Режиссер Әмен Қайдаров халық арасында кең тараған мәртебелі құс Қарлығаш туралы ертегіні басқаша қырынан ашып, кинотілі арқылы баяндап береді. Киелі құс қарлығаш жайында аңызға тереңірек үңілер болсақ, өте ертеректе пайда болғанын байқаймыз. Нұх пайғамбардың кезінде пасық көкіректі адамдар көбейіп кеткендіктен, жер бетін топан су жайлайды. Осы кезде Жаратушы Иеміз періште Жебірейіл арқылы Нұх пайғамбарға үлкен кеме жасауын бұйырады. Бұл кемеге пайғамбар барлық құлшылық еткен адамдар мен жан-жануарларды жұбымен кіргізген. Бір күні кеме асты тесіліп, ішіне су кіре бастайды. Сол кезде жылан шығып, Нұх пайғамбардан рұқсат сұрайды екен.
- Мен тесікті бекітейін, бірақ суды тоқтатқаным үшін маған не
бересіз? - дейді.
- Не тілесең соны берейін.
- Кімнің қаны тәтті болса, соны беріңіз. «Құп болады!» - деп, Нұқ пайғамбар амалсыздан келіседі. Қырық күн, қырық түн тоқтаусыз жаңбырдан кейін, жер құрғап, жаңа өмір басталады. Жерге оралғанда жылан Нұқ пайғамбардан өзінің өтінішін орындауын сұрайды. Құдай елшісі масаны шақыртып, әлемдегі ең тәтті қан иесін біліп келуін бұйырады екен. Маса тапсырманы орындап келе жатқанында алдынан қарлығаш кезіге кетеді. Ол ғаламдағы ең тәтті қан иесі – адам екенін жеткізуге бара жатқанын сезгендіктен, қулықпен масаны тоқтатпақ болады.
- Маса, ең тәтті қанның дәмін бір татып көруге мұрсат берші! – дейді
қарлығаш, түрлі мадақтау сөз естіген маса масаттанып аузын ашады. Сол сәтте, шап беріп, қарлығаш масаның тілін жұлып алған екен. Содан екеуі де пайғамбардың алдына келеді, маса ызыңдап ештеңе түсіндіре алмағандықтан, қарлығаш: - Ең тәтті қан бақанікі екенін айтып тұр, – дейді, тілмаш боп.
Содан бастап пайғамбар жыланға бақаны қорек етуін бұйырыпты. Бұған ыза болған жылан қарлығашты шап беріп ұстап алмақшы болады. Алайда, аса жылдам қарлығаш қашып үлгереді, ал жылан оның құйрығын ғана тістеп қалады екен. Негізігі зерттеу нысанамызға алынып отырған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмінің түп-тамыры сонау көне заманнан келе жатқан діни әңгімеден нәр алғанын байқауға болады. Бір қызығы, қазақ ауыз әдебиетінде әңгімеленетін ертегі жоғарыда айтылған діни әпсана жағынан емес, халықтық мифология тұрғысында жырланады. Ал, кинематографиялық жағынан жеткізілген нұсқасы – авторлық ғажап шығарма.
«Экранда ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлқы тәптіштелмейді, фильм Жақсылық пен Жамандықтың шартты сипаттарына сүйенген. Экран оқиға желісіндегі драматизмді тереңдетудің арқасында, текетіресті жалаңаштандырды, қарама-қайшылықтарды күшейте түсті. Ертегідегі Айдаһар – тәтті қанды аңсаған, алып күштің иесі болса, фильмде ол – күні санаулы қартайған аждаһа. Ертегіде адам қаны Айдаһардың асы болса, фильмде – жасартатын дәрі-дәрімек. Қарсылас кейіпкердің теке-тіресі ішкі драматизмге толы, бұл фильмнің желісін қоюлата түседі – сырқат Айдаһар бір тамшы қанның арқасында жасарып, жамандық қайтадан етек алуы мүмкін.
