Әлемде болып жатқан лаңкестік ұйымдар мен топтардың шабуылдары біздің елді де айналып өтпеді. Өткен жылы Ақтөбе қаласындағы террористік оқиға елді дүркіретіп, халық арасында үрей туғызған болатын. Тосыннан тап берген жантүршігерлік оқиғаның қайталанбауына кім кепіл?! Осы оқиғаның ақиқатын көрсету үшін режиссер Әсия Байғожина «Сенім жолында» атты деректі фильм түсірген болатын. Әсия 2016 жылы «Желтоқсан хроникалары» атты фильмімен де көрерменді елең еткізген.
«Сенім жолында» - Ақтөбедегі лаңкестердің темір тордағы қазіргі өмірін, жазықсыз қаза болған құрбандардың жақындарының зарын, Сирияға аттанған қазақ отбасыларының кешегі өмірі мен бүгінгі өмірін көрсетеді. Ең аяныштысы, адасқандардың арбауына ергендердің арасында санасы әлі толық қалыптаспаған балалар да бар. Солардың қанды ортада көз жұмып жатқаны жанды ауыртады. Фильмде кей балалардың шетелге шығуына рұқсат беретін құжаттың небәрі бір күн ішінде дайындалғаны да айтылады.
Бірнеше күнге созылған оқиға салдарынан қазақ қоғамы дүр сілкініп, қапыда бейбіт тұрғындар мен Отан алдында борышын мүлтіксіз орындаған азаматтар қаза тапты. Терроризмнің қитұрқы әрекетінен ешқандай ұлт, ешқандай мемлекет толыққанды сақтанған деп айта алмаймыз. Десе де, елдің тыныштығын бұзған теріс ағымдарға тосқауыл бола білуіміз керек. Бірінші кезекте діни басқарма белсене атсалысуы керек болса, екіншіден, халықты дұрыс жолға салатын ақпараттарды кеңінен насихаттаған жөн. Бұл фильм де сол мақсатта түсірілген дүниелер қатарында.