Мақала / #студентСөзі
Дәрежан Өмірбаев: «Қазақстанда кино институтын ашу керек»
Режиссер Дәрежан Өмірбаевпен бірге кино әлеміне шолу.
Бөлім: Кино
Датасы: 12.05.2017
Авторы: Дидар Мұрат
Мақала
Дәрежан Өмірбаев: «Қазақстанда кино институтын ашу керек»
Режиссер Дәрежан Өмірбаевпен бірге кино әлеміне шолу.
Бөлім: Кино
Датасы: 12.05.2017
Авторы: Дидар Мұрат
Дәрежан Өмірбаев: «Қазақстанда кино институтын ашу керек»

Сұхбаттасқан: Гүлдана Иманқұлова

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, ІІІ курс


Өзіңіздің шығармашылығыңыз жайлы айтсаңыз?

Алғашқы фильмім «Шілдені» 1988 жылы түсірдім. Содан бері, 6-7 туынды түсіріппін. Қазір Алматыдағы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беремін. Ал, кино түсірген кезде «Қазақфильмдемін».

Бүгінгі кинематографияға қатысты не айтар едіңіз?

Біріншіден, көрерменнің талғамын көтеру керек. Әйтпесе, Голливудтың атыс-шабысын көріп өскен көрермен жақсы фильмдерді көрмейді, киноны өнер ретінде қабылдамайды. Меніңше, мұны түзетудің бір ғана жолы бар - мектепте кинотану сабағын енгізу. Бір жылдық бағдарламада кино өнері тарихындағы 100 фильмді көрсетуге болады. Бүгінгі жас кітап алдында емес, монитор алдында көп отырады. Сондықтан, мұны ескерусіз қалдыруға болмайды. Екіншіден, кино институтын ашу керек. Мәселен, «Студент» қаншама жүлде алып жатыр, бірақ бізде оны білмейді.

«Студент» қандай номинацияда жүлде алды?

Португалияның атақты киносыншысы Жао Бернард де Коста атындағы арнайы сыйлықты жеңіп алды.

Фильмдердің біразы халық үшін емес, фестивальдер үшін түсіріліп жатқан секілді. Әлде, ол да киноны өзің үшін түсіру болып есептеле ме?

Фестивальдерге ең көп қатысқан режиссерлердің бірі менмін. Фестивальдер санының өсіп бара жатқанының бір себебі – отандық, жергілікті кино сыны жоққа жақын. Кезінде жақсы фестивальдер болған шығар, бүгінгі фестивальдердің көпшілігі ақырын-ақырын Батыстың саяси құралына айналып барады. Қазір Батыстағы кейбір форумдарда жоғары баға, жүлде алу үшін фильміңде өзіңнің еліңді, мемлекетіңді, дініңді нашарлау қылып көрсетуің керек. Тіпті, осы күні шығып жатқан біржынысты махаббат туралы көрсетсең, тіпті керемет. Бірақ, біз мынаны ұмытпауымыз керек: кино өмірдің жақсы немесе жаман жақтарын көрсету құралы емес. Нағыз кино өнері де, музыка сияқты, басты функциясы – көрерменге сезім, ой, әдемілік сыйлау!

Лиссабон фестивалінен қандай әсерде қайттыңыз?

Жақсы әсермен оралдым. Бірақ, дәл фестиваль күні жауын жауып, көрермен аз болды. Бұл фестивалдің ерекшелігі - қазылар алқасына киноға қатысы жоқ, алайда, өз саласында елеулі еңбек сіңірген адамдарды шақырады екен. Мәселен, қазылар алқасында Альфред Брендель деген атақты пианист, тағы екі бірдей ғалым, ал актерлерден Фанни Ардан ғана болды. Бұл маған қатты ұнады, себебі киногерлер бір-бірін таниды, өзінің қатып қалған шаблондары бар дегендей. Қазылар көрермен ретінде баға берді.

Біздің прокатты қандай фильмдер жаулап алды?

«Қазақфильм» экранға өнім шығарып жатқан жоқ. «Неге шығармайсыздар?» десек, «көрермен бармайды мұндай фильмдерге» дейді. Көрермен әбден атыс-шабыс фильмдерге үйренген. Фильм түсіріледі, үкімет ақша бөліп жатыр, бірақ ол көрерменге жетпейді, тек фестивальдерге жіберіледі. Бұл - үлкен проблема. Жақсы фильмдер жоқ емес, бар. Бірақ ондай фильмдер бізге жетпейді. Біздің прокатты жаулап алған - тек атыс-шабысқа құрылған, жеңіл фильмдер. Заман өзгерді, қазір өнер алды - қызыл тіл емес, экран. Соны біз түсінбей жатырмыз.

 

Сізге қызық болуы мүмкін: