Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.3)
II.3.Қазақ киносы - соғыстан кейінгі жылдарда II.3.2 Деректі кино
Бөлім: Кино
Датасы: 10.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.3)
II.3.Қазақ киносы - соғыстан кейінгі жылдарда II.3.2 Деректі кино
Бөлім: Кино
Датасы: 10.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (II.3)

Назира МҰҚЫШЕВА

Өнертану кандидаты, кинотанушы


Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағының  Ұлы Жеңісі әлем мәдениеті мен өркениетінің дамуына үлкен әсерін тигізді. Кеңес еліндегі және шет елдердегі болып жатқан маңызды оқиғалардың барлығы  соғыстан кейінгі деректі кинематорграфта кеңінен көрініс тапты. Деректі фильм түсіру бүкіл совет киносында жаппай қолға алынып, 24 киностудия хроникалы-деректі фильмдер өндірісімен айналысады. Экранға жылына  отыз екі  республикалық және облыстық киножурналдар шығады. Орта есеппен олардың екі жүз мыңдай  саны және әрқилы  метраждағы екі жүздей деректі фильмдер шығып отырды.

Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары хроникада арнайы тақырыпқа арналған толықметражды фильмдер көптеп орын алды. 1945-жылы Ұлы Отан соғысында совет халқының жеңісіне арналған “Берлин”(Ю.Райзман), “Жапонияның күйреуі”(А.Зархи, И.Хейфиц), ал, 1946 жылы “Халықтар соты”(“Народный суд”,Р.Кармен) фильмдері экранға шығады.

Соғыс жылдары қираған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру тақырыбы “Сталинградтың қайта дүниеге келуі”(1945ж.авт.И.Посельский, Г.Агапов), “Донбасс” (1946ж, авт.М.Белинский) фильмдерінде көрініс табады.  Сондай-ақ,  “Астық жинау шеберлері”(1947ж,реж.М.Славинская), “Красный Октябрь” колхозы”(1947ж.реж.П.Аташева) фильмдері ауыл шаруашылығы тақырыбына арналады.

Одақтас республикалардың әдебиеті мен өнерінен, халық шаруашылығынан, экономикасынан хабар беретін бірқатар фильмдер түсіріледі. Олардың қатарында “Өркендеген Украина” (1950 ж. Реж. М. Слуцкий), “Советтік Тәжікстан” (1951 ж. Реж. Б.Кимягаров), “Советтік Литва” (1951ж.,реж. И.Посельский, Л.Мацулевич, О.Подгорецкая), сондай-ақ, Башкирия, Якутия, Дағыстан, Солтүстік Осетия, Мордова Автономиялық республикалары туралы түсірілген фильмдерді атап өтуге болады. Яғни, соғыстан кейінгі алғашқы бес жыл  ішінде барлық республикалардың саяси және экономикалық киноатласы жасалынады .

Соғыстан кейінгі жылдары, әсіресе, деректі кино өндірісі қарқынды өркендейді. Республика өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалар мен құбылыстар негізінен киножурналдар мен деректі фильмдерде көрініс тапты. Егер, 1946 жылы студияда бар болғаны екі деректі очерк түсірілсе, 1948 жылдан бастап, әр апта сайын қазақ және орыс тілдерінде “Советтік Қазақстан” киножурналын шығара бастайды. Бұрын “Советтік Қазақстан”  журналын бір-екі  ғана режиссер монтаждаған болса, ендігі жерде О.Әбішев, Г.Баканова, Е.Бельская, Н.Гольденберг, Х.Дәулетбеков, М.Слуцкая, Э.Файк секілді режиссерлар жұмыла кірісе бастайды.  Алайда, бұл жылдары түсірілген фильмдердің көркемдік сапасы айтарлықтай сәтті болмады. Өйткені, авторлардың оқиғаға байланысты жеке көзқарасы, бақылауы көрінбей, фильмдердің кейіпкерлері бірін-бірі қайталап отырды.

1948 жылы  жарық көрген “Советтік  Қазақстан” киножурналының көптеген сандарында алдыңғы қатардағы озат әйелдердің бейнесі көрініс тапты. Мәселен, №16 арнайы тақырыптық санында облыстық, аудандық және қалалық комитеттерін басқарып отырған әйелдер бас қосқан республикалық семинарға арналады. “Ауылдан келген қыздар” (реж.Х.Дәулетбеков, опер.Н.Кононов) киноочеркінде  Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқитын студенттердің өмірін көрсетсе,  “Жас таланттар”(реж.Х.Дәулетбеков, опер.И.Гитлевич) Алматы консерватория сының студенттері туралы әңгімеленеді. “Советтік Қазақстан” киножурналының жиі шығып отыруы  халық шаруашылығының маңызды мәселелерін көрсетумен қамтамасыз етті. Журналдың көптеген сандарында озат еңбеккерлердің  тәжірибесі көрініс тауып, режиссерлар әрбір санын сюжеттік тұрғыдан түрлендіріп отыруға талпынды. Журналдың №22 (1948жыл.реж.С.Никитин) санында  әртүрлі тақырыптағы алты сюжет беріледі. Оның екеуінде Ыбырай Жақаев пен Дариға Жантақованың портреттері, одан кейінгілерінде “Көктемгі жайлауда”(«На весенних пастбищах»), “Балапандар фабрикасы” (“Фабрика цыплят”), “Октябрьдің қарсаңында” (“Навстречу Октябрю”), “Астық жинауға дайынбыз”(“Готовы к уборке”) сюжеттеріне орын беріледі. Осылайша, режиссер бір журналда  портрет, очерк және репортаж жанрларында түсірілген сюжеттерді біріктіреді. Бұл журналдың  “географиялық” ауқымын кеңейтіп, республика өмірін әр қырынан көрсетуге мүмкіндік берді. Ал, №20 санында (1948 ж.реж.И.Верещагин) “Социалистік еңбек ерлері жасасын!”(“Слава Героям Социалистического Труда”), “Республиканың егіс алқаптарында”(“На полях Республики”), “Жер асты пайдалы қазбалардың барлаушылары” (“Разведчики подземных богатств”), “Астаналық бес баскетбол командасының ойыны”(“Матч пяти столичных баскетболных команд”) атты төрт сюжет енгізіледі. Яғни, автор  журналдың бір санында әр түрлі мағынадағы оқиғаларды кеңірек қамтуға тырысады.

