Бұрынғыны айтпай,
кейінгі еске түспейді.
(қазақ мақалы)
Бүгінгі таңда төл мәдениетіміз бен өнерімізге қатысты қордаланған мәселелердің көптігі сонша, біз бұл саладағы көзқарасымызды қайта қарауға мәжбүрміз. Өткен ғасырдың соңында біз үш жүз жылға жуық, билігі сырттан болған бодандық дәуірді артқа тастадық. Алайда тәуелсіздік алған кезеңіміз жаппай жаһандану дәуірімен тұспа-тұс келді. Есесіне барлық салалар: оның ішінде мәдениетіміз, өнеріміз, руханиятымыз сындарлы кезеңді бастан кешуге мәжбүр болды. Әрине кино өнеріміз де бұл бұдан тыс қалған жоқ. Осыдан 10 шақты жыл бұрын жаһандану, яғни globalization ұғымы жиі және үрей туғыза айтылатыны соншалық, тіпті бұл үрдіс ұлттық мәдениеттерді жойып жіберетіндей сезімде қалғанымыз шындық. Алайда жаһандану керісінше ұлттық болмысыз бен төл өнерімізді бүкіл әлемге паш етуге жаңа мүмкіндер беретін glocalization яғни глокализация дейтін жаңа дәуірге ұласып кеткенін аңғармай да қалғандаймыз. Нақтырақ айтқанда бүкіл әлемнің назары қайтадан жергілікті субмәдениеттердің болмыс-бітіміне, үніне ауа бастады. Бұл тұрғыда кино өнеріне, оның ішінде әсіресе тарихи фильмдердің бітім болмысына айырықша назар аударудымыз аса қажетті.
Егер де осыдан он неше жыл бұрын басылым беттерінде «Бізде қазақ киносы барма»деген сарындағы сұрақтар жиі шығатын болса, бүгінде көрермен арасында бұндай мәселе тіпті көтерілмейді де. Қазақстанда қазір жыл сайын 70 ке жуық отандық толық метрлі филь прокатқа шығады. Биылғы жылғы меже бойынша бұл көрсеткіш 100 ге жуықтауы мүмкін. Алайда мемлекеттік тапсырыстар мен жекеменшік өндірісті қоса алғандағы қазақстандық кино өнімдерде тарихи фильмдер үлесі өте аз. Біз бұл сандарды текке айтып отырған жоқпыз. Көптеген өркениетті ұлттар өзінің арғы-бергі төл тарихын толығымен экран тіліне көшіріп болды. Жалпы тарихты білу, ұлттық болмысты дәріптеу ол қазіргі кезде жиі көтерілетін ұлттық тектестік (ұлттық идентификация) мәселесіне соңғы нүктесін қоя алатын бірден-бір жол. Біздің ежелгі заманнан тартып күні бүгінге дейінгі тарихи жолымыз ешқашан да жаулаушылық немесе шапқыншлық емес, керісінше қорғану, ұлттың өзін-өзі сақтау тарихы. Бірақ қазір мәселе ақиқатта емес, сол ақиқатты қалай көрсетуде болып тұр.
1991 жылы кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов дешті қыпшақта Алтын Орда дәуірініңбасталу алдындағы Шыңғыс хан жаулаушылығын сипаттайтын «Отырардың күйреуі» тарихи трагедиясын түсірді. Фильмді саяси һәм философиялық сипаты басым туынды деп санауға болады. Кинокартина сол тұстағы Орта Азиядағы қыпшақтардың ірі мәдени және сауда орталығы саналатын Отрар қаласын жанқиярлықпен қорғаған Қайырхан мен оның мыңдаған сарбаздарының ерлігін сипаттайды. Фильмнің негізгі құндылығы туған топырақты сыртқы жаудан қорғаудағы ұлтымызға тән жауынгерлік рух пен қолбасшының биік тұлғалық бейнесі деуге болады.