Фильмде Жамандықтың күні біткені алдын-ала белгіленген, ал Жақсылық – мейірбан, жауапты. Қарлығаш болашақта да етек алуы мүмкін Жамандықпен күреседі. Бұл Жамандықтың бүгінгі Айдаһардың сауығып кетуіне ықпал етіп жүрген, өткен зұлымдықтың болашақта жаңаруын аңсаған маса болатын. Һәм фильмдегі қарлығаштың орны ертегіден бөлек: мұнда бәрі жақсылықпен аяқталмайды. Адам қанының тамшыларынан жерде гүл өсіп, тас-талқан болған Айдаһардың денесінен түрлі зиянкестердің шығуы бекер емес. Ол бар, һәм, ол тек ұтылып қалады. Жамандық қайта жаңғыруы мүмкін. Біздің алдымызда жай ғана ертегі емес, қазіргі заманғы киноертегі» [5, 162 б] - деп, кинотанушы Бауыржан Нөгербек аталмыш мультипликациялық туындының нақты әрі орынды бағасын береді. Айтылған оймен толықтай келісуге болады. «Жамандықсыз жақсылық болмас» демекші, мультфильмде көрсетілген соңғы кадрдың бірі көрермен қауымды қатты толғандырады, себебі бұл философиялық идеяның бір бөлігі іспетті. Жамандық мәңгіге жоқ болып кете алмайды, тек оны әлсірете білу және оның күшейіп кетпеуі үшін күрес жүргізуіміз өзіміздің қолымызда екенін нұсқайтындай. Байқағандарыңыздай, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмінің идеялық тақырыбы өте өзекті әрі күрделі өмірлік мәселелерді қозғайды:
- Жақсылық пен Жамандықтың өзара күресі;
- Сатқындық мәселесі;
- Әділдіктің орнауы.
Өнертану кандидаты, профессор Бауыржан Рамазанұлы «Когда оживают сказки» кітабында «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты алғашқы ұлттық мультфильмнің халық аспабы – домбыра мен классикалық музыка аспабы – скрипкамен байланыстыра білу үшін шығармашылық батылдықтық қажет екенін басып айта отырып, домбыраның күмбірлеген үні өзгеше кең ауқымды дыбыс бере алғандығын айтады. Сонымен қатар, кейіпкерлердің (қарлығаш пен маса) типтік характерін айқын көрсете алуға үлкен септігін тигізгенін де жасырмайды.
1968 жылы Әмен Қайдаровтың режиссерлігімен түсірілген кезекті мультфильмі «Ақсақ құлан» үлкен экранға жолдама алады. Бұл мультипликациялық туынды да тамырын тереңге жайған халық шығармашылығының негізінде жасалған. «Ақсақ құлан, Жошы хан» деп аталатын аңыздың бізге дейін бір емес бірнеше нұсқасы жеткен. Олардың негізгі фабулалық шешімі ұқсас болғанымен, кейбір әрекеттер өзгеше баяндалады. Солардың бірінде домбыра кіндігінің қалай пайда болғандығы жайында әңгімеленсе, бірінде Қағанға сүйікті де тұңғыш перзентінің қазасын естірткен домбыра емес, қобыз деп алынады. Яғни, ерте заманда қобыз қанатының алдыңғы тұсы толығымен ашық болмаған, оған қорғасын құйылғаннан кейін қазіргі үлгідегі пішінге келген деген пайымдар да баршылық. Дегенмен, режиссер Әмен Қайдаров аталмыш аңыздың халық арасында кең тараған нұсқасын фильмінің негізгі шешіміне тиек еткен.
Сонымен қатар, мультфильм мен аңыздың арасындағы өзгерістер көптеп кездеседі. Мультфильмнің экспозициясы кең құшағын ашқан байтақ далада сайран салып жүрген бір топ құланды көрсетуімен бастау алады. Әрі қарай басты кейіпкер және отбасының көрінісі ұсынылады. Ендігі кезекте, осындай бейбіт елдің шырқын бұзған моңғол әскерлерінің құйтырқы әрекеттерін әшкерелеген бейне көрсетіледі. Шын мәнінде, бұл көрініс автордың шешімі болып табылады. Аңыз бойынша, моңғол ханының сол заманда бейбіт жатқан халықтың тыныштығын бұзғандығы туралы айтылмайды.
Мультфильм өз заманында үлкен жетістіктерге жетіп, көрерменнің көңілінен шыққанымен, қазіргі кезде көп сынға ілігіп жатқандығы жасырын емес. Көптеген өнер жанашырлары аталмыш мультипликациялық туынды «кеңес дәуінің перзенті» деп қысқа да нұсқа өз пікірлерін білдіріп жатады. Тарихқа көз жүгіртіп, Шыңғыс хан билік еткен замандағы белгілі бір жүйені саралап қарар болсақ, жоғарыда айтылған пікірмен келіспеске амал қалмайды. Әрине, кеңес үкіметі жылдарында Шыңғыс ханды жабайы, тұрпайы, қанішер қаһарлы хан ретінде қарастырылғаны бізге жасырын емес. Сол кезде жарық көрген мультфильмнен осыншалықты өзгеріспен көрініс табуы да жалпы түсініктің әсері тигенін байқау қиынға соқпайды. «Ақсақ құлан, Жошы хан» аңызында күйші қайғылы хабарды Шыңғыс ханға емес, оның ұлы Жошы ханға жеткізгендігі баяндалады. (Кейбір мәліметтер бойынша Жошының өлімі құланнан болғандығын айтады). Академик Әлкей Марғұлан Жезқазған қаласында зерттеу жұмыстарын жүргізгенде Жошы ханның мазарын табады. Бұл жерде Жошы аңызда айтылғандай бір қолсыз жерленген екен (оның қолын құлан шайнап тастаған). Және де оның қабірінде он екі моңғол емес, қазақ тайпаларының таңбалары белгіленген. Осыған қарап, мультфильмдегі халыққа қаған тарапынан көрсетілген зорлық-зомбылық тікелей автордың көркемдік шешімі деп пайымдауға болады.
