Мақала
Қазақстан кинопродюсерлерінің алғашқы толқыны
Мемлекет субсидиясында болған «Казақфильмде» жылына саусақпен санарлық фильмдер ғана жарық көріп отыратын. Тек 1980 жылдардың екінші жартысында «Қазақфильмде» күрделі өзгерістер науқаны басталады
Бөлім: Кино
Датасы: 21.03.2018
Авторы: Зейнет Тұрарбекқызы
Мақала
Қазақстан кинопродюсерлерінің алғашқы толқыны
Мемлекет субсидиясында болған «Казақфильмде» жылына саусақпен санарлық фильмдер ғана жарық көріп отыратын. Тек 1980 жылдардың екінші жартысында «Қазақфильмде» күрделі өзгерістер науқаны басталады
Бөлім: Кино
Датасы: 21.03.2018
Авторы: Зейнет Тұрарбекқызы
Қазақстан кинопродюсерлерінің алғашқы толқыны

Совет киносында продюсер ұғымы тіпті болмаған. Фильмнің директоры, ұйымдастырушылары болатын. Продюсер деп фильмді тек қаржымен қамтамасыз еткен миллионерді есептейтін. Бұрындары фильм түсіруді жалпылай алғанда «өндіріс» немесе «киноиндустрия» деуші еді, бүгінде бұл сөздердің орнына «бизнес» дегені қолданылатын болды (Бондаренко  Е.А., 2003:15). Шын мәнінде, совет киносында продюсер деген ұғым мүлде болмаған. Өйткені продюсер рөлін мемлекет атқарып отырған. Фильмдердің барлығы мемлекет тарапынан қаржыландырылып, мемлекеттің сұранысын қанағаттандыратын редакторлық бөлімнің тікелей бақылауынан өткен. «Продюсер» деп Бондаренко айтып өткендей фильмге тек қаржылай көмек еткен тұлғаны атаған. Бірақ продюсер де, директор да фильмнің түсірілу барысына, режиссердің жеке авторлық  көзқарасына бас сұқпаған, сондықтан режиссер фильмнің негізгі діңгегі болатын. Сол  себепті болар, совет заманындағы режиссерлердің көпшілік бөлігі авторлық фильмдер түсірген. Жыл сайын мемлекет қаражатының бір бөлігі кино саласына бөлініп  тұрғандықтан, оны қайта мемлекет қазынасына қайтару ешкімге жүктелмеген. Басты мақсат - қаражатты мемлекеттің ұстанған саясатына кедергі келтірмейтіндей, халықты мадақтайтын фильм өндіру болатын. Қазақстан да Одақтас  мемлекеттердің бірі ретінде осы үрдісті ұстанған. Мемлекет субсидиясында болған «Казақфильмде» жылына саусақпен санарлық фильмдер ғана жарық көріп отыратын. Тек 1980  жылдардың екінші   жартысында  «Қазақфильмде»  күрделі өзгерістер науқаны басталады.

