Мақала
Қазақ киносының тарихы (Алғы сөз)
"Қазақ киносының тарихы" – кино саласында маманданып жатқан студенттерге арналған оқу құралы. Оқулық мазмұнына көркемсуретті, деректі және анимациялық кино өнерінің алғашқы қалыптасу кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы жан-жақты қамтылған. Ұлттық кинорежиссура, актерлық өнер және кинодраматургия салалары бойынша дәстүрлі мектепті қалыптастырған жекелеген киноқайраткерлердің шығармашылық қолтаңбаларын терең зерттеу арқылы жалпы қазақ киносындағы маңызды құбылыстарға тарихи тұрғыдан баға беріледі. Оқулық материалы тек арнайы мамандар үшін ғана емес, сонымен қатар, киносүйер көпшілікке түсінікті жатық тілмен жазылған
Бөлім: Кино
Датасы: 17.01.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
Қазақ киносының тарихы (Алғы сөз)
"Қазақ киносының тарихы" – кино саласында маманданып жатқан студенттерге арналған оқу құралы. Оқулық мазмұнына көркемсуретті, деректі және анимациялық кино өнерінің алғашқы қалыптасу кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы жан-жақты қамтылған. Ұлттық кинорежиссура, актерлық өнер және кинодраматургия салалары бойынша дәстүрлі мектепті қалыптастырған жекелеген киноқайраткерлердің шығармашылық қолтаңбаларын терең зерттеу арқылы жалпы қазақ киносындағы маңызды құбылыстарға тарихи тұрғыдан баға беріледі. Оқулық материалы тек арнайы мамандар үшін ғана емес, сонымен қатар, киносүйер көпшілікке түсінікті жатық тілмен жазылған
Бөлім: Кино
Датасы: 17.01.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Қазақ киносының тарихы (Алғы сөз)

Алғы сөз

Қазіргі заман өлшемімен өнердің алуан түрлі саласының өз даму заңдылықтарын ескергенімізбен де, көркем шығармашылық ағымдардың қалыптасуы немесе  жаңа бағыт-бағдардың өркендеп өсуі сияқты құбылыстардың ең алдымен ел өміріндегі, қоғамдағы елеулі өзгерістерімен тікелей байланыста болатындығын мойындаймыз. Өнердегі алуан түрлі  ағымдар жүйесінің  адам мен адамды қоршаған орта  талабы тұрғысынан қаншалықты бағалы екендігін сол жүйеліліктің  өз заңдылықтарын қарастыру арқылы сипаттауға болады. Кинематограф - өнердің бірнеше ағымдарының шығармашылық бірлестігінің нәтижесі. Он тоғызыншы ғасырдың соңғы жылдарында пайда болып, аз уақыт аралығында аса жылдам қарқын алған кино өнерінің әр елде даму мүмкіндігі де ерекше болды. Жәрмеңкелік ауқымнан өріс алған сиқырлы кинематограф бүгінгі күні адам санасына соншалықты әсер ете алар ұлы  күшке айналып отыр.

Ұлттық кино өнеріміздің  даму тарихын «көп ұлтты совет киносы» деген ұғыммен тығыз байланыста қарастырмасқа болмайды. Советтік кино мектебінің қалыптасу құбылысы Ұлы Қазан көтерілісінің жетістіктерінен туындаған тақырыптық идеология мазмұнымен тікелей байланысты. Қазақ даласына енді ғана етек жая бастаған жаңа өнер- кинематограф ұшқыны 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында ашылған тұңғыш кинотеатр қызметінен басталғаны тарихи деректерден белгілі. Одақтас Республикалар  кеңістігінде әр елдің  кино өнерінің даму мүмкіндігі ұлт ерекшелігін ескере отырып, жалпы советтік кино мектебінің озық үлгілеріне сүйенген тәжірибелік ізденістер нәтижесімен айқындалады. Бірлік ішіндегі жан-жақтылық принципі тұрғысынан дамыған көп ұлтты советтік кино мектебінің  осындай үлгісі әлемдік кино тарихында тұтас бір құбылысқа айналды.

