Ер қосу – қазақ шеберлері игерген ер-тұрман жасайтын кәсіп түрі. Ежелден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы үшін ат көліктің негізгі түрі болғандықтан, ер-тұрман жабдықтарының алатын орны ерекше болды. Қазақ отбасында жараған барлық балаларына түгелдей ер-тұрман дайындайтын. Ал, кейбір кісілер ер бала туысымен-ақ атақты ершілерге қосқан ер-тұрман дайындататын болған. Ер бала 4-5 жасқа толғаннан кейін шағын ер «ашамайға» отырғызып, атқа мінуге үйреткен. Ашамай үлгісі ҚРОММ-нің 2-ші залында қойылған. Ер балаға арнап жасалған ашамай ерлердің үлгілері де музей қорының коллекциясына еніп отыр. Ер қосу ісін кәсіп еткен шеберді қазақтар «ерші» дейді.
Қалалық және қалаға жақын маңда тұратын ершілер ер-тұрманды өз үйінде, өз заттарынан жасап, базарларға апарып сатқан. Көшпелі ауылдарда тұратын ершілер көбіне тапсырыс берушінің үйінде жасаған. Тапсырыспен жасаған ерге күрделілігіне қарай қой, құлынды бие алған. Ер-тұрман жасаушылардың құрал-саймандарын үш топқа бөлуге болады. Ердің соқа басын қосу үшін – ара, балта, шот, ойыс, жүзді шот, қуысқұлақ, үскі, ыңғыру, пышақ, түрпі, қашау, балға, тістеуік сияқты құралдар; ердің жұмсақ жабдықтарын жасау үшін пышақ, біз, мүйіз сызғыш, былғары бетіне өрнек түсіру үшін – темір талшықтары мен өрнекті ағаш қалыптары; ердің темір және күміс әшекейлерін жасау үшін темір ұсталары мен зергерлердің саймандары толық пайдаланылды. Қазақ ершілері кей жағдайда бір ердің жұмысын екі-үш шеберге бөлді. Мысалы, бір ердің ағашын ерші шапса, екінші шебер - қайыс, былғары жабдықтарын, үшінші, күміс әшекейін зергер жасап беретін. Көпшілік жағдайда ер-тоқым бүкіл жабдықтарымен бір ершінің қолынан шығып та жатты. Ер-тоқым жасауға ағаш, темір, жез, алтын, күміс, асыл тастар, түрлі-түсті шынылар, сүйек, былғары, көн, шұға, барқыт, киіз, қыл, тарамыс, желім, тоз сияқты заттар пайдаланылды.
Ер-тұрмандардың жасалу ісінде Қазақстан жерінің әр өңіріне қарай қалыптасқан аймақтық ерекшеліктері болды. Осы ерекшеліктеріне қарай ерлер «қазақ ері», «шошақ бас ер», «үйрекбас ер», «құранды ер», «қозықұйрық ер», «қазық бас ер», «қан бас ер», «найман ер» деп бөлінді. Бұлардың ішінде қазақ арасында кең тарағаны - «қазақ ері». Қазақ ері Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қостанай, Орал, Қарағанды облыстарында кеңінен қамтылды. Қазақ ері қайың ағашының бес бөлегінен қосылады, яғни екі қас, екі қаптал және орта ағаш деп аталатын бөлшектер жеке-жеке шабылып барып біріктіріледі. Қазақстанның орталық және солтүстік облыстарындағы ершілер ердің қастарын жуан қайыңның шірімеген түбінен шабқан. Бұл үшін бірнеше қайың кесіндісінің қабығын аршып кептіреді немесе шірімеген қайың түптері кездессе, оны топырағынан арылтып, арамен кескілеп, қас шығатын жерлерін таңдап алады. Біраз уақыт жел қағып, дегдігеннен кейін дайындалған кесінділердің барлығын балтамен немесе шотпен ойып жеңілдетіп алып тағы да кептіреді. Ер бөлшектері шабылып болып, тек өңдеу жұмыстары қалғанда тұзды суға қайнатып алып көлеңкеде кептіреді. Тұзды суда қайнатылған ағаш еш уақытта қаңсымайды, жарылмайды. Ердің барлық бөлшектері өңделіп дайын болған соң, оларды арнайы қалыпқа салып қайыстырады да, қас етектері мен қапталдардың астасатын тұстарын қуысқұлақпен тесіп, шегелейді. Шегені, әдетте, қаңылтырдан немесе жезден түтікше тәріздендіріп жасайды. Ердің орта ағашы әр уақытта таспамен жан-жағынан көктеліп орнатылады. Кейде қазақ ерлерінің барлық бөлшектері таспамен көктеу арқылы біріктіріледі. Қосылған ердің сыртын түрпімен, пышақпен, шыны сынықтарымен қырнап өңдейді. Қазақ ерін қосу технологиясында аймақтық ерекшеліктер байқалмайды, олардың ерекшеліктері пішіні мен әшекейлеу тәсілінде болып табылады.