Кинорежиссер Қалдыбай Әбеновтің айтуынша «Қазахфильмді» жеке  бірлестіктерге бөлу 1986 жылдың күзінде басталыпты.  «Бұл жерде елдегі қайта құруға сүйене киностудияны бөлу туралы шешім қабылдаған, сол жылдарғы «Қазақфильмнің» бас редакторы Мұрат Әуезов пен Мемлекеттік киноның (Госкино) төрағасы қызметін атқарған Қанат Саудабаевтың рөлі маңызды» - дейді кинотанушы, профессор Бауыржан Нөгербек «На экране  «Казахфильм» атты еңбегінде (2007:300).  Киностудияны бірлестіктердің құзырына беруді  ұйғарған басшылық,  ұйымдардың  конкурсын  жариялайды. Бірнеше киногерлердің  бірігуінен  құрылған  бірлестіктер, ұсынар ұйымының негізгі концепциясын жазып «Казахфильмнің» талқылау комиссиясына өткізеді. Жиырмаға жуық бірлестіктердің қатарына Қалдыбай Әбеновтің «Алтын бесік» атты бірлестігі де енген. Бірақ «Желтоқсан» көтерілісінің   басталып   кету салдарынан бұл жұмыс тоқтап қалған. Ел ішінде қырғи қабақ  көтерілістің саябырлаған  шағын күткен басшылық, 1987  жылдың  жазында конкурс  өткізуді ұйғарады. Сөйтіп, 20 бірлестіктің арасынан төртеуі таңдап алынған. Олар: Мұрат Әуезовтің  «Әлем», Ермек  Шынарбаевтің «МКК» (Молодое кино Казахстана), Игорь  Вовнянко мен Цой Гун Иннің «Кадр» және Қалдыбай Әбеновтің «Алтын бесік»  бірлестіктері. Ендігі ретте, осы бірлестіктерді заңды түрде бекіту үшін олардың  идеялық  платформасын Мәскеуге жіберу керек болған. «Сол кезде Мұрат Мұхтарович мені кабинетіне шақырып  алып,  бірлестіктің   атын өзгертуімді сұрады» - дейді Қалдыбай Әбенов,  - «cебебі,  Мәскеуде  «Алтын   бесік» деген сөзді ешкім  түсінбес те, дұрыс айта да алмас деп түсіндірді маған». Амалдың  жоқтығынан келіскен режиссер, екінші күні  Мұрат Әуезовке ұйымға лайықты деп таныған қағаз бетіндегі тізімімен бірге кіреді. Сөйтіп,  «Алтын  бесік»  «Мирас» болып  өзгертілген.

Мәскеуде өзара тағы бір конкурсқа түскен 4 бірлестіктің арасынан, Мәскеу басшылығы екеуіне тоқталады. Сөйтіп, 1987 жылдың қыркүйек айында «Қазахфильмде» мемлекет қарамағындағы ШӨБ-1 (Шығармашылық өндірістік бірлестік) «Мирас» және ШӨБ-2 «Әлем»  бірлестіктері  пайда болады.

«Мирас» өз шығармашылығында қазақтың ұлттық мәдениеті – тарихи, этнографиялық, фольклорлық туындыларға көбірек көңіл бөлді. «Әлемнің» бағдарламалары ауқымды болды. Шығармашылық  кеңістігі кеңдеу, өйткені олар «Әлемді  қозғалыс арқылы тану» дегенді ұран етті» - дейді Г.Абикеева «Новое казахское кино» (1998:5) жинағында.

«Әлем» бірлестігінің төрағасы болып Мұрат Әуезов, бас редакторының  қызметіне Ермек Шынарбаев сайланса, ВГИКті жаңа бітіріп, Алматыда  фильм түсіремін, режиссер болып, шығармашылықпен   айналысамын  деген арманда жүрген Қалдыбай Әбенов  өзі құрған бірлестікке төрағалық етуден бас тартады. Есесіне, Сұлтан Қожықов, Виктор Пусырманов, Игорь Вовнянко, Амангелді Тәжібаев,  Болат   Шмановтар   (Шәріп)    төрағалыққа    ұсынылып, астыртын  дауыс беру  есебінен Болат  Шманов  жеңіске жетеді. «Мирас» бірлестігінің бас редакторы болып Сатыбалды Нарымбетов бекітіледі.  Осылай «Қазахфильм»  қарамағындағы  барлық   қызметкерлер екі  топқа  бөлінген.  Бірлестік  қарамағына  енбей  қалғандары жеке студия ашумен шұғылданады. Солай, «Қазафильм» айналасында «Мирас» пен «Әлемнен» өзге шағын шаруашылық есептегі студиялар  көбейе  түседі.

Өкінішке орай, киностудияны жеке бірлестіктерге бөлу «Қазахфильмнің» ауыр халын жақсарта алмады. «...механикалық тұрғыда біртұтас киностудияны бөлу,  күтілгендей, көп ұзамай  ұжым ішінде шығармашылық текетіреске алып келді. Адал ниет, әрқашан оң нәтиже бере бермейді. Режиссерлер өздерінің тақырып және сценарийлерімен бір бірлестіктен екіншісіне көшіп жүрді. Мысалға С.Апрымовтың әйгілі «Соңғы аялдама» фильмі «Әлемде» басталып, «Мираста» аяқталды», - деп, сөзін сабақтайды Бауыржан Нөгербек «На экране «Казахфильм» кітабында(2007:300). Қалай дегенімен де еліміздегі жалғыз киностудияның бірлестіктерге бөлінуі  жаңалықтың тек басы ғана болатын. Себебі, «Қазахфильм» басқарма құрылымы тұрғысынан ғана емес, шығармашылық жағынан да өзгеріске ұшырайды. Киностудия қатарына ВГИКті  бітіріп келген әйгілі қазақтың «жаңа толқын» режиссерлері де келіп қосылады. Жаңа идеяға, жаңа көзқарасқа, ынта мен жігерге толы жас режиссерлердің еңбек етуіне екі бірлестіктің ортасында жүргендері де кедергі бола алмады.