Қай мемлекеттің болмасын тарихында кино өнерінің дамуы белгілі бір сатылардан өтетіні табиғи заңдылық. Көркем жанр қашан да деректі жанр саласының заңды жалғасы іспеттес. Кино өнерінің өріс ала бастауының өзі жеке республикалар тарихында  әр кезеңнен басталады. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, қоғамдық қатынастардағы кезеңдік ерекшелік пен әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер болса, екінші жағынан, жеке республикалар тарихында  ғасырлар қойнауынан қалыптасқан ұлттық өнер мұраларының сақталуы және сол мұралардың ұрпақтан-ұрпаққа таратылу ерекшеліктері де кино өнерінің өз бетінше сала болып қалыптасуына әсері мол болды. Осы аталған ерекшеліктер қазақ киносы тарихында  да айқын байқалады.

Ұлттық кино өнеріміздің қалыптасу кезеңіндегі алғашқы қадамдарын әдебиет, театр және басқа да өнер салаларының тікелей әсері тұрғысынан қарастыру қажеттілігі туады және ол орынды да. Ұлы Қазан көтерілісінен кейінгі кезеңдегі қоғамдағы  аласапыран өзгерістер ұлт өміріне әсер етпей қоймайды. Орталық Азия елдері киносы тарихында байқалған бетбұрыстардың басым көпшілігі Қазақстандық модельде жеке шығармашылық ізденістер нәтижесімен толықтырылып, еліміздің кино өндірісі жиырмасыншы жылдар соңында  өз ерекшелігімен жаңа жолға қойыла бастады.

Қазақ киносының  қалыптасуы мен  өркендеуіне Кеңес дәуірі киносының тікелей әсері болды десек те, ұлттық әдебиетіміз, театр, музыка, бейнелеу өнері салаларының да әсері одан кем болған жоқ. Бүгінгі күнде  өз заңдылықтары  мен жеке тәжірибелік мектеп дәстүрін қалыптастырып үлгірген қазақ киносының тарихын бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыру қолайлы болар еді. Жылдар аралығымен өлшенетін хронологиялық сипат барысында ұлттық кино өнеріміздің қалыптасуындағы жеке шығармашылық ағымдардың ерекшелігін жалпы қазақ кино өнеріне әсері тұрғысынан бағалауға  мүмкіндігіміз бар.

Алғашқы кезең: 1910-1927 жылдар аралығы – Қазақстан территориясын  кинофикациялау кезеңі. Бұл кезең қазақ даласына келген алғашқы жылжымалы  қондырғының қызметімен сипатталады, қазақ көрермені  алғаш рет экрандық шығармамен танысты, киноның құдіретін көрді, оған аса қызықты. Бірте-бірте кең етек ала бастаған кинофикация кезеңі кино өнерінің қазақ жерінде өріс алып дамуына тікелей әсер етті, ендігі жерде ел өмірінен алынған хрониканы түсіру мүмкіндігі  пайда бола бастады.

Екінші кезең: 1928-1938 жылдар аралығы – қазақ жерінде алғашқы хроникалық сюжеттер киноөндірісінің пайда болу тұсы. Бұл жылдары жалпы әлемдік кино өнері тарихында көп жаңалықтардың келген тұсы болатын. Дыбыссыз кезең өтіп, киноға «тіл бітті», кино өнерінің  жаңа сала ретінде теория тұрғысынан дәлелденген терең мүмкіндіктері қалыптаса бастады, монтаж теориясы жүйелендірілді. Міне, осындай жаңалықтар аймағында кеңес киносы құлашын кеңірек жайып, шалғай жатқан қазақ ауылдарына да кинематограф арқылы жаңа үкімет саясатын насихаттауды мақсат етеді, соның нәтижесі ретінде Қазақстанда «Востоккино» тресінің бір бөлімі ашылды. Қазақ киносының тарихындағы екінші кезең осы трестің қызметімен сипатталады, техникалық мүмкіндіктердің шектеулі болғандығына қарамастан ел өмірінен, революция ала келген жаңалықтар жаңғырығының қоғамдағы ролі жайында хроникалық сюжеттер көптеп түсіріле бастады. Қазақ тақырыбында алғашқы көркемсуретті фильмдер өндірісі де осы трестің қызметімен тікелей байланысты.

Қазақ киносының тарихындағы үшінші кезең: 1938-1944 жылдар аралығы-бұл кезеңді ұлттық кино өнеріміздің қалыптасуына  алғы  шарттар тудырған кезең ретінде бағалауымыз керек. Алматы киностудиясы құрылады, алғаш рет ұлттық тақырыпта киносценарийлер конкурсы ұйымдастырылады, кино саласына жазушылар бет бұра бастайды. Соғыс жылдары Алматыда шоғырланған «Мосфильм», «Ленфильм» сияқты ірі-ірі киностудиялардың қызметі ұлттық киноөнеріміздің қалыптасуына тікелей әсерін тигізеді. Орталықтан Алматыға кино өндірісіне аса қажетті техникалық жабдықтар жеткізілді және оларды меңгере алатын ұлттық кадр-мамандар даярлана бастайды. Бұл кезең қазақ киносының тарихында Біріккен Киностудиялар Орталығының (ЦОКС) тарихымен сипатталады.

