Мақала / #студентСөзі
«Қайталанбасын»: Өткенді ой таразысына салу
Бөлім: Кино
Датасы: 09.01.2025
Авторы: Әзиза Қуандық
Мақала
«Қайталанбасын»: Өткенді ой таразысына салу
Бөлім: Кино
Датасы: 09.01.2025
Авторы: Әзиза Қуандық
«Қайталанбасын»: Өткенді ой таразысына салу

«Қайталанбасын» - Қаңтар оқиғасы тақырыбымен байланысқан бес оқиғадан тұратын киноальманах. Баяндау формасы драма мен мокьюментари жанрларының бірегейлігінен құралған. Бес оқиғаның авторларының құрамына кіретіндер: Олжас Ермекбаев, Дархан Төлегенов, Берік Жаханов, Диас Бертіс және Модиар Абдукадыров.

Аталмыш фильмнің түсірілуі барысында қоғамда резонанс туған болатын. Әркімді тақырыптың ауырлығы мен түсірілімнің ауқымдылығы мазалады. Жақтағандар да, даттағандар да болды. Дегенмен, «Қайталанбасын» өз орнын «TV+» платформасында тауып, жарық көрді. Осылайша, бұл туындының ең алдымен көркем шығарма ретінде қалай құрастырылғанына баға беруге мүмкіндік туды.

Фильмдегі сюжет желілері параллельді монтаж арқылы жүргізілген. Әдетте киноальманахтан кезекті түрде жалғасқан композиция күтіледі. Алайда, нақты осы бейнеде кейіпкерлер мен олардың хикаялары бір-біріне байланысқандықтан кезектіліктің орнын параллельділік басқан.

Енді бес сюжет желілеріне қысқаша тоқталып өтелік:

- «Бауырым бауыр етім» (Олжас Ермекбаев) – ағайынды  Жакуповтардың қарама-қайшы ұстаным танытуынан арашаланып қалуы;

- «Шабуыл өтінде» (Берік Жаханов) – жемқорлықты шешім деп көрген полиция қызметкерінің өкіну жолына түсуі;

- «Қорқаулар» (Диас Бертис) – әлеуметтік теңсіздік қысымын көрген жас жігіттердің тонаушылыққа баруы;

- «Курсанттар» (Модиар Абдукадыров) – Арман атты кейіпкердің академия қоршауында өліммен танысуы;

- «Мықты әйелдер» (Дархан Төлегенов) – мұражай қызметкерлерінің тарихи жәдігер мен адам өмірін сақтауда қаһарлық танытуы жайлы.

Аталып өткен оқиғалардың айырмашылықтары мен ұқсастықтары қатарына камера қозғалысы, түстік шешімдер және пландардың ауысу ерекшеліктерін жатқызуға болады. Әрине, далада таралған хаос камера қозғалысының динамикалылығымен бейнеленген. Әрі, кеңістіктің танылуы үшін жалпы пландар жиі қолданылған. Бұған дейін веб-сериалдардың түсірілімімен айналысқан режиссер құрамының көп бөлігі үшін бұл дебют болды. Сондықтан, стилистиканың «Salem Entertainment» медиахолдингінің веб-сериалдарына жақын болуы таңғаларлық емес. Деректілікке ұқсас түсіру әдісі көбіне Олжас Ермекбаевтің оқиға желісінен байқалады. Митинг көріністерін куәгердің көзімен бейнелеуге тырысу бар.

Мокьюментари жанрының канондарына сай өмірден мұражайда, полиция академиясында болған жайттар алынып, әрі қарай қиялға негіз қойылған. Киноальманахтың әр бөлігі  психологиялық трансформацияның қалай жүзеге асқанын қамтиды. Адами қасиеттер түрлі мәнде ашылған. Сюжеттің дамуы осы қасиеттерге тікелей тәуелді. Кейіпкерлерді ерекшелендіретін сипаттамалар антитезаланғанын байқау қиынға соқпайды. Бай мен кедей, адал мен алдамшы, жақсы мен жаман деген сияқты түсініктердің арасындағы шекара нақты қойылған. Мысал ретінде «Шабуыл өтіндегі» капитан мен старшинаны алсақ болады. Старшина адал қызметкердің айнасы болып келсе, капитан құйтырқылық қасиетін иеленген. Немесе «Қорқаулардағы» Бауыр мен «Курсанттардағы» Арманды да алсақ, ой тағы бір дәлелденеді. Әлеуметтік мәртебелерінің айырмасынан екеуінің мүмкіндіктерінің деңгейі теңдей емес еді. Мысалға келтірілген кейіпкерлердің әрқайсысы ақырында трансформацияға ұшырап, таңдауларына байланысты тағдыр кешті. Не капитан, не Бауыр сияқты теріс жолды таңдағандар қателіктерін кеш түсінді. Бұл фильмдегі өзіндік моральдік бағдар қалыптасқанын көрсетеді.

Жалпы айтқанда, режиссерлар нақты тақырыпты сұраққа алмай, адамдардың зардап шегуінің экрандағы көрінісіне назар аударған. Аталмыш туынды жанашырлық тудырудың көмегімен негізгі идеяға жетелендіреді. Осы кезекте бұл авторлардың өзіндік көзқарастарының айқындалуы екенін естен шығармау керек. Тарихи дәлдігі сақталған туынды ретінде емес, басымыздан кешкен жайттан түйген ойлардың бірін көруге мүмкіндік беретін туынды ретінде қарастырған жөн.

«Қайталанбасын» фильмі Қаңтар трагедиясын еске алу арқылы бейбітшілік туралы идеяны насихаттайды деуге болады. Күткен үміттер ақталмай жатса да, бұл өнер мен қоғам арасындағы диалогқа жол ашты. Қызу талқулар мен провокативті тақырып басқа да нәтижелерге жетуге көмектесер.