“Советтік Қазақстан” киножурналының  сюжеттерінде портрет жанрының алғаш рет пайда болғанын айта кеткен жөн. Кино өнері, соның ішінде, деректі кино шеберлері үшін экранда кейіпкердің толыққанды бітім болмысын ашып көрсету өте маңызды болды. Киножурналдың көптеген сандарында жетістіктер мен  кемшіліктер бірге жүріп отырды. Бұл маңызды тақырыптарды ашып көрсетуде схематизмге ұрындырып, ауыл шаруашылығының еңбек озаттарының бейнесі үстіртін ақпараттық деңгейде ғана қалып отырды. Еңбек процесінен гөрі оның соңғы нәтижесін көрсету жиі орын алды. Сондықтан, кейіпкерлердің астық жинауда немесе мал шаруашылығындағы жоғарғы көрсеткіштерге қалай жеткені түсініксіз болып қалып отырды.

Сюжеттердің мұндай схематизмге бой алдыруына кейбір режиссерлардың операторларға  сенім арта отырып, түсіру жұмысына қатыспауы себеп болды. Кадрлардың көпшілігі әдетте, цех, ферма немесе егін алқабындағы дайын өнімдерді жалпы планмен түсірумен ғана шектеліп отырды. Ал, диктор өзінің міндетін мөлшерінен асыра орындаған кейіпкердің аты-жөнін ғана атап өтеді. Сондықтан, кейбір қызығушылық тудыратын сәттер соңына дейін ашылмай, көптеген кейіпкерлердің бейнесі солғын күйде қалып қойып, олардың мінез-құлқындағы, болмысындағы өзіндік қасиеті көрінбейтін үрдіске әкеліп соқтырды. Бұл  үрдіс кинематографиялық штампқа әкеліп соқтырды. Мұндай кемшіліктердің басым болуына “Советтік Қазақстан” киножурналына енген сюжеттер мен очерктердің көпшілігінің көркемдік сапасы мен тақырыбына байланысты нақты жоспардың болмауы да әсерін тигізді.

Бұл орайда, фильмдердің идеялық көркемдік сапасын көтеру үшін сценарий жұмысын қолға алу қажеттілігі туындады. Студияға келіп түскен сценарийлердің көпшілігі идеялық көркемдік тұрғысынан жарамсыз болды. Сол себептен, бұл іске Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев сияқты Қазақстанның белгілі жазушылары шақырылады. Редактор-кеңесші қызметіне ақын Ғали Орманов келеді. Ол Жамбылдың жүз жылдығына орай түсірілген деректі фильмнің сценарийін жазса, жазушы Қ.Сатыбалдин халық күйшісі Дина Нүрпеисоваға арналған “Дина”(1947ж,реж.О.Әбішев) хроникалық фильмінің авторы болады. Сондай-ақ, 1948 жылы режиссер И.Верещагин түсірген “Красная Звезда колхозы”(“Колхоз Красная Звезда”), 1949 жылы режиссер Х.Дәулетбековтың “Кеген жерінде” (“В Кегенской долине”) фильмдерінің сценарийін жазады. Сонымен бірге, жаңа сценарийлерді қолға алу жұмысы қатар жүреді. Бұл кезеңде оннан астам қысқаметражды деректі фильмдер түсіріледі.

1949 жылы студияның тарихында тұңғыш рет толықметражды түрлі-түсті “Советтік Қазақстан”(сц. авт. Ғ.Мүсірепов, И.Шухов, реж.Р.Кармен) фильмі экранға шығады. Қазақстанның Кеңес үкіметі орнаған отыз жыл ішіндегі табыстары мен жетістіктері көрсетілген бұл фильм халық шаруашылығы мен мәдени құрылыстың әрқилы саласына шолу жасау принципіне құрылған. Өнер мен ауыл шаруашылығы тақырыптарын бөле-жара қарастырмай, бір-бірімен байланыстыра көрсетеді. Мысалы, Кенен Әзірбаев астық жинаушылардың алдында домбырасымен ән айтып жатса, екінші бір ауданда ҚССР-дың Халық әртісі Күләш Байсеиітова мен жас әнші Байғали   Досымжановтың еңбеккерлер алдындағы өнер көрсету сәттері бейнеленеді.

Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары түсірілген хроникалық-деректі фильмдер Қазақстандағы кино өндірісінің қарқынды дамуын қамтамасыз етті. Бұл жылдары Қазақстан деректі кино өнеріне О.Әбішев, Э.Файк, Н.Бейсеков, И.Верещагин, Х.Дәулетбеков, М.Дулэпо, Я.Смирнов, И.Чикноверов секілді талантты режиссерлар мен операторлар келеді. Соғыстан кейінгі жылдары түсірілген деректі фильмдер мен хроникалық сюжеттердің барлығы жоғарыда аталынған деректі кино шеберлерінің есімімен тығыз байланысты.

Қазақстанның  халық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, ғылым, өнер, әдебиет салаларындағы маңызды жаңалықтар деректі кино өнерінде қамтылды. Мысалы, “Қазақ ССР-ның Ғылым Академиясы” (“Академия наук Казахской ССР”,1947ж.реж.В.Шелепень,сц.авт.А.Брагин, В.Шелепень, опер.Г.Новожилов,Н.Кононов) фильмінде Ғылым Академиясының ашылуы, “Ауылдан келген қыздар” (“Девушки из аула”, 1948ж,реж.Х.Дәулетбеков, сц. авт. Х.Дәулетбеков, Г.Иодко, опер. Н.Кононов) фильмінде Алматы педагогикалық қыздар институтының  алғашқы түлектері туралы әңгімелейді. Ал, Қазақтың Мемлекеттік консерваториясының бес жылдығына арналған “Жас таланттар” (“Молодые таланты”, 1949 ж, сц. авт. В.Беляев, реж. И.Верещагин, опер.И.Гитлевич) фильмінде консерватория тарихының алғашқы беттері көрініс табады. Қазақтың музыка өнеріне еңбегі сіңген Е.Брусиловский, А.Жұбанов сияқты композиторлар мен Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Н.Меңдіғалиевтардың студент шағындағы бейнелері көрініс табады. Өнер тақырыбы, сондай-ақ, Ораз Әбішевтің  “Дина” (1947ж,сц.авт.Қ.Сатыбалдин, опер. М.Аранышев), “Қазақстан әндері” (“Песни Казахстана”, 1949, сц.авт. Р.Кармен, А.Брагин, опер.Н.Кононов, И.Бессарабов, А.Зенякин, В.Шер) фильмдерінің негізгі арқауы болады.

Сондай-ақ, 1946-1950 жылдар аралығында түсірілген деректі фильмдер назарынан алғашқы құрылыстар тыс қалмайды. Мысалы, “Теміртаудың дүниеге келуі”(“Рождение Темиртау”, 1947 ж, сц.авт.И.Шухов, реж. Э.Файк,опер. А.Коваль) фильмінде Қазақстандағы алғашқы  қара металлургия және синтетикалық каучук заводтарының құрылысы, Теміртау қаласының құрылысшылары және металлургтермен байланыстырыла әңгімеленсе,  “Текелі”(1947ж,сц.авт.  С.Мунблид, реж.С.Никитин, опер.И.Тынышпаев, А.Колесников) фильмінде Текелі қорғасын комбинатының құрылысы көрініс табады.