Қазақ ерін қосудың осы тәсілін кезінде белгілі этнограф-ғалым Х.Арғынбаев жазып алған. Қазақстанның солтүстік аудандарында ерлерге арналған ерді қайыңның безінен шабатын ершілер кездескен. Бұйраланған қайың безінен қосылған ерді өсімдік майымен майлап, реңін келтірген. Мұндай ерлер көп әшекейді қажет етпеген. Ерлерге арналған ердің алдыңғы қасы көбіне айшық етіп ойылып, айшықтың екі басына және қастың ортасына ақық тастарды орнату ісі етек алған. Ерлердің ерін әшекейлеуге мүйіз бен сүйек те жиі қолданылған. Сүйектерді алдын-ала өңдеп дайындап алып, ердің алдыңғы және артқы қасына белгілі бір симметриялық тәртіппен орнатады. Өзінің сыртқы пішіні жағынан аздап болса да ерекшелеу қазақ ерінің бір түрі – Алматы облысының оңтүстік-шығысы мен Семей облысында кездесетін ерлер. Бұлардың жалпы кескіні, әшекейлену және өңделу тәсілдеріне қарағанда, қырғыз және Алтай-Саянда мекендейтін Сібір халықтарының ерлеріне ұқсайды. Бұл ерлердің қасы да етегінен жоғары қарай қушия көтеріледі де, дәл төбесі дөңгеленіп бітпей, үсті түзуленіп, йығы бұрышталып шабылады. Артқы қасы алдыңғысына қарағанда кейін қарай сәл ғана көлбеу орналасады. Әдетте мұндай ерлер төрт бөлек ағаштан шабылады, орта ағаш тұтас шығырылып, бір-бірімен қайыс таспа арқылы көктеліп біріктіріледі. Жамбыл облысының оңтүстік-шығысы мен Алматы облысының оңтүстігін мекендейтін қазақтар арасында көп тараған ердің бір түрі –шошақбас ер деп аталады. Шошақбас ерді 4-5 бөлек қайың, қарағаш немесе емен сияқты берік ағаш кесінділерінен шауып қосады. Ердің жеке тұстарын бір-бірімен шеге арқылы ұстатады. Ерді сәндеу мақсатымен оның алдыңғы қасының айнала шеттерін күміс, жез сияқты металдармен көмкереді. Сүйекпен, мүйізбен де әшекейлейді. Мұндай ерлердің үстіне былғарыдан немесе киізден көпшік шегеленеді. Шошақбас ер жасау ісінен Алматы облысы Кеген ауданының ершілері көзге түседі. Жамбыл және Алматы облысының кейбір жерлерінде шошақбас ерді бір бөлек қарағаш кесіндісінен тұтас шауып шығарады. Бұл үшін ердің ұзындығындай қарағаш кесіндісін бірнеше күн суға салып, жібітіп алып, балтамен шауып, кейін шоттармен өңдейді. Өңдеп болған соң, тұзды суда қайнатады. Бұдан кейін көлеңкеге қойып кептіріп, түйе көнімен қаптайды.
