Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы
1.2. Қазақ киносының актерлік мектебі
Әлемдік киноөнері жедел қарқынмен аяқ алып, аз уақыт аралығында дыбысты кезең тарихын бастан кешіп жатқан тұста қазақ киносы енді ғана өріс ала бастайды. Қазақ киносының көркем жанр тарихының алғашқы қадамдары актерлік мектеп тәжірибесімен тікелей байланысты. Ұлттық театр тарихы 1926 жылдан басталса, қазақ театр сахнасының алғашқы актерлік құрамы көркем кино тарихын да қалыптастырды. Қазақстан тақырыбына түсірілген ең алғашқы көркемсуретті фильмдердің барлығына дерлік театр сахнасының актерлары қамтылды. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышпаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсеитов, Шәкен Айманов, Қапан Бадыров, Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римовалардың алғашқы көркемсуретті фильмдердегі рольдерінен ұлттық актерлық кино тарихы бстау алады.
Серке (Сералы) Қожамқұлов (05.05.1896-31.12.1979жж) театр және кино актері. Қазақ ССР-ның Халық әртісі (1936). СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1952ж). Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1970ж). Социалистік Еңбек Ері (1976). Туған жері – Қостанай облысының Қарабалық ауданы. Троицк қаласында медреседе оқиды. Азамат соғысы жылдарында Әліби Жангелдиннің отряды құрамында әскери міндетін атқарады. Серке Қожамқұловтың шығармашылық жолы 1922 жылдан басталады. Орынбор қаласында әуесқой театр үйірмесінде жүріп, алғаш рет сахнаға “Еңлік-Кебек” спектаклімен шығады. Серке Қожамқұлов 1926 жылы Қызыл-Орда қаласында ашылған алғашқы кәсіби театрдың негізін қалаушылардың бірі. Табиғи талантымен сахна өнерін меңгере бастаған жас актер қазақ киносының актерлік мектебін де қалыптастыруға тікелей араласады. Оның кинодағы алғашқы жұмысы “Востоккино” айдарымен 1930 жылы экранға шыққан “Дала әндері” фильміндегі батрақтың рөлі. “Амангелді” (1938ж) фильмінде актер сомдаған ұста Бекеттің бейнесі фильм құрылымындағы драматургиялық тізбекте аса салмақ бере қоймаса да, Серке Қожамқұловтың табиғи дарыны нәтижесінде екінші планда көрінетін эпизодтық кейіпкер көрермен үшін аса тартымды болып шықты.
1940-45 жылдар тұсында Серке Қожамқұловтың киноактер ретіндегі шығармашылық жолы тағы бірқатар фильмдермен толықтырылады: “Райхан” (1940ж., “Ленфильм”), “Ақ гүл” (1943 ЦОКС), “Абай әндері” (1945ж, Алматы киностудиясы). Серке Қожамқұловтың ірілі-ұсақты, тіпті эпизодтық болса да, әр рөлі оның талантының айқын дәлелі ретінде көрермен назарын өзіне мейлінше баурап алады.
Қазақ киносының алғашқы актерларының бірі - Қалибек Қуанышбаев 1893 жылы 25 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ол- актер, көркем сөз оқушы, ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушы қоғам қайраткері. Жасынан ән-күй мен ойын-сауыққа, той-тамашаға құмар, думаншыл, халықтың сөз өнерін терең ұғып өсті. Жалғыз өзі бірнеше адамның кейіпіне түсіп, бір отырыста-ақ "екеудің таласын, үшеудің керісін, бесеудің жанжалын" орындап, тыңдаушы көпшілікті қыран күлкіге кенелтті.