Ауыл шаруашылығы тақырыбына “Красная Звезда колхозы” (“Колхоз Красная Звезда”,1948ж, сц.авт.Қ.Сатыбалдин, реж. И.Верещагин, опер. Я.Смирнов), “Алыс жайлауда” (“На дальнем пастбище”,1950ж, сц. авт. А.Брагин, реж. О.Әбішев, опер. Б.Гитлевич), “Қызыл ту колхозы”(“Наш колхоз Кызыл Ту”, сц.авт.О.Әбішев, Б.Матвеев, реж. О.Әбішев, опер.И.Гитлевич), “Жаңғырған дала”(“Преображенная земля”,1951ж, сц.авт.  Г.Иодко, реж. О.Әбішев, опер. М.Аранышев) сияқты тағы да басқа фильмдер түсіріледі.

Алайда, жоғарыда аталған фильмдердің барлығына тән ортақ кемшілік -  баяндау, сырттай сипаттау деңгейінде ғана қалып отырды. Ал, экрандағы көрініс диктор мәтінінің мазмұнына сай бейнеленген иллюстрация ролін атқарды. Сол себептен, кейіпкер кадр сыртындағы баяндау әуеніне қарай әрекет етті. Яғни, бұл фильмдер сыртқы әдемілікке, тікелей үгіт-насихат мақсатына құрылады.

1950-1960 жылдар аралығындағы Қазақстан деректі киносындағы жаңа кезеңнің басталуы

1950-жылдары Қазақстан деректі киноөнерінде тақырыпты көркемдік тұрғыдан ашуда, кейіпкердің бітім-болмысын,мінез-құлқын көрсетуде елеулі өзгерістер басталады. Деректі кино шеберлері штампқа айналған схематизм, иллюстрациялық көріністерден, сыртқы әдеміліктен бас тартуға талпыну барысында  әртүрлі тәсілді қолданады. Солардың бірі - кейіпкердің әңгімесіне немесе монологына құру. Бұл тәсіл, әсіресе, О.Әбішевтің осы кезеңде түсірілген шығармаларында жиі қолданылады.

1956-жылы түсірілген “Біздің қалада”(“В нашем городе”-сц.авт.Ф.Спивак, реж.О.Әбішев, опер.И.Чикноверов) фильмінде Балхаш мыс балқыту заводының бас инженері Ә.Әлімжановтың әңгімесі арқылы Балхаш қаласы, мыс балқыту заводы туралы баяндайды. Фильмнің композициясы қарапайым жұмысшыдан үлкен бір цехтың бастығы дәрежесіне дейін көтерілген кейіпкердің әңгімесіне құрылады.

“Ширек ғасыр бұрын мұнда Қазақстанның Бетпақдала деп аталатын ең бір қатаң шөл даласы болды. Ал енді, мына тұрғызылған қалаға қарап, өз көзіме сенбеймін”- деп бастайды кейіпкер өз әңгімесін. Фильмнің өне бойында Әлімжановтың ішкі ой-толғаныстары кадр сыртынан оқылған мәтін арқылы беріледі. Әлімжанов өз қолымен тұрғызған Балхашты құрметтейді. Сондықтан, үлкен ұлы Серғазы онжылдықты бітірген соң, тау-кен интститутына түсіп, Балхашқа қайта оралғанын қалайды. “Оның ойы-басқа мамандық. Қалай ренжімессің? ”-деп ішкі мұңын баяндайды. Әлімжановтың әңгімесі экранда  театр, мектеп үйлері, демалыс парктері, қызу жұмыс үстіндегі құрылысшылардың көріністерімен ұласып жатады. Экраннан кейіпкерді отбасы, дос-жарандары арасында отырған немесе жұмыстағы сәттерін көреміз. Фильмде ол әртүрлі планда, яғни алыстан түсірілген, орта және ірі пландармен көрсетіледі. Алайда, кейіпкердің тарихын, ішкі ойын экрандағы көріністер емес,  оның әңгімесіне сай интонация ерекшелігімен оқылған диктор мәтіні арқылы байыптаймыз.  Мәтінді оқыған диктор - қазақ кино өнерінің белгілі қайраткері Шәкен Айманов.

“Біздің қалада” фильмі жайлы О.Әбішевтің өзі былай дейді: “Біраз жылдар өткен соң, Балхашқа тағы бір жолым түсті. Бір эпизодқа керекті кейіпкерлер іздей жүріп, Әлімжанов деген фамилияға көзім түсті. Бұл – сол баяғы Әубәкірдің ұлы Серғазы екен. Сөйтсем, әкесі бекер қауіптеніпті. Серғазы инженер мамандығын игеріп, әкесі жұмыс істеген заводта еңбек етіп жүр екен. Мен үшін фильмнің тағы бір ерекшелігі – мәтінді Ш.Аймановтың оқуы еді. Бір күні Шәкен Айманов шақырады дегенге барсам: “Ореке, мына фильмнің материалы маған ұнап отыр. Мәтінін өзім оқысам қайтеді” - деді. Оқып шықты. Шын мәнінде Ш.Аймановтың бірқалыпты, ойлы дауыс ырғағы, жеңіл қазақша акценті фильмге бірден жылылық пен шынайы ұлттық калорит енгізді”. Фильм 1958 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде, Орта Азия республикалары мен Қазақстан киноөнерінің  байқауында ерекше аталынып өтеді.

“Біздің қалада” шығармасында қолданылған  белгілі бір кейіпкердің әңгімесіне құру тәсілі О.Әбішевтің көптеген фильмдерінде, мысалы, “Қазақ жерінде”(“На казахской земле”), “Жұмысшы қыздар” (“Рабочие девчата”), “Арман аралы”(“На острове мечты”), “Желден де жүйрік” (“Опережая ветер”) фильмдерінде кездеседі. Алайда, бұл көркемдік тәсіл әр фильмде  мазмұнына, материалының ерекшелігіне  сай әрқалай қолданылады. Бұл орайда кейіпкердің әңгімесі фильмге бейнелік, бағдарламалық мағлұмат, сонымен бірге экрандағы көріністерге бірыңғай үндестік енгізеді. Мысалы, екі бөлімді “Қазақ жерінде”(“На казахской земле”-1959  ж., сц.авт. А.Ахметов, опер.Ю.Стебут, Ю.Гибов, В.Шатолов) фильмін алып көрейік. Егер, “Біздің қалада” фильмі Ә.Әлімжановтың әңгімесіне құрылса, бұл фильмде әкесі мен баласы арасындағы диалог арқылы өрбиді.