«Әлем» бірлестігінде осы бірлестіктің және өзінің шығармашылығын «жаңа толқын» режиссерлерінің бірі Дәрежан Өмірбаев «Шілде»(1988ж) атты қысқаметражды фильмімен бастайды. Кейіннен жарыққа А.Баранов, Б.Қилыбаевтың «Женщина дня» (1989ж), А.Әмірқұловтың «Листья» (1989ж), «Отыраудың күйреуі» (1991ж), Т.Теменовтің «Қызғыш құс» (1991ж), «Махаббат бекеті» (1993ж), Д.Өмірбаевтің «Қайрат» (1991ж),  Ә.Қарақұловтың «Әзәзіл қыз»(1991ж), А.Чатаеваның «Мама Роза» қ/м (1991ж), Г.Алдонгарованың «Небольшое отступление» қ/м (1991ж), Т.Сүлейменовтің «Тень мальчика» қ/м (1992ж) сынды фильмдері шығады. Алты жыл ішінде (1987-1993жж) «Әлем» бірлестігінде барлығы 11 көркем суретті фильм түсірілген. Оның ішінде 7 толық метражды, 4 қысқа метражды. «Әлем» үшін  1991 жыл ең  жемісті жыл болған. Осы жыл ішінде  бірлестікте 6 бірдей көркем фильм жарыққа шығады.

«Біздің басты мақсатымыз қазақи, ұлттық фильмдер түсіру болды. Екіншіден, жас кинематографистерге демеу беру. «Жаңа толқын» режиссерерінің қатарына кіретін С.Апрымов, Б.Қалымбетовтер алғашқы фильмдерін осы «Мираста» түсірген» дейді  аталмыш бірлестіктің төрағасы қызметін атқарған Болат Шәріп.

«Мирастың»  өндірісі сыңары «Әлемге» қарағанда біршама аз болған. Бұған қоса, ол алғаш фильмін (толық метражды екенін ескеретін болсақ) 1989 жылы шығарып, жұмысын «Әлемнен» бір жыл бұрын 1992 жылы тоқтатады. Сөйтіп, «Мирас» 5 жыл ішінде (1987-1992жж) 8 көркем суретті фильм түсірген. Оның 6 толық метражды, 2 қысқа метражды екен. «Мирас» бірлестігінде:  И.Вовнянко, Цой Гук Ин «Манчжурский вариант» (1989ж), Б.Қалымбетов «Тамшы» (1989ж), «Айналайын» (1990ж), С.Нарымбетов «Созақтан келген Гамлет» (1990ж), А.Сүлейменов «Птица» қ/м (1990ж),  В.Пусурманов «Қайсар» (1991ж), Ұ.Құлдауова «Айғаным» қ/м (1991ж),  Қ.Қасымбеков «Прощаться не хочу» (1992ж), С.Апрымов «Сон во сне» (1993ж) фильмдерін түсірген.  «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» демекші Қалдыбай Әбеновтің өзіне осы бірлестіктің шаңырағында бірде бір фильм түсіру жазбапты. Өзі негізін қалаған бірлестіктен   күдерін  үзген  Қалдыбай Әбенов  жеке  студия  ашуға  кіріседі.  Сөйтіп дүниеге «Барс» студиясы келген.