1926 жылы Қызылорда қаласында ірге көтерген Қазақтың мемлекеттік драма театрын ұйымдастыруға қызу ат салысты. 1927 жылы Москва қаласында болған этнографиялық концертке бір топ сахна шеберлерімен бірге қатысты. Ол Қазақтың мемлекеттік драма театрында әр жылдары қойылған М. Әуезовтың "Еңлік – Кебек" трагедиясындағы Қараменде бидің бейнесінен бастап, спектакльдегі бас кейіпкерлерді түгел дерлік орындап шықты. Көркем фильмдерде Қ.Қуанышбаевтың жасаған басты тұлғалары өздерінің мінез ерекшеліктерімен есте қаларлықтай болып шықты. Байбол («Амангелді» фильмінде, 1938ж), Абай («Абай әндері», 1945ж), Берғалиев («Алтын мүйіз» фильмінде, 1948ж), Жарқын («Махаббат туралы аңыз», 1954ж), Шыңғыс («Шоқан Уәлиханов», 1957ж).
1993 жылы Қазақстанда Қуанышбаевтың туғанына 100 жыл толуы кеңінен аталып өтті. Сахна және кино өнеріне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, актер 2 рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және Құрмет белгісі орденімен марапатталды.
Қазақстан тақырыбына түсірілген алғашқы фильмдердің басым көпшілігінде Хакім Дәулетбеков кинодағы шығармашылық жолын актер ретінде бастайды.
Хакім Дәулетбеков (22.03.1910-11.01.1983) Киноактер. Кинорежиссер. Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер (1958ж) Қазақстан киноматографистер Одағының мүшесі (1958ж.). Туған жері – Ақмола облысының Қарғалжы ауданы. 1928 жылы «Совкино» кинобірлестігі арқылы экранға шыққан Қазақстан тақырыбындағы алғашқы көркемсуретті фильмдерде («Мятеж», реж. С.Тимошенко) қазақтың тұңғыш киноактері Хакім Дәулетбеков басты рольдердің бірін сомдайды. Бір-екі жылдай уақыт Хакім Дәулетбеков Қызылорда облысының шалғай аудандарында комсомол жолдамасымен сауатсыздықпен күресу жұмыстарын жүргізеді.
Оқуын жалғастыру үшін ол 1930 жылы Алматыға қайтып оралады. Осы кезде бүкілресейлік «Востоккино» тресінің алматылық бөлімшесі ашылып, Қазақстан тақырыбына «Жұт» атты тағы бір көркемсуретті фильм жобасы өндіріске жіберілген еді. Мұнда ол малайдың роліне бекітіледі. Кинодағы екі жұмысынан кейін Хакім Дәулетбеков «Востоккино» тресінің актерлік бөліміне штатқа қабылданады. Бұдан былайғы жылдары Хакім Дәулетбеков «Востоккино» тресінің басқа да көркемсуретті фильмдеріне түседі. («Қаратау құпиясы» – 1932ж).
1935 жылы «Мосфильм» киностудиясында О.Преображенская мен И.Правов «Жау сүрлеуі» атты фильмді экранға шығарады. Бұл фильмде Хакім Дәулетбеков малшы Абылайдың ролін орындайды. «Востоккино» тресі жабылғаннан кейін Хакім Дәулетбеков «Мосфильмге» жұмысқа ауысады, эпизодтық рольдерді орындай жүріп, М.Горький атындағы әдебиет институтының драматургия бөліміне оқуға түсіп, оны 1940 жылы бітіріп шығады.
Соғыстың сұрапыл алғашқы жылдарында Алматыда шоғырланған Орталық Киностудиялардың құрамында режиссердің көмекшісі қызметінде болады. Көптің қатарында Хакім Дәулетбеков те соғысқа аттанады, 1946 жылы жеңіспен елге қайтып оралады. Бұдан былайғы уақыттта Хакім Дәулетбеков деректі кино режиссері мамандығында қызметте болады, осы саладағы шығармашылығының бастапқы сатысы ғылыми-көпшілік фильмдерден басталады. Хакім Дәулетбековтың режиссер-документалист ретінде танылған фильмдері «Народный учитель» (1952ж), «Лимонное орошение в Казахстане» (1954ж), «За изобилие продуктов животноводство» (1956ж), «Хлеб наш насущный» (1958ж).