Фильмнің ең басында шексіз жатқан кең дала. Алыстан көрінген салт атты  біртіндеп жақындап келеді. Бұл - осы жерде дүниеге келіп, бүкіл өмірін өткізіп келе жатқан жергілікті ақсақал Қалдыбай Мақатов. Алыстан көрінетін құрылысы қызу жүріп жатқан Теміртау қаласында  ұлы Азат еңбек етуде. Көрермен ақсақалмен бірге жаңа тұрғызылып жатқан Теміртаудың құрылысымен, жұмысшылар өмірімен танысады. Бірақ, қай көріністе болмасын, басты назарда үнемі әке  мен баланың бейнелері болып отырады.

“Жақында ғана бұл өңір адам аяғын баспайтын шөл дала еді. Ал, одан ертеректе мұнда тек байлардың ғана малы бағылатын. Қазір...”- деп, әкесі өлкенің кешегі қалпын еске алып әңгімелесе, ұлы бүгінгі тұрғызылып жатқан қала мен тұрғындары жайлы баяндайды. Осы арқылы фильм кешегі мен бүгінгі күнді салыстырады. Ең соңғы көріністерден Азаттың әкесін шығарып салып, қалаға кері қайтқанын көреміз. Ал,  ақсақал ең алғашқы көріністегідей атқа мініп, кері қайтып барады.  Бұл көрініс басында және соңында екі түрлі мағына береді. Бірінші кадрдан бұл өлкеде бұрынды-соңды болып көрмеген алып құрылысқа сеніңкіремей көз салған, ал, соңында бәрін өз көзімен көріп, көңілімен сенген ақсақалды көреміз.

Алайда, жоғарыдағы айтылған фильмдерге тән ортақ кемшілік -алдын-ала ұйымдастырылған  көріністерге жол беріледі. Кейіпкердің көңіл-күйін, ішкі сезімін көрсетуде алдын-ала ұйымдастыру көркемсуретті киноның  драматургиясына тән құбылыс екендігі белгілі.  Ал, көркемсуретті киноның элементтері деректі экранда қолданылса, көріністер мен кейіпкердің іс-қимылындағы шынайылық жоғалады. Жалпы, 1950-жылдары Кеңес елінде түсірілген деректі фильмдерде ойдан алынған сюжеттер жиі кездеседі. Ал, бұл еңбеккердің жұмысын, өмірін әсірелеп, әдемілеп көрсетуге әкеліп соқты. Нәтижесінде, “Біздің қалада”, “Қазақ жерінде” фильмдеріндегі кейіпкерлердің өмірі, еңбегі тек лирикаға, романтикаға толы кейіпте бейнеленді. Бұл кемшіліктер 1950-жылдардағы Қазақстан деректі киносына тән ортақ қасиет болды.

Аталмыш кезеңде Қазақстанда түсірілген деректі фильмдер тек композиция принципі, жанры, баяндау тәсілдерімен ғана емес, сондай-ақ, тақырыбының әрқилылығымен назар аудартады. Көптеген фильмдерде диктор мәтінін бейнелі түрде жеткізуде, оның формаларын түрлендіруге деген талпыныс байқалады. Деректі кино өнері уақыт өткен сайын көркемдік бейнелеу тәсілдерін жаңарту жолына түседі. Бұл материалдың тақырыптық, көркемдік шешімін табуда қолданылған сәтті ізденістердің біріне айналды.

1950-жылдардың орта шенінде басталған Қазақстандағы тың жерлерді игеру тақырыбы кино өнерінде, соның ішінде деректі кинода кең орын алды. Бұл тақырып жайлы “Жастарға арналған сөз” (М.Довжик). “Нан мен адамдар”(Ф.Моргун) кітаптары жарық көреді.  Көркемсуретті кино жанрында “Мазасыз көктем” (1956 ж. реж. А.Медведкин), “Біз осында тұрамыз” (1957 ж. реж. Ш.Айманов, М.Володарский) фильмдерімен бірге, тың тақырыбына деректі фильмдер көптеп түсіріледі. Деректі кино тың игеру тақырыбын ең алғашқылардың бірі болып бейнелейді. “Советтік Қазақстан” киножурналында алғашқы тың игерушілер туралы түсірілген сюжеттер жиі көрсетіліп отырды. “Қазақфильм” киностудиясында  “Тың өлкесі” атты тың тақырыбына арналған фильмдер түсіру өндірісі ұйымдастырылады.

Оқиғаларды жиі және дер кезінде түсіруге тырысқан деректі кино шеберлері тың игеру басталған өлкелерге аттанып жатты. Алайда, бұл фильмдердің көпшілігі мазмұны мен формасы жағынан бірін-бірі қайталап отырды. Олар жаңа жерге қоныс аударушылардың бір-бірімен кездесу сәті, егістік даласында қаз-қатар тізілген тракторлар легі, совхоздар құрылысы мен озат егіншілердің бейнесін көрсетуден әрі аспайды.  Нәтижесінде бұл шығармаларда автордың жеке басына тән шығармашылық қолтаңбасы қалыс қалып қойды.  Мысалы, 1955 жылы түсірілген “Қазақстанның тың өлкесінде” (“На целинных землях Казахстана”- сц. авт. Р.Брайнин, реж. Э.Файк, Я.Смирнов) фильмінде оқиға мазмұнына терең үңілмей, тың жерді игерудің сыртқы белгілерін ғана тізбектеп көрсетеді. Сондай-ақ, тың тақырыбына түсірілген  фильмдердің көпшілігінде кадр сыртынан айтылатын мәтінінің мазмұны мен экрандағы көрініс арасындағы драматургиялық байланыстың  үйлесімсіздігі байқалады.

Бұл кемшіліктер тек тың игерудің алғашқы жылдарында ғана емес, кейінгі жылдары түсірілген фильмдердің басым көпшілігіне тән болды. Алайда, 1958-жылы түсірілген “Астық дән - нанымыз”(“Хлеб наш целинный”- сц. ав. А.Медведкин, В.Раппопорт, реж. Х.Дәулетбеков, опер. А.Крылов, Ф.Абсалямов, А.Ашрапов, А.Колесников) фильмінде бұл кемшіліктен бас тартуға деген талпынысты байқауға болады. Шығармада ауа райының қолайсыздығы себебінен астықты жинай алмай қалу мүмкіндігі туралы әңгімеленеді. Фильм авторлары тың игеру тақырыбына қатысты қалыптасқан үйреншікті көзқарастан алшақтауға тырысады. Бұл кейіпкерлердің тың игеру ісіне деген жеке қарым-қатынасы арқылы көрсетіледі.