Құранды ер – көбінесе Оңтүстік Қазақстанда, Қарағанды облысының шығыс жағы мен Ақмола, Қостанай және Алматы облысының оңтүстік аймағында кездеседі. Мұндай ерлер 18-20 бөлек ағаш кесінділерінен құралып жасалады. Құранды ер жасау үшін терек, жиде, тал сияқты жұмсақ әрі мықты ағаштар қолданылады. Мұндай ағаштарға желім де тез сіңіп, жақсы желімденеді. Құранды ер бөлшектерінің өзіне тән атаулары болды. Алдыңғы қастың негізі болып табылатын оқпан - екі бөлік ағаштан құралады да қастың оң жақ, сол жақ беттерін құрайды. Оқпанның арт жағынан жапсырылып екі бетті біріктіретін бөлігін желкебасар десе, алдыңғы қастың бүркіт қабақтанған екі айыр басын қас, артқы қасын керсен дейді. Оның ортасы бір бөлек шабылады да, екі шетіне қанат деп аталатын қосымша қондырғылар желімделеді. Екі қасты қапталдармен ұштастыру үшін ердің екі жағынан ұзыншақтау қоспа ағаш қиыстырылады. Ердің үстін жауып тұратын бөлігін орта немесе бел ағаш деп атайды. Алдыңғы қастың түбінен қаптал басының үстіңгі жағынан кепіл ағаштар жапсырылады, ал, қас пен қапталдың аралығынан тіреуіштер қойылады. Ердің мұндай бөлшектерін бір-бірімен біріктіру үшін олардың астасатын жерлерін алдын-ала тегістеп бірнеше қайтара желім жағып кептіреді. Желімделген бөлшектер әбден кепкенше ауыр нәрсемен бастырып немесе арнаулы қысқашпен қыстырып қояды. Ердің негізгі сүйегі әбден кепкеннен кейін оған түгелдей тарамыс талшықтары араластырылған желім үш қайтара жағылады. Желімге кендірден алған жөке араластырып ердің ағашын қаптай бекітуді кей жерде пайлау дейді. Әрбір желім қабаты көлеңке жерде кептіріледі. Ал, қыстың күні жылы үйде кептіреді. Жарылып кетпесін деп күн көзінге шығармайды, қыста отқа жақындатпайды. Ердің мұндай түрлері де ҚРОММ коллекциясына еніп отыр. Құранды ердің сырты қалың былғарымен қапталып, алдыңғы қастың бетіне түрлі әшекейлер қондырылған.
Үйрек бас ер - күміспен әшекейлейтін қазақ ерлерінің бір түрі, алдыңғы қасы үйрек басына ұқсата жабылған. Ер қосу өнерінен ел арасында Павлодар облысынан Әбдікәрім Есалиннің, Баянауыл ауданынан Қадыр Байжановтың, Мақаттың, Шығыс Қазақстанда Нәби Кәрібаевтың атағы шыққан. Қазақстанның қай жері болмасын әйел ерін жасауға үлкен мән берген. Әйел ері мініс құралы ретінде, тұрмыс қажеттілігін өтеп қана қойған жоқ, ол халықтың эстетикалық талғамын, тіршілікке деген құлшынысын арттырды десек артық болмайды. Әрі ер-тоқым ұзатылар қыз жасауының басты бөлігі болды. Ұзатылар қызға, қыз ата-анасы аты шыққан ерші-ұсталарға, зергерлерге күншілік жерден келіп, немесе өз үйлеріне алдыртып тапсырыс берген. Жасалған ер-тоқым тапсырыс берушінің көңілінен шығып жатса ұстаны қадірлі қонақ ретінде күтіп сый-сыйапат берген. Әйел ері қашанда сүйегі ауыр, әшекейі мол болып жасалатын. Әйел ерлерін жасауға ершілер өнерін, ал жасатушылар қаржысын аямаған. Әйел еріне керек жабдықтар тоқым, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, тартпа бәрі бір ғана шебердің қолынан шығатындықтан, олардың ісі біркелкі болатын. Әйел ерінің алтындалған түрі өте сирек кездеседі. Күмісті темір бетіне шабу, қақтау, кіріктіру тәсілдері арқылы орындаса, алтындау әдісін жалату арқылы орындаған. Осындай алтындалған