Серік Апрымовтың «Соңғы аялдама» фильмі, жоғарыда айтып өткеніміздей, «Әлемде» басталып, «Мираста» аяқталған. Сондықтан оны нақты бір бірлестіктің қатарына жатқызбадық. Бір қызығы, Тамара Смайлованың «Кино Казахстана» кино анықтамасында  аталмыш фильм тек «Қазахфильмнің» өндірісі деген мәлімет беріледі. Болат Шәріптің айтуы бойынша  «Қиян» басынан аяғына дейін «Мирас» өндірісі болып табылады. Киностудия бірлестіктерге бөлініп, фильмдердің өндірісі «Әлем» және «Мирас» деп бөлінгені болмаса, олар толықтай мемлекеттік  қаржыны пайдаланып отырған. «Әлем» мен «Мираста» түсірілген фильмдер «Қазақфильмнің» техникалық базасында, тек бірлестіктің көмегі арқылы түсірілген. Бұл  жайлы Болат Шәріп былай деп  сыр шертеді: «Сценарийлер әр бірлестікте бөлек қарастырылып, смета құрастырылып, кейіннен ол Мәскеуге жіберілетін. Қаражат  тек  мемлекет тарапынан  бөлініп  тұратын. Ол кезде 15 Одақтас мемлекеттің құрамында кіргеніміздіктен, бәрі біз үшін ортақ болатын. Сырттан инвестор тарту деген болмайтын. Жеке студия ашып, қаражатты сырттан іздеу деген тәуелсіздігімізді алғаннан кейін пайда болған... Негізінен, киностудияны бірлестіктерге бөлу дұрыс бастама болған деп ойлаймын. Себебі, режиссердің кіре алатын  бірнеше есіктері болуы керек. Ол біздегідей, бір басшылықтың көз-қарасымен, ойымен шектелмеуі керек. Осы бірлестіктерді ұстап тұра алмағанымыз өкінішті. Елдегі күрделі өзгерістерге байланысты, бәрі талан-таражға салынып кетті ғой. Қазіргі уақытта «Қазақфильмді» басты фабрика орталығы ретінде қалдырып, тізгінді продюсерлерге беру керек. Мәскеу баяғыда осы үрдіс бойынша жұмыс істейді. Сол кезде бізде жанрдың да түр-түрі, киноның да түр-түрі пайда болады. Себебі, бір студия драма, түсірсе, енді бірі комедия түсіреді. Ал «Қазақфильм» оларды техникамен жабдықтап тұрса болғаны». Өткен күнмен  сөз бастап, бүгінгіге аяқ басқан Болат ағамыз кезінде елмен бірге жеке студия да ашқан екен. «Бейне» деп аталған студияда бас-аяғы 4 фильм түсіріліпті. Олар: Болат Шәріптің «Заман-ай», Аяған Шәжімбаевтің «Жұмат Шанин»(д/ф), Тұрар Дүйсебаевтың «Опиум», Орал Жүнісовтің «Тал бесік»(д/ф) фильмдері екен. Б.Шәріптің айтуы бойынша, фильмдердің барлығы студияның жеке қаражатына түсіріліпті. Сонымен қатар, оларды Беларусия, Украина, Ресей, Қазақстан төңірегінде сатып, прокатпен де айналысқан көрінеді. Қалай дегенімен де,  киностудия ішінде болып жатқан өзгерістер, оның аймағында  дербес студиялардың пайда болуына түрткі болған. Кейіннен, осы студиялардың басшылары Қазақстандағы алғашқы продюсерлер толқынын құрайды.