1950-жылдары өнер мен мәдениет, әдебиет тақырыбына түсірілген фильмдердің көпшілігі режиссер О.Әбішевтің есімімен тығыз байланысты. 1955-жылы түсірілген “Құрманғазы атындағы оркестр” (“Оркестр имени Курмангазы”-сц.ав.В.Раппопорт,опер.С.Шәріпов) фильмінде оркестрдің өзіндік ерекшелігіне басты назар аударылады. Өнер ұжымының талай ғасырдан бері берік қалыптасқан ұлттық дәстүрді сақтауы мен биік профессионалды деңгейінің бірыңғай екендігін көрсетеді. Бірінші кадрда  домбырада  ойнаған халық күйшісі көрінеді. Автор бұрын қазақ даласында инструментальды аспаптар ансамблі болмағанын, бұған дейін домбыра үнінің жалғыз естіліп келгендігін, музыкалық шығармалардың оркестрдің орындауында тек соңғы жылдары пайда болғандығы туралы баяндайды. Экраннан Қ.Қасымов пен Э.Романенконың қолдарынан шыққан домбыра мен әртүрлі деңгейдегі, бірақ өзінің қайталанбас тембрін сақтаған, әбден жетілген толыққанды үні шығады. Соның дәлелі ретінде оркестрдің орындауындағы көптеген шығармалардың сазы естіледі. Әрбір орындалған шығармаға көріністік мінездеме беріледі. Мысалы, Құрманғазының “Сары-Арқа” күйі орындалуы сәтінде ұшы-қиыры жоқ шексіз далада желмен жарыса шапқан салт аттыны көреміз. Бұл шабыстың  әрбір ырғағы, жылдамдығы күйдің ырғағымен үйлесіп, мазмұнын аша түседі. Немесе, Абай атындағы Опера және Балет театрының сахнасында Ш.Қажығалиевтың дирижерлығымен орындалып жатқан “Шаттық Отаны” симфониялық күйінің мазмұнына, ырғағына қарай экранда өзгеше көріністер, яғни, тың өлкесінде жиналып жатқан астық, фабрика мен заводтардың алып құрылыстары... пайда болады. Фильмнің басты ерекшелігі - музыка мен көріністің бірыңғай үндестік табуында. Киноочерк тек музыкалық шығармаға мінездеме беріп қоймай, А.Жұбанов, А.Шаргороцкий, С.Шабельский сияқты өнер қайраткерлерінің оркестрдің құрылуына көп жылдар еңбек сіңірген тарихы, белгілі домбырашылар - Ғ. Баязитов пен   оркестрге жаңа келген  талантты жастардың өнері мен қызметі көрсетіледі. Көптеген эпизодтарда оркестрдің басқа қалаларда қойған концерті бейнеленеді. Режиссер “Құрманғазы атындағы оркестр” фильмінде үстіртін көріністерден гөрі, тақырыпты “ішінен” ашуға тырысады.

“Халық таланттары” (“Народные таланты”-1954ж.сц.ав.В.Шрейберг, опер.И.Чикноверов, М.Аранышев, Я.Смирнов, М.Додонов)  мен “Өнерпаздар байқауы” (“Смотр художественной самодеятельности”-1956ж, сц.авт. О.Әбішев, опер.И.Чикноверов, О.Зекки) фильмдері халық арасынан шыққан талантты өнерпаздарды экран арқылы танытуға арналған. “Өнерпаздар байқауы” 1954 жылы түсірілген “Халық таланттары” фильмінің заңды жалғасы іспетті. Екі фильмде де Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар өнерін көрсетеді. Негізгі көріністер-концерттік номерлер мен көрермен залы. Екеуінде де камера концертті көрермен ретінде залдан “бақылайды”. Монтаж ырғағы байсалды аталмыш екі фильм  50-60 жылдардың телеконцерт бағдарламасының эстетикасымен түсірілген. “Өнерпаздар байқауы” фильмінің ракурстары бірыңғай, үнемі бір нүктеден түсіріледі. Ал, “Халық таланттарында” концерттік номерлер арасында сахнаға шығатын өнерпазды хабарлаушы ретінде қолданылған титр жазулары фильмде ақпарат қызметін атқарады.

Ал, “Өнерпаздар байқауы”  фильмінде әрбір өнерпазды кадр сыртынан диктор таныстырып отырады. Бұл шығармада әртүрлі  ракурспен түсіру әдісі кездеседі. “Халық таланттары” фильмінде диктор дауысын басында және соңында ғана естиміз. Режиссер екі фильмде де халық арасынан шыққан таланттарды көрсетіп қана қоймай, сахнадағы әрбір өнерпаздың қайталанбас ерекшелігіне, өнеріне мән аудартады. Ешқайсысын назардан тыс қалдрымай, әрқайсысын жеке-жеке алып зерттейді. Автор әрбір кейіпкер-өнерпазына сүйіспеншілікпен көз салады.

1950-жылдары Қазақстанда түсірілген деректі фильмдерде  ауыл шаруашылығы тақырыбы кеңінен қамтылады. “Жылқышылар”(“Коневоды”, 1952ж, сц.авт.В.Абызов, реж.Д.Тналина,опер.Я.Смирнов),“Шәкен Ахметжанова” (1953ж, сц.авт.Р.Брайнин, реж.Я.Смирнов, опер.Я.Смирнов), “Екінші тың шақырады”(“Зовет вторая целина”-1959ж, сц.авт.А.Жәмішев, реж.О.Әбішев,опер.М.Сағымбаев) тағы басқа көркемдік шешімімен қызықты  фильмдер түсіріледі. Мысалы, “Екінші тың шақырады”  шығармасы жылдың төрт мезгіліндегі шопан жұмысын көрсетуге құрылған композициясының ерекшелігімен қызықтырады.  Алайда, өзге фильмдердің көпшілігіне тән кемшілік, яғни, кейіпкердің актерға айналып кетуі бұл  шығармаға да тән қасиет.

Сонымен, 1946-1960 жылдардың аралығында Қазақстан деректі киносы Республика өмірінде болған маңызды оқиғаларды қамтуға тырысты. Әрине, материалды образды түрде ұйымдастыру барысында көркемдік шешімін табуда,  кейіпкерлердің бітім-болмысын ашу жолында шығармашылық сәттіліктермен қатар кемшіліктер бірге жүріп отырды. Алайда, мұның бәрі Қазақстан деректі киносының келесі даму кезеңіне  алып баратын алғашқы нышаны мен баспалдақтары еді.

Қазақстан деректі киносындағы ғылыми-көпшілік жанр

Ғылыми-көпшілік киносы - деректі киноөнерінің маңызды жанрларының бірі болып саналады. Оның бастапқы элементтері киноөнерінің алғашқы жылдарында-ақ пайда болды. Бүгінде сексен жылдан астам тарихы бар ғылыми-көпшілік киносындағы маңызды мәселелер мен бейнелеу тәсілдері көп жылғы тәжірибелерге сүйене отырып, көптеген теориялық еңбектерде кеңінен қамтылды. Алайда, әлі күнге дейін терең әрі жан-жақты зерттеуді талап ететін, шешуі табылмай жатқан сұрақтар жиі кездеседі.