Аталмыш мультипликациялық шығарманы аңыз бен тарихи негіздермен салыстырмалы түрде қарастырмай, жеке алып қарастырар болсақ, фильмнің сюжеті сырт көзге түсінікті. Алайда, қақтығыс (конфликт) байқалмайды. Фильмнің ішкі құрылымына байланысты кинотанушы Бауыржан Рамазанұлы былай дейді: «Ордалықтар драматургиялық жекеленбеген, бейнесі толық ашылмаған. Олар бір-біріне құйып қойғандай ұқсайды. Нәтижесінде, көшірмеден өткен біркелкі ызалы түр-әлпеті шыға келді... Қазақ мультипликациясының алғашқы екі шығармасын талдағанда бір тұжырымға келуге болады. Бұл шығармалар көркем ой шешімі жағынан бір-бірімен қатарласа алмайды. «Ақсақ құланға» қарағанда «Қарлығашта» көбірек үйлесімділік бар». Бірақ, «Ақсақ құлан» сегізінші (1969) Орта Азия және Қазақстан республикалары кинематографистерінің байқауында үздік мультфильм деп танылып, арнайы дипломға ие болады. Және де айта кету керек, аталмыш мультипликациялық шығарманың өзіндік кемшілік тұстары байқалып тұрса да, қазақ мультипликация өнерінің тарихында өзіндік орны бар екені белгілі.
«Ақсақ құлан» фильмінде төмендегідей тақырыптық мәселелер қозғалады:
- Қарапайым халыққа көрсетілген озбырлық әрекет;
- Тойымсыздық көрсеткен адамның қандай жазаға тартылатынын көрсетеді.
Жоғарыда көрсетілген тақырыптар –«Ақсақ құлан» мультфильмінің негізгі қозғаған мәселесі. Басты идеясы – тойымсыздықтың залалын әшкерелеу. Аңға шыққан Жошы құмарлықпен құланды жаппай өлтіре бастайды. Анасына ере алмай қалған құлыншақты да мерт етеді. Бұған ыза болған Ана-құлан Жошыны таптап өлтіреді. Осыны көрген Орда қызметкерлері ханға ұлының қаза тапқанын айта алмай, естіртуге күйшіні сарайға, ханның алдына күштеп алып келеді. Күй ойналады. Міне, осы кезде көрініс табатын қозғалысқа аса назар аудару керек. Жошы және оның әскері қуатты отқа айналады да, ұйып отырған елдің тыныштығын бұзады. Өртейді, отқа орап, күлге айналдырады. Тойымсыз от өз әлін білместен, сумен алысуға талпыныс жасайды. Соңында буға айналып, мерт болады. Осы жерде режиссер әрбір істің шегі бар екенін көрсетеді. Көрсеқызар құмарлықтың алысқа алып бармайтынын да ескерте кетеді. Сөйтіп, жамандық өз жазасын алады.
Режиссер-мультипликатор Әмен Қайдаровтың фильмдері өз көрермендерін жасқа бөліп қарастырмайды. Оның режиссерлігімен түсірілген әрбір мультипликациялық шығармалардың айтары мен қорытар ойы тым терең, даналық ойларға толы болғандықтан, тәлім-тәрбие беруге ұмтылыс жасайды. «Көп сөйлеп созбайын» деп Абай айтпақшы, Әмен аға да әдеби шығарманы кино тіліне ауыстырып, ертегі, аңыз-әңгімелердің тек маңызды тұстарын іліп алып, өз туындыларының арқауы еткен. Әмен Әбжанұлының табиғаты ғажайып мультипликация арқылы көпшілікке көрсеткен өнегелі тәлімі мен қалдырған өсеті, даналыққа тұнған ойлы сөздері түсінген жанға ғибрат болары хақ. Адам бойындағы бар байлық жанының тазалығы, ойдың тұнықтығы екенін Әмен Қайдаров «Қырық өтірік» мультфильмі арқылы ашық көрсетеді.