«Қазақфильмде» нақты екі бірлестік пайда болғаннан кейін, өзге авторлар жеке  бірлестіктер құруға кіріседі. «Жас кинематографистердің шығармашылығының  халықаралық деңгейде бағалануы өң нәтижесін берді. Республиканың киноөнеркәсібінде жаңа серпіліс пайда болды: жиырмадан астам тәуелсіз, дербес студиялар іске қосылды. Қазақстан мемлекеттік киноөндірісі жүйесінен бөлініп шығу жағынан алдыңғы сатыға шықты», - делінген «На экране «Казахфильм» кітабында(Нөгербек Б., 2007:288). Сол жиырмадан астам тәуелсіз студиялардың арасында алғашқылардың бірі болып өз өнімін («Қазақфильм», «Мосфильммен» біріге отырып) шығарған «Юность» болатын. Бұл - 1988 жылы шыққан Т.Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмі еді.  Өкінішке орай,  «Юность» тек бір ғана фильммен шектеліп қалған. Негізінен, бұл - осы кезде пайда болған басқа да бірлестіктерге тән құбылыс. Оның себебі елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыспен тығыз байланысты болатын. Егемендігін алып, дербес ел атанған одақтас мемлекеттердің барлығы 90-жылдары экономикалық тоқырауға душар болды. Бұл ұлттық кино өндірісін тіпті нашарлатып жібереді. «Бір кездері КСРО-ның қуатты киностудияларының бірі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм», заман ағымымен  бірнеше студияларға бөлініп, біржола құрдымға кетті. Жоғары білікті мамандар жұмыссыз қалды. Үлкен әрі кірісті сатылым және кино жүйесі ыдырады. Жергілікті әкімшіліктің қоластына берілген кинотеатрлар акцияландырылып, жекешендіріле бастады. Көп ұзамай мәдени ошақтарынан ойын-сауық орындарына айналды. «Кімнің ақшасы болса, сол қожайын, кім төлесе, сол музыкаға тапсырыс береді» деген қоғамның нарықтық қарым-қатынас қағидасы іске асты»,-деп суреттейді «Қазақфильмнің» хал-ақуалын Бауыржан Нөгербек (2007:288).  Сондықтан,  дербес   бірлестіктер   фильм   өндіруде қосымша (бюджеттік емес)  қаржыны шетелдерден іздеуге мәжбүр болған. Шетелмен байланыстың өзіндік  кілтін  тапқандардың  қатарына  ТПО  «Катарсис»  жатады.

Ұлттық тәуелсіз продюсерліктің алғашқы қадамы дәл осы Максим Смағұлов басқарған «Қатарсис» студиясынан бастау алады. «Максим Смагұлов  - тәуелсіз киностудия құрған алғашқы қазақ режиссер. Аты да «Катарсис». Алғашында «Манифест» болды. Кейіннен қаражат іздеу. Қазақстанда банктен фильмге кредит алған тұңғыш адам - Смағұлов болатын» ,-дейді Г.Абикеева М.Смагұловтан алған сұхбатының алғы сөзінде (Абикеева Г.,1995:№4:71). Сол сұхбаттан үзінді:

«Гүлнара Абикеева:  Максим, өзгелері продюсерлік мамандықтың қыр сырын түсіне алмай жүргенде, сіз продюсер атандыңыз. Режиссер, поэт бола тұра поэтикалық емес іске бет бұруыңыздың себебі не?

Максим Смағұлов:   1988 жылы бұл істің продюсерлік деп аталмағандығынан бастаған жөн болар. Біз шын мәнінде өзіміздің жеке студиямызды құрдық. Оның негізінде Болат Омаров, Рашид Нұғманов, Бахыт Килибаев, Мұрат Ахметовтар болса, басқарма құрылымына сол кездегі одақтас мемлекеттерден Михаил Беликов, Альгимантас Пуйпа, Александр Рехвиашвили, Нана Джорджадзе, Геннадий Земель сынды режиссерлер де кірді. Кейіннен қатарымызға Бако Садыков, Михаил Калатозишвили де қосылды. Бүгінде бәріміз әлемнің әр түкпірінде жүрміз.

Әуел баста режиссерлік-продюсерлік кинематографтың идеясы пайда болды. Өйткені, продюсерлік деген режиссерлерге жағдай жасау дегенді білдіреді. Тек техникалық тұрғыдан ғана емес, ең алдымен, шығармашылық еркіндік тұрғысынан. Себебі менің буыным жүйенің, идеологияның қысымын сезініп келді. Бүгінде коммерциядан да еркіндік керек сынды.

Студияны «Катарсис» деп атауымыздың себебі, кинематограф, болашақ ұрпаққа мұра болып қалатын, құнды өнер түрлерінің бірі. Ал, өнер - бұқара халыққа асылды түсіндірер қажеттілік.

