Мақала / #студентСөзі
«Мадина» фильміндегі ішкі күрес пен трансформация
Айжан Қасымбектің «Мадина» фильміне рецензия
Бөлім: Кино
Датасы: 30.10.2024
Авторы: Ғайша Аманжол
Мақала
«Мадина» фильміндегі ішкі күрес пен трансформация
Айжан Қасымбектің «Мадина» фильміне рецензия
Бөлім: Кино
Датасы: 30.10.2024
Авторы: Ғайша Аманжол
«Мадина» фильміндегі ішкі күрес пен трансформация

Өмірдің ауыртпалығына мойымай, тағдырдың тас қамалына қарсы тұрған әйелдің жан арпалысын бейнелейтін Айжан Қасымбектің «Мадина» фильмі – шынайы өмірдің күрделі тұстарын ашатын әсерлі драма. Режиссер фильмнің эстетикасы арқылы көрерменді кейіпкердің ішкі күйзелісін сезінуге жетелейді, ал визуалдық тәсілдер мен суық түстердің қолданылуы оның оқшаулығын және қоғамдағы орнының белгісіздігін бейнелейді. Қала кеңістігі теңіз фонында тар сезілгенмен, басты кейіпкердің панораммадағы жалғыз бейнесі кейіпкерді кішкентай, дәрменсіз ретінде көрсетуде. Әрі түстік шешім салқын түстермен бейнеленгені, Мадинаның еркін өмір сүре алмай, тұрмыс пен жауапкершілік жүгінің астында қысылып қалған мұңын ашуға тырысады. Жалғызымен өткізетін сәттерде фильм жылы, нәзік түстерге ауысып, оның жалғыздығы мен күнделікті ауыртпалықтардан уақытша құтылуының бейнесіне көз саламыз. Бұл көріністерде жарық пен көлеңкенің ойыны арқылы режиссер кейіпкердің аналық махаббаты оны тіреп тұрған бірден-бір күш екенін байқатады. 

Сюжет желісінің даму барысында біз Мадинаның інісі Рауанның ішкі күйзелісіне жақындай бастаймыз. Айжан Қасымбек кейіпкердің пост травмалық күйзелісіне кішкентай бөлшектермен біртіндеп меңзей бастай тұра (Рауанның той туралы естіген сәттегі бейнесі), алып әлемдеге кішкентай адамның дәрменсіздігі жайлы ой қозғайды. Бұл Мадинаның  өз әлемінде жалғыз болуы оның мәселесі ғана емес, баршаның «ауруы» екенін түсіндіреді. Дәлел ретінде жалпы план форматындағы теңіз жағасындағы мұңды көрініс Рауанға да тиесілі болды. Ал, кенеттен естілетін киттің үні топтан бұзылған жалғыз жанның сарынына ұқсас келеді. Толқындар бірін бірі қуып жатса да, әр тағдыр өз жолын келесісіне жалғайды. Рауанның ішкі конфликті Мадинаның ішкі күйзелісіне ауысады. Айжан Қасымбек бұл сәтте бірінші Рауанды, кейін шындықты білген Мадинаны бір кеңістікке қойып, репризаға жүгінеді. Бұл сәтте кадрда кейіпкерді үшбұрыш тәрізді аркаға орналастыру – режиссердің белгілі бір символикалық мағына беру үшін қолданатын визуалды тәсілі. Үшбұрыштың өзі – күрделі, көп мағыналы геометриялық фигура, ал оның фильмдегі мағынасы бұл жағдайда кейіпкердің шатасуы мен тұрақсыздығы жайлы баяндайды. Үшбұрыштың үш бұрышы кейіпкерді сырттан қоршап тұрған күштерді немесе қысымды білдіруі анық. Бұл рамкада кейіпкер теңіз бойында тұрса да, тар әрі шектеулі кеңістікте қалғандай көрінеді, ал бұл оның қиын жағдайға тап болғанын, қашып құтыла алмайтынын көрсетуі мүмкін. Үшбұрыш жиі тұрақсыздық пен белгісіздікті білдіретін фигура ретінде қабылданады, өйткені оның үшбұрышты формасы квадрат секілді симметриялы емес. Бұл Рауан мен Мадинаның  кейіпкер ретінде ішкі немесе сыртқы тұрақсыздықты сезінуін, өмірінің шатасқан кезеңін көрсету үшін қолданылды. 