Белгілі теоретик және сценарист И.Васильков кино өнерінің маңызын ғылыми түсініктің күшті құралы ретінде қарастыра келіп, былай дейді: “Кино өнері жәрмеңкелік аттракцион кезеңінен өтіп барып, жалпыға өзін мойындатқан өнер деңгейіне көтерілуі заңды еді. Тек, содан кейін ғана өнертапқыштардың бастапқыда көздеген облысында кеңінен тарауы тиісті болды”(И.Васильков. “Экран и наука”,М.,1967ж.). Киноөнерінің көмегімен көптеген ғылыми жаңалықтардың ашылу мысалдары жиі кездеседі. Өнеркәсіп, медицина, ауыл шаруашылығы, космонавтика салаларындағы сансыз жетістіктермен көпшіліктің таныс болуына кинокамераның тигізген әсері мол болды.

А.Горький кезінде нақты ғылым салалары туралы эмоциональды және бейнелі тұрғыда насихат жүргізуге шақырды. Яғни, бұл ғылыми-көпшілік киносының басты ерекшелігі болатын. Оның негізгі мақсаты – ғылым жетістіктерін эмоциональды-бейнелеу тәсілдерімен көпшілікке жеткізу.

1958-жылы өткен Ғылыми киносы Халықаралық ассоциациясының 13-ші конгресінде совет делегациясының бастамасы бойынша ғылыми-көпшілік киносының анықтамасы мен қызметі туралы төмендегідей нақты шешім қабылдайды: “Белгілі бір ғылым саласының негіздері немесе ғылым мен техникада ашылған жаңалықтарды насихаттауды мақсат тұтқан кино шығармаларын ғылыми-көпшілік фильм деп атаймыз”. Ғылыми-көпшілік киносына қойылған басты шарт – ғылыми материалды көркемдік тұрғыда көрсету барысында тарихи шындық пен ғылыми жаңалықтар негіздерін бұрмаламау болды. Белгілі теоретик Л.Гурова 1980-жылы жарық көрген “Кино и наука” атты кітабында былай дейді: “Ғылым-көпшілік киносы ғылыми идея мен кинематографиялық иллюстрациясы арасын жалғастырып тұрған көпір қызметін атқармайды. Бұл – экрандық бейнелер көмегімен ғылыми ойлаудың ерекше тәсілі...”.

Ғылыми-көпшілік киносы өзінің көркемдік даму тарихында бірнеше сатылардан өтті. Бұл  Қазақстан ғылыми-көпшілік киносына да тән  құбылыс болды.  Қазақстанда ең алғашқы ғылыми-көпшілік фильм 1927-жылы түсіріледі. Бұл - режиссер В.Карин мен оператор В.Пате-ипаның  Бүкілресейлік Востоккино акционерлік қоғамының Алматыдағы өндірістік бөлімінде түсірген төрт бөлімді “Қазақстанның өмірі мен тұрмысы”(“Жизнь и быт Казахстана”) этнографиялық фильмі болатын. Мұнда қазақтардың өмірі, жұт жылдарындағы  кедей-кепшіктің ауыр хәлі көрсетіледі. Үш жыл өткен соң “Қазақстанның жануарлар әлемін білесің бе?” (“Знаешь ли ты животный мир Казахстана?”-1930ж,опер.В.Доброницкий), “Алтын жағалаулар”(“Золотые берега”-1930ж, реж.опер.А.Лемберг) фильмдері түсіріледі.

1930-жылдары  ғылыми-көпшілік киноға шын мәнінде көңіл аударуға мүмкіндік болмады. Өйткені, кинематографтың бұл жанрының дамуына арнайы техникалық база мен тәжірибе жинақтаған кәсіби шеберлігі жоғары мамандар қажет болды. Бұл кезеңде енді қалыптасып келе жатқан қазақ кинематографы үшін техника және мамандардың жетіспеушілігі ең бір күрделі мәселе болғандығы белгілі. Ғылыми-көпшілік кино өндірісіндегі алғашқы сәтті қадамдар Ұлы Отан соғысы жылдары алдында басталады. Алайда, ғылыми-көпшілік жанрының Қазақстанда қарқынды дамуы соғыстан кейінгі кезеңде өркендейді..

Қазақстанда алғашқы түсірілген “Қазақстанның жануарлар әлемін білесіз бе?”, “Қазақстанның өмірі мен тұрмысы”, “Алтын жағалаулар” фильмдерінде көбіне көріністі (видовой) фильмдердің элементтері басым болды. Мысалы, “Қазақстанның өмірі мен тұрмысы” фильмінде республиканың табиғатын көрсетуге кеңінен орын беріледі. Фильм жалпы планмен түсірілген тау көріністерімен басталады. Тау етегінде орналасқан киіз үйлер, жайылып жүрген еліктер, киіз үйдің алдында байлаулы тұрған жылқы...көріністеріне  айналдыра жасалынған панорама. Енді камера таудан ағып жатқан өзен суына “көз салады” . Кері шегініп бара жатқан камера көзіне таудың ұшар биігі ілінеді. Келесі кадрларда орта планмен түсірілген алқызыл гүлге оранған кең далада  жайылып жүрген төрт түлік малдарды көреміз. Фильмді көріністі (видовой) кино жанрында түсірілген деп айтуға болар еді. Алайда, титрда жазылған “Қазақстан - мал өсірушілер елі”, “Қазақстанның мал шаруашылығы халық шаруашылығының өзге салаларымен салыстырғанда 54 пайызын құрайды“, “3500 метр биіктіктегі жайлау” және тағы басқалары фильмге көпшілік-экономикалық очерктің белгілерін енгізеді.

Өнеркәсіптің қарқынды дамуы мен ауыл шаруашылығындағы түбегейлі өзгерістер ғылым және өнеркәсіп арасындағы тығыз байланысқа деген қажеттілікті талап етті. Қазақстанның ғалымдары ауыл шаруашылығы саласында белең алған өзекті мәселелердің түйінін шешуге жұмыла кіріседі. Осыған байланысты ғылым мен техникалық білімді кеңіту және дамыту формаларын іздестіре бастайды. Бұл ретте ғылыми-көпшілік киноның қажеттілігі туындайды.