«Қырық өтірік» мультфильмі қазақ ауыз әдебиетінің тұрмыс-салт ертегілері тармағындағы ең көрнекті ертегілерінің бірі болып саналатын «Қырық өтірік» ертегісінің желісі бойынша түсірілген. Алайда, әдеби нұсқасыдағы ертегі мен қозғалмалы суретпен баяндалған ертегінің арасындағы айырмашылық біршама байқалады. Осы жөнінде кинотанушы Бауыржан Нөгербек былайша өз пікірін білдіреді: «... нельзя забывать, что структура народной сказки и структура рисованного фильма неоднородный и не эквивалентны, потому что в первом случае перед нами искусство слова, во втором – изоброжения» [2, 99 б]. Бұл оймен толықтай келісеміз.
Аласапыран соғыс басталған кезде, өмірдің қызылды-жасылды сәттерін көріп үлгермеген жас жеткіншектер ел тыныштығын бұзған бүлікшілерді тоқтатпақ үшін қанды майданға аттанды. Дәл осы жағдай «Қырық өтірік» мультфильмінде көрініс тапқан. Мәселен, біз ертегіде, ханның сұлу қызына үйленуді мақсат еткен Тазша баламен танысамыз. Ал, кино ертегіде, Тазша бала құтырынған ханның ісіне тосқауыл қою үшін өз басын бәйгеге тігеді. Өжеттілік танытады. Осы сәтте, біз аузын арандай ашқан тойымсыз құбыжық кейпіндегі сұрапыл соғысқа аттанған жас жеткіншекті көргендей боламыз. Әрине, автордың өзі жастайынан соғысқа аттанып, жамандық атаулының ең сұрқиясын өз көзімен көрген жан. Фильмнің өн-бойынан да осындай оқиғаның көрініс табуы түсінікті жағдай.
«Қырық өтірік» мультфильмі әдеби шығарманың фабуласына ғана жүгінеді де, сюжеттік байланысын өздігінен дамытады. Яғни, фильмнің авторы Әмен Қайдаров шығармаға өзгеше серпіліс берген, дәлірек айтқанда, авторлық «қырық өтірік» жырланды десек, қателеспеген болар едік.
Аталмыш мультфильмде аспан әлемі баяндалады, ал әдеби ертегіде Тазша бала Жер тіршілігін әңгімелейді. Қос шығармадағы қырық өтірік айту барысындағы басты айырмашылық дәл осы болып отыр. Жоғарыда айта кеткеніміздей Әмен Әбжанұлы қырық өтірікті өздігінше құрастырған. Сол себепті толық талдауды талап етеді.
Мультфильмде Тазша бала аспанда қозғалыссыз жатқан тастарды қамшысымен соғып қалып, жылқыларға айналдыра бастайды. Кенет, барлық жарқыраған жұлдыздар мен тіршілік атаулыны тойымсыздана сорған қара түтікке кезігеді. Астрономия ғылымында «қара ойық (черная дыра)» түсінігі бар. Ғалымдардың айтуы бойынша, аспандағы шоқ жұлдыздар мен гравитациясы әлсіз денелерді қара ойық сорып алатын көрінеді. Былайша айтқанда, жолында кезіккеннің бәрін жұта береді. Тіпті Жерге де қаупі бар деген пайымдаулар баршылық. Мультфильмде көрсетілген мұрақ (ұлттық бас киім атауы) пішінді жұлдыз сорғыш қара дене астрономия ғылымында көп айтылатын қара ойықтың бейнесі екені белгілі. Бұл мәселе Әмен Қайдаровты да бей-жай қалдырмаған, дегенмен де, ол бұндай жамандықты да тоқтата алатын жарық күштің бар екеніне сенім білдіреді. Тазша бала Күннің сәулесімен тоймай жұтынған қара ойықты атып өлтіреді. Сонымен қатар, Тазша баланың теңіздің толқындарынан арқан жасауы, екі етігіне тау үстінде қалып қойған басын алып келуді бұйыруы, аңшылықта садақты керісінше атуы, жебені сіріңке орнына пайдалануы және Тазша бала ұйқыға кеткенде қара қазанның өздігінен киіз үйге айналуы секілді түрлі өзгерістер әдеби ертегіде кездеспейді, тек режиссердің ойдан құрастырған авторлық ертегісі деп баға бере аламыз.