Киноэкран арқылы ежелгі ұлы қолбасшы бабаларымызды сәтті көрсете алған тағы бір туынды «Сұлтан Бейбарыс» фильмі болатын. Картинаны 1989 жылы режиссер Болат Мансұров түсірді. Басты рөлді экранда аса шебер сомдаған Нұрмұхан Жантөрин Бейбарыс тұлғасының мәгілік көркем бейнесін жасап берді. Тарихтан білетініміздей Бейбарысқыпшақ даласынан мысыр еліне құлдыққа сатылып, кейіннен сол елдің ең жоғары билеушісі дәрежесірне дейін көтерілген ұлы қолбасшы. Египеттей алып елді 17 жыл билеп, араб әлемін моңғол жаулаушылығы мен крест жорығынан аман сақтап қалған біздің ұлы бабамыздың экарндық бейнесі әр көрерменнің көкейіне мақтаныш сезімін ұялатары сөзсіз. Алайда даңықты бабамыздың өмірі өз қол астындағы сатқын уәзірі тарапынан қапияда қиялады. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп айтылатын, туған топырақтың қадір-қасиетін дәріпейтін қанатты сөз Бейбарыс бабамыздан қалыпты деседі. «Сұлтан Бейбарыс» кинокаритнасы көркемдік ерекшелігін былай қойғанда, тарихи-философиялық тұрғыдан да аса маңызды туынды деуге болады.
Жер бетінде тамыры таяз ешбір ұлт болмайды. Тарихи жолы арқылы ұлт пен ел өз болмысын таниды және ертеңгі жолын анықтай алады. Ең өкініштісі тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырында елдің жоғары саяси мінберінен қазақ мемлекеттігінің бастауы туралы қисынсыз әңгімелер жиі айтылды. Салдарынан іргедегі көршілеріміз де бұрын соңды бізде елдік пен мемлекеттік болмаған деген түсініктен арланбайтын халге жетті. Елтарихына жасалған бұндай қиянат пікірдің салдары өте ауыр болатынын ескеруіміз керек.
Алайда өз қатесін жылдам түсінді ме, 2014 жылы мәдениет министрлігі қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу қарсаңында «Қазақ елі» тарихи телехикаясын түсіруге тапсырыс берді. Көп өтпей аталған ұласпалы фильм негізінде «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Қазақ хандығы. Алтын тақ» сынды толық метрлі көркем фильмдеркөпшілік көрерменге жол тартты. Фильм Алтын Орданың ыдрауы негізінде құрылған қазақ хандығының қалыптасу кезеңін сипаттайды. Кино туынды XV ғасырдың 60-70жылдардағы қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек бастаған рулардың хандықіргесін қалауы барысындағы қиын кезеңін көрсетеді. Алайда аты көркем фильм демесеңіз қыруар қаражатқа түсірілген туынды көпшілік күткен дүние болмай шықты. Кинокартина сол замандағы Шайбани әулетінен ірге бөліп жатқан қазақ тайпаларының бастан кешкен алмағайып оқиғаларын ретімен тізбелеген танымдық материял деңгейінен асқан жоқ. «Қазақ елі» кино жобасы өзінің асқақ тарихына сусап отырған көрерменнің көзайымына айнала алмады.
Өткенді экранда көрсету, оны өнер туындысына айналдыру деген ұғым тарихи деректерді айна-қатесіз суреттеп шығу деп жаңсақ түсінбеу керек. Ұлттық экранымыздағы тарих ең бірінші киноның өзіне ғана тән таза экспрессивті тәсілдері арқылы түсірілуі керек. Шынайы тарихты көркем әдебиет, көркем кино, көркем өнер тұрғысында жеткізу оны нақты деректер ретінде сипаттап беруге қарағанда әлде қайда әсерлі және терең болып шығар еді. Оның жарқын мысалы ретінде әдебиетте «Абай жолы», кино да «Қыз Жібек» фильмін айтудың өзі жеткілікті. Екі туындының да өн бойында ұлттың тарихы, болмысы, шұрайлы тілі мен бүкіл құндылықтары жатыр.