Театр сахнасының жұлдызы Елубай Өмірзақов (31.01.1899- 02.04.1974) кинодағы шығармашылық жолын бірден көлемді рольдерден бастайды. Ол - театр және кино актері, ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ АССР-ның Халық артисі (1931). СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1952ж). Туған жері – Қостанай облысы. 1923-25 жылдар аралығында Елубай Өмірзақов Орынбор қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтында оқып білім алды. Кедей шаруаның отбасында тәрбиеленген. Болашақ актер талантының ұшқынын алғаш танып ұштаған әрі оны оқу – сызуға үйреткен сол кездері 1914ж. Ауыл ұстазы болған, жазушы- драматург Бейімбет Майлин болды. Ауыл сахнасында Бейімбет Майлиннің өзі ұйымдастырып қойған «Қаламқас» спектакліндегі ару Қаламқастың да, оны сағынған жас жігіт Шапайдың да ролін Елубай Өмірзақов бір өзі орындайды. Өнері енді ашылып келе жатқан жас талант иесі ауыл-ауылды көп аралайды, ел арасында күлдіргі ән-жырымен таныла бастайды. 1925 жылы Қызыл - Ордада Қазақ мемлекеттік драма театры құрылды. Әуесқой актерлар труппасындағы Елубай Өмірзақовтың сахналас серіктері Абдуллин, Бадыров, Байғожин, Оспановтар болады. 1931жылы Қазақ сахна шеберлері қатарынан режиссер Жұмат Шанинмен бірге театрдың бес жылдық мерекесіне байланысты республикалық тұңғыш халық артисі атағына ие болады. 1930-1940 жылдар аралығында Елубай Өмірзақов тек драма театрындағы қызметімен ғана шектелмейді, сонымен қатар, ол радио, филармонияда қызмет етеді, эстрадалық концерттермен ел-елді аралайды, кино өнерінің дамуына да қызу ат салыса бастайды, табиғи таланты арқылы әр қырынан танылды.
1938 жылы экранға шыққан «Амангелді» фильміндегі бас ролі актердың кинодағы шығармашылығының үлкен жеңістерінің бірі болып есептеледі. Амангелді Иманов бейнесі актер сомдауында фильмнің барысында үнемі даму сатысынан өтіп отырады. Бастапқы эпизодтарда оның кейіпкері енді ғана қалыптасып келе жатқан революционер ретінде берілсе, фильмнің соңына қарай Амангелді бейнесі характерлік ерекшелігі басым мүлдем жаңа тұлға ретінде көріне алды. Актер ойынының шеберлігі арқылы ұлттық таным ерекшелігі айқын көрінеді. Сөйлеген сөздері, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрыс ерекшелігі – бәрі батыр бейнесіне соншалықты үйлесімді келіп тұр. Елубай Өмірзақовтың бұдан былайғы экрандық кейіпкерлері де актер шеберлігінің дәлелі ретінде көрермен есінде жатталып қалды. Оның сомдаған Жексен («Райхан»), Ерден («Абай әндері»), Тұрдықұлов («Алтын мүйіз»), Ақтанбай («Дала қызы»), Бақсы («Алдар Көсе»), қария («Атамекен») кейіпкерлері осының айқын дәлелі бола алады. Әсіресе, Елубай Өмірзақовтың «Атамекен» фильміндегі қарияның бейнесі тамыры тереңге кеткен ұлттық кейіпкердің нағыз айқын мысалы бола алады. Психологиялық күрделі өңдеуден өткен қария бейнесі тек бір ғана актердың шығармашылығындағы жеңісі ғана емес, бұл кейіпкер жалпы қазақ киносындағы ең үздік рольдердің бірі ретінде есептеледі. Елубай Өмірзақовтың басты рольдерін былай қойғанның өзінде, оның экранда сомдаған эпизодтық рольдерінің әрқайсысы («Алдар көсе» фильміндегі бақсы ролі, «Дала қызы» фильміндегі Ақтанбай рольдері) ұмытылмастай өте айқын шыққан.
1975 жылы Алматыда Елубай Өмірзақовқа мемориалды тақта орнатылды, Қостанай қаласында филармонияға актердың аты берілді.
