атауына ойысқанда И. Әлібаева бір қызық ойды жеткізді

– Бір қараған кезде, өзен маған сыртқы әлем сияқты көрінді. "Неге әкеміз ол туралы айтпаған, суы мөлдір екен, әр түрлі тастар бар екен" дейді ғой. Ол сырттағы әдемі әлем, олардан жасырын тұрған. Олар сыртқы әлемге үнемі ұмтылады, әкесі апармаса да. Бірақ өзен фильмнің басында бір нәрсе болса, ортасында басқа, соңында тағы басқа нәрсе сияқты ауысады. Бір кезде ол адамның миы, ойындағы құбылыстар, көңіл күйі сияқты көрінді. Әсіресе қатты уайымдаған кезде, өзеннің жанында отырып, тыныштық алатын сияқты. Бір қарасаң, уақыт сияқты да көрінеді. Қазақ тіліндегі ең танымал өзенге қатысты сөз: "Өмір-өзен". Ол өмірмен де байланысты болуы мүмкін.

Бірінші балалар өзенге келіп, жүзіп жүрді, кейін Қанат келіп дәрет сындырды. Қанатты техника, капитализммен байланыстырсақ, ол табиғатқа құрметсіздік көрсетеді. Бұл – табиғатты сыйлауымыз керек деген месседж. Психоанализ тұрғысынан қарасақ, Фрейд бойынша, су бейсаналықпен байланысты. Фильмнің басында "өзен барлық армандарыңды орындайды" деп айтады. Қанатты жек көріп жүргенде, Аслан оның өлуін тілеген сияқты.

"Өзен" атауы экологиялық месседж береді деп ойлағам. Балаларда табиғатпен үйлесім бар, сыртта еркін жүреді. Бірінші рет суға түскенде, батып кете ме деп уайымдадым, бірақ олар еркін жүзіп жүрді. Олар табиғаттың бір бөлігі сияқты. Мүмкін, автор бұл ойды айтқысы келмеген де шығар.

Ауыспалы кезеңге қатысты ойды сабақтай отырып Әлібек Нұрғайып фильм атауында да сондай заңдылықты байқайды.  Яғни өзеннің сондай бір фильмдегі ауыспалы мағынасын көруге болады. Фильмнің өзін шартты түрде үшке бөлуге болады. Алғашқы бірінші бөлігінде өзен балалар үшін жан рахаты, тән рахаты, қызық, тылсым, алып бейне болып келеді. Екінші кезеңде өзеннің рөлі төмендейді, оның орнын планшет басады. Яғни балалардың өзенге деген қатынасы өзгеріп отыр. Үшінші кезеңде, балалар Қанат өзенге батып кетті деп ойлайды, сондықтан өзен өлім ассоциациясын тудырады. Балалар өзенге барғысы келмейді. Сол кезде балалардың өзенге деген қатынасы жаңа бір деңгейге көтерілгенін көреміз. Өзен бұрынғыдай тән рахаты, жан рахаты ғана емес, сонымен бірге өлім. Оның алдында екінші бөлімінде Қанат дәретін сындырады да, бұл жерде өзеннен кие кетеді. Олар себебі Қанаттың істегенін қайталайды. Олар алдында әдемі жүзіп жүрсе, Қанат үйреткеннен кейін бір-бірін суға батырады. Өзеннің сол кездегі балалар үшін мағынасы төмендеген, сонымен бірге оның алғашқы бөлімдегі киесінің жоғалғанын көреміз. Үшінші бөлігінде - өлім. Өзеннің қорқынышты, үрейлі екенін түсінеді балалар. Себебі, адам батып кетуі мүмкін деген сияқты. Сондықтан осының бәрін ескере отырып, мен де "Өзен" деп қояр едім. Фильмдегі негізгі идеялар сол өзен арқылы беріліп жатыр.

Әлібек Нұрғайып:

– Байғазин өзіндік қолтаңбасы бар режиссер. Актерлердің сөйлеу мәнері мен кадрларынан оның фильмдерін бірден тануға болады. Бұл режиссердің қазақ киносына қосқан өзіндік үлесі бар. Қандай мақсатта түсірілсе де – батысты бағындыру, өзінің ойын жеткізу, қоғамдағы құндылықтарды көрсету – бұл фильм өзінің діттегеніне жетті. Әркім бұл фильмді әртүрлі түсінгенімен, бәріміздің ойымыз бір: ішкі әлем мен сыртқы әлемнің тоғысуы. Мұндай фильмдер интерпретацияға ашық болғандықтан, өз мәнін, мағынасын ешқашан жоғалтпайды деп ойлаймын. Фильмнің көркемдік және мағыналық талпыныстарына өз бағасын беруіміз керек.

Киноталқы соңында антрополог Индира Әлібаева фильм туралы әсерін қоғам құндылықтарымен ұштастырады:

– Қазақ қоғамы ретінде осы фильмді көріп отырған әрбір адам өз реакциясын қалыптастырды. Іштей "неге балалар атпайды әкесіне" деген ойлар болды. Бұл жағынан фильм ой толтырды және көпшіліктің ойы бір жерден шықса, адами және отбасылық құндылықтарға қатысты, онда фильм өзінің миссиясын орындаған шығар. Адам баласы өзен сияқты аға береді. Әр түрлі контексттер – соғыс, табиғи катастрофалар, технологиялар – пайда болады. Осындай жағдайларда адам өзінің әмбебап құндылықтарына сүйенсе, мүмкін кімдігі сол нәрсе шығар. Фильмде тағы бір аңдатпа, ұлттық мемлекеттер мен саяси шекаралар бар сияқты көрінді. Балаларды халық деп қарастырсақ, олар кейбір құндылықтарды сақтай алады деп ойлаймын. Яғни, өзіңді тану жалғаса беретін процесс.

Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі ішкі әлем мен сыртқы әлемнің тоғысуын, ескі мен жаңаның күресін суреттей отырып, қоғамның терең философиялық мәнін ашады. Бұл фильм әрбір көрерменді өзінің құндылықтары мен идентификациясын қайта қарауға шақырады. Әр түрлі контексттерде адам өзінің әмбебап құндылықтарына сүйеніп, өмірдің өзгермелі ағысында өз орнын табуы керек деген ойды алға тартады. Ұлттық мәдениет пен жеке тұлғаның өзара байланысын зерттей отырып, фильм деколонизация, модернити және табиғатқа деген құрмет сияқты маңызды тақырыптарды қозғайды. Осылайша, «Өзен» қоғамның философиялық тереңдігін көрсетіп, көрерменді ойландырады.