Алайда, Айжан Қасымбектің фильмі тек драма емес. Басты кейіпкердің өзі фильмнің шарықтау шегіне дейін біртіндеп күш, қуат жинайды, қанаттанады. Қазақша биден бастау алған көрініс кейіпкердің ішкі күшін ашуына бірінші қадамды белгілейтіні анық. Ал, фильмнің соңындағы Мадинаның судағы бейнесі, бұрынғы травмадан толық айырылудың символы ретінде жұмыс істейді. Кейіпкер уақыт өлшемі ұзақ көріністе толық трансформацияға ұшырады. Бұл, Жан Вигоның «Аталанта» -сындағы сюрреалисттік көрініске ұқсас болуы кездейсоқтық емес шығар. Жанның суға түскендегі Жульеттаның бейнесін елестетуі оның бұрынғы ренішінінен айырылу символына айналса, кейіпкер Мадина ішіндегі ауыртпаушылықты тастап өмірінің сұрапыл кезеңін артта қалдыруының куәгері болады . Дегенмен, тек эстетикалық ерекшеліктен басқа, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі тақырыптардың ашылуына септігін тигізеді. Кішкентай, әлсіз адамның қоғам ішіндегі жалғыздығы – бұл адамзаттың іргелі әрі қайталанбалы тақырыптарының бірі. Әлсіздік пен жалғыздық сезімі әр адамның болмысында тамырланған. Ал кейіпкерлердің өз бойындағы ауыр жарақатты қабылдауы – бұл ішкі трансформация мен өзіндік емделудің күрделі және нәзік үдерісі. Әдетте, травма адам жанында ұмытылған, бірақ үнемі білінбей тұратын ауыр салмақ ретінде сақталады. Ол еске түссе, жан жарасы сыздап, жан тыныштығын бұзып, күнделікті өмірде адамның өзін толық сезінуіне кедергі болады. 

Философиялық тұрғыда бұл – өмірдің мағынасы мен мәнін қайта анықтау сәті, адамның өз жолын өзі табуының көрінісі. Көптеген ойшылдар, соның ішінде Фридрих Ницше, ауыр сынақтардан өткен адам әлдеқайда мықты болатынын айтқан, себебі ол өзі үшін өмірдің түпкі шындығына жақындай түседі дейді. Егер, Рауан өзінің жарақатынан қашу мақсатында шетелге кетсе, Мадина күресуге батылдық танытты. Ол травмасын толық қабылдай тұра өзгеше көріне бастады: енді ол бұған дейінгі шектеулерінен босайды. Травма тек жүк емес, кейіпкер үшін өмірге тереңірек көз салу, басқалардың сезімдерін түсіну және жаңа шынайылыққа қадам жасау жолына айналады. Травманы қабылдау арқылы адам өзін емдеп қана қоймай, өзінің жаңа қырларын ашады. Өмірдің ауыртпалығын өзіне қабылдап, оны кедергі емес, құндылық ретінде қабылдау – кейіпкердің ішкі рухының оянуы мен қайта жандануының белгісі. Дегенмен, Рауан кішкентай отбасысын жалғыз қалдырса да, Мадина жалғыз қалмады. Себебі жанның тереңінен, жүректің түбінен бастау алатын Мадинаның жақыны кішкентай қызы ешқайда кетпейді. Каспий теңізінің бойына сол мезетте көктем келгенімен, жандардың ішінде тыныштық пен бақыт орнайды. 

Сөздің соңына келсек «Мадина» тек әйелдің әлеуметтік мәселелермен күресін бейнелейтін драма ғана емес, сонымен қатар рухани трансформация мен ішкі емделудің символына айналады. Айжан Қасымбек ұсынған көркемдік тәсілдер, визуалдық шешімдер мен терең философиялық ойлар мен Мадина Ақылбекованың өмірлік оқиғасы ұштаса келе эстетикаға тол шынайы туындыға айналды. Деректілікке жақын фильм  қоғамның әлсіздікке толы, бірақ ішкі күшке ие екенін сездіреді. Режиссер мен актерлер арқылы көрініс тапқан нәзік әрі тұтас әлем біздің ортақ адамдық мәселелерімізді бейнелейді. Мадинаның өз қайғысы мен травмасын жеңу жолы бізге өмірдегі қиындықтарға қарсы тұрып, оларды терең түсіну арқылы рухани жаңару мүмкіндігін көрсетеді. Бұл фильм тек сюжет қана емес, қоғамдағы орын, құндылықтар мен жеке тұлғаның ішкі күресін бейнелейтін айна іспетті.