Қанабек Байсейітов (15.03. 1905 - 10.03.1979жж). Театр және кино актері. Қазақ ССР-ның Халық артисі (1936). СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1952ж). Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1967ж). Туған жері – Талды-Қорған облысы, Қара-тал ауданы. 1929 жылы Алматы педагогикалық техникумын бітіреді. Қанабек Байсейітов қазақ ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі болып есептеледі. Шығармашылық жолын актер ретінде бастаған Қанабек Байсейітов біраз жыл драмалық көркемөнерпаздар үйірмесінде жетекші болады. 1929 жылы Қанабек Байсейітов Қазақ драма театрының режиссеры болып тағайындалады. Актер, әрі режиссер қызметінде болған Қанабек Байсеитов осы жылдары драмалық шығармалар жазумен де шұғылданады. Оның қаламынан шыққан «Зәуре», «Келіншек», «Екі қыз», «Беу, қыздар-ай!» пьессалары көп жылдар бойы үзілмей қойылып жүрді.
1934 жылы Қанабек Байсейітов жаңа құрылған музыкалық театрға ауысады, бұдан былайғы жылдары ол енді ұлттық опера өнерінің дамуына ат салысады. Режиссер ретінде Қанабек Байсейітов музыкалық театр сахнасында өте көп спектакльдер қояды. 1936-жылы Москва қаласында өткен Қазақстан өнерінің онкүндігі кезінде оның режиссер ретінде қойған «Қыз-Жібек», «Дудар-ай» спектакльдері үлкен жеңіске жетеді.
Қанабек Байсеитовтың кинодағы шығармашылық жолы «Амангелді» фильмінен басталады. Актер сомдаған Жапар бейнесі фильмдегі бас кейіпкерлер мен эпизодтық рольдер арасындағы характерлік үйлесімділікті қамтамасыз етіп тұр. Қанабек Байсейітовтың, әсіресе, 1955 жылы экранға шыққан «Шабандоз қыз» («Девушка-джигит») комедиялық фильміндегі Жұрқа ролі бір адам бойындағы қарама-қайшылық қасиеттерімен-ақ көрермендердің есінде жатталып қалды.
Қанабек Байсейітовтың басқа да экрандық кейіпкерлері («Ботагөз» фильмінде Итбай, «Шыңдағы шынар» фильміндегі байдың ролі, «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі Мұнар ата ролі) сан қырынан терең ашылған актер шеберлігінің дәлелі болып отыр.
1936 жылы Қанабек Байсейітовке Қазақ ССР-нің Халық артисі деген атақ берілді.
Қапан Бадыров (21.09.1904 - 14.06.2000) Актер. КазССР халық артисі (1942ж). Туған жері-Қостанай облысы, Комсомол ауданы, Табын ауылы. Қазақтың профессионалды театр өнерінің байырғы саңлақтарының бірі. Бастауыш білімді бірінші сатыдағы ауыл мектебінен алған. 1922-25жылдарда Орынбор қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтында оқыды. Институтта оқып жүрген кезінен көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Ол сол кездің өзінде-ақ Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндермен, болашақ ұлттық театр өнерінің саңлақтары Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақовтармен кездесіп танысады, олармен жиі араласа бастайды.
Қапан Бадыров 1925 жылы тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрының труппасына қабылданды. 1926 жылы жолдамамен Зооветтехникумға оқуға жіберіледі. Қалалық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланған оған жұмысшы жастар театрының көркемдік жағын басқару ісі тапсырылады. 1927 жылы Қапан Бадыров режиссер ретінде М.Әуезовтың «Қарагөз», «Енлік-Кебек», Ө.Оспановтың «Зарлық» пьесалары бойынша жасалған үш спектакльді сахнаға шығарып, өзі де актер ретінде қатысады. 1928 жылы Ә.Сұлтановтың «Дариға-Қайдар» (мұнда Қайдардың ролін ойнады), татар жазушысы Фахти Бурнаитидің «Яшюряклар» пьесаларын қойды. Біраз үзілістен соң 1931 жылы қайта театрға оралады.