Осы мультфильмге байланысты тағы да айта кетерлік кейіпкерлер бар. Олар Тазша баланың етіктері. Өтірік әңгімеде Тазша баланың етігі екі түрлі кейіпкерге айналады. Солар арқылы режиссер қоғам келбетін көрсетуге барынша тырысқан. Қазанда пісіп тұрған қоянның майына етіктің бірі сыңарына қалдырмастан, бәрін жеп қояды. Сыңарының бұл қылығына көңілі толмаған етіктің екіншісі иесіне (Тазша балаға) барып шағымданбақшы болады. Алайда, иесі тәтті ұйқысынан айырғаны үшін оны теуіп жібереді. Бұл көрініс билікте отырған лауазымды шенеуніктердің бейнесіне ұқсайды. Ал, аш қалған етік қарапайым халықтың көрінісі. Майға әбден тойынған етік болса, өз үлесімен қоймай, халыққа тиесілі дүниені тойымсыздана жейтін байлардың бейнесіне келіңкірейтін сияқты. Дәл осы кейіпкерлерге (сыңар етік) байланысты тағы да бір көрініс бар. Тазша бала тамақтанайын деп жатқанында, басының жоқ екенін байқайды. Содан, сыңар етікке бастың қайда тұрғанын айтып, тез арада жеткізуін бұйырады. Бір төбешіктің биігінде қалып қойған басты алу үшін, алдымен, суды кешіп өту керек болады. Содан, әбден семірген етік, қушиып мыжырайған етікті суға қарай итеріп жібереді де, өзі құрғақ жерде күтіп тұрады. Арық етік Тазша баланың басын алады да, семіз етікке табыстайды. Өзі болса, суға батып кетеді. Осы көрініс арқылы біз тағы да қоғамының бейнесін көреміз. Сөйтіп семіз етік жағымпаздана Тазша балаға басын апарып береді. Көптеген жылпоздар өзі еңбектенгісі келмейді, біреудің қара терге түсіп атқарған қызметін «өзім істедім» деп билігі барларға жағымпазданатынын режиссер көрсете білген.
«Қырық өтірік» мультфильмі графикалық және көлемді мультипликациялық тихникасымен түсірілген. Көлемді, яғни қуыршақты қозғалту арқылы Тазша баланың шынайы өмірін көрсетсе, графикалық тәсілмен Тазша баланың әңгімелеп берген қырық өтірігін көрсетеді. Жалпы айтқанда, аталмыш мультфильмнің сюжетін екі бөліке бөліп қарастыруға болады. Екі түрлі техникамен түсірілген бүтін анимация көрерменге екі түрлі атмосфера сыйлайды. Бірінде (қуыршақты техникамен түсірілген бөлімі) трагедиялық сарын байқалса, екіншісі (графикалық техникамен түсірілген бөлігі) комедиямен көрсетілген.
«Қырық өтірік» мультипликациялық фильмінің соңғы эпизодтарының біріне, яғни фильмнің шешіміне көңіл бөлер болсақ, орыс тілдегі нұсқасы мен қазақ тілдегі нұсқасы арасында айырмашылық бар екенін байқаймыз. Өтірік өлең айтудан жеңіске қол жеткізген Тазша бала хан сарайынан шығып бара жатқанда, хан қызы оны тоқтатпақ болады. Алайда, «жазықсыз жанның қаны төгілген сарайда бақыт болмайды» деп өз жөнімен кете барады. Хан қызы Ханшайымдық лауазымын тастап, Тазшаның артынан еріп кетеді. орыс тіліндегі нұсқасында фильм осы көрініспен аяқталады. Ал, қазақша нұсқасында, қызының тақыр кедейдің артынан еріп бара жатқанына қатты намыстанған хан қызының ту сыртынан садақ атып, о дүниелік етеді. Ал, Тазша бала өзінің мұңды күйін шертуді жалғасыра береді.
«Қырық өтірік» мультфильмінің басты тақырыбы – зұлымдыққа тұсау жасау, бұны біз Тазша баланың «қасқырға да қақпан бар» деген мәнерінен байқаймыз. Ал, негізгі идеясы – дүниенің жылтырана алданбастан, ақиқатқа жол бастау болып табылады.
Қазақ мультипликациясының негізін қалаған, саналы ғұмырын анимация өнеріне арнаған ардақты жан – Әмен Қайдаровтың шығармашылығы әлі талай ұрпақтарға жететініне кәміл сенеміз. Себебі, оның мультипликациялық туындыларында ұлттық рух бар, қазақы менталитет бар және ең бастысы, үлкен философиялық тағылым жатқаны баршамызға белгілі. Ендігі кезекте, біздің әрбіріміздің мойнымызда алдымыздағы алтын қазынаны келер ұрпаққа қолымызға құдды бір үлбіреген ақ жібек ұстағандай аса байыппен жеткізу міндеті тұр.