Шөл далаларды бағындыру, тың жатқан жерлерді игеру, көп салалы өндірістерді іске қосу - Қазақстанда ғылыми-көпшілік киноның жиі түсірілуіне және қарқынды дамуының себепкері болды. Қазақстанда түсірілген ғылыми-көпшілік фильмдердің мазмұны мен тақырыбы жоғарыда айтылған мәселелерді кеңінен қамтиды. “Шөл даланы бағындыру” (“Побежденная пустыня”-1938ж.реж.Б.Пумпянский) фильмінде Бетпақ даланы кешенді түрде зерттеу, “жансыз” даланы түлету туралы баяндаса, “Академик Завадовскийде” (1942ж.,реж.Е.Свилова) Қазақстандағы қойдың асыл тұқымын шығаруға ықпал еткен ғалымның зерттеу жұмысы туралы әңгімелейді. “Астық базасы” (“Зерновая база”, 1945 ж. реж. В.Шелепень), «Бетпақдала» (1946 ж. реж. В.Кочетов),“Мичуриншілер” (1949 ж. Реж. Э.Файк), “Жылқышылар” (“Коневоды”, 1955 ж. реж. Д.Тналина), “Қазақстанның тың жерлерінде” (“На целинных землях Казахстана”, 1955ж. реж. Я.Смирнов, Э.Файк), “Қазақстандағы жүгері өнімі” (“Кукуруза в Казахстане”, реж. Г.Новожилов), “Екібастұз” (1956 ж. реж. Г.Новожилов) фильмдері ғылыми-көпшілік киноның алуан түрлі тақырыбын қамтиды.

Соғыстан кейінгі жылдары ғылыми-көпшілік жанры деректі кинематограф сияқты бүкіл кеңес кино өнерінің алып тармағына айналып, Москва, Ленинград, Киев, Свердловск ғылыми-көпшілік студияларының жұмысы өркендей түседі және тақырып тұрғысынан бейбіт өмірдің жаңа мақсаттарымен үндестік табады. Авторлардың басты назары халық шаруашылығы  мен ғылымдағы өзекті мәселелерге ауады. Мұның басты себебі Орталық партия комитетінің 1944-жылғы қабылдаған қаулысы болды. Онда қарапайым халық пен еңбеккерлердің білімін көтеру мақсатында ғылыми-ағарту  үгіт–насихат жұмысы ұйымдастырылуы қажет, яғни, ғылым, техника мен мәдениет жетістіктерімен, табиғаттың алуан құбылысының қыр-сырымен халық жетік таныс болуы керек делінген. Бұл қаулыны орындау ғылыми-көпшілік кинематографының үлесіне тиеді.

1946-1950 жылдары биология, зоология, медицина, география, физика, химия т.б. ғылымдары бойынша фильмдер өте көп түсіріледі де, халық шаруашылығы, әсіресе, ауыл шаруашылығындағы маңызды мәселелер назардан тыс қалып қояды.

Ал Қазақстанда 1946-50 жылдары түсірілген ғылыми-көпшілік фильмдердің саны өте аз болды. 1945-жылы түсірілген “Түрлі-түсті металлдар”(“Цветные металлы”, сц. авт. опер. Г.Новожилов) фильмі хромит, алтын, молибден сияқты сирек кездесетін түрлі-түсті металдарды өндіру туралы, “Алматының алмалы бақтары”(“Яблоньевые сады Алма-Аты”, 1946ж. сц. ав. А.Брагин, В.Шелепень, реж. В.Шелепень, опер. Г.Новожилов, Н.Кононов) шығармасында Қазақ Ғылыми-зерттеу Институты ғалымдарының “Горный гигант” колхозының бақшашыларымен біріге отырып, алманың жаңа сорттарын өсіріп шығаруы туралы көрсетіледі.

1953-жылы Орталық Партия Комитетінің қыркүйек айындағы пленумында ауыл шаруашылығы тақырыбында түсірілген ғылыми-көпшілік фильмдердің көркемдік сапасының төмендігі үшін кино өнері тосын сынға тап болады. Осы жылдың соңында ауыл шаруашылығына арналған  фильмдер өндірісі мен прокат мәселесі едәуір өркендейді. Колхоздар мен совхоздарда “Ауыл шаруашылығының жаңалықтары” (“Новости в сельском хозяйстве”) атты киножурналы жиі көрсетіліп отырады. “Ғылым және техника”(“Наука и техника”) кезеңдік журналын  шығару қолға алынады. Бұл журналдың номерлерінде ғылыми жаңалықтар, алдыңғы қатарлы өнеркәсіп озаттарының тәжірибесі кеңінен көрініс табады. Халық шаруашылығының маңызды салалары бойынша толықметражды фильмдер түсіріле бастайды.

Ғылыми-көпшілік кинематографындағы өзекті мәселелер, сценарий жазу әдістемесі, режиссердың шеберлігі, шығармашылық қолтаңбасының ерекшелігі туралы теориялық еңбектер пайда болады.  Мұндай еңбектердің қатарында В.Жданның “Драматургия научно-популярного фильма” , Б.Альтшулердің “Композиция сценария научно-популярного фильма” кітаптары жарық көреді.

Бұл теориялық еңбектерде ең алдымен ғылым мен өнер арасында нақты байланыс бар екендігін дәлелдейді. Олардың айтуынша, ғылыми-көпшілік киносына көркемсуретті кинематографтағы сияқты табиғаттың органикалық және анорганикалық өмірінде өтіп жатқан  маңызды процесстерді көрсету тән. Алайда бұл ғылыми-көпшілік киносының өзіндік ерекшілігі бар екендігін жоққа шығару емес деді. Мұндай теориялық тұрғыдағы пікір-таластар ғылыми-көпшілік киносының кинематографтың маңызды, әрі салмақты тармағына айналғанын дәлелдеді.

Соғыстан кейінгі жылдардағы кинематографтың алдындағы басты мәселе-ғылыми тереңдікті жан-жақты бейнелеуге мүмкіндік беретін сәйкес формалармен үйлестіру алдыңғы орында тұрды. Ал, аталмыш кезеңдегі ғылыми-көпшілік киносында көріністі(видовой) фильмдер жиі түсіріледі. Қазақстанда түсірілген мұндай фильмдердің қатарына: “Ертіс өзені бойында”(“По Иртышу”- 1952ж,сц.авт.М.Егоров,В.Абызов,  реж.М.Егоров, опер.А.Фролов), “Город в степи”(1953 ж, сц. авт. С.Пашенков, В.Раппопорт,  реж. Э.Файк, опер. И.Чикноверов), “Баянауыл”(1960 ж, сц. авт. О.Әбішев, Т.Оразов, реж. О.Әбішев, опер. И.Тынышбаев) т.б. фильмдерін атап өтуге болады.

“Ертіс өзені бойымен” фильмі Өскемен, Семей, Павлодар қалаларына су электр станциясы мен Өскемен қорғасын комбинатының құрылысына, Алтай және Зайсан көлі маңындағы табиғаты әсем жерлерге киносаяхат жасаса, “Баянауыл” фильмі Павлодар облысындағы Баянауыл өлкесі табиғатының көркемдігі, көрікті табиғаты, өзен-көлдері жағалауларында орналасқан  шахтерлар, құрылысшылар, тың игерушілерге арналған  демалыс үйлері көрініс табады.