1940-1941 жылдары Қапан Бадыров режиссурамен де айналысты. Оның басшылығымен Бальзактың «Евгения Гранде», Әуезов пен Л.С.Соболевтың «Абай» трагедиясы қойылды. Бадыров өзі Ә.Әбішевтің «Жолдастарын» сахналайды. 1939 жылдан бастап киноға түсе бастайды. Кинодағы бастапқы ролі «Амангелді» фильміндегі Қаратай ролі өзіндік ерекшелігімен көріне алды. Қапан Бадыровтың күрделі экрандық образдары көрерменге актер сомдаған Айдар («Абай әндері»), Көреген («Алыптың әні»), Жүнісов («Еңлік гүл шешек атқанда»), Сәрсен («Өмір жолы») рольдері арқылы танылды. 1952 жылы КазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады, шығармашылық жолында Қапан Бадыров екі рет Еңбек Қызыл Ту және халықтар достығы ордендерімен марапатталған.
Қазақ ССР-ның Халық артисі Әмина Өмірзақова өнер сүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленген қазақ киносының алғашқы экран жұлдыздарының бірі. Ол өзінің шығармашылық ғұмырының шабытты шақтарын театр және кино әлемінде әр алуан характерлі кесек кейіпкерлерді сомдауға арнады. Актриса, әсірсе, ана образын өзіндік табиғи болмыс-бітімімен бейнелей білуде айрықша қабілет танытты.
Өмірзақова Әмина Ерғожақызы 1919 жылы Наурыздың 8 күні Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Ленинградтың мемлекеттік сахна өнері техникумын, кейіннен театр, музыка және кинематография институтын бітірді. Жас Әминаның кинодағы алғашқы эпизодтық ролі С.Герасимовтың «Комсомольск» фильміндегі (1938ж) пионер қыздың ролі болды. Ленинградтағы театр училищесінде оқып жүрген кезінде қай жерде көпшілік көрініс қажет болса, соның барлығына мүмкіндігінше қатысуға құмар болатын. Соның арқасында талай белгілі актерлардың ойынын көріп, тәлім-тәрбие алуына мүмкіндік болды. Бұдан кейін де Әмина Өмірзақова Моисей Левиннің «Амангелді», Ефим Аронның «Ақ гүл» фильмдеріндегі эпизодтық рольдерді сомдайды. 1938-1940 жылдар аралығында ол Шымкент облысы драма театрының, 1940-1942 жылдарда қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының труппасында, ал 1942-1949 жылдар тұсында «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарады. 1945 жылы экранға шыққан «Абай әндері» фильміндегі Ажардың ролі Әмина Өмірзақованың кинодағы тұңғыш көлемді ролі болды. Бұдан кейін ол 1956 жылы «Қанатты сыйлық» фильмінде - мұғалима, 1960 жылы «Бір ауданда» фильмінде – Айша, рольдерін сомдайды. Қазақ киносының тарихында Әмина Өмірзақованың сомдауындағы аса терең ашылған экрандық бейнелерінің қатарында, әсіресе, «Ана туралы аңыз» (1963ж) фильміндегі ананың ролі. Осы аталып отырған фильмдегі Ана ролі үшін Әмина Өмірзақова 1964 жылы Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен жарыс байқауының 1-ші сыйлығының иегері болады. 1966 ж. ҚазССР-і Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмінде Тана ролі үшін Қазақстан және Орта Азия республикаларының 8-ші кино өнері байқауының сыйлығымен марапатталды.
Әмина Өмірзақованың есімі кино экраны мен театр сахнасында аналар бейнесін шынайы, әрі шебер бейнелегенімен белгілі.
2001 жылы Әмина Өмірзақова «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. Отан, Еңбек Қызыл Ту орденімен және медалімен марапатталды.
Алғашқы көркемсуретті фильмдерде басты рольдерді сомдаған қазақ киносының алғашқы экран жұлдыздарының бірі Хадиша Бөкеева сомдаған экрандық кейіпкерлердің қазақ ұлттық киносындағы алар орны аса тереңділігімен ерекшеленеді. Хадиша Бөкеева 1917-жылдың 21 ақпанында Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. СССР Халық артисі (1964ж). СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952ж). СССР Кинематографистер Одағының мүшесі (1963ж). Ленинградтың Театр институтын В.Меркурьев және И.Мейерхольд шеберханасы бойынша бітірген (1938ж).