«Катарсис» студиясының манифестінен үзінді:

  • Өткеннің қателіктерін ескере келе, біз бүгінді өзгертіп, болашаққа әсер ете аламыз;
  • Шүбәсіз ақиқатты қалай анықтауға болады – әлемді қабылдау арқылы, егер Катарсис арқылы жүзеге аспаса...
  • Катарсис – тазару;
  • ...жанның құмарлықтан тазаруы.., рақымдылық сезіміне тәрбиелеу;

Смағұловтың банктен кредит алуы жайлы Vosmerka.kz  сайтында жарияланған Болат Омардың естелігінде былай делінген: «Сол жылдың (1988) қыркүйек айында Макс қатты толқулы күйде бөлмеге асыға кіріп: «Болат, банкке кеттік, кредит алу бойынша келісім-шарт жасаймыз! Бізге 5 миллион рубль бергелі жатыр!». Ол кезде киностудиядағы смета бойынша бір фильмнің түсіріліміне кететін қаржы 408 рубльді құрайтын.   5 миллион дегеніміз 12 көркем суретті фильм! Осыйлайша «Интеринвестбанкпен» келісім-шарт жасасқанбыз».

Смаилованың «Кино Казахстана» жинағына енген мәліметтерге сай, 1988-1997 жылдар аралығында киноөндірісімен айналысқан орталықтар:

  1. Жалпы саны 45 фильм шығарған;
  2. Оның 38 көркем суретті(барлығы толық метражды);
  3. 7 деректі фильм;
  4. 38 фильмнің 18 студияның жеке қаражатына түсірілген;
  5. 20 ортақ жоба (копродукция, біреуі аяқталмай қалған);
  6. 7 деректі фильмнің 4 студия қаражатына, 3 ортақ жоба ретінде жарық көрген;

Бірақ, Г.Абикееваның «Искусство кино» журналын: «Кей жылдары «Катарсистің» жарыққа шығарған фильмдерінің саны  «Қазақфильм» мен өзге жекелеген студиялардың өнімдерін қоса алғандағы санынан көп болатын. Жеке және ортақ жоба ретінде барлығы  елуге жуық көркемсуретті толықметражды фильмдерге қоса тапсырыспен жасалған өнімдердің саны мыңнан асты» (Абикеева Г.,1995:№4:71). Бұл мәліметтерді  М.Смағұлов  Г.Абикееваға берген сұхбатында да растайды. Яғни, «Катарсистің» жұмысы өзге бірлестіктерге қарағанда өте жемісті болған.  «Мақсұд Смағұловтың «Катарсис» студиясы КСРО аймағынды ондаған мықты режиссерлерді жұмыспен қамтамасыз етті және аумағы жағынан грузия, тәжік, қырғыз, қазақ  және Балтық елдерінің де киномектебін қамтыды», - дейді Б. Нөгербек  «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген «Продюсерское кино: Возраждение кинематографии или..?» мақаласында (2007:288).  Аталмыш студия өндірісінің барлығы мемлекеттік  бюджет көмегінсіз іске асып отырған. Фильмдердің 50%-нан көбі өзге елдермен бірігуі арқылы шыққан. Студияның алғаш копродукция өнімі 1990 жылы жарық көреді. Бұл Грузия елімен бірігіп түсірілген «Замок» (реж.Д.Джанилидзе, ТПО «Катарсис» - Кинофирма «Ивикатца») фильмі еді. Кейіннен Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекістанның дербес студияларымен де бірге жұмыс атқарады. Сонымен қатар, «Катарсис» өнімі өзге студиялар сынды көркем суретті фильм түсірумен ғана шектелмей, сонымен қатар, деректі фильмдерді шығарумен де  айналысқан. Олардың қатарында К.Исабековтің «Жестокий лик застоя»(1989ж), В.Кузьминнің «Пацанки» (1990ж), Р.Глинсквихтің «Дорога домой» (1991ж) т.б. сынды фильмдері болса, көркем суретті туындылар қатарына А.Баранов пен Б.Қилыбаевтың «Трое»(1989ж), «Клещ» (1990ж), Е.Болысбаевтың «Ұлтуған» (1989ж), Б.Қалымбетов пен Б.Искаковтың «Последние каникулы»(1993ж) т.б. сияқты фильмдері кіреді.