1950-жылдары, әсіресе, ауыл шаруашылығында ғылым жетістіктерінің қолданылуы туралы фильмдер көптеп түсіріледі. Бұл орайда 1955 жылы түсірілген  “Қамыс үй”(“Камышитовый дом”- сц. авт. В.Абызов, И.Саввин, реж. В.Фейнберг, опер. О.Зекки),  1956-жылғы “Желдеткіштер” (“Ветродвигатели”- реж. Г.Кумяльский, опер. А.Ашрапов, Н.Салютин, Ю.Стебут),  “Қазақстандағы жүгері өнімі” (“Кукуруза в Казахстане”- сц. авт. Н.Дышлов, реж. М.Дулэпо, опер.Ю.Гибов,В.Щербатых) фильмдерін атап өтуге болады.

Ғылым мен өндіріс арасындағы тығыз байланыс идеясы “20 жыл ішіндегі Қазақстан мал шаруашылығы”(“Животноводство Казахстана за 20 лет”-1945 ж. реж. И.Верещагин), “Біздің Қызыл Ту колхозы”(“Наш колхоз Кызыл Ту”-1946ж.реж.О.Әбішев), “Бетпақдала”(1946ж,реж.В.Кочетов) , “Мичуриндіктер”(1949ж,реж.Э.Файк) фильмдерінде көрініс табады.

Режиссер В.Шелепеннің “Қазақ ССР-ның Ғылым Академиясы”(1947ж) Ғылым Академиясының ұйымдастырылу сәті бейнеленіп, Қазақстан ғалымдарының зерттеп жүрген мәселелеріне тоқталады. Алты бөлімді фильмнің алғашқы екі бөлімі академияның ашылуы жайындағы ресми хабарға арналады. Кадрлардан мінбеде сөз сөйлеген И.Бардин, Қ.Сәтпаев, А.Бектұров, С.Кеңесбаев т.б. ғалымдардың  бейнесін көреміз.  Фильмнің ресми бөлімімен қазақстандық ғалымдарды байланыстыратын көпір ретінде Қ.Сәтпаевтың геологтар тобымен кездесу сәті қолданылады. Шығарманың  бұдан кейінгі мазмұны ғылымның әр саласында еңбек етіп жүрген ғалымдардың зерттеу жұмыстарына арналады. Төртінші бөлімі тұтасымен биологтардың еңбегіне, бесінші бөлімі зоология ғылымына, ал  соңғы бөлімі ғалым-энергетиктердің еңбектеріне арналады.  Фильм Қазақстанның Ғылым Академиясының ашылуына орай өтіп жатқан мерекелік сессияда сөйлеген Қ.Сәтпаевтың баяндамасымен аяқталады.

Қазақстанның әдебиеті, мәдениеті мен тарихына арналған бірқатар фильмдер дүниеге келеді. Солардың ішінде өзіндік ізденісі, талпынысы бар “Тастар сөйлегенде” (“Камни говорят”-1958 ж. сц. авт. В.Лаврова, реж. Г.Новожилов,опер.Ю.Гибов) және “Қазақтың ұлттық кәсібі”(“Народные ремесла казахов”-1958 ж. сц. авт. С.Қожықов, Д.Тарасов, реж. А.Қарсақбаев, опер. Ю.Стебут) фильмдеріне көңіл аударуға болады. “Тастар сөйлегенде” фильмінде  X-XIX–ғасырларда салынған ежелгі ескерткіштер Орталық Қазақстандағы Алаш және Жошы хандардың, Оңтүстік Қазақстандағы Айша Бибінің мазарлары, Ахмет Яссауи мешіті, Омар мен Тұрдың кесенелерін көрсету арқылы Қазақстанның ежелгі тарихына барлау жасауға талпынады. Ал “Қазақтың ұлттық кәсібі”  фильмінде  қазақ халқының ежелден келе жатқан тоқыма және зергерлік өнері көрсетіледі. Белгілі классиктеріміздің бірі - Абдолла Қарсақбаев «Қазақтың ұлттық  кәсібі» фильмінде бейнелеу қатарын экраннан көркем шығарманың тілімен сөйлетеді. Ал, бұл – халық шеберлерінің шығармашылығын көрсетуде қажетті ең басты заңдылық. Мұның дәлелі ретінде төменде фильмнен үзінділер келтіре отырып, бейнелеу қатары мен мәтіннің үйлесімділігін қарастырып көрейік:


Нейтральды кадрлар 

Алып заводтары, сансыз отар қойы мен  шексіз жатқан жайлауы бар Қазақстан елінің тарихы көне ғасырлардан бастау алады. Оның  кеңістігінде  жаулап алушылардың ордасы талай  мәрте өртке оранды.

Айша бибі мазары 

Көне дүниенің көзі ретінде әлі күнге дейін сақталынып  қалған ескерткіштер өткен тарихымыздың куәгері іспетті. Олар бізге қазақ халқының ежелгі өнерінің дәстүрлерін жеткізді.

Мазардың бір бөлігі

Айша Бибі мазарының тұрғызылғанына тоғыз ғасырдан астам уақыт өтті. Белгісіз шеберлердің ғажайып шығармасы бір кездері бұл жерде қала мәдениетінің болғанын айғақтайды.

Қарғалы алтын

Ғалымдар Алматы қаласының түбінен қоймасы атақты алтын қоймасын тапты.

Алтын диадемасы 

Диадеманың деталі

Мына диадеманың тарихына 2000 жыл толады. Мифтік жануарлардың бейнесі ежелгі халықтар өнерінің реалистік тұрғыда болғандығын дәлелдейді. Аңызға айналған лазурь тасы алтынды әрлендіре түседі.

Тышқан-сырға              

Түйе-сақина

Мына бұйымдар тек шынайы суретші-зергердің ғана қолынан шығуы мүмкін...

 


Фильм авторлары қызықты экскурсияны әрі қарай жалғастыра  түседі.

Алайда, соғыстан кейінгі жылдары түсірілген ғылыми-көпшілік фильмдердің көріністері иллюстративті деңгейде қалып отырды. Кино тілінің жұтаңдығы салдарынан фильмнің мазмұны мен тақырыбының ашылуы кадр сыртынан айтылатын диктор мәтініне жиі жүгінді.

1946-60 жылдар аралығында, әсіресе, елуінші жылдардың екінші жартысында Қазақстанда түсірілген ғылыми-көпшілік фильмдерінде жаңа кино тілі мен сюжеттерді құрудағы  жаңа әдістер пайда болады. Бұл болашақта түсірілетін фильмдердің толыққанды, сәтті шығуына себепкер болған алғашқы талпыныстар мен ізденістер болатын.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.