әйел ерінің керемет бір үлгісі біздің Орталық Мемлекеттік Музейдің коллекциясына еніп отыр. Бұл әйел ері барлық жабдықтарымен қоса атақты Шығыс Қазақстандық ерші, қаракерей-байжігіт Нәби Кәрібаевтың қолынан шыққан. Бұл ер-тоқымды Көлбай қажының арнайы тапсырысымен 1937-1938 жылдары Қытайдың Цинзянь өлкесінде жасаған КП 9148. Ел аузындағы мәліметтер бойынша Нәби ұста Көлбайдың үйінде алты ай бойы тұрып жасаған. Ер сүйегін дайындау кезеңін қосқанда тоғыз ай уақыт кеткен. Еңбек ақысына құлынды бие алған көрінеді. Көлбай қажының ұрпақтары қазірде Семей облысының Ақсуат ауданында тұрады. Ұрпағының бірі Бекмұрзаевтың кезіндегі музей қызметкерлеріне айтуы бойынша ер-тоқымды 100 қой беріп өздеріне қайтарып алған. Бұл ерге керекті жабдықтардың бәрі бір Нәби ұстаның қолынан шыққан. Ер әдеттегі әйел ерінің пішініне сәйкес алдыңғы қасы биік, артқы қасы отыруға жайлы көлемді келген. Ердің алдыңғы және артқы қастары күміс қақталған темір пластинкалармен жабылып, бетіне өсімдік тәріздес оюлар бейнесі жүргізілген. Күмістелген пластинкалардың ортасынан әртүрлі ажурлы өрнектерді ойып алып отырған, және бұл оюлар көріну үшін астынан қызыл барқыт салынған. Пластинкалар бетіне алтын жалатылып, қызыл түсті шыны әшекейлер қондырылған. Алдыңғы қасының үсті мен төменгі жиектеріндегі күмістелген көмкерулерге араб таңбасымен ұста төмендегідей қолтаңба қалдырған:
Қажекем бұйырған соң істеп бер деп, Кәрібаев Нәби ұста соққан ері, Нақыштап неше түрлі бұтақ гүлден, Мүбәрәк құтты болсын Қажағаңа, Көрген жан тамаша етіп қалсын таңға, Болғанын байқап білер, Көзі ашық көңілі зерек милы адамға.
Бұл ер-тоқымның жиынтығы қазіргі таңда Орталық музейдің құнды коллекциясының бірі болып отыр. Музей бұл ер-тоқымды 1956 жылдың 10 тамызында 2500 сомға сатып алған. Айтып отырған ер-тоқым барлық жабдықтарымен 2 залға қойылған. Әйел ерінің алдыңғы қасына бірден үшке дейін түрлі-түсті шынылар немесе ақық, маржан сияқты табиғи тастарды орнату тәсілі Қазақстанның барлық аймағында кездесті. Түрлі түсті шыныны шеберлер қолдан құйған. Ол үшін шыныны балқытып, оған бояу қосып, арнаулы қалыпқа құйып ерге орнатарда астына шүберек төсеген. Тапсырыс берушінің қалауына қарай кей ерде тастың саны 20-30-ға жетіп жатты. Орталық Музейде сақталған әйел ерінің бірінде 31 көз орталылған КП – 9670. Бұл ерге қондырылған маржан тастардың араларына көгілдір эмал құйылған. Қолда бар деректерге қарағанда әйел ерлерін әшекейлеудің бірнеше тәсілінің болғандығы белгілі. Әйел ерінің алдыңғы артқы қастары тұтасыман күміс шабылған темірмен қапталып, бетіне өткір бізбен қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, геометриялық фигуралар және өсімдік тәріздес түрлі өрнектерді ойып салады. Күміс астына салынған шұға немесе барқыт әсерінен ойылған ою айқын көрінеді. Оюлар сызу (гравировка) арқылы да түсіріледі. Ерлерге арналған қазақ ерлерінің сүйегі жұқа және ықшам болатындықтан, олар өте жеңіл келеді. Күміс әшекейлері де шағын, ықшамды болады.
Қолданылған материалдар:
- Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. - Алматы.Өнер, - 1987.;
- Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. Алматы: Қазақстан, 1977.