Кейіннен продюсерлік  сахна төріне:

  • 1990 жылы «Кадр», «Эдельвейс», «Кино» (С.Габдуллин),
  • 1991 жылы «АРО», «XXL Film Studio», НКП «Фортуна»,  «Скиф-студио» (жетекшісі К.Салықов), «Бейне»(Б.Шәріп),  «Маржан» ( жетекшісі Едіге Болысбаев);
  • 1992 жылы «Барс»(Қ.Әбенов), «Елім-ай» (А. Әшімов), «Р», «Қадам»(Ғ.Шалдыбаев);
  • 1993 жылы «Ер» (жетекшісі Ерсайын Абдрахманов), «Шымкино» (С.Жаманбаев);
  • 1994 жылы «Кинопикчерс»;
  • 1995 жылы «Дос»
  • 1996 жылы «Д»
  • 1997 жылы НЦП(Национальный продюсерский центр) – «Фора-фильм»;
  • 1998 жылы НЦП – «Ард-фильм»(А.Әмірқұлов) сынды продюсерлік орталықтар шығады.

Аталмыш продюсерлік студиялар тек көркем суретті фильм шығарумен айналысқандықтан, бұлардан өзге деректі кино өндіретін жеке студиялар да пайда болған. Олар:

  • 1989 жылы «Параллель»;
  • 1990 жылы «Дауыс», «Отау», «Студия-7», «Мерей», «Парыз» (Эльза Дильмухамедова),  «Ориент»;
  • 1993 жылы  «Арна»;( Г.Күзембаева);
  • 1998 жылы «М-АРТ», НЦП – «I 7Com»;
  • 1999 жылы «Дидан»

(Жоғарыда берілген мәліметтер студияның нақты пайда болған жылы арқылы емес, алғаш шығарған фильмінің жылына сүйеніп жасалған)

Тізім Тамара Смайлованың «Кино Казахстана»(2000) киноанықтамасына сүйеніп құрылғандықтан, қолда бар мәліметтерге сүйенетін болсақ,  1988-1999 жылдар аралығында барлығы 34 тәуелсіз продюсерлік студиялар 130 фильм түсіріпті: 63 көркем суретті(1 аяқталмаған), 67 деректі фильм. Осы киноанықтамаға енбей қалған «Марк-2» (жетекшісі А.Беркович) студиясы да бар болған деседі. Бірақ оның қандай фильмдер түсіріп,  қай жылдар аралығында жұмыс атқарғаны белгісіз.

Бауыржан Нөгербек «Униженные, обездоленные, но не злые...» мақаласында: «Қазақ киносы - 90» тақырыбымен өткен конференцияда жиырма бес сағаттық көрсетілім дербес студиялардың туындысы болған  фильмдер санының көптігімен таң қалдырды. Сонымен қатар, бұл фильмдердің эстетикалық, кино тілі мәдениеті, көркемдік айшықтығы (выразительность) жағынан «Қазақфильм» өндірісінен ешбір айырмашылығы жоқ. Оның себебі де біреу: жекеменшік студиялар мен мемлекеттік киностудияда жұмыс істейтін режиссер, оператор, сценарист, композиторлар сол бір адамдар, - дей келе, «Катарсис», «Мерей», «Ориент», «Студия-7», «Дауыс» т.б. осы сынды  студиялардың бір-бірінен айырмашылығы, көркемдік және эстетикалық бағыты неде екені өзі үшін түсініксіз деп сөзін сабақтап, - «Тек Максұт Смағұловтың «Катарсисін» ғана толық мағынасында продюсерлік деп атауға лайықты, географиялық тұрғыдан интернационалды, себебі онда барлық аймақтың режиссерлері кез келген тақырыпта фильм түсіруде. «Пацанкиден» бастап «Семья и любовь в Америке» дегенге дейін. Әрине, олардың арасында нәзік болмысына қарамастан батылдық танытып, жүйелі бағдарламасын ұсына алған Эльза Ділмұхамедованың «Парыз»  студиосын  бөліп қарастыруға болады. «Степная сюита», «Жертвоприношение», «Загадки тюрской руники» фильмдері арқылы бүгінге дейін рухани өзекті болып табылатын мәдениеттану саласының мәселелерін көтерді»(Нөгербек Б., 1998:180-181) - дейді. М.Смағұлов  шын мәнінде нағыз продюсерлік студия құра білді. «Катарсистің» өндірісі өзгелерге қарағанда ауқымды, саны жағынан көп және барлық фильмдер студияның жеке қаражатына түсірілсе,  Эльза Ділмұхамедованың «Парыз» студиясы тек фильмдерді айналымға шығарумен ғана айналысқан. Сол себепті, «Парыз»  студиясына тиесілі  6  фильмдің  барлығы мемлекеттің қаражатына,  яғни, «Қазақфильмнің» бюджетіне түсірілген. Бұл жайлы Эльза Ділмұхамедованың өзі былай дейді:  «Біздің студияның негізгі мақсаты мемлекет қаражатына түсірілген фильмдерді сатылымға шығару болатын. «Арман» кинотеатрында бірнеше көрсетілім жасадық. Көрермен жинау үшін мен бірнеше рет тарих пәнінің мұғалімдеріне ұсыныс жасадым. Сол себепті, біздің басты көрермендеріміз оқушылардан құралатын». Фильмдерін  бірде мектеп, енді бірде лицей оқушыларына көрсетуге тырысып баққан Э.Ділмұхамедованың  ісі ұсаққа созылмапты. Студиясының да ғұмыры 2 жылмен ғана шектелген.