Ұлттық кино өнеріміздің  қалыптасуы мен өркендей бастаған тұсы төртінші кезеңді құрайды, бұл – 1945-1960 жылдар аралығы. Осы жылдары Алматы киностудиясының алғашқы  көркемсуретті фильмдері өндіріске жіберілді. Осы кезеңде ұлттық режиссура мектебі өріс алады. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Ходжиков, Шәріп Бейсембаевтардың кинематографиялық шығармашылық жолдары қалыптаса  бастады. Кино саласында кәсіби деңгейде мамандар даярлау мүмкіндігі айқындалды.

Бесінші кезең – 1960-1970 жылдар тұсы – ұлттық киномыздың өрлеу жылдары болып есептеледі. Бұл кезеңде қоғамдық жаңа қарым-қатынастардың түр-түрі, әлеуметтік мәселелер тұрғысынан болып жатқан жаңа өзгерістер, өмір шындығы, жеке кейіпкер психологиясы сияқты терең мазмұнды құбылыстар экрандық көркем  шығарма тақырыбына айналды. Осы жылдары кино өнері мен ұлттық әдебиет арасындағы байланыс та күшейе түсті, нәтижесінде экранға тарихи, жаңа заман тақырыптары және эпостық шығармалардың экрандалуындағы үздік мысалдары бола алатын «Қилы кезең»,  «Атамекен», «Қыз-Жібек», «Менің атым Қожа», «Тұлпардың ізі» сияқты кинотуындылар келді. Алпысыншы – жетпісінші жылдар киносы кезеңі, әсіресе, режиссура шеберлігінің кәсіби деңгейіне көтерілуімен сипатталады. Ұлттық режиссура мектебінің негізін қалаушы режиссерларымыздың шығармашылықтарындағы ең үздік фильмдері («Менің атым Қожа» – 1963, реж. Абдолла Қарсақбаев; «Алдар-Көсе»- 1964ж., «Атамекен» –1966ж,реж. Шәкен Айманов; «Тұлпардың ізі» - 1964ж., «Қилы кезең» - 1966ж., реж.Мәжит Бегалин; «Арман-атаман»-1967ж., реж. Шәріп Бейсембаев; «Қыз-Жібек» - 1970ж., реж.Сұлтан Ходжиков) осы жылдары экранға шығады.

Алтыншы кезең – 70-80 жылдар тұсы – қазақ киносында кинорежиссурада тоқырау жылдары болса, кинодраматургия саласында, керісінше, өрлеу кезеңімен сипатталады. Әдеби шығарманы экрандаудың жаңа сатысы киноға театр режиссерларының келуіне ұласады. Бұл жылдары классикалық әдеби шығармалар желісімен көптеген фильмдер экранға шығады: Мұхтар Әуезов бойынша «Көксерек» (1973ж, реж. Т.Өкеев), Дулат Исабеков бойынша «Гауһартас» (1975ж, реж. Ш.Бейсембаев), Әбдіжәміл Нүрпеисов бойынша «Қан мен тер» (1978ж, реж. Ә.Мәмбетов), Әнуар Әлімжанов бойынша «Жаушы» (1980ж, реж. Ә.Мәмбетов).

Қазақ киносының тарихындағы жетінші кезең – 1980-1990 жылдар аралығы – «жаңа толқын» кезеңі. Кино тілінің  жаңа мүмкіндіктері жаңа режиссурамен бірге келді. Киношығарманың негізгі мазмұны жеке кейіпкердің ішкі тебіренісі төңірегінде өрбітілді. Жаңа толқынмен экранға тосын кейіпкер келді. Шығармашылық ізденістер қазақ киносын тағы бір деңгейге көтерді, жас режиссерларымызды әлем тани бастады. Соңғы жылдары түсірілген фильмдеріміз аса дәрежелі халықаралық кинофестивальдарда жоғары бағаланып жатты. Бұл, сөзсіз, ұлттық кино өнерінің зор жетістігі болып есептелді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.