Оқуын бітірген соң Хадиша Бөкеева Шымкент облыстық драма театрына қабылданады. Мұнда ол төрт жыл бойы қызмет етеді (1938-1942жж). Осы театр сахнасында сомдаған алғашқы рольдері: «Еңлік-Кебек» спектаклінде Еңлік, «Ақан Сері-Ақтоқты» спектаклінде – Ақтоқты рольдері. 1942-жылдан Хадиша Бөкеева М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрында қызметте. Елу жылдан астам уақыт аралығында талантты актриса Хадиша Бөкеева бұл театр сахнасында әлемдік, ұлттық үздік әдебиет мұраларынан терең де күрделі образдарды сахнаға әкеледі. 40-жылдар кезеңінен Хадиша Бөкеева киноға түсе бастайды. Оның ең алғашқы экрандық ролі – Мұхтар Әуезовтың сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» (1940ж,«Ленфильм», реж.М.Левин) фильміндегі Райхан ролі. Театр сахнасындағы үздік шығып жатқан рольдері актрисаның экрандық кейіпкерлерінің де терең табиғатын ашуға көп көмегін тигізді. Сондай күрделі образдардың бірі режиссер Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» (1964ж) фильміндегі ана ролі. Ұлттық таным, қазақы дәстүр және тәлім-тәрбиенің үлгісі болған Хадиша Бөкееваның осы фильмдегі ана ролі ұлттық кино өнеріміздегі аса күрделі және терең ашылған образдардың бірі болып есептеледі.
Хадиша Бөкеева өнердегі жолын педагогика саласында сәтті жалғастыра білді. Ол Қазақ Мемлекеттік консерваториясының театр бөліміндегі алғашқы әйел-профессор, көп жылдар бойы актер шеберлігінен сабақ беріп, бірқатар талантты жастарды сахна өнеріне тәрбиелеп шығарды.
Өнердегі шығармашылық жетістіктері мен педагогикалық жемісті еңбегі үшін Хадиша Бөкеева 1959 жылы Ленин орденімен, Халықтар Достығы және Құрмет Белгісі ордендерімен марапатталады.
Кәукен Кенжетаев. Театр және кино актері. Қазақ ССР Халық артисі (1959). Ш.Айтматов атындағы Халықаралық жүлденің иегері, Кинематографистер Одағының мүшесі (1976). Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры. 1916 жылдың 25 ақпанында Павлодар облысының Баян-ауыл ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік Консерваториясын бітірген (1950ж). Өнердегі шығармашылық жолын 40-жылдар кезеңінде Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Опера және Балет театрының әншісі ретінде бастайды. Кәукен Кенжетаевтың кино өнеріндегі шығармашылық жолы елуінші жылдар тұсында басталады. Оның ең алғашқы жұмысы Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» (1957) музыкалық фильміндегі эпизодтық ролі. Бұдан былайғы жылдары Каукен Кенжетаев киноға үздіксіз түсіп отырады. Әсіресе, Каукен Кенжетаевтың режиссер Мәжит Бегалинмен шығармашылық бірлестікте сомдаған рольдері өте сәтті болып шығады. Бір ғана «Тұлпарды ізі» фильміндегі Кәукен Кенжетаевтың сомдаған қария бейнесі өзінің аса тереңділігімен қазақ киносының актерлық мектебінің алтын қорына енген тұлға болып отыр. 1979 жылдан Кәукен Кенжетаев Т.Жүргенов атындағы Мемлекеттік Өнер академиясында ұстаздық етеді.
Кәукен Кенжетаев соғыс ардагері, «Парасат» және «Отан» медальдарының иегері.
Қазақ ұлттық киносында сәтті басталған актерлық дәстүр бұдан былайғы уақытта Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков, Лола Абдукаримова, Фарида Шәріпова, Сейфолла Телғараев сынды талантты жастардың шығармашылығында жалғасты.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.