Өкінішке орай, жоғарыда аталған студияларда жарық көрген  фильмдер  қалың бұқара халықтың назарына ұсынылмады. Себебі, кинотеатрлар жабылып, онсыз да құлдырап тұрған сатылым жүйесі жойылады. Ұлттық телеарналар фильмдерді сатып алмады. Телеарналармен жағдайды Г.Абикеева былай суреттейді: «Осы уақытқа дейін  (1994ж) жарық көрген қазақстандық бірде бір кинотуынды телеарналардан көрсетілмеді. Себебі, киностудия әлемнің кез-келген еліндегідей өз өнімінің көрсетілімі үшін заңды әрі құқылы түрде қаражат талап етті, ал телеарна басшылығы болса бұл талапты орындаудан бас тартты. Өйткені онсыз да олар көгілдір экран бетін заңсыз өзге елдердің өнімімен қиындықсыз толтырып отырды». Ұлттық продюсерлік орталықтың тоқсаныншы жылдардың ортасында – фильм өндірісін тәуелсіз ұлттық продюсерлерді тарту арқылы көбейтпек ойы нәтиже бермеді. Түсіріле бастаған фильмдер, бюджет тарапынан қаржы мен инвестицияның жетіспеушілігінен тоқтатылды: олардың экранға шығуы ұзақ жылдарға созылды, бұл мәселені қазақстандық продюсерлер өз бетінше шеше алмады. Өйткені, ол кезде, ұлттық продюсерлер жасағы әлі тура және толық мағынасында қалыптасып үлгермеді. Елдің күрделі экономикалық жағдайымен оқиға ушыға түсті: «шоковая терапия», ұлттық валюта – рубльдың, сосын, теңгенің «ауыспалы» бағамы – фильм өндірісіне құйылған қаражатты толығымен құнсыздандырды.  Міне,  90-жылдарда пайда болған киностудиялардың хал-ақуалы осындай болатын. Қалай болғанымен де, осы жылдары қазақ киносында продюсерлік киноға деген алғы қадам жасалып, қазақ киносының алғашқы продюсерлерінің есімі  белгіленді.

Қолданылған материалдар:

  1. Абикеева Г.О. «Новое казахское кино»:каталог - Алматы: Международный кинофестиваль «Евразия», 1998.
  2. Абикеева Г.О. «Мы идем путем проб ощибок, потерь, побед…» Искусство кино, 1995, №4
  3. Бондаренко Е.А. «Путешествие в мир кино» - Москва: Лома Пресс Грант, 2003.
  4. Нөгербек Б.Р. «Кино Казахстана» - Алматы: Национальный продюсерский центр, 1998.
  5. Нөгербек Б.Р. «На экране «Казахфильм» - Алматы: RUAN, 2007.
  6. Смаилова Т. «Кино Казахстана» - Алматы: Жібек жолы, 2000.
  7. vosmerka.kz