Сөз басында айтқанымыздай тарихи фильмдер елдің еңсесін көтеріп, жас ұрпақты өз ұлттық идентификациясын жылдам анықтауына ықпал ете алады. Біздің халқымыздың ешбір елге ұқсамайтын ерекше төл тарихи жолы бар. Алтын Орда сынды айбынды империядан кейінгі біздің сүрлеуіміз қорғаныс тарихы болғанын айттық. Қазақ хандығы дербес ел болған алғашқы күннен бастап ойрат (алғашқыда қалмақ кейіннен жоңғар деп аталды) шапқыншылығынан көз ашпады. Шама-шарқы қарайлас екі көшпенді елдің соғысы 230 жылға жалғасты. Қатігез соғыс отырықшы өркениетке қайта бет бұруымызға мұрша бермеді. Бұған жоңғар шапқыншылығынан кейінгі патшалық ресейге бодан болған тағы 2 ғасырлық кезеңді қосыңыз.
Дейтұрғанмен жас киногерлер үшін тарихты экран тіліне аудару дегенді міндетті түрде ауқымды оқиғалар, алапат соғыстарды көрсету немесе қомақты қаржыны талап ететін тіс батпа өнер тетінде қабылдаудан аулақ болуға шақырар едім. Айталық, сол заманның бір ғана типтік кейіпкері немесе бір отбасының өмірі арқылы да тұтас тарихи кезеңді сипатауға болады. Өткен жылы канн кинофестивальінде бас жүлде «қызығушылықтар аймағы» атты Британдық тарихи фильмге берілді. картинаконцлагердегі еврей қырғыны туралы. Алайда фильмде милиондаған адам өртеліп жатқан лагерден бір кадыр, қырғынға ұшырап жатқан бірде бір еврей көрсетілмейді, керісінше сол лагер түнбіндегі бақытты неміс офицерінің отбасы арқылы тұтаст трагедияны көрермендерге толық сезіндіре алады.
Біздегі тарихи фильмдерге қарап отырсақ қазақ тек соғыстан көз ашпаған ел секілді сезімде боласың. Мыңдаған жылдық тарихымыздағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай бейбіт күнді де өз алдына көрсету маңызды деп білеміз.
Тәуелсіздік жылдары түсірілген ірі тарихи киножобаның бірі ол «Көшпенділер» фильмі болды. Иә, кәсіби тұрғыда өте сапалы фильм. Алайда үлкен нарыққа бағытталған бұл туындыда қазақы дүниетаным мен бірегей дәстүрімізге атыс-шабыс сахналары орын да қалдырмаған еді. Кейінгі жылдары арық көрген «Жау жүрек мың бала» немесе даңықты патшайымның өмірі көрсетілген «Томирис» секілді фильмдер де тарихи деректердің жалаң экрандық көшірмесі деңгейінен аса алмады.
Шоқан Уалиханов ұлт биік мұраттарға жетуі үшін бірінші ол тәуелсіз, екінші білімді болуы қажет деген екен. Бүгінгі таңда тәуелсіздікті баянды ететін бірден бір күш ол қалыптасқан ұлттық сана екені анық. Ең өкініштісі әлемдік ғылыми айналымда өткен ғасырға дейін ұлы мәдениеттерді тек отырықшы халықтар жасап, түркітектес елдерөркениеттен ада, жабайы халық ретінде сипатталды. Бір ғана Гумилевтің өзі көшпенді өркениеттің адамзат дамуына қосқан үлесін анықтауда қаншама үлес қосты. Біздің төл тарихымызды да ертеме кешпе ұлтқа жаны жақын мамандар кино тіліне айналдырар күн алыс емес деп сенеміз.
Кино қазіргі таңда тек кинотеатрларда ғана емес, смартфон, теледидар, ноутбук көмегімен кез-келген орында көруге болатын қолжетімді өнер түріне айналды. Алайдаэкран алдында отрырған милиондаған көрерменді әлі де сапалы тарихи кино контентпен сусындата алмай отырмыз. Тарих сахнасына егемен ел болып қайта көтерілген тұста өз ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды, кешегі айбынды тарихымызды дәріптеуде тарихи фильмдерге басымдық беру және оның көркемдік сапасын академиялық деңгейде қадағалау барлық кино және өнертанушы мамандардың алдындағы маңызды іс деп білеміз.